Жаңалықтар

«МҰҢАЙМА» АПА

ашық дереккөзі

«МҰҢАЙМА» АПА

Бұл күнде бәрі де елес-сағынышқа айналғандай. Қазақ әуендерінің әлі ешқандай «бүлінбеген» тап-таза, мөлдір шықтай әуелеп тұрған кезі. Тыңдаған құлаққа жағымды әсем әуені, әуенімен біте қайнасып, бір ырғаққа түзелген өлең текстері… ал оны орындап тұрған сырлы да сымбатты орындаушысымен жарасымды бірігуі сахнаның сәніне айналған мезгіл. Шынында да, сол жылдардың әдемі әуендері «жүректен шыққан дүниенің жүрекке жетелейтінін», тіпті ақындардың бәрі тыңдаған пендеңіздің жүрек қылын шертіп тұрғандай, өз басыңыздан өткізген мөп-мөлдір таза махаббатты жырлайтындай сезілетін. Талабы биік комиссиялардың қатаң бақылауынан шығып, тыңдарманға жол тартатын әрбір ән-өлең жүректі тербеп, тіпті жадыңнан шықпай жатталып қалатын-ды. Ал, бүгін ше?! 

Бүгінгіні болашақтың сарапшыларына қалдырып, біз сол жылдарға деген көңілдегі сағынышымызды, тұшына тыңдайтын сазды әуендер мен орындаушылар жайлы ойымызды жалғастырсақ. 

Сонау елуінші жылдарда­ ән айт­қан­дардың немесе жастық шақтары сол жылдармен тұспа-тұс келетін тың­дармандардың әлі күнге дейін есінде болар, Әсет Бейсеуовтің «Мұңаймасымен» сахна сәніне айналған, ұйғырдың әдемі бір қызы жұртты елең еткізген. Сол әнді әлі ыңылдап айтатындар қазақ халқының ән өнеріне өзіндік ерекшелігімен келген Гулвира РАЗИЕВАНЫ ұмытпаған шығар. Ұмытпаған емес-ау, ұмытпайды да. 

– Жаным-ау, менің тегім ұйғыр болғанымен, жаным да, қаным да таза қазақ болып кеткен, – деген еді бірде ағынан жарылған әнші. Бүгінде жетпістің бел ортасына келіп қалған осынау әншімен жолығып, өнер жайлы, оның ішінде қазақ ән өнері жайлы әңгімеге тартқан едік. 

– Гулвира апай, біздің бала кезіміз сіздің сахна сәніне айналған, өзіңіздің шығармашылық жылдарыңыздың толысқан шағымен тұспа-тұс келеді. Салған әндеріңіз, сахнадағы жүріс-тұрысыңыз кербез, керім болатын… Ұйғыр қызының қазақ өнеріне махаббаты қалай оянып жүр, әңгімені осылай бастасақ…

– Оның рас, қаным тартып тұрады. Өйткені анам Семейдің қазағынан туған қазақ қызы еді. Сондықтан да болар, бізге қазақ өнерінің жаттығы жоқ. Отбасымызбен қазақтың тілін, салт-дәстүрін ұстанып өстік. Ұйғыр тілі мен қазақ тілі отбасында қатар қолданылатын. Оның үстіне, біздің бала кезіміз кеңестік империямен тұспа-тұс келді де, орыс тілінің дүркіреп тұрған кезі болды. «Орыс боламын десең бірінші қазақ болып ал» деген ащы да болса, қалжың да болса, астарында терең мән-мағына жатқан сөз бар. Қалада ешкім қазақ тілінде сөйлемейді. Жалғыз ғана қазақ мектебі бар, оған қолы жеткендер ғана балаларын оқытады. Осы Алматы қаласында тудым, осы қаладағы №4 орта мектепте оқып жүргенімде оқушылардан құралған көркемөнерпаздар үйірмесінің белсенді мүшесі болдым. Мектепаралық өнер жарыстарында бас бәйге, бірінші орындарды бермеймін.

