«Әкемтеатрдың» 88-ші туған күні

«Әкемтеатрдың» 88-ші туған күні

«Әкемтеатрдың» 88-ші туған күні
ашық дереккөзі

Сонау жылдардан бері халыққа қызмет көрсетуден шаршамаған әкемтеатр өзінің 88-ші туған  күнін атап өтуде.Биыл  Мұхтар Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрының құрылғанына – 88 жыл. Талай саңлақтың табаны тиген қарашаңырақ 1926 жылы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезовтың «Еңлік-Кебек» пьесасы мен халық өнерпаздары қатысқан үлкен концертпен ашылған болатын. Сонау жылдардан бері халыққа қызмет көрсетуден шаршамаған әкемтеатр өзінің 88-ші туған күнін атап өтуде.

 Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театры директорының орынбасары, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Ерлан Біләлдің айтуынша, қарашаңырақ алдағы уақытта Шекспирдің «Отеллосын» ұсынбақ екен. «Оны Ресейден келген Надежка Пушкина деген режиссер қояды. Сонда Отеллоны сомдаймын», – дейді ол.Кино мен театр сахнасында қатар жүрген актер: «Театрда адамның қуанғанын, қайғырғанын, ғашық болғанын тірідей көре аласыз. Ал кино – бөлек өмір. Бір түсірілімді бірнеше дубль жасап, қайталай аласыз. Театрда ондай жоқ. Театрда мүлт кетуге, көрерменнің алдында қате жіберуге хақыңыз жоқ», – деген пікірімен бөлісті.

Айта кетсек, биыл театрдың шымылдығы әдеттегідей Мұхтар Әуезовтің «Абай» шығармасымен емес, Рахымжан Отарбаевтың  «Сұлтан Бейбарыс» туындысымен түрілді. Репертуары жаңа екі  спектакльмен толыққан театр құрамына талапты режиссерлар алынды. Ал  жаз бойы театрдың көне ғимаратында жөндеу жұмыстары жүргізіліп, айналасы абаттандырылған. Қаңтар айынан бастап театр билеттерін электронды жүйе арқылы сатып алуға мүмкіндік туа бастады.

Театр – рухани, мәдени мекен. Мұнда барған адам тазарып шығады. Театр – өмір. Мұнда күнделікті сіз бен біз көріп жұрған көріністерге куә боласыз. Сондықтан да жаныңызды жадыратып, рухани ләззат алғыңыз келсе, театрға тартыңыз!

Динара Дүрмән