ҚЫСҚА УАҚЫТТА ИНТЕРНЕТТЕ БЕЛСЕНДІ ЖАРНАМАМЕН ЖАРҚ ЕТТІК
ҚЫСҚА УАҚЫТТА ИНТЕРНЕТТЕ БЕЛСЕНДІ ЖАРНАМАМЕН ЖАРҚ ЕТТІК
«НұрМедиа» ақпараттық холдингі соңғы жылдары газеттердің қағаздағы нұсқасын интернет нұсқаға алмастыруды мақсат етіп келеді. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі интернет сайттарды көбейтіп, интернеттегі олқылықтарды шешуді мақсат етіп отыр. Сондай мақсаттан туған жаңа жобаның бірі www.munara.kz сайты. Сайттың бүгінде оқырманы да қалыптасты, ақпараттық бағыт-бағдары да айқындалды. Осы ретте сайттың жетекшісі Аршат Оразовты әңгімеге тартқан едік.
– Соңғы кезде «Нұрмедиа» корпорациясының бастамасымен бірнеше қазақтілді басылымның интернет нұсқасы пайда болды. Біраз басылымның қағаздағы нұсқасы жабылды. Ал, сіз басқаратын «Мұнара» сайтының өзгелерден ерекшелігі неде болмақ?
– Мұнара – холдингке қарасты барлық БАҚ өкілдерін біріктіріп тұрған сайт. Мазмұны холдингтің ортақ ньюсрумы және өңірлердегі 15 тілші беріп отырған ақпараттан құралады. Орталық редакция танымал блогерлерден жиналған. Блогерлердің интернеттегі тәжірибесі, сілтемелерді жарнамалауы, ақпаратты интернет форматта беру үлгісі қазір өз нәтижесін беріп жатыр. Сондай-ақ мультимедиялық контентке көп маңыз береміз. Олар – инфографика, аудио, видео, фото, галереялар. Колумнистердің авторлық бағандары да бір ерекшелік.
– «Мұнара» сайтының ақпараттық идеологиялық бағыты не?
– Басты ерекшеліктеріміздің бірі мультимедиа болғандықтан, оқырманды қазіргі интернет форматқа үйреткіміз келеді. Ақпаратты барынша қызықты қылып беру басты мақсатымыз.
– Жалпы, сіздіңше, дәстүрлі медианы жаңа медиамен алмастыру қаншалықты тиімді? Онсыз да аз қазақтілді газеттерді жапқаннан ұттық деп ойлайсыз ба?
– Ол қазіргі заманның талабы. Ақпаратты көпшығынды қағаз нұсқадан гөрі жедел түрде интернет арқылы тарату тиімді. Интернет қазір ауылдық жерлерге де бара бастады. Халық смартфондармен де интернетке кіріп, жаңалық оқиды. Иә, журналистер үшін газет киелі ұғым. Бұл киеден айрылғылары келмейтіндерін, интернетке тез бейімделіп кетуден қорқатындарын, интернетте қысқа-нұсқа жазылған ақпарат үшін газеттегідей қаламақы болмайтынын, әдеби көркемтілді жазбалардың азаятынына мұңаятынын түсінемін. Бірақ уақыт бір орында тұрмайды, түлкі болған заманды тазы болып шалмаса болмайды. Сондықтан газет жабылады деп алаңдамай керісінше қазақша интернетті дамытуға, қазақты интернетке үйретуге тырысу керек. Болашақта бәрібір жарнама да, мемлекеттік тапсырыс та интернетке ауысады. Сол кезде көштен қалып қоймау үшін қазірден бастап тырысқан жөн. Бір ғана мысал айтайын: «Айқын» газетінің бұрынғы тілшісі, қазір «НұрМедианың» Алматы облысындағы тілшісі Болатбек Абаған жасы 50-ден асқан үлкен кісі. Бірақ интернетке тез бейімделіп, үйреніп кетті. Ниет бар, ынта бар. Міне, осындай кәсіпқойлар көбейсе дейсің.
– «НұрМедиа» корпорациясына тиесілі басылымдардың интернет нұсқаларын күшейту мақсатында олардың келбеті өзгертілді. Ақпаратты беру тәсілі де қазіргі заманға сай. Осы ескі мен жаңаның алмасуы барысында қандай артықшылықтар мен кемшіліктер байқалды? Журналистер бұл салаға қаншалықты дайын болып шықты?
– «НұрМедиада» мұндай тәжірибе алғаш рет болып отырғандықтан барлығы идеал деп айта алмаймын. Жоспарланған уақытынан кешікті бұл жүйе, ақаулары әлі де бар. Бірақ бастысы – процесс басталды. Бұл маңызды. Қазір өтпелі кезең. Журналистер де әлі толық дайын емес. 2-3 жылдан кейін бұл жүйе жемісін бере бастайды.
– Жақында ұйымдастырылған «Қазнет Дода – 2013» байқауында интернет пайдаланушыларының дауыс беруі нәтижесінде, сіз «Интернет тұлғасы» атағын, «Мұнара» сайты «БАҚ және жаңалықтар» аталымында үздік деп танылды. Осынша қысқа уақыт ішінде мұндай табысқа жетудің кілті неде деп ойлайсыз?
– Шыны керек, біз мұндай нәтиже күткен жоқпыз. Қысқа уақытта интернетте белсенді жарнамамен жарқ еткеніміз рас. Жыл жаңалығы деп атауға тұрарлық деген ойдамын. Ал «БАҚ» категориясында 1-ші орын алуға әлі ерте. «Қазнет Дода» алғаш рет ұйымдастырылған байқау болғандықтан қатысушы саны да аз болды. Яғни бірқатар БАҚ өкілдері қатыспады. Ал дауыс берушілерге сол ашылған кездегі жарқыл және редакция қызметкерлерінің популизмі әсер еткен шығар деп ойлаймын. Бірақ «ақпаратты жеткізу мәнерлеріңіз қызықты» деген сипаттағы пікірлерді жиі естиміз. Соған қарағанда жүлдегер атануымыз кездейсоқтық емес шығар?
– Жаңа жыл қарсаңында «Түркістан» газеті оқырмандарына айтар тілегіңіз.
– «Түркістан» – ақпарат айдынында барша қазақтың бесігі болып жүре берсін. Оқырманы көп болсын, жазар мол болсын. «Түркістан» оқырмандары үшін Жаңа жыл өткен жылдан да табысты және нәтижелі болсын. Биылғы жылды жақсы қорытындылап, келер жылға жоспарлар мығым болсын. Отбасылық бақыт, береке, махаббат тілеймін!
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен
Есенгүл Кәпқызы