ЕГИПЕТТЕГІ РЕФЕРЕНДУМ
ЕГИПЕТТЕГІ РЕФЕРЕНДУМ
Арада екі жыл өтпей жатып, тағы да саяси төңкеріс жасаған Египет халқы жаңа конституциясын қабылдамақ. Аталған құжаттың басты мақсаты – экс-президент Мүрсидің кезіндегі шариғат заңдарының кейбір баптарын жоққа шығарып, әскерилер мен парламентке басымдық беру.
Египет халқы жаңа конституцияны қабылдауға қатысты референдум өткізбек. Егер жаңа заң жобасы қабылданса, экс-президент Мохаммед Мүрсидің кезінде қол қойылған конституцияны жоққа шығарады. Мүрси былтыр қарулы күштердің ықпалымен тақтан тайдырылған болатын. Халықтың қалауын білдіруі тиіс саяси науқанда құрбан болғандар бар. Референдумның алғашқы күні полиция мен дауыс берушілер арасында болған қақтығыста бір адам қаза тапты. Сарапшылар қауымы дауыс беруге 52 миллионнан астам адам жиналады деп күткен.
Египетті екіге жарған жаңа заң жобасын қабылдау туралы шешім былтыр жазда экс-президент Мүрси 2013 жылдың 3 шілдесінде тұтқындалғаннан кейін туындаған еді. Жаңа конституцияны түзуге 50 азамат атсалысыпты. Олардың арасында әскерилер, саясаткерлер, діни қозғалыс мүшелері бар. Ислам дініне шектеу қоятын жаңа заңда әскер мен парламентке барынша басымдық берілген. Мәселен, елдің әскери басшылығы қызмет барысында президенттің екі кезеңіне дейін қорғаныс министрін ұсынуға құқылы. Ал президентті тақтан тайдыру мен сотқа тарту құқы парламенттің үлесінде болады. Ол үшін заң шығарушылардың үштен екі бөлігі дауыс берсе және референдум қорытындысы жағымды болса, жетеді. Қазіргі билік жақтырмай отырған конституция мәтінін Мүрси мүшелікке өткен «Мұсылман бауырлар» қозғалысының өкілдері дайындаған болатын. Алайда, экс-президентті отставкаға кетуге мәжбүрлегендер референдум арқылы жаңа заңды қабылдап алып, сосын парламенттік және президенттік сайлауды өткізуге құлықты.
Бұрынғы конституция неге сынға ұшырады? Себебі, шариғат заңдарына басымдық берген заңға либералдық күштер мен атеистер жағы үзілді-кесілді қарсы болған. «Бостандығымызды шектеді» деген наразы топ 2011 жылы ереуілге шықты. Олар әсіресе, әскери соттар мен шариғат заңдарын сынға алды. Сонымен қатар әйелдер мен халықтың 10 пайызына жуық бөлігін қамтитын христиандардың құқы қорғалмады деді. Бүгінде египеттік саяси күштердің пікірі екіге жарылған. Бірі референдумды қолдағысы келсе, енді бірі қарсы. Ал Мүрсидің жақтастары саналатын «Мұсылман бауырлар» қозғалысының ондаған мүшесі тұтқынға алынып, исламдық бағыттағы бірқатар БАҚ «Мохаммад Мүрсидің сойылын» соғады деген айып тағылғандықтан, қызметін тоқтатыпты. Референдумның нәтижесі ертең белгілі болмақ.
Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