БАСТЫ ТІЛЕК – ТАУЛАРЫМЫЗДЫ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУ

БАСТЫ ТІЛЕК – ТАУЛАРЫМЫЗДЫ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУ

БАСТЫ ТІЛЕК – ТАУЛАРЫМЫЗДЫ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУ
ашық дереккөзі

Көптің көңілін күпті еткен «Көкжайлау» шипажайының жобасын Қазақстан Президенті Н.Назарбаев бекітті. Аталған жоба отандық туризм саласын дамытуға сеп болатыны сөзсіз.

Жаңа жылдағы жұмысын «Көкжайлау» тау шаңғысы шипажайын дамыту тұжырымдамасымен танысудан бастаған Елбасы Қазақстан халқын Жаңа жылмен тағы да құттықтап, алға қойған мақсат-мұраттардың орындалуына тілектестік білдірді.

Алматы облысы мен жалпы еліміз үшін туризм индустриясын қалыптастырып, оны дамыту өте маңызды екенін айтқан ҚР Президенті: «Бүгін мен тау туризмін дамыту саласындағы әлемнің көрнекті мамандарының ұсыныстарын қарап шықтым. Қазірдің өзінде Шымбұлақ тау шаңғысы кешені мыңдаған қазақстандықтың саламатты өмір салтын ұстануына мүмкіндік береді. Жаңа тау шаңғысы курортының жобасы бүкіл еліміз үшін маңызды болып саналады. Алматыда және облыста туризмді дамыту 100 мыңға жуық қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қаланың қарқынды дамуы тауларымызды ұтымды пайдалануға байланысты болмақ. Еуропаның көптеген елінде адамдар кішкентайынан спорттың қысқы түрімен айналысады. Тау шаңғысы курортына баратын турист жылы және теңізі бар елдерге баратын туристерге қарағанда 6 есе көп кіріс әкеледі. Егер біз осы бағыттағы туристік саланы дамытатын болсақ, онда мыңдаған жұмыс орнын ашып, көп мөлшерде, соның ішінде табиғат қорғау саласына инвестицияны көбірек тартатын боламыз. Тек Шымбұлақ кешені ғана емес, облыстағы басқа да орындар пайдаланылатын болады және бұл ретте табиғат өз көрік-келбетін сақтап қала береді», – деп мәлімдеді.

Жобаны талқылау барысында Н.Назарбаев Алматы облысында тау шаңғысы шипажайы жобаларын іске асырудың нәтижесінде оның отандастар демалатын және бүкіл әлем туристері баратын танымал көпшілік орынға айналатынын атап өтті. Бұған қоса, Мемлекет басшысына мұз айдыны мен Атлетикалық қалашықтың макеттерімен қоса, «Универсиада – 2017» болашақ инфрақұрылымының бірқатар жобалық нысандары таныстырылды.

Универсиадаға дайындық жөнінде баяндама жасаған Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов екі нысанның – 3000 және 12000 көрерменге арналған мұз айдыны құрылысының тех­никалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу аяқталғаны туралы хабардар етті. Бұл мақсатқа жергілікті бюд­жеттен 439,9 млн. теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама дайындалу үстінде. Ал 5 000 орынға арналған Атлетикалық қа­лашықтың техникалық-экономикалық не­гіздемесінің жобасы әзірлену үстінде. Алматы қаласының әкімі А.Есімов аталған нысандардың құрылыс-монтаж жұмысының бас­талуы 2014 жылдың бірінші тоқсанына, ал аяқталуы 2016 жылдың шілдесіне жоспарланғанын жеткізді. «Көкжайлау» тау-шаңғысы курорты бас директорының орынбасары Ерлан Теміртаевтың айтуынша, шипажайдың трассаларының ұзындығы 63 шақы­рымға созылмақ. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 22,5 шақырымға жететін 16 аспалы жол салынады. Шипажай күніне 10 мың демалушыны қабылдауға мүмкіндігі бар. 

Іле Алатауының баурайынан бой көтеретін «Көкжайлау» жобасын жүзеге асыруды қолдайтындар да, қолдамайтындар да бар. Мәселен, наразы топтың қатарындағы «Зеленое спасение» қозғалысының мүшелері былтыр бірнеше рет наразылық шарасын ұйымдастырып, Үкіметтен жобаны қабылдамауды, экология мен қоршаған ортаға зиян келтірмеуді талап еткені белгілі. Көп ұзамай, «Көкжайлауды» қолдайтындар жағындағы үкіметтік емес ұйымдары арнайы баспасөз мәслихатын өткізіп, «Көкжайлау» отандық туризм саласын дамытуға ықпал ететінін, сондықтан жобаны көп кешіктірмей іске асыру қажеттігін айтты. Ал кейбірі тіпті, ши­пажайды салуға қарсылық таныт­қан­дарды сыртқы күш қолдап отыр деген пікір айтты. Мысалы, Қазақстандағы еріктілер корпусының жетекшісі Юрий Батырбеков: «Зеленое спасение» ұйымы «Көкжайлау» курортының салынуына орай өз пікірлерін ашық білдіріп жүр. Сосын біз оның сайтына кіріп, қызығушылық таныттық. Өздерін жасылдар қозғалысына теңейтін жастар сайт арқылы Батыстың ірі қаржылық ұйымдарына алғыстарын жазыпты. Демек, «Көкжайлау» жобасына қарсы күрестің қайдан қолдау тауып отырғанын аңғару қиын емес», – дейді.

Былтыр Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының өкілі Алтай Рашымбетов «Көкжайлаудың» құрылысы кезінде 27 гектар жердің ағашы кесіліп, олардың орнына қонақүйлер, кафе-мейрамханалар салынатынын, жоба аяқталғаннан кейін кесілген ағаштардың орнына бірнеше есе көп етіп, тал отырғызылатынын мәлімдеген. Оғна қарсы уәж айтқан еліміздің танымал экологы Мэлс Елеусізов «Көкжайлауға» шығын шығарғанша, «Шымбұлақты» дамытқан жөн деген пікірде: «Керемет демалыс орнын салынады» деген тек сөз жүзінде қала ма деп күдіктенемін. «Медеу» мен «Шымбұлақ» не­­ болды? Қазір сол демалыс 

орын­­дарының айналасы жеке меншік үйлерге толып кетті. «Көкжайлау» курорты да жеке қолға өтіп, тағы да қарапайым халыққа демалыс орнына бару арманға айналады. «Көкжайлау» курорты салынатын жерлер де дұрыс таңдалған жоқ. Табиғаты керемет Үлкен Алматы мен Құмкөл асуын бұзбау керек. Жобаның құны да қымбат. Одан да «Көкжайлаудан» гөрі «Шымбұлақты» дамытқан жөн». 

Алайда, жобаны жақтайтын та­рап­тың айтар уәжі: «Шипажайдың құрылысы басталса, 5 мың 300 жұмыс орны ашылып, 20 жылдың ішінде қала бюджетіне 5 миллиард доллар пайда түседі және курорт өз шығынын өзі жауып отырады». Сонымен, Үкімет «Көкжайлау» жобасын бекітті.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