БОЙКҮЙЕЗ БАНК
БОЙКҮЙЕЗ БАНК
«Жас отбасы» бағдарламасы бо-йынша мемлекет басшысының тапсырмалары орындалмай жатыр. 2013 жылы біз 70 пайызын енгіздік. Білдей төрт аймақтың көрсеткіші – нөл шаршы метр», – деді Үкімет отырысында. Бұл тұрғыда Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің орны ерекше. «Олай болса бұл аймақтарда банк жұмыс істеп отырған жоқ деген сөз. Маңғыстау, Жамбыл облыстарындағы бөлімшелерде қаншама адам отыр… Ешкім жұмыс істемейді, бұл бос отыр деген сөз. Тындырылған іс жоқ, Маңғыстау мен Жамбыл облыстарында осы маңызды бағыт бойынша ештеңе істелмеген. Маңызды бағыт дегеніміз – тұрғындардың барлық категориясына арналған бағыт, әсіресе «жас отбасы» категориясы бойынша Шығыс Қазақстан облысында, Астанада, Оңтүсік Қазақстан облысында – дым жоқ», – деп налыды Премьер. Премьердің айтуынша, лимиттерді жұмыс істейтін облыстарға алып беру керек. Ал баспана керек емес, сұраныс жоқ, әкімдері бос отырған аймақтардағы банктің филиалдарын жауып, қайта баспанаға мұқтаж облыстар жұмысына бағыттау керек. Ресурс бар, қаражат бөлінген, ендеше нәтиже неге жоқ? «Сіздер пайдалануға беру жоспарын орындап отырған жоқсыздар ғой. Ақша бар, лимит айқындалған. Бұл санат бойынша пайдалануға беру жоспары – 484 мың шаршы метр. Іс жүзінде пайдалануға берілгені – 308 мың шаршы метр. Сіздердің игерген өңірге қаржыны ұлғайтуға құқыларыңыз бар, неге пайдаланбайсыздар?», – деді Үкімет басшысы.Алматыда пәтер жалдап тұратын отбасылар көп. Жас отбасылар ғана деп бөлуге де келмейді. Қаланың маңайын төңіректеп, күнкөріс көзі, бала-шаға қамымен арзан пәтердің соңында жүргендер аз емес. Ал осы уақта Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің бұрынғы басшылары бас-басына және ағайын-туғандарына жаңа баспана алып берген. Қарапайым халыққа жеңілдікпен берілетін үйлер пәтер кезіп, қаңғып жүрген халыққа емес, тоқшылықтан тойып секіргендерге бұйырған. Бұл дерек көпшіліктің наразылығын тудырды. Парламентке де жетті. Бір үміт оянып, бір нәтиже шыққандай еді. Күні кеше Алматы қалалық Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне қатысты қылмыстық іс қозғалмайды деп жариялады. Бұл мәселенің шешімін қалай шығару керектігін де Президент өзі айтқан еді. «Бұл тәртіпсіздікті доғарып, «Әйгерім» кешеніндегі үйлер қайтарылсын» деген. 9 пәтердің егесі банктің бұрынғы басқарма төрағасы, басқарма төрағасының 2 орынбасары және Алматы облысы филиалының директоры мен Алматы қаласындағы банк филиалының директоры, сондай-ақ осы тұлғалардың туыстары. «Бәйтерек» ұлттық холдингі пәтерлерді қайтару басталды деген еді. Алайда банктің бұрынғы басшылары бұл баспаналарын ел қатарлы қайтарғысы жоқ. Мәулен Өтеғұлов пен Мамила Мұсабекова пәтерді қайтарудан бас тартып отыр. Бұл үшін олар сотқа тартылды. Осы арада ТҚЖБ-нің басшылары ауысты. Банк басшылығына Айбатыр Жұмағұлов келді. Алайда банктің бұдан да басқа жасырын қызметтері Қаржы полициясының назарына ілінбеген екен…Өткен жылдың аяғында Президент Нұрсұлтан Назарбаев осы банкке қатысты қолайсыз мәліметтерді Үкімет отырысында айтқан еді. Тіпті бұл отырыста бас-басына артығымен баспана алған бұрынғы басшылардың аты-жөні мен қызметіне дейін айтылды. Алайда баспасөз беттерінде бұл ақпарат кеңінен көрініс таппады. Президент «Мен айтқан сын бойынша тек Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкінің жағдайы жөніндегі деректер ғана айтылды, өзге ешқандай ақпарат болған жоқ. Тіпті бұл ретте менің тарапымнан айтылған сынның бір бөлігі газет беттерінде де көрініс таппаған және телеэфирден де берілмеген. Сондықтан әркімнен тек өз бағыты бойынша бағдарламалардың орындалуы бойынша ғана емес, сондай-ақ Үкіметтің, министрліктер мен ведомстволардың жұмысындағы кемшіліктерді жою жөніндегі барлық нұсқауымның орындалу тұрғысында қатаң түрде жұмыс жүргізуін талап етемін» деп налығаны есте. Десе де банкке тағылған кейбір айыптауларға қатысты іс көтерілген еді. Міне, осы істі Алматы Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті «қылмыстық іс» санатына жатқызған жоқ. Іс көтеруден бас тартты. Неліктен? Халыққа арналған арзан баспананы кезексіз, туысы арқылы, шекесінен шертіп тұрып таңдап алады. Сыбайлас жемқорлық деген осы емес пе?