Жаңалықтар

АУЫЗ СУҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ АЛАЯҚТАРДЫҢ АУЗЫНДА КЕТКЕН

ашық дереккөзі

АУЫЗ СУҒА БӨЛІНГЕН ҚАРЖЫ АЛАЯҚТАРДЫҢ АУЗЫНДА КЕТКЕН

 Желтоқсан айының басында, «Прокуратура күні» қарсаңында Оңтүстік Қазақстан облысының прокуратурасы 2013 жылдың 10 айының жұмыстарын қорытындылады. Атқарылған жұмыстардың нәтижесі туралы облыс прокуроры, аға әділет кеңесшісі Ибраhим Әлжанұлы ИМАНОВ кейбір мәселелер төңірегінде «Түркістан» газетімен ой бөліскен еді. 

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев оңтүстікке келген сапарында аймақ әкімдерін жинап, өңірдің қатаң бақылауында болуға тиісті жағдайларды сараптап, 5 басым бағыттағы тапсырма бергені белгілі. Олар: халықты жұмыспен қамту, ауыз-су, тұрғын үй коммуналдық-шаруашылығын жаңғырту, кәсіпкерлерді қолдау және шағын қалаларды дамыту мәселелерін шешуді ұйымдастыру болатын.

Осы арада айта кетуге тиіспіз, «Жұмыспен қамту – 2020» бағдар­ла­масына республикалық бюджеттен бөлінген жалпы қаражаттың 40 пайызы Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін жұртшылық жақсы біледі. Алайда, қаржы көп бөлінгенімен жұмыспен қамтылып жатқандардың қатары көбейе қоймаған. Сондықтан, біз осы саланы жан-жақты тексеруді қолға алдық. Нәтижесінде, көптеген заң бұзушылықтардың беті ашылды. Мемлекет қаржысын талан-таражға салу деректері аттап басқан сайын анықталып, 10 қылмыстық іс қозғалды. Бағдарламаның орындалмай қалу қаупін біз дер кезінде Бас Прокурорға қызметтік хатпен баяндадық. Міне, осыдан кейінгі жерде мағыналас тексерулер республика бойынша жаппай жүргізілді. Мемлекет қаржысының ысырапқа салыну деректері басқа аймақтарға да тән болып шықты. Үкімет қолданыстағы бағдарламаның күшін жойып, жаңа Бағдарлама қабылдауға күш салды. Сөйтіп, мемлекет қалтасына қол сұғушылардың жолы кесілді. Ал онда біздің үлесіміз де, орнымыз да айқын көрініп тұр деп ойлаймын.

Сонымен қатар, «Ақбұлақ» Бағ­­­дар­ламасының іске асырылу заңды­лығына жүргізілген тексеруде де заң бұзушылықтар мен бюджет қаржысын ысырап ету жағдайлары анықталып, біздің оңды мысалдарымыз Бас Прокурордың Премьер-министрге жолдаған ұсынысына қосылды. 

Бүгінгі таңда біз Сарыағаш ауданы мен Шымкент қаласындағы бірнеше ауыз су объектілерінің құрылысын аяқтауға 100 млн. теңгеден астам қаржының бөлінуіне қол жеткіздік. 

Енді осы мәселені біршама таратып айтып көрейік. Мысалы, бір ғана Сарыағаш ауданында «Ақбұлақ» бағ­дарламасы бойынша 2011-2013 жылдар аралығында 700 миллион теңгеден астам қаржыға орталықтандырылған су құбыры жүргізіліп, су магистралі 5 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуге дайын болған. Алайда, су көзі жоқ. Сондықтан, 5 елді мекенге осы күнге дейін таза ауыз су берілмей келген. Сонымен қатар, 8 елді мекендегі жалпы құны 586 миллион теңгеге қазылып, салынған 8 нысанда жер астынан шыққан судың кермектенуі салдарынан халық таза суды тұтына алмаған. 186 миллион теңгеге салынған 3 нысанда су көзі мүлдем жоқ болып шыққан. Ал осындай мәселелерге кім жауап береді? 

Жалпы, «Ауыз су» және «Ақбұлақ» бағдарламалары аясында, осы бір ғана ауданда 1,5 миллиард теңгеден астам қаржыға салынған 16 нысанның пайдаланылмай жатқаны тек прокуратура органдарының тексеруінен кейін ғана мәлім болып, оған тиісті дәрежеде шара көрсетілді және халықтың таза ауыз сумен қамтамасыз етілуі үшін жан-жақты жұмыстар жүргізілді. Нәтижесін жоғарыда айтып өттік. 

Халық арасында түсіндіру жұ­мыс­­­тарының қажетті деңгейде жүр­гі­зіл­меуі салдарынан, тұрғындар өздері тұ­ратын үйлерді қайта жаңғырту жұ­мыстарына қарсы болған. Сондай-ақ, бұл жұмыстардың алға басуына жобалау-сметалық құжаттарындағы шикіліктер мен ондағы қателіктер де қолбайлау болған. Сол себепті республикалық бюджетке игерілмеген 500 млн. теңге қайтарылған. Анықталған кемшіліктердің барлығы бойынша прокурорлық қадағалау шаралары қолданылды.

Кентау моноқаласын дамыту бағдарламасы да сапасыз іске асырылуда. Қаланың инфрақұрылымын дамыту үшін жасалған жобалау-сметалық құжаттары жоспарланған құрылыс жұмыстарына талдау жүргізілмей жатып жасалған. Бұл өз кезегінде атқарылған жұмыс құнының өсуіне әкеліп соққан. Прокуратура жүргізген тексерулердің нәтижесінде жұмыс көлемін қосып жазу (395 мың теңге), сондай-ақ ГОСТ талаптарына сәйкес келмейтін объектілерді орнату жұмыстары (балалардың ойын алаңдары) үшін қылмыстық іс қозғалды. 30 ауланы сапасыз көріктендіру фактілеріне қатысты бірнеше материал қаржы полициясына жолданды.

