«АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АРМАНЫ» ОРЫНДАЛҒАН КҮН
«АБЫЛАЙ ХАННЫҢ АРМАНЫ» ОРЫНДАЛҒАН КҮН
Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ драма театрында жазушы-драматург Думан Рамазанның «Абылай ханның арманы» пьесасы ҚР еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақовтың режиссерлігімен сахналанды. Премьераның белгіленген күнін асыға күттік. Себебі тарихи жанр – режиссерлердің көп бара бермейтін, сахналағанның өзінде жиі кемшіліктерге ұрынып, сынға ұшыратып жататын қиын да күрделі жанр.
Қоюшы суретші Берік Бурбаев безендірген сахна көркі көзді бірден баурады. Шымылдық ашылған мезеттен бастап, өрмекшінің өрмегіне ұқсас тормен тұтастай көмкерілген декорация ойымызды сан тарапқа жүгіртті. Бұл – еркіндікті, азаттықты аңсаған Әбілмансұрдың жан дүниесінің көрінісі іспетті әсер еткенін де жасырмаймыз. Қытайларға қарсы соғыспақ ниеттегі Абылайға өз халқының билері мен батырлары, ақылшысына айналған Бұқар жыраудың өзі батырлық болмысын биіктеткеннің орнына көңілін құлазытар жыр арнағанында, Абылайдың еңсесі түсіп, рухы төмендегенін сол тордың әр кейіпкер тіл қатқан сайын төмен қарай құлдилай беруімен жеткізе білген Болат Ұзақов. Тор – метафора. Ол біресе хан сарайы, кейде Абылай тоғытылған зындан, енді бірде соғыс алаңын суреттейді. Белгілі сазгер Еділ Құсайыновтың дала жаңғырығы, ғасыр үнін жеткізетін әуезді әуені естілген сәтте, әлгі тор жоңғар қонтайшысы Қалдан Сереннің салтанатты сарайына айналып шыға келеді. Аң аулап, саят құрып жүрген кезінде қапыда қалмақтардың қолына түсіп қалған Абылайдың жоңғар ордасындағы еңсесін тік ұстап, ханға лайық болмысты, табиғатындағы тектілікті актер Қуандық Қыстықбаев иланымды жеткізді. Оның қазақ халқының қамын жеген қайғысы жатқандай сезілетін қарлыға шыққан дауысы жан тебірентеді. Ал «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Сырым Қашқабаевтың Абылайы сезімтал, әр сөзін байыппен сөйлейді, көп ойланады, көп толғанады. Қонтайшы Қалдан Серенді кескіндеген Жанқалдыбек Төленбаевтың ойынында өзгеше ізденістер байқалады. Ол бірсарындылыққа ұрынбай бірінші, екінші, тіпті үшінші кезектегі үн үлгілерімен жұмыс жасады. Нәтижесінде қандай ғажап билеушінің образын жасады. Ал ҚР еңбек сіңірген қайраткері Боранбай Молдабаевтың қонтайшысы бірбеткей, қайғылы, томаға-тұйық. Бұл Қалдан Серен де өз ерекшелігі, өзгеше ізденіс, яғни Боранбайдан біткен болмыс бар. Жолбарыс сұлтан (Жәнібек Мұсаев), Әмірсана (Ержан Нұрымбет, Нұрсұлтан Есен), Жалбы (Қасымхан Бұғыбай), жалпы, театр ұжымы аз еңбектенбегендіктерін көрсете білді. Тек Абылай ханның ғашығы, Қалдан Сереннің қызы Топыш сұлуды ойнаған Айман Қарпсейітоваға көңіліміз толмады. Жалған күлкі, жалған ашу, жалған әрекет. Абылай хан ғашық болған арудың тартымдылығы қайда? Сұлулық деген бойдың ұзындығы мен белдің қыпшалығы емес. Егер артист өзіне берген рөлді кейіпкержандылықпен, табиғи шынайы шеберлікпен ойнаса, сонда тартымдылық пайда болады. Ал екінші құрамдағы Ақмарал Танабаеваға бірсарындылықтан арылып, жігерлілік, оттылық, сенімділік сынды бірқатар қасиеттерді жанына жақын тұтса деген тілегіміз бар. Қойылымның кейбір сәттерінде халық ойран-топан күлкіге кенеліп, сүйсіне қарап отырғанын байқадық. Ол күлкіні тудырушы Қытай елшісі На-Вангты бейнелеген Дастан Әлімов еді. Оның аласа бойы мен тамаша ойыны. Қытай елшісінің айлакер, қуақы, шеттен тыс ақылдылығын табиғи күлкі тудыра отырып , шынайы суреттеді. Туындыдағы шоқтығы биік, таутұлғалы кейіпкер болуға тиіс образ Қазыбек би болуға тиіс еді. Бірақ, өкінішке қарай, бұл рөл Аманжол Молдахметке бұйырыпты. Қаз дауысты Қазыбек би емес, аз дауысты Қазыбек би. Өйткені актер аз еңбектенген. Биге тән байыптылықтың орнына, бос айғайға ұрынған. Кейіпкер өмірбаянын әлі де зерттеп зерделеу керек секілді. Киім үлгісінің суретшісі Шынар Елембаеваның еңбегін де ескерген жөн. Топыш сұлудың сыртқы келбеті немесе батырлардың сауыттарынан, ең бастысы спектакль финалында хан сайланған Абылайдың баскиімі мен шапанын киген Қуандық Қыстықбаевты шын Абылайдың кітаптағы суретіне ұқсаттық. Қойылым қиын-қыстау қоғамда ел жұртының береке-бірлігін сақтап қалу үшін жан аямай тер төккен Абылай ханның 300 жылдығына арналып сахналанды. «Мемлекеттің күштілігі – мықты бір орталықтанған билікке бағынуында, халықтың бірлігінде екен. Сонда ғана еліміз бен жеріміздің тұтастығын сақтап қала аламыз. Менің арманым бүкіл түркі жұртының басын қосып, алынбас тас қамалға айналу!» – дейді Абылай хан сахна төрінен үн қатып. Мұны естігенде, «Ал біз Абылайдың арманына, Абылайдың аманатына қиянат жасап жүрген жоқпыз ба?» – деп іштей өз-өзіңе сұрақ қоюға мәжбүр боласың….
Мирас ӘБІЛ,
Қазақ Ұлттық Өнер университеті,
театртану мамандығының
3-курс студенті