Жаңалықтар

Бюджет қаржысына аспаз бен күзетші жалдапты...

ашық дереккөзі

Бюджет қаржысына аспаз бен күзетші жалдапты...

Адамда ынсап болмаса қиын. Қанағатсыздық күшейген сайын пенденің көзін шел басып, жан-жағын көрмей қалады. Сондай ынсапсыздардың бірі – Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Марат Смаилов. Бұл кісі не бүлдіріп қойды деңіз. Бүлдіргені сол, бюджеттен 668 мың теңгені жырып, ол ақшаға үйіне аспаз бен күзетші жалдапты…

Әлбетте, қазір ештеңеге таңғалмайтын болдық. Әсіресе, кейбір ірілі-ұсақты шенеуніктің бассыздығына, әлімжеттігі мен озбырлығына 22 жылдың ішінде көз де, құлақ та үйреніп кетті, өкінішке қарай. Олардың кейбірі заңды жазасын алмайтыны да бар кейде. Оған да қыңқ демейді Қазақ қоғамы. Шыққан шығын – бюджеттен, яғни, азаматтардың қалтасынан.

Халықтың қазынасына қол салған экс-әкімнің былығына қатысты таратылған ресми мәлімдемеде: «2013 жылдың 10 желтоқсанында Тұрар Рысқұлов аудандық әкімдігінде болған құқық бұзушылық фактілері Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Тәртіптік кеңесінің отырысында қаралды» делінген. Тіпті, «М.Смаиловтың құқық бұзушылық фактілеріне жол бергендігі туралы ақпарат дәлелденді. Аудандық әкімдік аппаратында бірнеше ай бойы 4 адам жұмысқа алынып, аудан әкімінің қызметтік үйінде жұмыс істеген. Осының салдарынан бюджетке 668 мың теңге зиян келтірілген, барлық шығындар қазіргі уақытта өтелген» деп ашық айтылған тұсы тағы бар.

Әп дегенде әкімге әкімдіктегілер «кешіріммен», «түсіністікпен» қарапты. Сол себепті, қатаң сөгіс берумен шектелген: «Тәртіптік кеңестің төрағасы Болат Исақов және облыстық экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес департаментінің бастығы Мақсұт Нәлібаев Тұрар Рысқұлов ауданының әкімі Марат Смаиловты жұмыстан босатуға дауыс берсе, Тәртіптік кеңестің басқа мүшелері аудан әкіміне тек қатаң сөгіс беру керек деп шешкен, осы шешім көп дауыспен бекітілді». Есесіне, әкімнің бұйрығын бұлжытпай орындап, аспаз бен күзетшілерді Смаиловтың үйіне қарай бағыттап жіберген» ауданы әкімінің аппарат басшысы Қанат Өзбеков қызметінен қуылған. Осы оқиғаға қатысты тағы бір жаңалықтың шетін шығарған бейресми деректер экс-әкімнің келіншегі сол Тәртіптік кеңесте бас маман боп жұмыс істеген екен. «Ұзынқұлақтың» айтуынша, әкімге «кешіріммен» қарауға әйелі де ықпал еткен көрінеді. Бірақ бұқаралық ақпарат құралдарында көтерілген шудан кейін әкім отставкаға кетті, әйелі артынан бірге кеткен. Сол кездегі Тәртіптік кеңестегі қызметкерлердің үштен бірі орнын босатыпты. 

  Нәзия Жоямергенқызы