ҚАЙРАН САДЫҚБЕК АҒА

ҚАЙРАН САДЫҚБЕК АҒА

ҚАЙРАН САДЫҚБЕК АҒА
ашық дереккөзі

Сәкең мені «Лениншіл жаста», одақта, қалалық комитетте, қызметте жүргенде іні-бауыр тұтып, жиі араласып жүрдік. Шығармашылығына ризамын, ішкі сырларынан да хабардар едім. ЖенПи-де жұмыс жасаған менің әйелімді «келін»деп, қыздармен таныстыруды «ымдайды» ғой. Содан келіні бір жесір келіншекті алып шығып, институт ауласында таныстырып, сынатады емес пе!

Жарықтық мәз болып, риза­лы­ғын оңашада білдірмей ме: –Аяқ деген төңкерген бөтелкедей, бел десеңіз (мықынды айтамын) бұралып тұр, иық, кеуде, аққу мойын, қолаң қара шаш, бәрі-бәрі «5». Бірақ, басында қарғаның миындай ми болмаса, қайтеміз?!

Келіні ақ көңіл, аңқаулау әйел: – Ой-ағай-ай, миын таразылап неғыласыз, оны «пісіріп» жейсіз бе? Бұдан артық «әйбәт» сұлуды енді қайдан табамын, – депті.

– Онда саспа, айналайын келін, мен бұған «үйленемін, құшағыңды аш» деп хат жазамын газет арқылы.

Сонымен, Сәкең қыздармен қоштасады. Бірақ… «құшағыңды аш» дегенін газеттен көрмедім. Шыннан көңілі қалса керек.

 * * *

Бірде Сәкең бейтап боп, сыр­қат­танып жатып қалса керек. Әдетте мұндайда қабат-қабат көрпе жамылып, тер одан да кетіп, бұдан кетіп тез сауығып қалады екен. 

Әйтсе де бұл жолы ол әре­кет­тен түк шықпай «Жедел жәрдем» шақырады. Медбикелері бар түйедей қара жігіт «бригада» боп есікті ашып, аяқ киімдерін де шешпей төрге өрлей берген. Жалаңаштап, сұп-суық температура өлшегішті өкпесіне, жүрегіне, бауырына сүйреңдете түскен. 

– Әй, тоқта, – дейді Сәкең. Анау ештеңе естімегендей бар­лық денесіне тықпыштап, тітір­кен­діреді. 

– Көкетай-ай, тоқташы, сәл аялдашы, бір нәрсе айтайын.

– Иә, айтыңыз, аға, құлағым сізде, – деп құлағындағы ақ темірді алады. Көзі көк екен. 

– Қымбаттым, мен де көк көзбін. Айтшы, сенің өзің мединс­титутта қаншаға оқыдың? Қызыл дипломға бітірген боларсың…

Дәрігер саса бастағанда, Сәкең: – Білем, білем, сен үшке оқыған қусың! Оны «удоб» дегенмен, мен қанағаттанып тұрған жоқпын. Қағазыңды әкел, қол қойып берейін. Сосын қайқай жөніңе. Табандарыңды жалтыратыңдар!

Олар едел-жедел жиналып, үйден қаша жөнелген.

 * * *

Сәкең бірде баспаға келе қалды. «Жалын» баспасына. Жігіттер жапырыла тұрып сәлем бердік. Миғынан күліп, Қожанасырдың әңгімелерін айтып біраз отырды да:

– Еркінбай, мені шығарып сал, Шымкентке бармақпын поезбен.

Баспа үйінен сыртқа шық­тық. Ол кезде «Жалын» «Минцветметтің» бесінші қа­ба­тында болатын. Наурыз айы­ның ортасы. Көшедегі қар­ғын төмен қарай жөңкіп ағып жатыр. Гоголь және Мир көшелерінің бұрышынан такси ұстап, ІІ-Алматының вокзалына бармақпыз. Ешбір машина тоқтамайды. Бір кезде Сәкең қал­тасынан өңкей қызыл он сомдықтарды шығарып, ақшаны көрсетіп, теріс қарап тұрды. Жүргізушілер тоқтаудың орнына күліп қарап өтіп жатыр. Мен:

– Қойыңыз, Сәке, – деймін. Ол кісі онан сайын өршелене қол бұлғайды. Әлденуақытта бір машина тоқтады. Ол кісі қолындағы бір уыс ақшаны ұсынып: – Тарттық Алматы вокзалына, – деді. Анау керегін алып, қалғанын қайтарып берді. Біз вокзалға жеттік. Пойыз кетпей, қаңтарылып тұр екен.

– Көрдің бе, бауырым, мынау Шортанбай атаң айтқан зар-заманның белгісі – сауып ішер малың да, қойыныңдағы қатының да! Алла жолымызды берсін! 

Пойыз вагондарын сүйреп, жыландай ирелеңдеп Шымкентке қарап жөней берді.

Мен қол бұлғап қала бердім…

Еркінбай Әкімқұлов

Алматы қаласы