1959 жылы болар, Компартияның V сьезінде Абай атындағы опера және балет театрының сахнасында 6-сынып оқып жүргенімде ән салдым. Алғаш үлкен сахнаға шығуым, қатты толқыдым. Ол кезде пионерлер жайлы патриоттық әндер ғой айтатынымыз. Мектепті жақсы бітіргеннен кейін, мектеп директоры: «Сен тек қана консерваторияға түсесің, әнші болуың керек», – деді. Ішімнен ойлап қоямын, «әнші болу үшін оқып не керек» деймін ғой баяғы. Математик болғым келеді, ғылыммен айналысқым келеді, әнді онсыз да жақсы айтамын деймін қарсыласып. Бірақ бойдағы талант, өнерге деген махаббат жеңді, консерваторияға түстім. Қабылдау комиссиясын атақты Ахмет Жұбанов басқарды, маған «өте талантты әрі қайсар қыз екенсің» деген баға берді. Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейітметов, Фарида Шәріпова теарт факультетіне, ал біз – Бақыт Әшімова, Майра Айманова, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Мыңжасар Маңғытаев музыка факультетіне бірге түстік те, кейін біреулері вокалға, композицияға ауысып жатты. Ең бірінші көрген тірі өнер иесі Құдыс Қожамияров болды. Алғаш аудиториядағы лекциялардың бірінде (аты-жөнін ұмытып тұрмын) бір профессор апай: «Өнер қыз балалардың қолы емес, ертең тұрмысқа шығады, балалы-шағалы болған соң, қайдағы сахна, қайдағы гастроль» дегенді айтты. Мұндай сөздер көңілді құлазытса да, алған беттен қайтпайтынымды сездім. Екі жыл дайындық курсы, арнайы білім бес жыл, сонымен жеті жылға шыдамай талайлар тастап та кетті. Әлгіндей сөздер әсер етті ме, жоқ, қазақ өнерінің талай майталмандарының ізі қалған өнер ошағы қызықтырды ма, мен оқып қалдым. Оның үстіне оқығаным орыс мектебі, айналаң түгел орысша, қазақша ән айтуға, қазақ тіліне тіл бұрудың өзі қиын болды. Әрбір әнді бұзбай, сөздерін анық қазақша айтуыңды талап етеді. Көп қиналдым. Сонда да, сахнаға деген құштарлық, әнге деген махаббат жеңді, алдыңа мақсат қойған екенсің, жетуге тырысу керек екенін ұқтым. Әсіресе, қазақ тілінде жатық сөйлеуге, әнді таза орындауға сол жылдары қазақ радиосында музыкалық редактор болып істейтін Мариям Сейсекенова (қыз кезіндегі фамилиясы Бұржымбаева) деген құрбымның еңбегі зор. Күйеуі Марат Сейсекенов та кісілігі мол азамат болды. Отбасымызбен әлі күнге байланыс үзілген жоқ. Екеуміз арамыздан қыл өтпейтін сырлас болдық. Таспаға жазылған әрбір әніме Мариямның көмегі, жанашырлығы себеп. Менің әнді айтқым келіп тұрғанын, бірақ тілі құрғыр шүлдірлеп, икемге келмей тұрғанын түсініп, жаны қалмаушы еді. 

Сол жылдардан бастап Шәмшінің, Әсеттің әндері қызықтыра бастады. Дауылпаз күйші Нұрғиса Тілендиев сабақ берді. Ол кісінің әндерін үйрендім. Осылай жүргенде Қазақ радиосы жанынан алғаш рет эстрада-симфониялық оркестр құрылды да, Латиф Хамиди мені сонда қызметке тартты. «Жайлауым, бақша жайнаған» деген әнмен алғаш эфирге шықтым. Шәмшінің «Ғашық күнде», «Сағынышым» сияқты әндерімен репертуарым толығып жатты. Ал, ол жылдар үштік одақ деген бар, радионың жанынан құрылған көркемдік совет деген бар, солардың талқылауынан кейін ғана ән айтуға рұқсат болады. Әрбір орындалатын әннің сөзін, дау­сын, үнін, тіпті әуенін дұрыстап айта білу керек. Тамыр-таныс деген жоқ. Бүгінгідей жұлдыздың бәрі жыпырлап жерге түсіп кеткен заман емес. «Әке-көке» дейтіндер сырғып сахнадан шығып қала береді. Әнді орындау ғана емес, сахнадағы жүріс-тұрыс, тіпті киім үлгісіне дейін қатаң тәртіпке бағынуы қажет. 

