Жаңалықтар

ТҮРКІ ТІЛІНІҢ ГАУҺАРЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІ

ашық дереккөзі

ТҮРКІ ТІЛІНІҢ ГАУҺАРЫ – ҚАЗАҚ ТІЛІ

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Шығыс Қазақстан облысында онкүндік өткізіліп, ол іс-шара мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің басын қосқан облыстық форумымен басталған еді. Форум «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» атты тақырыппен өткізілді. Қазақ тілінің жанашыры ретінде маған тұмса табиғатымен танымал, шұрайлы мекен Шығыс Қазақстанды мемлекеттік тілге деген құрметке бөлеген осы жиынға қатысудың сәті түсті. 

 Қазақстанда тұратын өзге ұлт­тардың тарихи отандары бар шығар, бірақ олардың кіндік қаны тамып, туған жері – Қазақстан. Сондықтан да облыстық форумның атауы – «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз Қазақстан» тегін емес, бұл тақырыптың өзі басқа облыстармен салыстырғанда, орыс тілді ұлт өкілдері көбірек шоғырланған өңір халқын бір ғана мақсатқа шоғырландырып, Отаным бір, тұратын мекенім бір деген тілегің болса, тілің де біреу болуы тиіс дегенді үндеп тұрғандай. Мұндай атау бұрын-соңды аталмаған. Біздің елде «бір Отан, бір шаңырақтың астында бір ел, бір халық, бір тағдыр» деген тіркестер қолданыста жиі кездеседі. Алайда, бір тіл деген жаныма жақын тіркесті қолданысқа енгізген бірлігі – берекелі, тірлігі – мерекелі ШҚО-ның әкімі мен жұртшылығына ерекше ризашылығымды білдіремін. Баянды болғай! 

Бұл форум осыдан төрт жыл бұрын сылдыр сөз бен құрғақ уәде емес, нақты істің жанашыры облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен Риддер қаласында мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдерінің республикалық форумы ретінде бас­тау алған болатын. Міне, содан бері сол дәстүр бұзылмай, облыстық деңгейде жыл сайын әр ауданның орталығында өткізіліп, өзегін үзбей жалғасып келеді екен. Бұрын Семей, Өскемен, Зырян қаласында өткізілген тіл мерекесі бұл жолы 13 пайыз қазағы бар, шекараға жақын Шемонаиха ауданында өтіп отыр. Өзге ұлт өкілдері көп шоғырланған, тілі шұбарланып, халқы орыстанып кеткен ортада қазақ мектебінің болуы, өзге ұлт өкілдерін қазақша сайратудың өзі тіл саясатын сауатты да дәйекті жүргізудің көрінісі. Менің байқағаным – жастар ғана емес жасамыстарының да пейілдері дұрыс. Риддер қаласында үлкен кісілердің қазақша оқып, мемлекеттік тілді меңгеруге ниет білдіріп, ықылас танытқандарына куә болған жайым бар. Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевты олар ерекше құрметтеп сыйлайтыны соншалықты, «Бердібек Сапарбаевты басқа жаққа алып кетпесе екен» деген ойларын да білдірді.

Қазақ тілі деп шырылдап, мем­ле­кет­­тік тілдің туған топырағында төрге озып, төрелік жасауын тілеп жүргеніме жиырма жылдан асыпты. Бірақ, дәл осындай қазақ тіліне деген шынайы жанашырлықты басқа өңірлерден көрген емеспін. Өйткені бұл күні мен мемлекеттік тілді еркін меңгерген өзге ұлт жастарының ел алдында қазақша еркін сөйлеп, мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге қатысты ой-пікірлерін көсіле жеткізгендерін, мемлекеттік тілді білсең, ұтпасаң ұтылмайсың деп, қазақ тілін оқып-үйренуге шақырғандарын өз құлағыммен естіп, көзіммен көрдім, жан дүниеммен сезіндім. Қайда барсақ та орыс тілінсіз жиын өтпейтінін көрген маған таза қазақ тілінде өткен бұл жиын қатты әсер етті. Өз тілін менсінбей, тілін шұбарлап жүрген қазақ жастарының санасына «қазақ тілі – сенің анаңның тілі», барша қазақстандыққа ортақ мемлекеттің тілі деген ой тастайтын осындай іс-шараларды бейнетаспаға түсіріліп, теледидар арқылы жарнамаласа ғой, шіркін дейсің. Сонда бәлкім, қазақ тілінің болашағы жоқ деп жүргендердің өнбойына қазақ тіліне деген жылылық тарар ма еді ? 

