Жаңалықтар

Қолжетімді баспанаға қолымыз жете ме?

ашық дереккөзі

Қолжетімді баспанаға қолымыз жете ме?

 

Баспана – басты мәселе. Бұл күрмеулі түйінді оңай шешіп, баспаналы бола қалу барша адамның басына берілмеген бақ. Үй алудың жақын да болса алыс екі жолы бар. Бірі – үлескер болу, екіншісі – банктен ипотека алу. Бірақ қай-қайсысының да шарты қиын, төлемі қымбат. 

Үлескерлер дауының ұзаққа созылатыны белгілі. Қабырғасы қаланбаған тұрғын үйге қаржы салып, уәдеге сай бір-екі жылда емес, әупірімдеп әрең қол жеткізеді. Сондықтан үлескерлікке халық үрке қарайтын сияқты. Дегенмен өз үлесіңді қосып, өз ақшаңа үй салу – ипотекадан арзанырақ түседі екен. Қазақстанда жылжымайтын мүлік құнын бөліп төлеуге ниет еткендердің көбінің орта жасы 35-45 жас аралығындағы бір не екі баласы бар ерлі-зайыптылар. Көпшілік 92 шаршы метрлі үш бөлмелік пәтерлерді алуға талпынады екен. Сонда ай сайынғы төлемі – 1300 доллар көлемінде болады. Бұл шартпен үй алу үшін алдын-ала жарна ретінде 35 мың доллардан кем төлемеу керек. Осылайша үй алушының төлем қабілеттілігі бағаланады және қосымша кепілдеме міндетті емес. Төлемді кешіктірген күннің өзінде де банк сияқты үстеме, қосымша пайыз талап етілмейді. Тек 3 айдан кешіктірмеуі тиіс. Егер 3 айда төлей алмаса, ақшасы өзіне қайтарылады. Ал банктің ипотекалық несиесі баспананы бүтіндей тартып алатыны баршаға мәлім. 

Құрылыс компанияларымен келісімшартқа отырып, бөліп төлеудің банк ипотекасынан айырмашылығы өте аз мерзімде төлеп біту керек. Сондай-ақ ең бастысы, «Астана пәтерлері» ЖШС директоры М.Ахановтың айтуынша, елдегі құрылыс компанияларымен арадағы есептесудің барлық түрі тек ұлттық валютамен жүргізіледі. 

Баспананы басыбайлы өз атыңызға құрылыс толық біткенше аудара алмайсыз. Бірақ осы процесс бәрібір банк арқылы үшжақты келісім негізінде жүзеге асырылады. Алайда еліміздегі екінші деңгейлі банктер соңғы кездері құрылысы аяқталмаған тұрғын үйлерге несие беруді азайтқан. Шығыны мен тәуекелі көп кәсіп болғандықтан, дайын тұрғын үй кешендеріне ғана несие беретін көрінеді. 

Банктер, үлескерлер жабыла қаражат салып, жұмыла көтерген үйлердің сапасы сын көтере ме? Астана құрылыс жөніндегі агенттіктің тексеру нәтижесінде анықталған кемшіліктері шаш-етектен. Тіпті Мемлекеттік сәулет құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінен жаңадан салынған 20 шақты үйде тұруға жарамсыз деген ескерту қағазы келген. Қабырғаларына сызат түсіп, сыз өтсе керек. Қазақстан құрылысшылар қауымдастығы сенімді құрылысшылардың тізімін жасапты. «Астана құрылыс», «Өркен», «Азбука жилья» сияқты құрылыс компаниялары сенімді ақтамағандар қатарында. Ал сапасы жақсы, қабырғасы берік үй салушылар – «Базис-А», «Би-ай Групп», «Шар құрылыс» және «Строй Инвест Ск» компаниялары. 

Банк банкротты мойындай ма?

Парламентте жаңа заң жобасы қаралды. Бұл жолы депутаттар өздерін ипотекаға үй алғандардың орнына қойып, жеке тұлғаны қарызын төлей алмаған жағдайда өзін банкрот жариялау туралы заң жобасын қарады. Кәсіпорындар қаржылық жағдайы нашарлағанда өзін банкрот жариялайды, дәл сол сияқты ипотекалық несиені өтеуге шамасы келмеген азаматтардың үйін тартып алмай, жеңілдіктер жасауын талап етті. 

Осыдан он жыл бұрын құрылыс қарқынды жүріп, жаппай тұрғын үйлер бой көтере бастағанда, тұрақты жұмысы мен еңбекақысы бар азаматтарға үй алудың жаңа жолы ашылды. Банктің ипотекалық несиесі талайлардың үй алып, баспаналы болуына жәрдемдесті. Тегін дүниедей үлестірілген ипотекалық несие жұртшылыққа баспана алып берсе де, біржола «ыстық ұясы» бола алған жоқ. 