Сөйтіп, қазақтың эстрадалық-симфониялық оркестрі қандай болу керек, қазақ эстрадасы қалай болу керек деген үрдістен шығу үшін күндіз-түні дауыспен айналысып, дауысты қою, әрбір ән тексін дұрыс айта білу керек деген сияқты міндеттермен айналысып кеттік. Әрбір ән социалистік үлгіден, оның ішінде қазақтың ұлттық нышандарынан да алыстамайтын болуға тиіс. Қазақтың дәстүрлі әндері орындалатын ұлттық оркестрлер баршылық, бұл симфониялық болғандықтан өзгеше болуға керек. Консерваторияда көбіне классикалық шығармалар болғандықтан, жылдан жылға дауысты реттеп, эстрадаға қарай бұрылу да айтуға оңай болғанымен, талай еңбекті қажет ететін тірлік. Егер үй салу керек болса, алдымен оның фундаменті мықты болуы шарт. Симфониялық оркестр де солай, онымен орындалатын әндер өте жұмсақ, анық-таза, ашық дауыспен бірге ұлттық әуезді болуын қадағалау, сол үрдістен шығу оңай емес. 

Осылай қазақ радиосы жанынан құрылған эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «Мұңайма» шықты. Халық, тыңдарман керемет қабылдады. Сұранысқа ие болғаны сонша, эфирден күніне бірнеше қайтара беріліп жатты. Еліміздің түкпір-түкпірінен хаттар ағылды. Қазақ радиосының музыкалық бағдарламалары үлкен сұранысқа ие болып, жұлдызы жана бастады десем, артық айтқандық емес. Ал, 1964 жылы осы оркестрмен Мәскеуде Советтер Одағының Конституция күніне байланысты қаланың бірнеше жерінде өнер көрсеттік. Суат Әбусейітов, Рашид Мұсабаев, Бибігүл Төлегенова, Сәуле Құрманғалиева бастап Мәскеуде тікелей эфирден концерт берілді. Қазақ радио-теледидарының төрағасы К.Шалабаев қабылдап құттықтап, риза болды. Бұл Қазақстан мәдениеті мен өнеріндегі аса ірі оқиғалардың бірінен саналатынын айтып, бәрімізге алғыс білдірді. Бүкіл Кеңестер одағының құрамына енетін республикалар көріп, тамашалады. Халық арасында танымал бола бастадым, Гулвиралар көптеп өмірге келіп жатты. Консерваториядан соң тұрақты қызметке осында қалдым. Арасында Ұйғыр театры спектакльдер ұсынып, шақырып тұрды. Өзім туған халықтың көңілін қалдырмай, бірен-саран пьесада ойнап шыққаныммен, көңіл ылғи әнге тартып тұрады. «Ғарипсанам», «Анархан» атты шығармаларды сахналағанда қатыстым. Аты-жөнімді сыйлады ма, жоқ, шын мәнінде жақсы актриса болдым ба, әйтеуір халық риза болысып жатты. Күні ұзақ сахнада, спектакль сөздерін жаттау, үнемі сөйлеп жүру дауысқа әжептәуір салмақ салады екен. Содан даусымды жоғалтып алмау үшін театр­мен қоштасуға тура келді. 

1991 жылы одақ тараған кезде, осындай еңбекпен келген қазақ радиосы жанындағы эстрада-симфониялық оркестрі де бірге жойылды… Біз де зейнеткерлікке шығып кеттік. Бүгінде мұрағатта болмаса, мұндай өнер ұжымы болғанын ешкім біліп те жатқан жоқ. Жүрек сыздап қояды. Ауырады. Оркестр ұмытылғаннан кейін біз де ұмытылдық. Ешкім іздемейді.

– Гулвира апай, әнге, өнерге құштарлық ата-анаңыздан дарыды ма, ол кісілер қандай мамандық иесі болды?

– Анам Ленинградта оқып жүргенде, 1934 жылы шыққан «Гулливер в стране лилипутов» деген фильмді көріп, қатты ұнатыпты. Өзінің аты Гүлвазир еді, мен туғанда осы фильмдегі әннің құрметіне мені Гулливер атапты. Өсе келе балалар қылжақтай берген соң Гулвира болып кеттім. 

