Жаңалықтар

Тұржанов "кінәсізбін" дейді

ашық дереккөзі

Тұржанов "кінәсізбін" дейді

 

Кеше Статистика агенттігінің бұрынғы басшысы Анар Мешімбаеваға қатысты сот отырысы болып өтті. Бұл жолы Мешімбаеваның сыбайласы ретінде 9 жылға сотталған «Киік» фирмасының жетекшісі Серік Тұржанов Қарағандыдағы абақтыдан жеткізілді.

Ол тергеу кезінде «Тергеушілер басыма қап кигізіп, аяусыз соққыға жықты. Қоқан-лоққы көрсетті. Мешімбаеваға қарсы шығу үшін буындырды. Сөйтіп, қылмысты мойныма ілді» деген уәж айтты. Іле-шала өзінің сүттен ақ, судан таза екенін айтқан Серік Тұржанов абақтыдан босатуды талап етті.

Қарағанды облысындағы Долинка түрмесінде 5 жылдан бері жазасын өтеп жатқан Тұржанов 2008 жылы тендерді ұтып алып, ұлттық санаққа қажетті бланктерді әзірлеумен айналысқан. Қазынаның 758 млн. теңгесі осы баспахананың шотына аударылғаннан кейін қолды болған. Алайда, мүмкіндікті қалт жібермеген Тұржанов тағылған айыпты мойындамайтынын, істі қайта қарау керектігін қадап айтты. Пікіріне құлақ түрсек, ол сол кезде компанияны жеке басқаруға беріп,  өзі премьер-министр Кәрім Мәсімовтің кеңесшісі қызметін атқарған. Бірақ тергеу материалдарында кәсіпкер Статистика агенттігінің бұрынғы басшыларымен үнемі телефон арқылы сөйлескен деп жазылған. Ал соттың сұрағына Мешімбаева Тұржановпен мүлдем тілдескен емеспін десе, Тұржанов Премьер-министрдің орынбасары ретінде сөйлестім деп жауап берді. Тіпті, ол ауыз-жаласқан сыбайластары деп айыпталған Мешімбаеваның қос орынбасарын да алғаш рет абақтыда көріп, танысқанын айтты.

Сөз соңында Серік Тұржанов: «Ең бастысы он жылда бір өтетін ұлттық санақты уақытында абыроймен өткердік. Арым таза, кез келген адамның көзіне тіке қараймын», –  деді.

Динара Дүрмән