ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ

ОҚЫРМАН ОЙЫ
ашық дереккөзі

Ахмет Байтұрсынұлы «жылап» тұр

Жақында Астанадан Арқалық қаласына жолым түсті. Осында он ай әкім болып кеткен Берік Әбдіғалиұлы туралы қала халқы ризашылығын білдіріп жатты. Ал Арқалық қаласының бүгінгі әкімдігінің жұмысымен танысайыншы десем, әкім Ғазиз Бекмұхамедов орнында жоқ екен. 

Жұрттың айтуынша, жаңа әкім қазақ тілінде сөйлемейді екен. Жалпы, қазақтар тығыз қоныстанған жерге қазақша білмейтін әкімді тағайындау қиянат сияқты. 

Жастар бастамалар орталығы жетекшісінің орын­ба­сары Амангелді Ахметжановтың ұйымдастыруымен студенттермен кездесу болды. Студенттердің арасында талантты, білімді жастардың өсіп келе жатқаны қатты қуантты. Әсіресе, Ыбырай Алтынсарин атындағы педагогикалық институтының тарих және өнер факультетінде оқитын 4-курс білімгерлерінің дипломдық жұмыстары көрме ретінде ұсынылды. 

Арқалық қаласының орталығындағы Өзбекәлі Жәнібеков музейінің алдында қолында мылтығы бар Кейкі батырдың (Нұрмахамбет Көкембайұлы) ескерткіші күн көсем В.И. Ленинді күзетіп тұрғандай көрінді. Ал Жастар театрының алдында тұрған Шақшақ Жәнібектің ескерткіші кішкентай тайдың үстінде отырған он жасар баланы елестетті. 

Содан Шақшақ Жәнібек көшесімен келе жатып «Абай ….нбаев атындағы №6 орта мектебі» деген жазуды көзім шалып қалды. Мектептің директоры Қабыл Жүнісов мырзамен сөйлескенімде, боранда Құнанбай жарықтықтың төрт әрібі түсіп қалғанын айтып ақталды. Көшедегі дүкен дәмханалардың аттары – «Вояж», «Шарм», «Азилия»; көшелері – Волкова, Горбачева, Степная, Молодежная, Первомайская т.б. Мән-мағынадан жұрдай түсініксіз атаулардан көз ашпайсың. Көрші мөлтекаудандар Родина, Нахаловка, Фурманов, Восточный, Северный деп аталады. Арқалық қаласының бес көшесі ғана қазақша, олар – А.Құнанбаев, Е.Әуелбеков, Ш.Жәнібек, М.Қозыбаев, А.Байтұрсынов. 

«Неге қазақ тілін қолға алмайсыздар?» деген сауа­лымды амалсыздан әкімнің хатшысына қойғанымда, ол: «Қостанайға қазақша жазып жібергенімізбен, орысша талап етеді. Сосын орысша жазуға мәжбүр боламыз» дегенді айтты. Негізгі Ата заңымызға «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп жазылуы қажет дедік, ол да жазылды. Қазақ тілі мәселесіне арналған конференциялардың бірнешеуін дүрілдетіп өткізіп тастадық. Алайда, осыдан тіліміз оңалып кете алды ма? Әлі күнге босағадан сығалаған өгей баланың күйінде. Сөз бен істің алшақтығы көп. Қаулы бар, оны орындау жоқ. Көптеген қазақ өз үйінде ата-анасымен, бала-шағасымен орысша шүлдірлеседі. Кейбірі соны кәдімгідей мәртебе санайды. Бүгінгі дімкәс тіліміздің ауруын емдеуді де сол отбасы дәстүрін қалпына келтіруден бастау қажет емес пе! Торғай облысының орталығы болған Арқалық қаласында ұлт ұстазы – Ахмет Байтұрсынұлы ескерткішінің көз алдында қар үйіліп тұр екен, қар емес көздің жасы болып көрінді маған.