Қазақ халқының сөйлеу мәнері, үні бәрі-бәрі ән салып тұрғандай. Туа бітті талантты халық. Өте бай мәдени мұрасы бар. Анау аңыз, ауыз әдебиетіндегі хиссаларды былай қойғанда, дәстүрлі ән жанры, одан бері эстрадалық шығармалары керемет. Жалпы, менің пайымдауымша, қазақ халқының даусы итальяндықтарға ұқсай ма деп топшылаймын. Өйткені, олар туғаннан, музыка тілімен айтқанда, постановка голосы өзгеріске ұшырамайды. Сондықтан ән салу оңай. Қазақтарға да сол сияқты, дауыс ырғағын өзгертудің, музыка жағына бұрудың, өзгеріс жасаудың қажеті жоқ. Операда болсын, эстрадада, дәстүрлі әндерде де болсын, ешқандай техниканың көмегінсіз-ақ анық. Таза, ашық. Қазақтың ұлттық нақыштарына бай дәстүрлі әндері Ғарекеңдерден, Ғарифолла Құрманғалиевтардан бастау алған ғой. Оқымай-ақ, тоқымай-ақ ананың ақ сүтімен, табиғаттың кеңшілігімен дарыған өнер әманда ғұмырлы болмақ.

Ал, ұйғыр халқы ырғақ жағынан бай, яғни би жақсы дамыған деуге болады. Кез келген жиын-тойлары ұйғырдың мың бұралған мәнерлі билерімен сәнді. Көзімізді тырнап ашқаннан көргеніміз ән мен би, үй ішіндегі отбасылық мерекелерде, тіпті сыйлы қонақтар алдында билетіп, ән салдырған халықтың ұрпағымыз ғой. Дәл қазақ халқының ән өнеріндей ұйғыр халқында бай ән жоқ, музыка өнері аса бай емес.

Әкем жағынан да, анам жағынан да көздері ашық, көкірегі ояу сауатты ұрпақ болған. Әкемнің әкесі, атамыз қажылыққа барған кісі. Қазіргідей ұшақпен емес, еңбектеніп, терлеп-тепшіп, жол азабын тартып жаяу барғандар қатарында аталады. Ел аузында әлі күнге дейін Ғазы қажы деген абыройлы атағы қалған. Анамның әкесі Жетпісбай Ғалиев – семейлік азамат, қызмет бабымен, судья болып Шелек ауданына келіп қоныстанып, сол жерде ұйғыр қызына үйленеді. 

Қазіргі Жангелдин көшесіндегі әйелдер босанатын аурухана ғимаратында №17 мектеп болды да, менің әкем Тұрсын Разиев директор болған. Кейін әкем соғысқа кетеді де, ал мектеп үйі әскери госпиталь болады, анам сонда мейірбике болып істейді. Төрт баламен қалған анам соғыстан аман-есен оралуын тілеп, бізді бағып-қағып жүргенде соғыстан әкем оралады. Одан кейін туылған бауырымның өзі алпыстан асып барады.

– Апай, сөз басында айтқаныңыздай, сахна саңлақтарының ізімен жүріп, көзін көрдіңіз. Кімдерді жаныңызға жақын тұттыңыз?

– Консерватория дәлізінде сылаң қағып Күләш кетіп бара жататын. Сұлу келбетіне талдырмаш бойы, екі бөксені сызып жатқан арқасындағы қос бұрымы жарасады… Қызығамыз, біраз жерге дейін көзбен шығарып салып қала береміз. Қазақ опера өнерінде Шабал Бейсекова деген әнші болды, керемет дауыс! Өзі де, әні де сахнаның сәні болған. Жұлдыз Баймолдина деген әнші болды, ол да ұмыт қалды. Өнерде жарық жұлдыздай болып жарқырап, бірақ белгісіз себептермен тез-ақ сөнген мұндай дара дарындылар көп болған.

 Ал Нұрғиса Тілендиев, Латиф Хамидимен талай өнер сапарларында бірге жүрдік. Ол кезде Композиторлар одағы мен Жазушылар одағының шығармашылық байланысы мықты болды, тіпті кейде гастрольдерге өкілдері қоса жүретін-ді. Бірде Оспанхан Әубәкіров пен Әсет Бейсеуов үшеуміз сапарлас болып қалдық. «Мұңайма» сол жолы жазылды. 

