КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫНА КЕРІ ҚАЙТПАЙМЫЗ
КЕҢЕСТЕР ОДАҒЫНА КЕРІ ҚАЙТПАЙМЫЗ
Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Президенті:КСРО-ны «тірілтуге» жанталасқандар үштік одаққа саяси рең беруге жанталасып жүр. Бірақ мұндай жымысқы әрекеттерге тойтарыс берген Елбасы Еуразиялық экономикалық одақ тек экономикалық мүддені ғана көздейтінін ашық айтты.
2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан, Беларусь пен Ресей арасында Еуразиялық экономикалық одағы Кедендік одақтың орнын басады. Бірақ бұл келмеске кеткен Кеңестер Одағының «мұрагері» емес. Мәскеудегі Еуразиялық экономикалық жоғарғы кеңестен кейін болған баспасөз мәслихатында ҚР Президенті Н.Назарбаев: «Еуразиялық экономикалық одақ – инновациялық жоба, бірақ ол күйреп қалған КСРО-ны қалпына келтіруге тырысушылық емес. Біз артқа емес, алға кетіп барамыз. Өткен күндерге кері қайтатын жол жоқ – бұл біздің ортақ әрі нақты ұстанымымыз», – деп ашық айтты.
«Тағы да қайталап айтайын, интеграциялық бірлестіктегі саяси тәуелсіздікке қол сұғылмайды. Бұл – аксиома. Әрі экономикалық интеграция ұлттық мемлекеттігімізді нығайтуға сеп. Экономикалық одаққа мүше әрбір ел іргесін бекіте отырып, дами түседі. Сондай-ақ, халықаралық мәселелерде де», – деп ұстанымын бүкпесіз білдірген Елбасы талайдың көңіліндегі күдік пен күмәнді сейілтті. Одақ шеңберіндегі жоспарлар мен жобалар, бастамалар мен шаралар үшжақты ақылдасу, тонды келісіп пішу, бір біріне сыйластықпен қарау, жариялылық пен ашықтықты қамтамасыз ету, шешім қабылдауда әділдік пен құқықтардың теңдігі арқылы жүзеге асырылуы тиістігін жеткізген Н.Назарбаев басты мақсат пен міндетті тағы да еске салды: «Еуразиялық экономикалық одақты басқалардан оқшауланып, іргені аулақ салу үшін емес, керісінше, басқа серіктестермен барынша кең ауқымда ынтымақтастық орнату үшін құрдық. Қазақстан, Беларусь пен Ресей одақ құру жолында стратегиялық серіктестік пен достықты қалыптастыру жолында жұмыс жасап жатыр. Экономикалық одақ барлық мүше мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерін күшейтуге ықпал ететініне сенімдімін».
Отырыс барысында көтерілген бірнеше мәселеде Елбасының беларусьтік әріптесімен пікірі қайшы келді. Мәселен, Лукашенконың пікірінше, Еуразиялық экономикалық одақ халықаралық мәртебеге ие болуы тиіс және Одаққа мүше мемлекеттердің құзырын кейбір мәселеде шектеу керек. Яғни, саясат алдын ала келісілу шарт. «Жоғары және үкіметаралық кеңестің шешімдері құр құжат ретінде қабылданбауы қажет. Оған барлық мүше тараптар орындауға міндетті заңнамалық акт деп қарау керек». Бұл пікірге қарсы уәж айтқан Назарбаев құрылатын Кеңеске басымдық беруге болмайтынын айтып, ұлттық деңгейден жоғары қоюға қарсылық танытты: «Бізде барлық мемлекеттер үшін міндеті айқындалған ұлттық орган бар. Оның құзыры қабылданған келісімдер мен шарттармен айқындалған, сондай-ақ, тек экономикалық салаға ғана қатысты», – деді. Үш елдегі көптеген сала «ортақ нарық», «ортақ саясат» ұғымына келмейтінін ескертті. Елбасының ойынша, тек үшжақты келісімдер қабылданған салаларда ғана ортақ ереже қолданылғаны абзал: «Біз экономикалық одақ құрудамыз. Сондықтан Комиссияның міндеті – Шартқа экономикалық интеграция шегінен шығатын ережелерді қоспау. Шекараны қорғау, көші-қон саясаты, қорғаныс және қауіпсіздік жүйесі тәрізді бағыттар, сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, ғылым, мәдениет, азаматтық, қылмыстық және әкімшілік істер бойынша құқықтық көмек мәселелері экономикалық интеграцияға жатпайды және Экономикалық Одақ форматына көшірілуі мүмкін емес. Бұл мәселенің барлығы ҰҚШҰ, ТМД аясындағы көптарапты келісімдер форматында да, екіжақты форматта да жақсы реттелген. Қылмыстық және әкімшілік тәртіп бұзушылықтар жөніндегі жауапкершілікті біріздендіру туралы мәселе көтерілуде, алайда бұл салалар таза ұлттық салалар, мемлекеттің ішкі саясатының мәні болып саналады және жүйеленген шарттан алынып тасталуға тиіс».