 Жұмамұрат Шәмші,

 тарих ғылымдарының 

кандидаты

 «Алма-Ата» деп адасып жүр… 

Осы кейбір елдің алдында жүрген азаматтарды түсінбеймін. Өздері «Қазақ болайық, қазақша сөйлейік» деп биік мінберлерден сөз жүзінде айтады да, істеп жүргендері басқа. Кім біледі, сол арқылы өздеріне ұпай жинайтын да шығар. Ал шын мәнінде, еліне, ұлтына, тіліне жанашыр адам көзге түрпідей көрінетін оғаш дүниелерден бойын аулақ ұстар еді.

 Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен жыл сайын «Алма-Ата – моя первая любовь» деген концерттік кеш өтеді. Ол неге Алматы емес? Ау, қаланың өз тарихи атауы – Алматы ғой. Сонда, «Алма-Ата» деп атағанда, әлгі шараның маңыздылығы артып, бояуы қоюлана түсе ме? Әлде, «Алматы – менің алғашқы махаббатым» десе, халық жиналмай қоя ма? Бәлкім, бұл қала атауын «Алма-ата» деп ауыстырайық деп жүрген кейбір шенеуніктердің ұсынысынан туындаған шығар. 

Алматы – жастардың қаласы. Арман қуып келген қаншама жастың тағдыры осы қалада тоғысты. Алматы – менің де, сенің де, оның да алғашқы махаббаты. Осындай әдемі, сұлу шаһардың атын неге бұрмалаушылыққа жол береміз? Алматы дедік, солай болып қалмай ма? Ескіні көксеп, «Алма-Ата» деп атағаннан ол заманға қайта оралмайтынымыз анық. Солай атауға тілі бұралып тұратындардың не ойлағаны бар?

Тағы бір сорақылығы, осы кеште кешегі заманның жастары сүйіп тыңдаған лирикалық сырға тұнып тұрған әуендер емес, қай-қайдағы даңғыр-дұңғыр, құлаққа жағымсыз әндер шырқалады. Оған шетелден бәленбай ақшаға шақырылатын әншілерді қосыңыз. Сондықтан да кіру құны қымбат. Ешқандай сағыныш жоқ. Одан да еліміздің халықтық музыкасымен бірге жасап келе жатқан аға буын әншілерді неге қадір тұтпасқа? Біздің кешегі күнге деген махаббатымыздың куәсі солар әуелеткен әндер емес пе? 

Бірақ шараны ұйымдастырушылардың мақсаты басқа. Айналдырған бір топ бар. Солар жүргізеді, солар ән салады. Қысқасы, осы шараның басы-қасында жүрген қожайыны да солар. Ең өкініштісі, қазақылықтың иісі жоқ. Қазағы қалың қалада тұрып жатқанын білмей ме, кейбір әншілердің «Алма-Ата, вы где?!» деп айқайлап шығатыны бар. Ол ол ма, концерттік шараны жүргізушілер де бастан-аяқ өзара орыс тілінде сөйлеуге құштар. Айналайын-ау, сырттан келген қонақтардан ұялса қайтеді? «Алматы – қазақтың қаласы. Сонда бұл елдің мемлекеттік тілі – қай тіл?» деп күлмей ме олар. Міне, осы тұрғыдан келгенде әлгіндей ұйымдастырушылардың титтей де болса патриоттық рухының жоқтығына еріксіз көз жеткізеді екенсің. Ондайлардың адасқаны қалың көпке үлгі бола алмайтыны сөзсіз. 