Ана тілі деген сөз қазақ тілінде ғана қолданылады. Ал қазақ тілі бұл мемлекеттің тілі, оны білу перзенттік парызымыз. Мемлекеттік тілдің қадірін жас ұрпақтың жетесіне жеткізсек, шіркін. Ол үшін әр облыстың, әр қала мен ауданның, қала берді, ауыл басшыларының бойында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев сияқты мемлекеттік тіл – қазақ тіліне деген құрмет болуы керек. «Іс істегендікі емес, істете білгендікі» деген емес пе? Егер де облыс басшысы өзі бастап мемлекеттік тілдің қолданысына мән бермесе, басым бөлігін орыстілді халық құрайтын Шығыс Қазақстан облысы – қазақ тілін қажетсіне қоймайтын еді ғой. Демек, қазақ тілінің қолданысына қойылып отырған мықты талап бар деген сөз. Кейбір азаматтар мұндай форумға өзге ұлт өкілдерін қазақша сөйлеуге, баяндама жасау мен өнер көрсетуге да-йындап әкеледі деулері мүмкін. Иә, ондай «жалған» дағдымыз да бар, бірақ, жасанды нәрсе қанша жылтыратсаң да сыр беріп қояды емес пе?! 

Форум жұмысы басталмас бұрын Шемонаиха ауданындағы №5 қазақ мектеп-лицейінде мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт жастарының облыс әкімі Б.Сапарбаевпен кездесуі өтті. Сол кездесуге де қатыстым. Қазақша тақылдап тұрған, өз ойларын еркін жеткізген жастар облыс әкімінің алдында бүгінгі күнгі өзекті боп отырған біраз мәселелерді көтерді. Жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастырудан бастап, әлеуметтік салада орын алып отырған әртүрлі мәселелер. Осы кездесуден түйгенім, Шығыста қазақ тілін жетік меңгерген өзге ұлт жастарына қолдау көрсету де жақсы жолға қойылған екен. Әрбір қимылынан бірлік пен еңбектің лебі есіп тұратын облыс әкімінің бастамасымен мемлекеттік тілді меңгерген және оны өзінің күнделікті қызметінде пайдаланатын өзге ұлт жастарына 2009 жылдан бастап облыстың медициналық және педагогикалық оқу орындарының қазақ бөлімдерінде оқуға облыс әкімінің гранты бөлініп келеді екен. Осы гранттың арқасында он шақты этнос жастары жоғарғы білім алу мүмкіндігіне ие болған. Солардың бірі – Кристина Семенова облыс әкіміне алғысын білдірді. Грант иегері Семей медицина университетінде жалпы медицина мамандығы бойынша қазақ бөлімінде тегін білім алып жатыр екен. 

Грант иегерлерінің алды жоғарғы оқу орнын тәмамдап, өздері таңдаған мамандық бойынша қызмет етіп жатыр. 

Облыс әкімі осындай бастама көтеру үшін Президенттен рұқсат сұрамаған шығар. Бұл әкімнің ана тіліміз – қазақ тіліне – Ата Заңымызда көрсетілген – мемлекеттік тілге деген өз құрметінің нәтижесі, отансүйгіштік, ұлтжандылық қасиетінің жемісі дер едім. Әрбір басшының тілге деген құрметі осындай болса, «Тіл туралы» Заң жарияланған жиырма төрт жыл ішінде қазақ тілі күнделікті қолданысқа қажетті тілге айналары сөзсіз еді. Амал не?! 

Не нәрсені де әркім өзінен бастауы керек қой, соны бастай алмай отырмыз ғой, төңірегімізге жәутеңдеп. 

Форумда алғашқылардың бірі болып сөз алған тұрғындарының 56 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайтын Бородулиха ауданының азаматы Рустам Щербинин: «Біз үшін бүгінгі күн ерекше тарихи күн деп зор мақтанышпен айта аламын. Тарихи деуімнің себебі, біз баршамыздың саяси идеалымызға айналған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында бас қосып отырмыз. Бізді біріктіруші күш қазақ тілінде», – дей келе, «мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге біз сияқты жастар атсалыспасақ, кім атсалысады? Өйткені біз – тәуелсіздіктің төл баласымыз. Біздің «орыс тілін білмесең, нан тауып жей алмайсың» деген тәрбиемен өскен аға буыннан артықшылығымыз да осында», – деді. «Дегенмен, мемлекеттік тілді меңгеріп, күнделікті өмірде қолданып жүргендер саны жылдан-жылға артып келетіні қуантады», – деп ағынан жарылды. 

