Демалысымыз дырдуға айналды

Демалысымыз дырдуға айналды

Демалысымыз дырдуға айналды
ашық дереккөзі

Жаңа жылда
бір апта демалдық. Телеарналардың жаңажылдық бағдарламаларын бір ай бұрын
түсіріп қойғанын асқақтаған жарнамалары арқылы білдік те. Оның үстіне әр арна
«Жаңа жыл мейрамында бізді көріңіздер!» деп алдын ала хабарлап жатты. Содан
демалыс күндері амалсыз телеарнаға байлануға тура келді. Тәуелсіздік күніне
арнайы дүние жасамайтын отандық телеарналар бар күшін осы Жаңа жыл кешіне
салған шығар деп ойлағанбыз. Сөйтсек, олар тағы да қатырмапты.

«Баяғы
жартас, сол жартас» деген Абай атамыздың сөзі телеарналарға дөп келетін сияқты.
Жаңашыл дүние жоқ. Не дұрыс қойылымды таппайсыз. Қай телеарнаны қоссаң да,
жаттанды әншілер мен әндер. Кейбір әншілердің авторлық концерттері де осы күнге
сары майдай сақталған екен. Оған да шүкір, әйтпесе бәзбір телеарналар талай
тамашалаған концерттерді де қайталап беруден ұялған жоқ. Мәселен, 31
телеарнаның қазақтілді эфирін толтырып отырған «Қазақша концерт» деген
тәп-тәуір бағдарламасы бар. Телеарна сол концерттің көктем, жаз мезгіліндегі
түсірілімдерін арасын үзбей көрерменге ұсынды. Бір қарасаң қоштасып
жатады,  сәлден соң қайта амандасады.
Осылайша, бір күнде қатарынан бірнеше мәрте амандасу мен қоштасу. Жарайды,
кейбіреулер қайталап көретін шығар, бірақ бұрынғыны езіп көрсете бергеннен не
ұтады? Бұл «басқа беретін дүние таппаған ба?» деген сұрақты туындатады екен.

7-арна, КТК,
ОРТ-Еуразия телеарналары Ресейдің шоу-бағдарламаларын бес күн бойы көрсетуден
шаршамады. Тіпті, өзімізді сол елдің көрермендері сияқты сезіндік. Ол аз
десеңіз, бұл телеарналар 50х50 саясатын ресейлік шоуларды қазақ тіліне аударып
берумен толтырып отырғаны айқайлап тұр. Бұрын берген орыс тіліндегі хабарларды
қазақша орашолақ аудармамен беріп, өзгелерді алдамақ болған сияқты. Сонда
оларға ақпарат құралдарын қадағалауы тиіс министрлік ләм-мим демей ме? Дәл
осылай қулық жасауға рұқсат берілген бе? Онда ертеңгі күні қазақ тіліне мұрын
шүйіре қарайтын отандық телеарнаның көбі жеңілдің астымен, ауырдың үстімен
жүруге машықтанып алмай ма? Ресейдің жеңіл-желпі дүниеге арналған
бағдарламаларын қазақ тіліне аударып беріп, көрерменді алдап отыра бермек пе?
Қазақ тілінде тың дүние жасауға қол қысқа ма, әлде құлық жоқ па? Әншейінде
«креативті» ойлайтын телеарна журналистері неге отандық дүниені жарыққа
әкелмейді? Қашанға дейін өз-өзімізді сапасыз аудармамен алдауқаратамыз?

Иә, алты күн
бойы телеарнадан көретін нәрсе таппаған жұрт үйіне де сыймай кеткен сияқты.
Содан шығар, интернеттен хабары барлары, күндіз-түні әлеуметтік желілерде
отырды. Көбі «Телеарнада көретін ештеңе жоқ…» деген назын жазумен болды.  Шынында да, көрерменнің ренжитіндей жөні бар.
Үнемі телеарна көруге уақыты бола бермейтін халық отандық телеарналардың кейбір
басшылары жиі айтатын жаңашылдықтан жұрдай екендігіне бір апта демалыста анық
көз жеткізгендей. Таяуда ғана зиялы қауым өкілінің: «Біздің телеарналар өсудің
орнына, өшіп бара жатқан сияқты…» деген пікірін естіп едім. Расымен, жылдан-жылға
ілгерілеушілік байқала ма деп күтсек, кері кетіп барамыз ба, қалай?

Динара Мыңжасарқызы