Жаңалықтар

ТАЭКВАНДОШЫ ТОҒЖАН

ашық дереккөзі

ТАЭКВАНДОШЫ ТОҒЖАН

Таэквандо жекпе-жегі әлемге танымал. Бұл спорт түрін жетік меңгеріп, қарсыластарын жерге қаратып жүргендердің аты-жөні баршаның аузында. Бұл спорт түрі жасөспірімдер арасында беделі зор, соның ішінде таэквандошы қыздардың саны елімізде жыл сайын өсе түсуде. 

Қазақстанда қыздар таэквандосы күрт дамып келеді. Әсіресе мектеп оқушыларының шығыстың дәп осы жекпе-жегін меңгеруге ықылас білдіріп, қызығушылық танытуы қуантады. Бүгінде 9-сыныптың оқушысы Тоғжан Қыдырбекованың жеңісі ауыз толтырып айтуға тұрарлық. Тоғжанның бағындырған белестері, марапатталған медальдары жетерлік. Жас спортшы Қазақстан Республикасының таэквандодан (WTF) жасөспірімдер құрамасында. «Бұл жеңістің барлығы қажырлы еңбек пен қатаң тәртіптің арқасы», – дейді Тоғжан. Әкесі Бауыржан Мешітбаев күрестен жаттықтырушы. «Тоғжанды 9 жасынан мектепте ашылған таэквандо үйірмесіне бердім. Өзінің қалауы бойынша осы спорт түрін таңдады. Әуелде анасы «бұл – төбелес түрі, қыздарға қол емес, қыз балаға бимен айналысқан дұрыс» деп қарсылық танытып еді», – дейді әкесі. 22-28 наурыз арасында Тайпэйде өтетін Әлем біріншілігіне ұлттық құрамамен аттанады.

Тоғжан Қыдырбекова Қазақстанның 14-17 жас аралығындағы таэквандо жекпе-жегінің 4 дүркін чемпионы. Сондай-ақ жуырда өткен Жастар арасындағы Еуразиялық спорт ойындарында І орын иегері атанды. Бұл бәсекеге бес елдің болашағынан үлкен үміт күттіретін жас спортшылары қатысқан болатын. 

Қазақстан чемпионы атанған Тоғжанның халықаралық табыстары да жетерлік. Биыл 21-23 маусым аралығында Индонезияда өткен жастар арасындағы таэквандодан 7-ші Азия ойындарында төртінші орынды иеленді. Тоғжан бірінші дан – қара белбеу иегері. Ал 2012 жылы Бішкекте «Олимп» спорт клубының (WTF) таэквандодан І халықаралық турнирінде 44 келі салмақ бойынша І орынды иеленген. 

Үлкен спортқа бел буған жас спортшы табысты жүлделерге қол жеткізіп үлгерген. Тоғжан Қыдырбекованың спорттық қадамына сәттілік тілеп, жекпе-жек жеңімпазы бола берсін демекпіз! 

Ақниет ОСПАНБАЙ