Жаңалықтар

Қылмыс – «теріс қылық па»?

ашық дереккөзі

Қылмыс – «теріс қылық па»?

 

Мәжілісте Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Бас прокуратурамен бірлесіп, Парламент қарауына енгізілген Қылмыстық кодекстің жаңа редакциясын талқыға салды.

Елімізде қалтасы қалың азаматтарымыз кез келген қылмыстан оп-оңай сытылып кетуші еді. Әсіресе адамды қағып өлтірген құқық қорғау қызметкерлері, лауазымды тұлғалардың қылмыстық жауапкершілікті ақтайтын дәлелдері көп болушы енді. Енді қылмыстық жазадан құтылу үшін «теріс қылыққа» жатқыза салса болғаны ғой?

Бұл жаңа құжат бойынша Қазақстанда қылмыстық жазаланатын істердің екі буынды жүйесі енгізілетін болады. Яғни қылмыстар енді «қылмыс» пен «теріс қылыққа» бөлінеді. Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркельдің айтуынша, Қазақстанның жаңа Қылмыстық кодексінің жобасы 467 баптан тұрады . 1998 жылдан бері қолданыстағы ҚК-те – 422 бап бар екен.

«Қолданыстағы Қылмыстық кодекспен салыстырсақ, жаңа жобада негізінен жазалау жүйесі қайта қарастырылды және бас бостандығынан айырудың балама шараларын кеңінен енгізу қамтылып отыр. Атап айтқанда, айыппұл салу кісі өліміне соқтырмаған орташа ауыр және орташа қылмыстардың барлығына көзделетін болады. Бұдан басқа, балама жаза ретіндегі айыппұл салу қосымша 162 санкцияға енгізілді. Ал оның үлесі 50 пайызға жетсе, айыппұлдар мөлшері орташа алғанда 57 пайызға арттырылды», – дейді И.Меркель.

Қылмыстық кодекс жобасында 171 қылмыстық әрекетке жеңіл жазалар тағайындалып отыр. Қылмыскерлер санын кеміте алмай отырғанда қылмыс жасасаң да, қиындық етпейді дегенді насихаттап отырған жоқпыз ба? Апта басында Мәжілісте ІІМ Қ.Қасымов бір қылмыскерді ұстап отыруға күніне 16 мың теңге жұмсалатынын айтқан еді.  Сонда қылмыскерлердің санын азайту үшін осыдан басқа жол жоқ па? Бірақ заң жобасын ұсынушылар бұл тәжірибенің шетелде бар екенін алға тартуда.

Жақында БМВ автокөлігімен бірден 6 адамды қаққан Мақсат Үсеновтің тергеуі аяқталды. ІІД баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбектің мәлімдеуінше, Мақсат Үсенов әлі де қамауда. Оның ісіне қатысты тергеу аяқталып, ісі сотқа жіберілді. Оған бірден екі айып тағылып отыр: «Жол жүру ережесін бұзуы нәтижесінде адам өліміне әкелді» және «Жол көлік апаты орнын тастап кеткені үшін» сотқа тартылмақ. Оқиға орнында көз жұмған Мұрат Қарабалиннің туыстары Мақсат Үсеновтің отбасы күнде кешірім беруін өтініп жүргенін айтқан. 1 желтоқсанда орын алған оқиғадан соң Үсенов 1 сағаттан кейін ұсталды, сондай-ақ оның лауазымды тұлғаның баласы екені анықталған. Олай болса кісі өліміне апарған оқиғаны жұмсақтап, жай ғана «теріс қылыққа» жатқызбаса болғаны…