Жаңалықтар

Шерағаңды неге ұмытты?

ашық дереккөзі

Шерағаңды неге ұмытты?

 

Мұзағаңның: «Қазақ әдебиеті газеті – 80 жыл жасаған жарқын, жалпы халықтық басылым. Шынтуайтында ақылман басылым әрқашан да туған халқымызға деген жанашырлықтың көрінісі болып келеді» деген сөзімен бастағым келеді мақаламды. Рас, «Қазақ әдебиеті» – қазақ сөзінің иесі мен киесі.  80 жыл бойы ұлттың рухы, қазақтың үні болды. Қазақ әдебиетінің айнасы болды.  Сексен жыл бойы қазақ әдебиетінің киелі шаңырағы болды. Әдебиетке тәй-тәй қадам басқан қаламгер алғашқы тырнақалды дүниесін «Қазақ әдебиеті» арқылы танытты. «Қазақ әдебиеті» әдебиеттің алыптарын тәрбиелеп шығарған тәрбие мектебі еді. Қазақтың маңдайына біткен асылдарының киелі ордасы еді, бұл басылым!

«Қазақ әдебиетінің» арғы-бергі тарихын ақтарғандар бұл басылымнан әдебиеттегі алыптарды ғана кездестіре алады. «Қазақ әдебиетінің» бастауында алыптар тобы тұрды. Алыптар шоғыры бастаған әдебиеттің арынды кезі де «Қазақ әдебиетімен» біте қайнасқан. «Қазақ әдебиеті» сексен жылдық тарихында жақсылы-жаманды күндерді бастан кешті. Алаштың арыстандай ұлдары отыз жетінің қуғын-сүргінінде атылып кетсе де, басылым өзінің өмір сүруін тоқтатқан жоқ. Бір буын келесі жаңа буынды тәрбиелеп отырды. Енді бір буын келесі бір жаңа буынға жол ашты. Қазақ сөзінің майданына айналған «Қазақ әдебиетінің» сарғыш тартқан парақшаларында ұлт әдебиетінің тұтас тарихы жатыр. 

«Қазақ әдебиетінен» алыптарды да, арыстарды да алып тастай алмаймыз. Ендеше, «Қазақ әдебиетінің» мерекелік санында қазақтың алып бәйтеректерінің бірі – қазақтың Шерағасы, Шерхан Мұртазасы неге жоқ? «Қазақ әдебиетінің» өсіп-өркендеген кезі Шерағаңның заманы дейді білетіндер. Өйткені, Шерағаң «Қазақ әдебиетінде» бақандай 9 жыл, 40 күн қызмет атқарған екен. Осы уақыт аралығында газеттің таралымы 45 мыңнан 125 мыңға жетіпті.  Сол тоғыз жылда Шерағаңның шекпенінен қаншама тарландар мен таланттар өсіп шықты. Шерағаң әдебиет пен мәдениеттің бесігіне айналған «Қазақ әдебиетін» жаңа бір белеске, жаңа бір биікке алып шықты.  Демек, 80 жылдық тарихы бар «Қазақ әдебиетінің» тоғыз жылы Шерағаңа қарыздар деген сөз?.. Басылымның алғашқы бетінен Шерағаңның келбетінің қасқайып тұрмағанына қарнымыз ашты. Бір кем дүние…