Н.Назарбаевтың КСРО-ға қатысты айтқан пікіріне РФ президенті В.Путин қарсы уәж айтқан жоқ. Тек: «Біз Қазақстан және Беларусь президенттерімен бірге еуразиялық экономикалық кооперацияны дамытудың өзекті мәселелерін талқыладық. Қазан айында Минскіде өткен кездесуімізден кейін біз бірлесе атқарылған ауқымды жұмыстың қорытындысын шығардық. Ең алдымен Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт жобасын дайындауда айтарлықтай ілгерілетуге қол жеткіздік. Жалпы, сарапшылар тарапынан шарттың негізгі институттық бөлімі келісілді, онда болашақ одақтың халықаралық-құқықтық мәртебесі, міндеттері мен іс-қимыл тетіктері айқындалған, – деді. Есесіне, Елбасының сөзін іліп әкеткен ресейлік БАҚ сан-саққа жүгіртуде. Өйткені өзін КСРО-ның «тақ мұрагері» ретінде сезінетін Кремль мен оның сойылын соғатын саясаткерлер Кеңестер одағын қалпына келтіру туралы ойларын ашық айтудан тайынған емес. Демек, экономиканы саясатпен астастыруға тырысқан тараптардың мүддесі Қазақстанның тәуелсіздігіне, дербес те көпвекторлы саясатына кесірін тигізбеуді жіті қадағалау қажет.
Сонымен, Мәскеудегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында бірнеше маңызды құжатқа қол қойылды.
Отырыс барысында Н.Назарбаев Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шарт Одаққа мүше елдердің басқа мемлекеттер және ұйымдармен арадағы халықаралық шарттарына нұқсан келтірмеуі керектігін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті ЕЭК департаменттерінде Қазақстан тарапынан бекітілген өкілдердің тең деңгейде өкілдік етуі мәселелесінің шешілуіне назар аударды: «Үнемі талқылып жүрген тағы бір мәселе – Комиссияға жаңа өкілеттіктер беру. Қазір ЕЭК өкілеттігін аса кеңейтудің қажеттілігі жоқ. Бұл жөнінде біз мамыр айында Астанада да, қазан айында Минскіде де сөйлескенбіз. Әйткенмен, Шарт жобасымен жұмыс барысында Комиссияның көптеген сәттерде өзіне қосымша өкілеттіктер алғысы келетіні байқалады. Комиссия қызметін бағалау тетіктері туралы мәселе қою әлдеқайда пайдалырақ болар еді деп ойлаймын. Қазақстан мен Ресейде мемлекеттік органдарды бағалау жүйесі енгізілген. Солардың негізінде ортақ әдістер әзірлеп, оны Комиссия қызметін бағалауға қолдануға болады». Осы орайда, Одақ шеңберінде қабылданатын шешімдерге Алқа мүшелерінің жеке жауапкершілігін бекітуді ұсынды. Бұл халықаралық шенеуніктерді әр қадамын салмақтап, кез келген мәселеге әділ қарауға сеп: «Бұл нормаларды Шарт жобасына қазірден-ақ қосу керек немесе үкіметтерге бірлесіп жеке құжат әзірлеуді және оны кезекті отырысымызға ұсынуды тапсыру қажет. Жалпы алғанда, Қазақстанның берік, күшті әрі түрлі өзгерістерге икемді Экономикалық одақ құруға бейілді екенін тағы бір рет қуаттаймын. Мұндай одақ оған қатысушылардың барлығының мүдделерін ескергенде ғана қалыптасуы мүмкін. Сарапшылар біраз жұмыс атқарды, енді айтылған ескертулерді ескере отырып, бірлескен қызметті жалғастыру қажет».
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