Жаңалықтар

КӘСІПКЕР ӨЗІНЕН БҰРЫН ӨЗГЕНІ ОЙЛАУҒА ТИІС

ашық дереккөзі

КӘСІПКЕР ӨЗІНЕН БҰРЫН ӨЗГЕНІ ОЙЛАУҒА ТИІС

 Кәсіпкерлікке деген қоғамдық көзқарас өзгеріп келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында алыпсатарлыққа малданып, одан кейін «жаңа қазақтар» деген түсінікке бой алдырып, тіпті саудагер атаулыны «кәсіпкер» атандырған күндер өтті. Бұдан былай, «кәсіпкер» дегеніміз, «кәсіп орын иесі», яғни қарақан басының тоқтығын ойлаудан өсіп, өзгелерге жұмыс – кәсіп беріп отырған, ұйымдастырушылық қабілеті күшті, адал еңбек иесі екенін түйсіне бастадық.Сондықтан да болар, өткен жылдың соңында «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдары «Үздік кәсіпкер» деп танып, бұл атақпен Қазақстандық софтверлік компаниялар қауымдастығының президенті, тәжірибелі кәсіпкер Азаматхан Әміртаевты марапаттағаны қуанышты да қалыпты жайт сияқты қабылданды. Жұртқа жұмыс тауып беріп, ұлттық экономиканың дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қалай мақтасақ та жарасады.