«Жиналған мәліметтерді зерттей келе «Әйгерім» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді банк басшылығы тарапынан таратылуы туралы қылмыстық іс қарастырылмайды. Осыған орай департаменттің тергеу басқармасы қылмыстың құрамы жоқ болғандықтан қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдады», – дейді Қаржы полициясының баспасөз хатшылығы. «Әйгерім» тұрғын үй кешені «Қолжетімді баспана – 2020» бағдарламасы аясында тұрғызылған. Баспанаға нағыз мұқтаж жандар үшін тұрғызылған. Алайда тамыр-таныстық осы саланы жаулап алғалы қашан?! Тергеу барысында банктен пулдарды бөлу және баспананы беру туралы, несие шарттары, қызметке тағайындау бұйрықтары және олардың қызметтегі міндеттері туралы құжаттар алынды. Бүгінгі таңда бұл деректер Алматы қалалық прокуратурасына жіберілді. Оған қоса Алматы баспана басқармасынан жоғарыда көрсетілген тұлғаларға баспана берілгенін растайтын құжаттардың көшірмесі де тапсырылды. Бұл арада басқа да салымшылардың құқын қорғау және банк құпиясын ашпау мақсатында Алматы прокуратурасы кейбір құжаттарды ғана қараған және өткен жылы департаментте тексеріс жүргізілгенін алға тартқан. Ал саясаттанушы Дос Көшім қылмыстық іс көтермеудің бізге беймәлім тұстары болуы мүмкін деген пікірде. «Бұл шешімнің қаншалықты заңды екенін білмеймін. Бірақ әділ емес екені анық. Қаншама отбасы жиған-тергенін тірнектеп, аузынан жырып банкке салымшы болады. Сондағысы бір баспанаға қол жеткізу, ал басқалар туыстары арқылы оп-оңай ала салады. Әрине, бұл әділетсіздік. Қазір Кеңестер одағы емес, бәріне бірдей, халықтың ортақ мүлкі, тұрғызылған үйді пролетариатқа тең бөлу деген ұғым жоқ. Нарықтық заманда инвестиция салатын банк, үй тұрғызатын мердігер компаниялар арасында өзара келісім болады, яғни дайын өнімнің 10 немесе 5 пайызы банктікі және оны қалай пайдаланса да өз еркі деген қағида болуы мүмкін. Сонда басшылар үйді өз ұлына, туысына берсе де заңсыз болмайды. Сондықтан қылмыстық іс қозғалмаған шығар», – деді ол. Банктің мойнына артқан жүгі жеңіл емес, әрине. Барша қазақстандықтардың баспаналы болуы, баспанаға біртабан жақындауы осы банктің мойнында. Сондықтан әр қадам, әр құжат пен әрбір кезекте тұрған салымшы маңызды. Бірақ осы банкті айналшақтап жүрген шу қайдан шығуда? Өткен жылдың маусым айында Парламент Мәжілісі депутаттары Премьер-министрге және Бас прокуратураға Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жемқорлыққа қатысты тексеріс жүргізу туралы хат жолдаған еді. Бұл хатта банктің қызметкерлерінің қитұрқы әрекеттері жөнінде жазылған болатын. Алайда банк басшылығы бұл мәліметті жоққа шығарып, бірқатар дәлелдер де келтірген. Бірақ бұл факт көп ұзамай расталғаны баршаға мәлім. Мамандардың айтуынша, сатылымға қойылған үйлерді халықтың 10 пайызы ғана алуға мүмкіндігі бар. Ал 2014 жылы мемлекеттік тұрғын үй қорынан Алматы қаласы бойынша баспанаға мұқтаж адамдар кезегінде тұрған азаматтарға 1 500 -ден астам пәтер қолданысқа берілмек. Алматы қаласы бойынша тұрғын үйдің шаршы метрі орта есеппен 1500-1700 АҚШ доллары. Астанада жер – 1700-1900 долларға дейін шарықтап кеткен. Мамандардың айтуынша, биыл құрылыс тағы да қарқын алмақ. Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов: «Бүгінгі күні ресми мәлімет бойынша, халқымыздың 66 пайызы баспанаға мұқтаж. Дамыған елдерде жыл сайын адам басына шаққанда 1 шаршы метрден үй салынады екен. Ал өткен жылы Алматыда жалғыз Алғабас ықшам ауданы ғана бой көтерді. Мемлекеттік тұрғын үй қорынан әлеуметтік жағдайы нашар тұрғындарға 420 жалдамалы пәтер берілді. 2005-2007, 2008-2010 жылдарға арналған баспанамен қамту бағдарламасы бойынша, 450 пәтер тағы бөлінді. «Жас отбасыларға 2020» қолжетімді тұрғын үй бағдарламасымен 216 пәтер таратылды. Биылғы жылы да бұл бағдарламалар жалғасын таппақ», – дейді. Биыл Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы халыққа кезекте тұрмайтын, тұрғын үйге мұқтаж азаматтар үшін тікелей банкпен келісімшарт жасау арқасында мыңнан аса пәтер өткізілмек. Бірақ бұл әдіс баршаға баспана әпере алмайды. Өйткені былтыр ипотекаға жүгінгендердің 13 пайызы ғана қарыздарын толық әрі уақтылы жапқан. Ал қалған 87 пайызы берешегін өтей алмай келеді.
Ақниет ОСПАНБАЙ