Адам баласы Марста өмір сүреді
Адам баласы Марста өмір сүреді
Адам баласы Қызыл ғаламшарға аяқ басады. 2024 жылы жер бетінен 4 адам Марста өмір сүруге аттанады. «Марсты отарлау» операциясының қатысушылары Жермен бір-ақ қош айтысып, қалған өмірін Марста өткізбекші.
Бұл қандай жанкештілер дейсіз ғой? Әлемдегі мемлекеттерден өтініш бергендердің ұзын саны 200 мыңнан асып жығылады.Үміткерлер өтініш беруге 1 доллардан өткізген. Нәтижесінде ұйымдастырушылардың қолына алғашқы 200 мың доллар жиналды. Бүгінде «Mars One» голландық компаниясына түскен өтініштерден 1058 адам іріктеліп алынды. Оның ішінен 4 адам ғана қалған өмірін Марс ғаламшарында өткізеді.
Марсқа адам баласын аттандыру операциясы 10 жылға ерте басталып отыр. Іріктеуден өткен адамдар роботтар тұрғызған ғимараттарға жайғасады. Үміткерлердің көпшілігі – американдықтар болса, екінші орында – ресейліктер. Олардың жасы 18-ден жоғары болуы шарт, сондай-ақ жылдам бейімделетін және шығармашылық адам болуы тиіс. Олардың ағылшын тілінде сөйлесуі де міндетті, себебі әлемдік тіл ретінде ағылшынды таңдаған. Ең басты шарты – Марстағы алғашқы адам ретінде психикалық және физикалық тұрғыдан күшті болуы керек.
Адам сенгісіз жаңалықтың жүзеге асуы екіталай. Десе де ұйымдастырушылар бұл жобаға бар-жоғы 10 жыл және қыруар қаражат қажет деп отыр. Жобаны қаржыландыру қайырымдылық қоры арқылы жүргізілуде, алайда қаражат бәрібір жеткіліксіз.
Жалпы бұл идея көпшілікке сенімсіз көрінеді. Алайда Жюль Верннің қиялынан туған дүниелер бүгінде техника атанып, адам өмірінің ажырамас бөлшегіне айналған. 1957 жылы Корольдік астрономиялық қоғамның мүшесі сэр Гарольд Спенсер Джонс: «Менің ойымша, адам баласы Айға аяқ басқанша бірнеше ұрпақ дүниеге келеді. Егер Айға адам қонса да оның қайтып келуіне кепілдік жоқ» деген екен. Алайда бірнеше буынды көрмей-ақ көп ұзамай адам баласының Айға қонғаны белгілі. Сондықтан Марста өмір сүруге бей-жай қарауға болмас.
2050 жылға болжам жасаған ғалымдардың көпшілігі өмірдің түбегейлі өзгеретінін айтуда. Мысалы 50 жылдан кейін кемтар адамдар құлан-таза айығады, дене мүшелерін өз таңдауына қарай сатып алады, жануарлар тілін түсіндіретін аппарат болады. Ал ең қызығы арамыздан өзге ғаламшардың тұрғындары табылуы мүмкін. The Times газетінің болжамы бойынша, бүгінде жер бетіндегі тіршілік иелерінің қайсысы жерден, қайсысы басқа ғаламшардан екенін ешкім ажырата алмайды. Олай болса біз әлемнің барлық ғаламшарларының жаратылыстарымен бірге өмір сүріп жүргеніміз ғажап емес дейді ағылшын ғалымдары.