Жаңалықтар

АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН АКУШЕР

ашық дереккөзі

АТУ ЖАЗАСЫНА КЕСІЛГЕН АКУШЕР

Ату жазасына кесілген қытай дәрігері Чжан Шусяға тағылған айып – балаларды заңсыз түрде сатумен айналысқан. «Fuping» ата­латын ана мен бала госпиталінде жұмыс істеген Шуся 2011 жылдың қарашасынан 2013 жылдың шілдесіне дейін 7 нәрестені сатып үлгеріпті. Ата-аналарды: «Балаң айықпас дертке ұшыраған. Өмір-бақи қиналып жүресің бе? Одан да ауруханаға тастап кет», – деп үгіттеу арқылы қулығын бірнеше рет асырған дәрігерден бастапқыда ешкім күдіктенбепті. Балалардың әрқайсысын 7,8 мың АҚШ долларына сатқан ол соңғы рет бала ұрлығын 2013 жылдың 16 шілдесінде жасаған екен. Қақпанға түсуіне де осы қылмысы себеп болған. Сап-сау туған баланы әке-шешесіне ауру етіп көрсетіп, оларға баладан бас тартуды ұсынады. Шақалақтан өз еріктерімен бас тартқан әке мен шеше біраз күннен кейін көңілдеріне кіді алғандықтан, пысықай дәрігердің үстінен полицияға шағым түсіреді. Бірақ ол кезде Шуся баланы көршілес Хайнань провинциясына сатып жіберген екен. Балақай ата-анасына тамыз айында кері қайтарылады. Өкініштісі, дәрігер саудаға салған нәрестелердің алтауы ғана отбасына қайтарылған. Ал бір қыз бала шетінеп кеткен екен.

Шуся шығарған шудан кейін Қытай аумағындағы 50 бала ұрлығы бойынша қылмыстық істі тексеруге кіріскен тәртіп сақшылары оның 26-сы Шусяға қатысты қозғалғанын айтады. Ал сот отырысында дәрігердің қорғаушысы оның бірнеше рет марапатқа ие болғанын, балалардың ата-аналары өз еріктерімен бас тартқанын айтса да, сот дәрігерді ату жазасына кесті. Қытайлық сарапшылардың пікірінше, өлім жазасын сот өмір-бақи түрмеде отыруға ауыстыруы мүмкін.

Өкінішке қарай, бала сатып байы­ғысы келетін ақ халаттылар Қазақстанда да жетерлік. Былтыр Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан об­лыстарының медицина қызмет­кер­лерінің үстінен бала сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ал Шымкентте тастанды баланы 6 мың долларға сатқысы келген екі медбике 8 жылға түрмеге тоғытылды. Мұндай келеңсіздік Алматы қаласындағы нәрестелер үйінде де бірнеше рет қайталанды. Сорақысы сол, шақалақ жарық дүние есігін ашпай тұрып, баласын сатуға тырысатын аналар да табылады бізде. Мәселен, 2012 жылы Алматы облысы Ұзынағаш қаласында тұратын бір келіншек жалға алатын пәтердің қарызын төлеу үшін дүниеге енді келетін баласын 200 мың теңгеге сатқысы келіпті. Сондай-ақ, Ақтөбе қаласында тұратын 25 жастағы бір келіншек 5 жасар қызын 7 мың долларға сатуға әрекеттеніпті. Интернет арқылы танысқан тәртіп сақшылары баланы «сатып алуға» келіскен. Құрыққа түскен ана «Аурумын, ақша емделуге керек еді» деп ақталғанмен, сот оны 8 жылға, ал баланы сатуға көмектескен қыз баланың өгей әкесін 9 жылға бас бостандығынан айырған. Қу тіршіліктің ауыр жүгін бала сатумен жеңілдеткісі келгендер саны жыл өткен сайын артпаса, кемімей отыр.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