Оймақтай ой: Бізде ғана бар бассыздық

Оймақтай ой: Бізде ғана бар бассыздық

Оймақтай ой: Бізде ғана бар бассыздық
ашық дереккөзі

Рафхат ЖҰМАБАЙ

– Көлікте ішіп алып, адамдарды қағып
өлтіретін шенеуніктердің балаларына сот жоқ;

 – Қазақ бола тұра, ана тілін білмейтіндер бар;

– Басшылардың лауазымы ауысады да,
өздері ауыспайды; 

– Әкімдердің үйі жоқ, жалға алып тұрады;

– Мемлекет бюджетінен бөлінген қаржы
жететін жеріне жетпей қалады;

– Оппозицияның аты бар да, заты жоқ;

 – 100 мың теңге жалақы алатын салық
инспекциясының қызметкері TOYOTA LAND CRUISER PRADO жүргізеді.

–”Қол жетімді баспана”
бағдарламасымен 20 жыл кезекте тұрып үй алуға болады;

 – Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай “жаңа
КУПЮРА шығарамыз” деп 2 миллиард қаржы жұмсайды да, артынша ол шықпай
қалады;

 – 20 мың теңге алса, ол – ПАРА, 20 миллион
алса, ол – БИЗНЕС;

 – Табақтай екі қызыл дипломы бар жұмыссыз
жастар.

 – Аллаға емес Аяз атаға, Қағбаны емес шыршаны
айналуды жөн көретін кіші және орта буын өкілдері.

– Болған төтенше жағдайлардан 100ден
астам адам өлсе де оны 10-20ның көлемінен асырмай көрсететін бұқаралық ақпарат
құралдары.

– Халқына уәдесін үйіп-төгіп, артынша
ол жаққа ат ізін салмай кететін халық қалаулылары.

– Үлкен қаланың орталығына 30 миллион
теңгенің шыршасын құрастырады.

– Ай сайын 360мың айлық алып келген
басшы. (Қазақтелеком)

– 1-ақ сарбаздың өзі бір заставаны
оп-оңай қырып тастайды (Арқанкергенді айтып отырмын).

 – Атағында қос-қос коттедж, лексус автокөлігі
мен жеке жер меншігі бар әжелеріміз бар..(салықтан жалтару үшін шықбермес
шығайбайларың осындай да қитұрқы әрекеттерге барады екен).

– Мұнайы американдықтар мен
қытайлықтардың, Байқоңыры орыстардың, мысы кәрістің, металы үнді мен еврейдің
қолдарында.

– Өзінің басынан өзі үш рет атып
өлтіре алатын саясаткер (З.Нұрқаділов)

– Ұшақтағы қызметкерлерден қазақ тілін
талап еткені үшін “бұзақы” атанып, абақтыға қамалады (Жұлдыздар
отбасы журналының бас редакторы)

 – Халықтың қазынасын оңды-солды жеп, қалтасын
қампитқасын шетелге көшіп кете береді..(Алиев, Әблязов, Рысқалиев, Храпунов,
санай берсек саусағымыз да жетпес)

 – Орамал таққан қаракөз қарындастарымыз оқудан
бір-ақ сәтте шығарылса, НARLEM SHAKE-ті билеп жын ұрған студенттерге министрдің
өзі кешірім береді.

– Жетімдері шетел асып, көкек
аналардың сәбилері қоқыс жәшігінен табылып, көк қағаз үшін жанын да тәнін де
саудалайтын ұятсыздар мен ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын бетсіздер өмір
сүруде.

– Үкіметке кеңесімен көмектескені үшін
оған жыл сайын 16 миллион стерлинг береміз (Ұлыбританияның бұрынғы
премьер-министрі – Тони Блэр мырзаны айтамын )

– Тас-төбемізден гептил тиеген протон
құлап жатса да еш қауіп жоқ деп ауызды қу шөппен сүртеді.

– 11 жылдық білімдерін 3-ақ сағатта
тексереді, ауқатты отбасылардың балалары 125-ті емін-еркін жинаса, күні-түні
кітаптан бас алмай оқыған өзге оқушылардың болашағына балта шабылады.

– Мұнай өзімізден шықса да бензин
бағасы шарықтап тұр.

Айта берсек бұл қара тізімнің шетіне
жетуіміздің өзі неғайбыл..

“Қазақстан” мен
“Хабар” арнасын қарап отырсақ дүниежүзінде бізден асқан бақытты,
бізден асқан бай, бізден асқан тату ел жоқ. Ал шымылдықтың сыртында ше.. Мен азат елдің
еркін ұлымын. Өз ойымды, пікірімді айтуыма толық құқым бар, оған бола тілімді
жұлып алмас, “бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ” деген. Болып
жатқан келеңсіз құбылыстарға бей-жай қарап отыру азаматтығыма сын болса
керек-ті.. “Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам” деген
кешегі Сұлтанмахмұттың бүгінгі ұрпағының бірімін. Қайрат Рысқұлбековтердің ізі
мен Шоқандардың намысымын.. Баукең айтқандай өтіріктің балын
жалағанымша, шындықтың уын ішіп өлгенім мың есе артық. Алла тағала ауызымыз бен
тілімізді тамақ шайнау үшін ғана жаратпаған шығар. .