– «Үздік кәсіпкер» атағыңыз құтты болсын! – «Жұлдыздар отбасы», «Аңыз адам» журналдарының бас редакторы Жарылғап Қалыбай ағаның шақыруымен Алматыдағы Республика сарайында өтетін шараға барғанда, мен мұндай марапатқа ие боламын деп ойлаған жоқ едім. Сондықтан мен үшін «Үздік кәсіпкер» атағы тосыннан жасалған сый-құрмет болды. Шындығын айтқанда, мен 13 жасымнан бері кәсіпкерлікпен айналысып келемін, сондықтан ол біздің қанымызға, болмысымызға әбден сіңген. Мен үшін кәсіпкерлік – өмір мектебі әрі басқаларға жақсылық жасаудың мол мүмкіндігі. Егер азды-көпті еңбегіміз елдің көңілінен шығып жатса, мақталып жатса, бұл біз үшін одан әрі көбірек жұмыс істеуге, халыққа қызмет етуге қамшылайтын жағдай. Оның үстіне, бұл атақты беріп отырған «Жұлдыздар отбасы» мен «Аңыз адам» басылымдары – қазақ ақпарат кеңістігінде өзін-өзі қаржыландырып отырған, шығармашылық шеберлікке жеткен, шын мәнінде табысты болып саналатын жобалар. Бұл басылымдардың өзі – шынайы кәсіпкерліктің үлгісі дер едім мен. Сондықтан да бұл басылымдар тарапынан берілген бағаның орны ерек.Біздің Қазақстандық софтверлік ком­паниялар қауымдастығы құры­лы­мында арнайы консорциум құрылған. Қазақстандағы IT нарығының елеулі бөлігіне ықпал ететін ең ірі отандық компаниялардың барлығы дерлік осы консорциумның құрамына кіреді. Олардың бәрінің басын қосып, ел экономикасына игі әсер ететін айтулы жобаларды жүзеге асырып келеміз. Одан бөлек, менің сауда-саттық саласымен айналысатын компанияларым да бар. Мысалы, құрылыс материалдарын сататын компаниямыз Алматы қаласының нарығында алдыңғы үштік қатарында саналады. Электр құрылғыларын сататын компаниямыз да бар. Ашылғанына үш жыл ғана болса да, жергілікті нарықта өзіне ойып тұрып орын алуға қауқар-қабілеті жетеді. Бұдан бөлек, Қазақстанда, Ресейде «Cotton shop» деген дүкендер желісін аштық. Бұл – біздің әлеуметтік жобамыз. Оны ашуға себеп болған жайт – ірі сауда орталықтарында әлемге әйгілі брендтік киімдерді қарапайым халық сатып ала алмайды. Ендеше, неге сапалы киімдерді халықтың қалтасы көтеретіндей бағаға сатуға болмайды? Осындай ойлардың жетегімен, жеті жыл бұрын осы жобаны қолға алдым. Қазір бұл дүкендер желісі Астана, Алматыда ғана емес, барлық облыс орталықтарында бар. Осы жобаға бастапқы кезде 1 миллион доллар қаражат салғанымызға қарамастан, коммерциялық тұрғыдан қарағанда, бұл дүкендерден түсетін пайда жоқтың қасы деуге болады. Есесіне, біз осы дүкендер ашылған аймақта тұратын халықтың ықыласына бөлендік, талай адам алғыс айтып, ризашылықтарын білдіріп жатады. Мұның өзі кәсіпкер адамды қанаттандырып, өз жұмысыңнан рахат табуға себеп болады. Америкалық белгілі кәсіпкер Генри Фордтың айтқан сөзі бар: «Кәсіпкер – ең әуелі өз халқының қамын ойлайтын азамат». Біз де осындай ұстаным үдесінде жұмыс істеуге тырысамыз.– Қазақстандық софтверлік компаниялар қауымдастығы бірқатар тележобаларға демеушілік жасап жүргенін білеміз. Меценаттық тұрғыда көптеген шығармашылық жобаларға да қатысады екенсіз…– Иә, қолымыздан келгенше, ұлттық өнерді насихаттайтын жобаларға атсалысып жүрміз. 2012 жылы Қазақстандық софтверлік компаниялар қауымдастығы «Терме – сөздің төресі» деген байқаудың бас демеушісі болып, бас жүлдеге жеңіл автокөлік тіккен едік. Одан соң «Жігіт сұлтаны» байқауына демеушілік жасадық, қазір «Хабар» телеарнасында жүріп жатқан «Аймақтар аламаны» атты бағдарламаның бас демеушісіміз. Бұдан басқа да жобалар бар.– Ұлттық өнерді дамытуда, қоғамдық сананы өсіруде қазақ кәсіпкерлері белгілі бір ықпалға ие болып келе жатқандай. Дегенмен, біздің қоғамда кәсіпкерлік туралы қоғамдық пікір қандай?