Шыныменен Хан Кененің басы ма?
Шыныменен Хан Кененің басы ма?
Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желіде Кенесары ханның бассүйегінің фотосуреті салынған еді. Бұл фотосуретті Facebookке журналист, «Егемен Қазақстан» газетінің Қызылорда өңірі бойынша меншікті тілшісі Ержан Байтілес салған еді. Ол өзінің жеке парақшасында былай деп жазады:
«Шымкентте болдық. Nurbek бауырдың тойында. Дастарқан басында “Хабардың” оңтүстіктегі тілшісі Болат Көкенайұлымен бірге отырғанбыз. Бөкең: – Мынаны көрдіңдер ме?- деп телефонындағы суретті көрсетті. Қараймыз. Қураған бас. Маңдайдан жоғары қарай кесіп тастаған. Сөйткен де кесілген жердің айналасын темірмен қаптаған. Жүрек зырқ ете қалды. Астындағы жазуға қарамастан: «Кенесарының басы ма не? – дедік. Бөкең: «Солай» деп жіберіпті. Уатсаппен келді. Сонда осыған дейін ұйымдастырылған экспедициялардың “Кенесарының басын таба алмадық” дегендері қайда?- деп бізге сұраулы жүзбен қарады. Иықты қиқаң еткізіп, суретке қайта қарадық. Басты күлсалғыш қылған. Бұл баяғыдан солай айтылатын. “Хан Кененің басын күл салғыш қылыпты” деп. Басты ұстап тұру үшін арнайы темірден орындық іспеттес бірдеңе жасалған. Алдыңғы тістері түгел дерлік сау.
Жазуға үңілдік. “КЕНЕСАРЫ ХАН КАСЫМОВ последний разбойник киргизский степий.” деп жазылған. Одан әрі үңілеміз. Картонға қағазбен жапсырылған. Онысының қазіргі заманға жатпайтыны көрініп тұр. Бас әйнектің ішінде сақтаулы. Айналасында тағы да басқа бастардың тұрғаны байқалады. Оны телефонмен түсірген. Анықтап қарасаңыз әйнектен телефонның сұлбасын көресіз. Енді сұрақ. Бұл шынымен Кенесары ханның басы ма? Егер солай болса, кім түсіріп алды? Қайда сақтаулы тұр? Кімнің не білгені бар? Ортаға сала отырыңыздар… P.S. Бөкең суреттің түпнұсқасы кімнен шыққанын білмейтінін айтты».
Журналистің бұл жазбасы көпшілікке көп ой салды. «Шынымен бұл хан атамыздың басы болса, ол қай мұрағатта немесе қай мұражайда ашықтан-ашық тұру мүмкін» деген пікірлер де айтылуда. Осы кезге дейін Кенесарының басына қатысты түрлі ой-пікірлер айтылып келгені белгілі. Тіпті арнайы шыққан экспедицияның таба алмай қойғанын да білеміз. Сонда бұл дүниені кім көре алған деген сөздер әлеуметтік желіде айтылып та, жазылып та жатыр.
Бүгін бұл сауалдың жауабын тағы да Ержан Байтілес өз парақшасында жазыпты. Журналистің айтуынша, мұны Қарлығаш Мұхамеджанова түсіріп, инстаграмға жариялаған екен. Тіпті, оынң шыққанына да көп болыпты. «Бұл ақпараттың рас-өтірігін, бір білсе, Қарлығаш білуі мүмкін» дейді журналист.
Сонымен, әзірге Кенесары ханның басы туралы ақпараттар осы ғана. Оның нақты дерегі белгісіз. Әзірге топшылаулар ғана айтылуда. Бұл ақпараттың анық-қанығын тарихшыларымыз жедел арада анықтау қажет. Сонда ғана біз хан Кененің басы қайда тұрғанын білетін боламыз.