Жаңалықтар

КӨКШЕ ЕЛІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

ашық дереккөзі

КӨКШЕ ЕЛІНІҢ ЖЕТІСТІКТЕРІ

Күнтізбелік кесте бойынша Жылқы жылы табалдырықты ұстады. Қарт тарих үшін қас-қағым сәт болып саналғанымен, өткен 365 күннің де не бергенін ақыл-сана таразысына салатын кез келгендей. Ақмолалықтардың Жылан жылына өкпе-реніші жоқ сияқты. Себебі, жыл жайлы болды. Қаңтардың соңындағы жұртты күйзелтіп кеткен ұшақ апаты болмаса, анау айтқандай ірі сілкіністер орын алмады. 

Былтыр өңіріміз еңсерген ұлық та абыройлы шаруалардың бірегейі – Алты Алашқа сауын айтылып, бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарыла, зор ұйымшылдықпен атқарылған ұлы Абылай тойы! 

Ал аграрлық облыс болғандықтан, алдымен, ауыл еңбеккерлерінің жетістігін ауызға алатынымыз сөзсіз. Ауа райы қиын соққанымен, 5 миллион тоннадан астам астық, орташа есеппен 12 центнерден айналған гектар түсімі диқандардың маңдай терін төгіп тұрып, ел ырыздығын еселей түскенін өзі-ақ айғақтап тұр. Бұған әрине, егіншілік мәдениетін көтеруге, техниканы жаңалап, уақыт талабынан қалмауға ерекше көңіл бөлудің арқасында қол жеткізілгендігі анық. Мемлекеттің көмек-қолдауымен төрт түліктің де саны көбейіп, өсімі байқалып отыр. Осы ретте, өнеркәсіп саласында да Елбасы «Қазақстан-2050» Стратегиясында алға қойған іргелі міндеттердің табысты жүзеге асырылып келе жатқандығын айтқан ләзім. Бір жылдың көлемінде 1,4 млрд.теңгенің бес ірі жобасы іске қосылып отыр. Солардың ішінде Астрахань ауданында құрылысы аяқталған құс фабрикасы, Қорғалжын ауданында құрылған ірі мал бордақылау кешені, тағы басқа өндірістік нысандар өңір экономикасын нығайта түсері даусыз. Өйткені, күні кеше ғана құрылыс саласында қабырғалық материалдардың тапшылығы сезілген облыс бұл күнде «ЕНКИ» кірпіш зауытының өнімдерін республика мен одан тысқары жерлерге жөнелтіп жатқанын көз көріп отыр. Өңдеу өнеркәсібінде де солай. Бір кезде Көкшетауға сүт өнімдерінің бәрі шеттен әкелінсе, қазір өз кәсіпорындарымыз да олармен бәсекеге түсетін деңгейге жетіп қалған. 

Астананың азық-түлік белдеуін жасауда Ақмола облысы жетекші орынға ие екендігі және бір мерей. Биылғы жыл бұл бағыттағы істеріміздің де ауқымын одан сайын кеңейте түскен жайы бар. 

Бір сәт өзіңіз де жүйрік көңіліңізге еркіндік беріп, айналаңызға жіті көзбен қарасаңыз, жыл өркендерін, жыл жаңалықтарын сезінбей қалуыңыз мүмкін емес. Биыл облыс орталығында көшелерді жөндеу, әсіресе, асфальт төсеу жұмыстары ширақ атқарылды. Қалалық орталық парк, басқа да қоғамдық орындарға отырғызылған әсем шыршалар көз қызықтырады. Облыста «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша өткен он бір айда 188,7 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы пайдалануға беріліп, бұл көрсеткіш өткен жылдағыдан 18 пайызға асып түскен болса, жыл қорытындысында көзделіп отырған меже бұдан да жоғары. Бұл – биыл 2 мыңнан астам отбасы пәтермен қамтамасыз етіледі деген сөз. 

Осы күні бір кезде облыста то­қырап қалған құрылыс саласының қайта жанданып, құлашын кеңге сермеуімен ешкімді таң қалдыра алмайсың. Салынып жатқан тұрғын үйлермен бірге, әртүрлі мақсаттағы басқа әлеуметтік нысандар да көзайым қуанышымызға айнала түскен. Игерілуі енді басталған жаңа «Сарыарқа» шағын ауданында 240 орындық «Арай» балабақшасы алғашқы бүлдіршіндерін қабылдап та үлгерді. Ал, тұтастай алғанда, «Балапан» бағдарламасы бойынша биыл облыста жаңадан 4 балабақшасы пайдалануға беріліп, үш жастан алты жасқа дейінгі жеткіншектердің осындай мекемелермен қамтылуы 87 пайызға жетті. Жыл басында өңірде 12 мектептің құрылысы қолға алынған болса, олардың 2,6 мың оқушыға арналған төртеуі ойдағыдай іске қосылды. Солардың жалғасы іспетті «Бірлік» шағын ауданындағы 216 орындық білім-тәрбие кешені әне-міне тәрбиеленушілері мен шәкірттеріне есігін айқара ашқалы отыр. Бұл жаңа мектептер мен балабақшалардың дені Астананың іргесіндегі елордамен бірге күрт дамып келе жатқан Қосшы, Қараөткел, Қоянды және Талапкер сияқты елді мекендерде салынуы да заңды. 

Мұндай ел игілігі үшін ойлас­ты­рылып жатқан ізгі шаралардан өзге өңірлер де кенде емес. Көк­ше­тау қаласында жұмыс істей бастаған 500 орындық жаңа емхана, облыстық аурухана мен Степногорск қаласындағы екі инсульт орталығы соның айқын айғағы. Өңірдегі жүрек дімкәсі бар жас жеткіншектердің де жағдайы ескеріліп, балалар кардиохирургиялық бөлімшесі қолға алынуда. Осыған Целиноград ауданының орталығы Ақмола ауылында жыл аяғына дейін пайдалануға берілуі көзделіп отырған жаңа емхананы, жергілікті жерлердегі бірқатар дәрігерлік амбулаторияларды қоссақ, денсаулық сақтау саласының өзінде атқарылып жатқан жұмыстар бір төбе деуге болады. 

Әрине, бұл – болдық, толдық деген сөз емес. Олқы соққан тұстар мен халықтың жанына батқан жайлар жетіп артылады. Бірақ жақсылықты да айту керек. Айта берсе, нарыққа белін бекем буған ауылдардың да көші олқы соқпаған сияқты. Жұмыссыздықтың өзі осы ауылдарды төңіректеп тұрғанымен, жалпы алғанда, облыстың қалалары мен аудандарында 10 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылыпты. Осының бәрін біздіңше, бір сөзбен облыс басшылығының Елбасы саясатын жүзеге асырудағы күнделікті тынымсыз ізденіс, қарекеті деп сенімді түрде түйіндеуге болады. Олай болса, жаңа 2014 жыл да еліміз, соның ішінде Ақмола, Көкше өңірлері үшін құтты, берекелі жыл болып, қолжеткен табыстарымыз еселене берсін. Ескі жылдан қорытар ой, Жаңа жылдан күткен тілек міне, осы!..

Ж.Баққондыұлы