– Жалпы, менің пайымдауымша, «кәсіпкерлік» деген ұғым бар да, «бизнесмен», яғни «іскер» деген ұғым бар. Екеуін шатастыруға болмайды. Өйткені елдік тұрғыдан алғанда, екеуінің айырмасы жер мен көктей. Бизнесмен пайда табу үшін ешқандай іс-әрекеттен тартынбауы мүмкін. Яғни, заңсыз жолмен болса да, баюдан бас тартпайды. Мысалы, шенеунік те бизнесмен, яғни, іскер адам болып саналауы ғажап емес. Ал кәсіпкер, ең әуелі, өзінің айналасын, аймағын, халқын ойлайды, олар сапалы өмір сүру үшін жағдай жасауға ұмтылады. Екіншіден, ол үшін өзінің жұмысшыларына жағдайын жасау алдыңғы кезектегі мәселе, ал пайда табу жағын ол содан кейін ғана ойлайды. Үшіншіден, кәсіпкер тұлға тек заң аясында жұмыс істейді. Ол үшін өзі тұрған мемлекетте заңның сақталуы, тыныштық пен тұрақтылықтың болуы, елдің бақуаттылығы маңызды. Сондықтан да кәсіпкерлік жолы ауыр, өйткені оның мойнына алған жауапкершілік жүгі орасан. Кәсіпкер тұлғаға айналу үшін көп еңбек, үлкен қажыр-қайрат, адалдық пен табандылық қажет. «Кәсіп» деген сөзінің мағынасы «адал жолмен кәсіп орнын құру» дегенді білдіреді. Сондықтан нарық заманында кәсіпкерлердің атқарар ролі үлкен. Кәсіпкер адам дегеніміз кім? Ең әуелі, ол – көшбасшы. Ол әрдайым жеңімпаз болуға ұмтылады. Кәсіпкер – өзіндік идеясы бар, ойын жүзеге асыратындығына көзі жететін, өзіне деген сенімі күшті, жігерлі әрі қайратты адам. Адам бір күнде кәсіпкер бола салмайды. Белгілі бір кәсіпорын ашылғанда, ол кәсіпорынның өндірген тауарлары дүкендерде сатылса, одан түскен ақша қайтадан зауытқа инвестиция түрінде құйылып, өндіріс дамиды, тауардың жаңа түрлері шығарылады – осылайша капиталдың айналымы жүреді. Ендеше, кәсіпкер осы қоғамға пайда әкелетін адам деп нық сеніммен айта аламыз. Нағыз кәсіпкерде біреуді алдау немесе ұрлық жасау деген ұғым болмайды. Қазақ айтады ғой, «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам», «Ұрлық түбі – қорлық» дейді. Мұның бәрі рас сөздер. Кәсіпкер адам еш уақытта өтірік айтпайды, ұрлық қылмайды. Атақты Дональд Трамп, Роберт Кийосаки, Брайан Трейси деген америкалық кәсіпкерлер өздерінің өмірлік тәжірибесінен бөлісетін дәрістерінде «кәсіпкерліктің тірегі – шындық» дейді. Бізде осындай кәсіпкерлер элитасы қалыптасып келеді, мен негізінен шағын және орта кәсіпкерлікті айтып отырмын.Қазірдің өзінде бұл құбылыс қалыптасып жатыр деп айта аламын. Кәсіпкерлер арасында жастардың саны басым. Бұл салада қыз-келіншектер де көп. Біз ақпарат құралдары арқылы кәсіпкерлікті жан-жақты насихаттауымыз керек. Мысалы, Түркия әлемдегі алдыңғы қатарлы экономикасы дамыған мемлекеттердің бірі. Шағын және орта кәсіпкерліктің арқасында осындай жағдайға жетіп отыр. Олар кәсіп ашу, тірлік етуге жан-жақты насихат жасады. Америкада арнайы оқу орындарында, орталықтарда кәсіпкерлікке оқытатын курстар бар. – Кәсіпкерліктің онлайн-мектебін ашқандарыңызды естідім. Мұндай мектепті ашудың тиімділігі неде?– Осыдан екі жылдай бұрын арнайы жобаны қолға алып, ғаламторда қазақ тілінде бизнес ашуға, жүргізуге қатысты бейнедәрістер дайындадық. www.kitv.kz сайтында кез келген адам кәсіпкерліктің қыр-сыры туралы мағлұмат алуына мүмкіндік бар. Команда құра білу, бизнестің түрлері, кәсіпкерліктің қағидалары туралы т.б. тақырыптарда дәрістер оқыдық. Бейнедәрістерді өз студия­мызда түсіріп, оларды ақпараттық технологиялар арқылы барлық әлеуметтік желілер арқылы, сайтымыз арқылы тараттық. Ғаламторда біздің дәрістерімізді жиынтық саны 100 мың адам тыңдады дей аламыз. Бұл дәрістер болашақта орта білім беру мектептерінде де таратылуы мүмкін. Мені бір алаңдататын жайт, қазіргі жастардан «Кәсіпкер болғың келе ме?» деп сұрасаң, мойнына ондай жауапкершілік алудан тайсақтайды. Оның орнына, мемлекеттік органдарға немесе ұлттық компанияларға барып, бел бүгілмей, бас ауыртпайтын кеңсе жұмысын істегісі келеді. Ал шын мәнінде, кәсіпкерліктің жолы ауыр болғанымен, оның абыройы биік, тапқаны адал. Сондықтан біздің қазіргі атқарып жүрген жұмысымыздың бір тармағы – қазақ жастарына кәсіпкерлік жолды насихаттау, оның маңызын, мәнін түсіндіру.

Сұхбаттасқан 

Гүлбиғаш ЖЕҢІСБЕКҚЫЗЫ

Астана