Жаңалықтар

ЕСІМОВ ЕШКІМГЕ ДЕ ЖЕР БЕРМЕЙДІ

ашық дереккөзі

ЕСІМОВ ЕШКІМГЕ ДЕ ЖЕР БЕРМЕЙДІ

  

Алматыдан тегін 10 сотық жер алам деп дәмеленбеңіз. Жер жоқ! Мұны анау-мынау емес, қала әкімі Ахметжан Есімовтің өзі айтты.

Қазақстандағы ең ірі мегаполис – Алматыға ұмтылатын қандас көп. Бірі арман қуып келсе, бірі нәпақа табудың оңай жолын іздеп келеді. Өйткені, Алматыда арба айдап жүріп-ақ, бір отбасын асырауға жететін пайда табуға болатын көрінеді. Мұны Алматы қаласының әкімі А.Есімов айтты. Сондай-ақ, заң бойынша алуға болатын 10 сотық жерден де дәмелілер көп. Алайда, олардың арманы мен талабы орындалмайды. «Алматы қаласының бас жоспарында бос жатқан жер жоқ. Жоспарға сәйкес, қала адамдар тұратын және тұрмайтын деп екіге бөлінген. Егер осы бас жоспарда бос жер болса, 10 сотық жерді береміз бе, бермейміз бе деп сөз таластыруға болатын еді. 2000 жылдардың басы мен орталарында құрылыс қарқынды жүрді. Жердің бағасы шарықтау шегіне жетті. Бүгінде жер түгел сатылып кеткен. Жеке тұлғаларға тиесілі. Оның үстіне бағасы тым қымбат. Заңға сәйкес азаматтарға 10 сотықтан тегін жер тарату туралы талапты әкімдік қалай орындайды? Қолымыздағы өтініштер саны 110 мыңға жуық. Егер заң талабы орындалса, адамдар тегін жер алуға болады деп сеніп, наразылық туындауы мүмкін», – деп ашық айтқан Ахметжан мырза «шындыққа тура қарап, азаматтарға тегін жер бере алмайтыны үшін кешірім сұрау керек» деп шешіпті.

Кеңестер одағы кезінде алматылықтар демалыс күндері қала сыртындағы саяжайларына барып көкөніс пен жеміс-жидек салып, тынығатын. Тәуелсіздік алған 22 жылда сол үйлерді баспанаға зәру жандар сатып алып, бүгінде қала шеті кәдімгідей кішігірім қалаға айналған. Есімов осыған да алаңдайды екен: «Алматы қаласын жүздеген саяжай қоршап тұр. Кеңестік кезеңде оларды бақша өсіру үшін қолданатын. Қазір саяжайлар елдімекендерге айналған. Бірақ елдімекенде мектеп, аурухана, жол, басқа да инфрақұрылымдар болуы шарт. Қазір адамдар 4 саяжайды бірден сатып алып, олардың орнына үлкен сарай салуды әдетке айналдырыпты. Кезінде уақытша пайдаланылған саяжайларды енді халық тұрақты мекенге айналдырған. Бұл проблеманы қайтіп шешеміз? КСРО уақытында саяжайдың көлемі 24 шаршы метрден аспауы тиіс еді. Құзырлы орган өкілдері келіп, тексеретін. 24 шаршы метріңіз қазір 240-500 шаршы метрге жететін болды. Ал оларға баратын жол салынбаған».

Әкімнің айтуынша, саяжайларға шүйлігуі тегін емес. Ислам дінін жамылған лаңкестер өздерінің арам пиғылына осындай көзден таса жерлерде дайындалып, елеусіз жүзеге асыруы мүмкін екен. «Былтыр Бағанашылда лаңкестік әрекет болғанда ол жаққа бірде бір көлік бара алмады. Проблеманы қолдан жасадық, енді оны шешу керек. Алдымен заңдың негізде іске асыру керек», – деген әкім қандай шара қолданылатынын айтпады. 

Нәзия Жоямергенқызы