Заман – жастардікі. Орысша сайрап, орысша түс көретіндердің жығасы осы қисайғаны қисайған. Ал бүгінгі ұрпақ кеңестік сарқыншақтан бойын тазалай алмай жүрген аға-апаларының бұл әрекетінен де жиренетіні түсінікті. Ең бастысы, олар кейінгі буынға қандай өнеге қалдырдық деген сұрақты өздеріне қоя ма екен? Әй, қайдам… 

Жәнібек Әшім 

Жайбарақаттық – жаман әдет


Қазақ халқының бойында үлкенді сыйлау, қонақжайлылық, бауырмалдық, өнерге құ­мар­ту­шылық сияқты жақсы қасиеттер жетіп артылады. Сонымен қатар кейбір жаман әдеттердің де­ бой көрсететіні қынжылтады. Солардың бірі – жайбарақаттылық, қымбат уақытпен санаса бермеу, ша­қырылған жерлерге кешігіп бару дер едік. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, кешігудің көкесін қазақтың тойына барғанда көруге болады. Тойға шақырылған уақыттан 2 сағаттан, кейде 3 сағаттан аса кешігіп басталуы әдетке айналғанын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Басқа ұлттардың тойында осын­шама уақытқа кешігу дегенді кездестірген емеспіз. Бұл жаман әдет бойымызға баяғы көшпелі заманнан сіңіп қалған сияқты. Бұған бойымыздың үйреніп кеткені соншалықты, кешіктік деп қызарып, қысылмайтын болдық. Оның үстіне тойға кешігіп келдіңіз деп ешкім кінәлап, ескерту жасап жатпайды. Осындайда қандастарымыздан: «Неге тойға кешігіп барасыздар?» деп сұрай қалсаңыз: «Е-е, бауырым, қай қазақтың тойы уақытында басталушы еді, ерте барып кешік­кен­дерді сарыла-сарғая күтіп, жүй­кемізді жұқартқанша бір-екі сағат болса да, балаларымыздың жанында болып, үй шаруасымен айналысқанымыз дұрыс», – деп жауап береді. Кейде той иелерінің өздері белгіленген уақытта той орнынан табыла бермейтінін көріп, таң қаламыз. Тойға кешікпей келетін тәртіпті қонақтар кешіккендер толық жиналғанша іштері пысып, ары-бері сандалумен болады. Той көп кешігіп басталған соң түн ортасына дейін созылатыны бар. Түн ортасына дейін тамақ, арақ ішіп, кеш жатқаннан кейін тойшылардың көбінің ұйқылары қанбай, бастары ауырып, ертеңіне жұмысқа, сабаққа кешігіп жатады. Тойға қонақтардың кешігуіне кейде оның басталу уақытының дұрыс қойылмауы да себепші болады. Жұмыс күндері тойдың басталу уақытын кешкі сағат 18:00 деп белгіленген жағдайда талай азаматтардың кешігетіні алдын ала айдан анық емес пе? Себебі, мұндай күндері көп мекемелердің жұмысы осы уақытта, тіпті бұдан да кеш аяқталады. Жұмыстан босағандар үйлеріне барып, той киімдерін киіп, балаларын тамақтандырып келгенше кем дегенде 1-1,5 сағат уақыт өтеді. Одан да бұрынғы тек демалыс күндері ғана болатын тойымыз жақсы екен. 

Тойды былай қойыңыз, тіпті үйге қонаққа шақырғанда да кешігіп келу әдетке айналған. Тағы да ерте келгендер кешіккендерді күтумен уақытын өткізеді. Уақытпен санасу – тәртіптіліктің, мәдениеттіліктің белгісі. Жаман әдет жұқпалы келеді. Студент жастардың арасында да сабаққа кешігу, қатыспау жиілеп кетті. Бүгін сабаққа кешігуді әдет қылғандар ертең оқу бітірген соң жұмысқа да кешігетін болады. Тәртіп туралы жаужүрек жазушы Б.Момышұлы: «Тәртіпті ел құл бол­майды» деп дәл айтқан. Баукең әскери адам болғандықтан тәр­тіпті бірінші орынға қойып, оның сақталуын айналасындарға қатаң түрде талап еткен. Тәртіп сақтау, шақырған жерге кешікпей бару азаматтардың лауазымына қарамайтын ортақ қағида болуға тиісті. Кейбір лауазымы үлкен бас­шылар көпшілікті күттіріп қойғанды ұнатады. Бұл жағдай он­дай басшылардың беделін төмендетпесе жоғарылата қоюы екіталай. Уақытпен санасудың үлгісін неміс халқының өкілдерінен көруге болады. Қандастардың тойлары белгіленген мерзімнен көп кешігіп барып басталғанда басқа ұлт өкілдерінің алдында өзімізді ыңғайсыз сезініп, намыстанамыз. 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, жоғарыда айтылған жа­ман әдеттен арылуымыз қажет. Шақыру билеттеріне той уақтылы бас­талады және кешікпей келу­ле­ріңізді сұранамыз деген сөз­дер жазылса дұрыс болар еді. Жайбара­қат­тылықтың заманы өтіп кеткенін түсінетін уақыт әлдеқашан жетті. Өйткені, уақыт – қымбат дүние. 