Кәсіпкерлерді қорғау мақсатында «Шенеунік және кәсіпкер» атты 27 акция өткізілді. Шымкент қаласында орналасқан аквапарк мәселесіне қатысты «Атамекен» ассоциациясы көтерген дау шешімін тапты. Қазіргі таңда аталған орын толық көлемде жұмыс істеп жатыр.

Прокурорлық ықпал ету актілерінің нәтижесінде, жұмысшылардың еңбек жалақы қарыздары 3,5 есеге азайып, бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 22,9 млн. теңгені құрап отыр (2013 жылдың басында 79,6 млн. теңгені құраған).

Кәсіпкер құқығын қорғау шаралары шеңберінде қаржы полициясы органдарының құжаттарды алу және кәсіпкер субъектілеріне қатысты тексеру тағайындау қаулыларын санкциялау туралы сұрақтың басымды еместігі ескеріле отырып, әлеуметтік-экономикалық саладағы қадағалау бағыты арқылы зерделеу тәжірибесі енгізілді. Нәтижесінде, 40 құжатты зерделеу барысында 1300 шаруашылық субъектіге қатысты тексеру жүргізуден бас тартылып, олардың құқықтары қорғалды.

Жасөспірімдер арасындағы қылмыс­ты­лық деңгейінің күрт өсуіне байланыс­ты (40 пайыздан астам) мобильдік топтардың жұмысы күшейтілді. Олардың саны 20-дан 123-ке дейін ұлғайтылды. Сонымен бірге, топтардың жұмысын үйлестіру жөніндегі облыстық штаб құрылды.

Аталған топтардың мектептерде 5 қорқытып алушылық деректері анықталды. Олардың барлығы бойынша қылмыстық істер қозғалған. Сондай-ақ, 50-ге жуық тіркелмеген қаруды адамдар өз еріктерімен тапсырып, бұл жерде де түсіндіру жұмыстарының нәтижесі айқын көрінді.

Кәмелетке толмағандар арасындағы құ­қық бұзушылық профилактикасының 2013-2015 жылдарға арналған өңірлік бағдарламасы Республикалық бағдарламадан сөзбе-сөз көшіріліп алынған. Оның жұмыс істеуден, нәтиже беруден қалғаны соншалықты қылмыстың өсуі жалғаса берді. Сон­дықтан, қолданыстағы бағдарламаны біз өз күшімізбен қайта жазып шықтық. Оны облыс әкімдігі бекітті. Сөйтіп біз жасөспірімдер арасындағы қылмыспен күресуге жаңаша сипат бердік. Нәтижесі жаман емес. Бұл мәселе біздің үнемі назарымызда болады. 

Бұдан бөлек, биылғы жылдың өзінде мемлекеттік бюджетке 300 млн. теңгеден 3,7 млрд. теңгеге дейін қаржының өндірілуіне қол жеткізілді. Сондай-ақ, прокуратура жүргізген тексерулер кезінде 2,7 млрд. теңгеден астам салық салынатын айналымы бар 2 жалған кәсіпкерлікпен айналысып жатқан мекеме анықталды. Олардың мемлекетке 1 млрд. теңге көлеміндегі салық төлемдерін төлемегені белгілі болып, ҚР ҚК-нің 192-бабымен қылмыстық істер қозғалды. Қазіргі таңда, жалған кәсіпкерлік қызметпен айналысу кезінде пайда болған 600 млн. теңгеден астам салық төлемдерін өндіруге бағытталған іс-шаралар атқарылуда.

Шардара су қоймасындағы Арнасай бөгетінің құрылысын жүргізу заң­дылығын тексеру барысында қыл­мыстық іс қозғалып, ол тергелу сатысында тұр. Осы және басқа да заң бұзушылықтар бойынша Қауіпсіздік Кеңесіне хабарлама жолданды.

Жер қатынастары сала­сын­да жергілікті атқарушы органдардың және Жер инспекциясының назарынан тыс қалып, жалпы көлемі 7,2 мың гектарды құрайтын 5 мыңнан астам пайдаланбай жатқан жер телімдері анықталған. Бүгінгі күнге қолданылған шаралардың нәтижесінде мемлекетке көлемі 758 гектарды құрайтын жерлер қайтарылған.

Сонымен қатар, мұрағатта жатқан әкім­­­діктердің қаулыларына жалған құ­жат жасау арқылы өзгерістер енгізіп, жер телімдерін иеленудің жаңа қылмыстық тәсілдері анықталды. Жалған құжаттар арқылы рәсімделген жерлер кәмілет жасына толмаған тұлғаларға табысталған. Сараптама қорытындысын алғаннан кейін біз бұл бағыттағы қылмыстық істерге кезек беретін боламыз. Әзірге тек, мұндай алаяқтыққа жол бергені үшін облыстық мұрағат басшысы қыл­мыстық жауапкершілікке тартылып отыр.

Халықаралық шарттардың орын­да­­луын және ынтымақтастықты қа­дағалауды ұйымдастыру саласы бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде есепке алу құжаттарын толтыру туралы пилоттық жобасы жүзеге асырылды. Аталған жоба өзін-өзі ақтады. Бұл туралы Бас Прокурордың атына қызметтік хат жолданды. Онда біз өңірде жүзеге асырылған ақпараттық жүйені республика бойынша қолдану туралы ұсыныс келтірдік.