Жаңалықтар

ШЫНШЫЛ ҚИЯЛ ЖОҚШЫСЫ

ашық дереккөзі

ШЫНШЫЛ ҚИЯЛ ЖОҚШЫСЫ

Қазақ әдебиетінде қайталанбас жанр, қиял-ғажайыпқа толы фантастиканың теориясы мен тәжірибесінің жалғыз насихатшысы – Абдул-Хамид Мархабаев. Көпшілік қалам тарта бермейтін, қалам сілтесе де қиял ұшқырлығы мен тапқырлығы жете бермейтін жанрды еңсеру кез келгеннің қолынан келе бермейді. 

Биыл кітаптарынан шәкірті көп ұста­зы­мыз 75 жылдық мерейтойын атап өтті. Жуырда Филология ғылымдарының док­торы, профессор Абдул-Хамид Мар­ха­баевтың туғанына 75 жыл толу мерей­той­ына арналған «Ғылыми-танымдық басы­лымдар мен ғылыми фантастиканы дайын­дау, шығару және таратудың заманауи техно­ло­гиялары» атты халықаралық ғылыми-тәжі­­рибелік конференция өтті. 

Сондай-ақ осы атаулы мерейтойға орай ұстаздың екі томдық фантастика жан­рына арналған «Фантастика негіздері» еңбегі жарық көрді. Оқу құралының алғысөзінде академик З.Қабдолов былай деп жазады. «Сөз өнерін сүюші қауым, қазақ әдебиетіндегі фантастика жанрында Мархабаевтың қаншалықты еңбек сіңіріп жүргенінен хабардар болар. Ол өткен ғасырдың 60-жылдарында әдебиетімізге екпіндей енген жас қиялгер-жазушылар легінің ең алдыңғы шебінен табылған-ды. Және тек қана көркем шығармалар жазумен шектеліп қалмай, біз үшін «тұмса жанр» – фантастиканың тарихы мен теориясын қарастыра бастады». 

Қазақ әдебиетін зерттеу тарихында осы салада тұңғыш кандидаттық диссертация қор­ғады. Қазақ жазба әдебиетіндегі фан­тас­тиканың даму дәуірлерін де бірінші боп жіктеген Мархабаев. 

Ақниет ОСПАНБАЙ