Латиф Хамиди қалжыңбас, әзілқой кісі еді. Бірде концерт үстінде, менімен қалжыңдасып отырып, халықтың алдында мынадай бір әңгіме айтып салды. Екі жігіт келе жатып, бұзақыларға жолығады. Біраздан соң біреуі теректің басына шығып кетеді де, төмендегі жолдасына «қорықма, мән ба» депті дейді. Сөйтсе, әлгі терек басындағы ұйғыр екен. Бірақ әзілді орнымен, тауып айтып отыратын. Тағы бірде, әскерлердің алдында концерт болып жатқанда Латиф:

– Әй, балалар, менің жасымдағы адамға 5 П керек екен, бірінші П – «пенсия», «почет», сосын «пурген», үшінші – «простокваша», бесіншісі– деп залды күлкіге көміп тастайды. 

Тілендиевтің «Таң нұры», «Бойжеткен», «Вокзалда» атты әндерін орындаймын. Ал «Отан» деген әні тек менің орындауымда ғана қалды, тіпті бүгінгілер білмейді де. Ұмытылып барады. «Алтын қордағы» әндердің біразы көшіп-қонып жүргенде жоғалып та қалған сияқты. Тіпті сапасы да төмен. Мен өзім 500-ге тарта ән орындадым, оның қаншасы бар, қаншасы жоғалды, кім есеп беріп жатыр. Нұрғиса «Мен екі-ақ әншіні жақсы көремін, Бибігүл мен Гулвира» деп отыратын. Мінезі өте қиқар, бірбеткей, айтқанынан қайтпайтын қайсар азамат еді. Қаншама жылдар шығармашылық байланыста болып, теріс мінезін көрген емеспін. Өмірде сыйласып қана өттік. Ал, Шәмшімен отбасымызбен тығыз араластық. Көрші тұрдық. Балаларымыз бір мектепте, музыка мектебінде бірге оқыды. Жамиласы балалар үшін сол мектепте жұмыс істеді. Екі үйдің балалары соның мойнында, апарады, алып қайтады. Таңғы ас, кешкі асты екі үйден кезек іше салып, бір-бірімізге барып-келіп, жақсы араластық.     

Қазақ музыка өнерінде Шәмшінің орны бөлек. Әндері қандай ырғақты, еріксіз тербеліп, еріксіз билейсің. Жан-дүниең жасарып, жаңарып сала береді. Ерекше жаратылған, дарынды сазгер еді. Өте қарапайым, артық сөзі жоқ, артық мінезі жоқ, бірқалыпты ғұмыр кешті. Артында мол байлық қалды! Бізден, сізден кейінгі ұрпақтар да әлі талай рет Шәмші әнін салады, шырқайды. Өз басым өлмейтін, ғұмырлы дүниелер тастап кеткеніне сенімдімін. Кейде іштей ойлап, уайымға батып қаламын, басқа ірілі-ұсақты концерттер былай тұрсын, осы неге Шәмшінің концерттеріне шақырмайды екен? Құдайға шүкір, әлі де халықтың алдына шығуға кескін-келбет те, дауыс та бар. Халық та, біз де риза болар едік қой. Бірақ, осындай бір әнші бар еді, тіпті ән айтпасақ та қонақ етіп сыйлай салуға бүгінгі жастардың ой-өресі жетпей ме, кім білсін?! 

Менің тұстастарымның көзі бар кезде көрсетілмеген сый-құрметті, енді қашан көреміз? Осы ұзақ та саналы ғұмырымда өнерді саудалауға, өнер атаулыны бизнес көзіне айналдыруға болмайтынына көзім жетті. Таза өнер бәсекелестікке жарауы мүмкін, ал саудаға салу дегеніңіз кешірілмейтін күнә дер едім. Со-нау атам заманнан ұрпақтан ұрпаққа өзгермей, үзілмей жеткен сөз өнері мен ән өнерінің сондықтан да ғұмыры жалғасып келеді. Бір әнмен немесе бір бейнеклиппен жұлдыз болуға болмайды. Бүгінгі жастардың кейбірі бойынан өнер ешқандай жоғары оқуды қажетсінбейді, бес жыл оқығанша даусың болса, талантың болса ән сала беруге болады деп ойлайды. Бала кезімізде біз де солай ойлағанбыз. Жоқ, тума талант болса бірсәрі, ал мен айтар едім, бүгінгі жас толқынға міндетті түрде музыкалық білім болу керек. Әрине, бүгінгідей музыкалық технологияның аса жетілген заманында кез келген дауысты реттеуге, бейімдеуге болатын шығар, дегенмен, музыка тарихын, өнер мен мәдениетіміздің тарихын білмей, сахнаның қадірін қашырмау қажет. 