«Кейде маған қазақ тілінің дамуына қазақтардың өздері кедергі болып отырған сияқты көрінеді. Себебі, қарапайым халыққа үлгі болатын қазақ зиялыларының балалары мен немерелері орыс тіліндегі мектептерде оқиды, ыңғай қазақтар отырған жерде бір-екі өзге ұлт өкілдерінің төбесі көрінсе болды жиналыстың барлығы орыс тілінде өтеді» деп бүгінгі күннің шындығын жайып салды. Өзін «отанымды шексіз сүйетін патриот жастың бірі ретінде мен мемлекеттік тілдің жаппай қолданыс тіліне айналғанын қалаймын», – деді. 

«Ниет болса, тілді үйрену қиын емес» деген қарапайым дүкен сатушысы, Ұлан ауданының өкілі, неміс қызы, қазақ тілін еркін білуім өмірде көп көмегін тигізді дейді. 

Алтай тауының бөктерінде орна­ласқан, табиғаты көз тартар Катонқарағай жерінің тумасы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ студенті Оксана Черткова «зияткер ұлттың зияткер жастарын тәрбиелеу үшін мемлекеттік тілдің алар орны бөлек. Тіл дегенде айтатын мәселе көп қой, бірақ ойымдағы ұсыныстарымды сіздермен бөліссем деймін. Біріншіден, «елдің тұрмысын, тілін, әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мінезін білмеген кісі көшті бастап жүре алмайды» деп ұлт зиялылары айтқандай, ең алдымен мемлекеттік тілді білу және оны қажеттілікке айналдыруға бағытталған заң тетіктері нақты қаралса. Екіншіден, тіл туралы заңды бұзушыларға қатаң талап қойылса. Мысалы, біз салық туралы заңды орындамай қойсақ, айыппұлдың астында қаламыз. Міне, сол сияқты мемлекеттік тілдің қолданысы, тіл мәдениеті мен сауаттылыққа қатаң талап қойылса», – деді.

Мемлекеттік қызметте бірнеше жыл істеген, Бесқарағай аудандық әкімдігінде бас маман болып қызмет атқаратын Марина Максутова қазақтың астарлы сөзін келісті қолдана келіп: «Азаматтарды, әсіресе жастарды мемлекеттік қызметке қабылдаған кезде, олардың мемлекеттік тілді білуін талап еткен дұрыс. Талап болмай, нәтиже болмайды», – деген ұсынысын алға тартты. 

Өзге ұлт жастарының қазақтың жыртысын жыртып, жоғын жоқтап тұрғаны көңілімді босатты, жанарыма жас үйрілтті. Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ-нің студенті Станислав Пискарев менің ойымның үстінен дәл түсті. «Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, ең алдымен өзін қамшылауы тиіс» деген Елбасының сөзін мысалға алды.

– Не нәрсені де әркім өзінен бастауы керек. Өз басым қазақ тілін білгеннен ұтпасам, ұтылған жоқпын. Кейде өз тілінде сөйлегісі келмейтін қазақ құрбыларыма жаным ашиды. Солар, өз ана тілдерінде сөйлеуге ұмтылса, Елбасы айтқандай, мемлекеттік тіл әлдеқашан Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді, – дейді Станислав.

Глубокое ауданында туып-өскен, ұлты орыс, «көп тіл білсең көк жиегің кең болар, мемлекеттік тілді үйренгенің жөн болар» деген Константин Кашкан энергетика жүйесінде электр монтері маманы болып жұмыс істейді екен. 

«Осы салада мемлекеттік тілді меңгерген жастар жоқтың қасы, ал менің тілді білгенім көп жерде пайдаға асып жатады. Бізге электр желісін жөндеу жұмыстары бойынша шақыртулар көптеп түседі. Шет елдерден келген қазақ ағайындарымыздың үйіне барып, электр желілері бойынша жұмыс атқарғанда мен көбінесе аудармашының қызметін атқарамын», – деп күлді. Қазақ қыздарының «құлағына алтын сырға» дегені ме, Константин: 

– Менің достарымның барлығы қа­зақтар, өйткені қазақ қыздарын ұнатамын. Болашақ жарымның бауырсақ пен етті бабына келтіріп дайындайтын қазақ қызы болғанын қалаймын, – демесі бар ма? Әзіл-шыны аралас жарасымды ой-ақ!

Бұл форумға жиналған жастарға қарап отырып, өзімді нағыз адал, бірлігі бекем-достық, салтанат құрған ортада сезіндім. Мен өзім әзірбайжан ұлтының өкілімін. Мұнда жиналған жастар да бірнеше ұлттың өкілдері екендігі түрлерінен-ақ көрініп тұр. Оларды біріктіріп тұрған күш біреу-ақ ол – мемлекеттің тілі, яғни – қазақ тілі. Елбасы «Ұлтты біріктіруші басты фактор – қазақ тілі» деп, тегін айтпаса керек. Міне, соның дәлелі. 