Өтемі екі-үш еселенетін ипо­те­калық несиенің келісімшарты өте күрделі. Оны оқып ұғынудың өзі қиямет қайым, оның үстіне үй алуға асыққан отандастарымыздың қай қайсысы да шартқа келіспеске амалы жоқ. Бірақ жыл сайын өтемақысы мен пайызы қымбаттайтын қарыздан құтылу уақыт өте келе мүмкін болмай барады. Сарапшылар бұл терминді «қаржылық құрдым» деп те атайды. Осы қаржылық құрдымның шырмауына түскен отандастарға депутаттар демеу берудің жолын тапқан сияқты. Депутат Азат Перуашев жағдайы бар азаматтардың да қарыз төлеуге мұршасы болмай жатады дейді. 

Жеке тұлға ипотеканы төлей алмайды. Бірақ оның жұмыс орны бар, айлық еңбекақысы бар. Соған қарамастан банк оны отбасымен бірге шырылдатып далаға лақтырып тастайды, осылайша өз азаматтарымызды қолдан қаңғыбас жасайды. Сонда не үшін деймін? Жеке тұлғаны банкрот жариялауда ең төмен болса да кепілдік берілуі тиіс. Оған сәйкес жеке тұлға қарыз төлеуге мұршасы жетпей жатқанда қосымша көмек алар еді, – дейді. 

Сондай-ақ бұл жобаға сәй­кес банктер төлеушінің жағ­дайы қиындағанда оның қары­зы­ның уақыты мен пайызын қайта қарастыруы тиіс. Банкрот жариялаған жеке тұлғаларға әлеуметтік кепілдік болу да банкке жүктеледі. Мысалы, банктерге олардың жалғыз бас­панасын тартып алуға тыйым салынады немесе оларды бір бөлмелі жатақханамен қамтамасыз етуге міндеттейді. Әрине, жаңа заң қарыздан ада болуға жол бермейді. Дегенмен банкрот болған азаматтарға белгілі бір шектеу қойылады. Бұл жағдай алимент төлемеген ата-аналарға қатысты қолданылған болатын. Атап айтар болсақ, төлеуге шамасы келмейтін азаматтың шетелге шығуына рұқсат етілмейді және ай сайын сотқа өз табысы туралы баяндап тұруға мәжбүрлейді. 

Десе де бұл заңнаманың бү­гін-ертең қабылдана қоюы екі­талай. Біріншіден, банкирлер бұл ұғымды тым утопиялық жоба деседі. Екіншіден, қаржылық дағдарыстан енді оңалған қаржы инс­титуттарының жағдайын көте­руге мемлекеттің өзі мүдделі. Ал ипотекалық несие төлеп отырған жеке тұлғаның банкрот болуына әрбір банк рұқсат етсе, айлық табыстан қағылды деген сөз. Өйткені банктер дәп осы ұзақмерзімді несиелер арқылы тұрақтылығын сақтап келеді. 

Жеке тұлғаның банкроттығы ту­ралы заң жобасын күтушілер өте көп. Астана мен Алматы қа­ла­­сында қарызын төлей алмай отырған 4 мыңдай отбасы бар. Жуырда қарызын төлей алмаған бірнеше ана аштық жариялаған еді. 21 қазанда басталған аштық акциясының талабы ипотекалық төлемін азайту. Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Талдықорған қалаларының жапа шеккен азаматтары бар. 

Елімізде проблемалық несиемен айналысатын қор бар. «Проблемалы активтер қоры» бүгінге дейін не бітірді дейді қарызы бар азаматтар? 15 желтоқсанда Астанада осы мәселеге орай дөңгелек үстел өтті. «Халық баспанасын қорғайық» қорының төрағасы Гүлайша Мусильтаева: «Кезінде дағдарысқа ұшыраған банктерге мемлекет тарапынан көмек көрсетілді, оларды жабылудан сақтап қалды. Сол сияқты халыққа да осындай жәрдем жасаса. Мемлекет біздің қарыздарымызды сатып алсын. Сонда біз қарызды банкке емес, мемлекетке салықсыз, үстемесіз төлеп отырар едік», – деді. 

Дөңгелек үстел қатысушы­ла­рының айтуынша, проблемалы қарыздар бойынша бірнеше сот процесі өткен. Барлық сот процесінде қарызын төлей алмағандар 12 айға тоқтата тұруды сұрайды екен. Бірақ бұл банктер үшін іске аспайтын шаруа. Ал қарызы барлар бұл мерзімді 5 жылға қысқартқысы келеді. 

Ұлттық банк мәліметтеріне сүй­ен­сек, жыл басынан бері ипотекалық қа­рыз көлемі бойынша банктердің несие қоржынындағы қаржы – 832,6 млрд. теңгеден 871,6 млрд. теңгеге көбейген, өсім – 4,7 пайыз. Қазақстанда ипотекалық несие 10 пайыздан 20 пайызға дейін. Жуырда Asia Credit Bank ипотека 5 пайыздан басталады деген жарнама берді. Алайда бұл тартымды жарнаманың сыры басқада. Бірінші жартыжылдық қорытындысы бойынша БТА, Казком және Халық Банктерінде берілген ипотекалық қарыздар көлемі 344,4 миллиард теңгені құраған. 2012 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 24 миллиард теңгеге кем. Бұл дерек «қаржылық құрдым» құрсауынан жиренетіндер санының көбейгенін білдірсе керек. 

Ақниет ОСПАНБАЙ