– Дәстүрлі ән тарихының бастауы, өзіңіз айтқан Құрманғалиевтардың да қолында дипломы болмағанын айтып қалып жатады.. 

– О, егер бүгінгілер өздерін олармен салыс­тырса, онда тіпті шарықтап кеткен екен де… Олардың ән салу мәдениеті, сахнадағы жүріс-тұрысы, тіпті домбыра ұстауына дейін үлгі-өнеге дер едім. Өзіңдегі қабілетіңді солардан көрген, білген қасиеттерімен үйлестіре білсең ғана ән құдіретін сезінесің. Қазіргі жас толқын түгілі, өзімізді әлі күнге дейін солардай бола алдық па, жоқ па деген ой мазалайды.

– Сөз басында ұйғыр халқының би өнеріне ерекше тоқталдыңыз. Ал, қазақ халқында би өнері болмаған ба? 

– Ән салу, әннің сөзін жазу, оны нақышына келтіре орындау, ол қазақ халқын ғасырдан ғасырға жетелеп келе жатқан жақсы үрдіс. Мәдениеті мен әдебиеті қатар дамыған қазақтың. Әсіресе ән өнерінде жыраулық, суырып салма ақындық, қоңыр домбыраның иінін қандыратын күйшілік жайлы әңгіме таңды таңға ұрып айтуға болатын мәселе. Сол терінің пұшпағын мен де пәленбай жылдан бері илеп, өзімді қазақ ән өнерінің насихатшысы, жеткізушісі деп айтуыма әбден болады. Ал, ритмдік қозғалыс, би мәнері дәл ән өнеріндей дамып кете алмағанын тарихтан да білуге болады. Қазақи мәнерге құрылған, әрбір қозғалысынан қазақ халқының ғана ритмі сезіліп тұратын таза биді айтыңызшы? Аты аңызға айналған Шара апамыздың бойында қазақилыққа тән, мың бұралған бишілік өнер болғанымен, орындайтын шығармаларын байқасаңыз, аралас, яғни жалпы шығыстық әуендерге тән қозғалысты көрер едіңіз. Ол кісінің дарындылығында, талантында, қабілетінде қылаудай кемшілік жоқ. Қазіргі түрлі ағылшын, басқа ұлттардың рок музыкаларына еліктегеніміздей, ол заманда шығыс халықтарының шығармаларына еліктеу, соларды қайталау болған сияқты. Бұл,әрине, менің жеке пікірім. Мәселен, қазір «Қара жорғасыз» той-томалақ өтпейтін болды ғой. Байқаңызшы, осы бидің өзінде қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерінен хабардар ететін, көз алдыңызға қазақи үрдісті елестететіндей халықтық ритм бар ма, мен айтар едім, мұндағының көбі қазақилықтың, қазақтың ұлттық биінің элементтері ғана. Шындығы солай, мүмкін біреулерге бұл пікір ұнамайтын да шығар. Жаңа айттым ғой, бұл менің ғана қазақ биі туралы пайымдауым. Ал ұйғыр халқының шығармаларында да шығыстық мәнер басым, дегенмен, бұл ұлттың болмыс-бітімі, қозғалысы, жүріс-тұрысы осы әннен гөрі би өнеріне бейімдеу екенін жасыруға болмас. 

– Саналы ғұмырыңызды сахнаға арнап келе жатырсыз. Осы жылдарда есіңізде ерекше қалған өнер сапары болды ма?