Өзге этнос жастары мемлекеттік тілде сөйлеп, ойларын ортаға салып, бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне назар аудартты. Мемлекеттік тілді үйреніп, қазақша сөйлеуге өскен орта зор ықпал етеді, кісіні сөйлететін де сол орта. Сондықтан ең бірінші мемлекеттік тілді білу, сөйлеу қажеттілікке айналу керек. Сондай ақ мемлекеттік тіл төңірегінде айтылған ойлар мен келелі мәселелер әрбіреуміздің қажеттілігімізге ғана емес, барлығымыздың ар-намысымыздың айнасына айналса екен.

 Шығыс Қазақстандағы менің көңілімнен шыққан тағы бір мәселе – ол бастауыш сынып оқушыларының ас мәзіріне бал мен сүттің енгізілуі болды. Мектеп асханаларының балмен 100 пайыз қамтылуы да еліміз бойынша осы облыста бірінші болып қолға алынған сияқты. 

Қашанда бастамашылдығымен та­нылып жүретін Бердібек Сапар­ба­евтың бұл бастамасын өзге өңір басшылары қолдап жатса, қанеки. Атырау облысының әкімі балаларға уылдырық бермей-ақ қойсын, бір мезгіл балық тағамдарымен қамтамасыз етсе, балаларымыздың денсаулығын жақсартуға септігін тигізер еді. Тілден балға ауысып кеттім, өйткені көзің көрген жақсылықты жұртқа жария еткің келіп тұрады. Уызға жарып өскен ұрпақ бойында отансүйгіштік қасиеттің басым болатыны анық. 

Қазақстан ерекше мемлекет, бай мемлекет. Оның ерекшелігі де, байлығы да – көп ұлттан құралғандығы. Бірнеше ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүру кез келген елде бола бермейтін бақыт. Біз татулығы мен тұрақтылығы, достығы мен бірлігі жарасқан елміз. Сондықтан да, осындай Құдай берген бақытты бағалау, оны құрметтеу баршамыздың міндетіміз. 

Мен қашанда қазақ халқының алдында басымды иемін, қасиетті топырағын сүйемін! Себебі, мен қазақтың шұрайлы бай тілін, дариядай дархан көңілін, дос пейілін өміріме үлгі, жаныма медет, һәм серік етіп келе жатқан жанмын. Өйткені қазақтың байтақ даласының самалы маңдайыма, дәмі таңдайыма тиген, адал ниеті мен жылы сөздері жұдырықтай жүрегімнің төрінен орын алған перзентімін! Елбасымыз келешегіміздің келісті болуы тек жастарға байланысты екенін үнемі айтып келеді. Мен де осы бір дана сөзді ерекше құптаймын. Дәл бүгінгі шараның Тұңғыш Президент күніне орай өткізілуінің өзі жаныма шуақ болып құйылып тұр. Пәк жүрек, адал пейілмен қазақ тілін үйреніп, қолданыс аясын кенейте өркендетіп жатқан саналы қауым, сапалы жастар, әманда аман болыңдар. 

Дәл шығыс қазақстандық өзге ұлт өкілдеріндей саналы түрде мемлекеттік тілді көпшілігі меңгерген жастарды кездестірген жоқпын. Зал тола жастар, бәрі де таза қазақша сөйлеп, қазақша ойлап тұрғандай боп көрінді маған. Өйткені қазақ тілінде сөйлегендердің сөзін ынта-ықыласпен тыңдап, жанарларынан жалын атып, жүректерінде от лаулап, ойлары атойлап тұрғандай, ой жеткізбейтінді, көз жеткізді. 

«Тіліме тағзым ет, сыйласаң елімді, Сонда сен отандас боласың сенімді!» – дегендей, Шығыс Қазақстан облысының атқарған істері күдігімді сейілтіп, жүрегіме сенім ұялатты. Әрбір іс-шараның басы-қасында облыс әкімінің өзі жүрді. Мұның бәрі басшының іскерлігін, өз ісіне деген адал берілгендігін айғақтайды. 

Мұндай шаралар тіл мәселесінің көкжиегін кеңейтері анық. Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы: «Дүниедегі ең асыл тіл – араб тілі, одан кейін түрік тілі, түрік тілінің гауһары – қазақ тілі» дейді. Гауһар тілдің қадіріне жетіп, қолданылу аясын кеңейтуге бір кісідей ат салысайық, ағайын! 

Асылы Осман, 

қоғам қай­рат­кері, ғалым,

«Мем­лекеттік тілге – құрмет» бір­лестігінің

Алматы облыстық Әзір­байжан

этно-мә­дени орталығының тө­райымы,

Қа­зақстан халқы ассам­блеясының мү­шесі