Сейітқасым Тажбенов, дәрігер

Тараз қаласы 


Нағыз патриоттар – шылым шегетіндер 

Қоғамның мүшесі әртүрлі. Жұрттың бәрі бір нәрсеге ғана әуестенсе, өмір мәнсіз, сәнсіз шығар. Сондықтан сіз бен менің арамызда да айырмашылық жер мен көктей болуы мүмкін. Десе де, кез келген адам қоғам үшін ең басты құндылық. 

Өзім шылым шегуді студенттік кезден үйрендім. Кейде темекі – менің мұңдасым, сырласымдай көрінеді. Талай жыл тастаймын деп те оқталдым. Әсіресе, жаңа жыл келген сайын «Биылдан бастап темекіні қояйыншы» деп ниеттенсем де, бір елі қалар емес. Тіпті, еліміз темекі шегетіндердің қатарын азайтуды қолға алып, оның бағасын аямай көтерсе де, сатып алуға ақша табамын. Қазір тіпті, темекі қораптарындағы ұсқынсыз суреттерді көре тұра қорықпаймын. Өйткені бұл да өз еліміздің өндірушілері өндірген тауар ғой. Сондықтан қиналмай сатып аламын. «Отандық өндірушілерге көмегім тиді», – деп қуанамын. Әрбірден соң темекіні тұтынушы ретінде мемлекетке салық та төлеп отырған жоқпын ба?

Иә, адам бір нәрсеге үйреніп алса, тастау қиын. «Ауру қалса да, әдет қалмайды» деген бар емес пе? Бір қынжылтарлығы, қазір қайда барсаң да темекі шегетіндерді тырқыратып қуып жүреді. Олар құдды қоғамның жауы іспеттес. Құдай-ау, арамызда небір алаяқтар да аяғын алшаң басып жүрген жоқ па? Нағыз коррупционерлер де қаптап жүр. Олардың қасында шылымқұмарлар кім екен? Егер біз болмасақ, темекі өндірушілердің де кәсібі тоқтап қалар еді. Талай адам жұмыссыз қалар еді. Ал бұл кәсіпорындардан мемлекеттің бюджетіне қаншама ақша құйылып жатқанын кім білсін? Сөйте тұра темекі шегетіндерге алакөзбен қарайтындарды түсінбеймін. 

Әрине, қоғамдық орындарда темекі шегетін арнайы орындардың болғаны қуантады. Бұл әуелі қаланың тазалығын жақсартады. Бірақ кей жерге барсаң мұндай орын да жоқ. Темекіні іздеп тұратындықтан мұндайда не істерімді білмей дал боламын. Бұл дұрыс па? Біз де қоғамның қатардағы мүшесіміз. бізге тоқалдан туғандай қарайтындар көп. Тағы да қайталап айтамын, кез келген мекеме бізге осы мемлекеттің салық төлейтін азаматы ретінде қарауы керек. Шылымды қоятын сәт те келер. Бірақ оған дейін осы өнімнің тұтынушысы ретінде бізді де сыйлауы керек. Шынын айтсақ, шылымға қарсы заңды қабылдаған Парламент депутаттарының бәрі ешқашан темекі тартпаған, сүттен ақ, судан таза кісілер емес қой. 

 Ақан Шора