– Әрине, талай ұмытылмайтын ән кештері болды ғой. Дегенмен, мәдениет министрлігі 12 капиталистік мемлекетке өнер сапарымен баратын әнші, оның ішінде басқа тілдерде де ән салатын адам іздегенде Еркінбеков мені таңдапты. «Қызым үш жас­та, үш ай бойы қалай жүремін, бармаймын», – дедім. Болмады. Үй ішімен ақылдаса келіп, «мұндай мүмкіндік бола бермейді, барып кел» деп жолдасым да рұқсат берген соң, келістім. Оның үстіне, әке-шешем бізбен бірге тұратын, олар да қуана келісті. Одессада «Қазақстан» деп аталатын теплоходтың ашылу салтанатына баруымыз керек екен. Сол сапар керемет болды. Үш ай Жерорта теңізінде теплоходпен жүріп, теңіз жағалауындағы елдерге, әрбір портқа концерт бердік. Бір қиыны әр елде, Грекияда концерт соңында сол елдің әнін, Италияда италян, Түркияда түрік тілінде айту шарт. Осы жолы «Қазақстан» теплоходының «Қазақстан аруы» деген атпен оралдым. 

– Апай, әңгіме тізгінін отбасыңызға бұрсақ…

– Жолдасым мамандығы бойынша инженер-металлург. Көрші тұрдық, сөйтіп жүріп ұнатып қалыпты. Содан бері, алпысыншы жылдан бастап бірге ғұмыр кешіп келе жатырмыз. Бір ұл, бір қыздан бүгінде өсіп-өніп отырған жайымыз бар. Екеуі де өнер жолында, ұлымыз Еуропада танымал музыкант, Сингапурда, одан кейін Жапония­да қызметте болды да, қазір Германияда тұрады. Қызымыз да музыкант. 

– Шыныңызды айтыңызшы, екі халықтың төл қызына айналған Гулвира Разиеваның болмысы қай халыққа жақын?

– Алғашында түсініспеушіліктер болды, арагідік «ой, таза қазақ өнеріне кетті ғой» десе, қазақтардың ішінен де, тіпті әншілердің арасынан да «қазақта сенсіз де әнші жетеді, неге өз халқыңның әндерін орындамасқа» дейтіндер де кездесті ғой. Бірақ, жүрекке ешкімнің әмірі жүрмейді екен. Өнерге қалай ғашық болсам, қазақ өнеріне шын құладым. Ал, халық артисі атағы берілгеннен кейін ұйғырлар «ой, бұл таза қазақ болып кетті, анасына тартпай қоймайды екен» деген соң, бір кездері репертуарыма ұйғыр әндерін енгіздім. Содан кейін «ие, халық артисін алып алды, енді өз тілінде ән айта бастады» деген де сыпсың сөздер құлаққа жетіп жатты. 

Шынымды айтсам, ақиқатын айтсам, ұйғырдан гөрі қазақтардың реніші жаныма батты. Өйткені мен қазақ әндерімен ғана танылдым, қазақ әндерін ғана жаныммен жақсы көрдім. Қазақ радиосының елу жылдығында менің шығармашылығыма 30 жыл толды да, 1982 жылы Халық артисі құрметті атағын берді. Кім қалай десе де, қазақ өнеріне жаным ашиды, ғұмырлы болса екен, осы уақытқа дейінгі тазалығын сақтап қалса екен деп тілеймін. Жыл сайын өтіп жататын түрлі өнер бәйгелеріне алаңдап отырамын. Ұлттық нақыш, ұлттық салт-дәстүр, үрдіс іздеймін. Таза қаны тамып тұрған қазақ әні саудаға айналмай, халықтың мол мұрасы өзіне сол таза күйінде қызмет етсе екен деп тілеймін. Байқау демекші, «Алматы махаббатым менің» атты өнер фестивалін көріп отырып қарным ашады. Алматы туралы рет­ро әндер орындалуы қажет, ал тыңдап көріңізші! Қазақстан ретросы, Алматы ретро әндері қайда, оны орындайтындар кімдер?.. Көңілім құлазиды. Мынау әсем қаламызға арналған әндер көңілге қонбайды, байқаудың атына заты сай емес.

Қазақ халқының «Мұңаймасын» мұңайта, «Сағынышын» сызылта, «Алатауын» асқақтата салатын, бүгінде жетпістен асып бара жатса да сымбаты мен сәні келіскен, әдемі жүзінен мейірімділік есіп тұратын Гулвира апайдың қазақ өнері жайлы айтары таусылмақ емес.

 Әңгімелескен 

Таңсұлу АЛДАБЕРГЕНҚЫЗЫ