ШЕКАРАСЫ БЕРІК БОЛМАЙ, ЕЛ БЕДЕЛДІ БОЛМАЙДЫ
ШЕКАРАСЫ БЕРІК БОЛМАЙ, ЕЛ БЕДЕЛДІ БОЛМАЙДЫ
Жеті қазынаның бірі – жылқы малын қадір тұтқан қырғыз елі жылқы жылына көтеріңкі көңілмен қадам басқан. Жаңа жылға санаулы күндер қалғанда Қырғызстан Жоғарғы Кеңешінің депутаты Қарғанбек Самақов Парижге барып, «Манас» эпосын қырғыз халқының атынан әлемдік мәдени құндылықтардың тізіміне тіркетіп келді. Бірнеше жыл бұрын эпос Қытай Халық республикасының атынан тіркеліп, бауырластарымыз бұған намыстанып жүрген еді. Жыл тоғысқан күндердегі осы жақсы рәуішті қырғыз-тәжік шекарасындағы қанды қақтығыс бұзып жіберді.
11 қаңтарда өлкенің оңтүстігіндегі Бәткен облысының Ақсай ауылының іргесіндегі жол құрылысының алаңында қырғыз және тәжік шекарашылары өзара атысып, бір сағаттай уақытқа созылған шайқаста қырғыздың 5 шекарашы жауынгеріне және бір милиция қызметкеріне оқ тиіп, ауыр жарақаттанды, тәжіктердің 3 шекарашысы жеңіл жарадар болды. Таратып айтсақ, оқиға былайша өрбіген: екі өлкенің ортасындағы келісімге сәйкес, шекара телімін екі тараптың шекарашылары бірігіп, көземелдеп тұрған. Тәжікстаннан бронды машина мініп келген әскерилерді қырғыз шекарашылары сондай мақсатпен келген деп ойласа керек. Көліктен түсе салысымен тәжік командирі қырғыз отрядының командиріне «шекара бойында жүргізіліп жатқан жол құрылысын жұмысшылар тез тоқтатсын» деп әмір бере сөйлепті. Тіпті, ол тапаншасын кезеп, қоқан-лоққы жасай бастаған. Ерегіс ушығып, тәжікелескен тәжік командирі қырғыз командирінің ішін көздей атып та жіберіпті. Содан екі жақтан жаппай атыс басталып, тәжіктер қаша ұрыс салып, шекараның арғы бетіндегі өз позициясына шегінген. Ол жақтағы бекіністен тәжіктердің арнайы жасақтарының минометпен оқ жаудырғанына қарағанда, жауынгерлер қақтығысқа алдын ала қамданған сияқты. Минометшілер қырғыз жеріндегі су бөлетін қондырғыны да көздеп атып, оны істен шығарған.
Жарақаттанғандарға жергілікті емханаларда операциялар жасалды. Жол жүруге жарайтын үш қырғыз сарбазы Бішкекке әкелініп, оларға медициналық жәрдем көрсетілу үстінде.
Тәжік тараптың әскерлері қырғыз шекарашыларын америкалықтар шығарған оқ-дәрімен атқылаған деген сөздер айтылуда. Оқиға болған жерлердегі снаряд жарықшақтары және қарсы тараптан атылып, бірақ түскен жерінде жарылмай қалған қуаты зор бір гильза сол «Сэм бәйкелердікі» делінуде. Бұл заттар қазір зертханада тексерілуде, егер жорамал анық болса, оқиғаның аяғы шиеленісе түспекші.
Қырғыздың ресми дереккөздерінің мәліметіне сүйенсек, оқ атуды тәжіктер бастағаны рас. Бірақ, тәжік тараптың жетекшілері мұны мойындап отырған жоқ. Қайткен күнде де, оқиға қырғыз жерінде болып жатқан соң, қырғыз тараптың уәжі шындыққа жақын екені анық.
Өлкенің қорғаныс, қауіпсіздік және шекара жағдайына бас-көз болған вице-премьер-министр Тоқан Мамытов журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында тәжік шекара күштерінің арнайы отрядының майор шеніндегі командирі қырғыз лейтенантына тапанша тақап, қорқытқанын, сосын оны ауыр жарадар қылғанын ашына баяндап берді. «Қырғыздар қорқып отыр екен деп ешкім ойламасын, біз екі өлкенің ортасындағы келісімдерді бұзғымыз келген жоқ, тәртіп сақтадық, бізге қол салғандарды аямаймыз», – деді вице-премьер-министр.
Қазіргі уақытта қырғыз-тәжік биліктері министрлер дәрежесінде келіссөздерді жүргізіп, екі өлкенің прокуратуралары оқиғаны тексеру үстінде. Шекара бекеттері уақытша жабылды.
Жанжалға қарамастан, қырғыз территориясында шекара бойлай салынып жатқан Ақсай, Тамдық, Көкташ елді мекендерін жалғайтын автожолдың құрылысы одан әрі жалғастырылуда. 21 шақырымдық жолдың алғашқы шақырымдарына қызу жұмыс жүргізілуде. Сарапшылардың айтуынша, жол салынса, шекара бойындағы тәжіктер оның қырғыз бетіне өте алмай қалады екен. Белгілей кетсек, 2 мыңнан сәл көбірек халқы бар Қырғызстанның Ақсай ауылы Тәжікстанның 40 мыңға жақын халқы бар Ворух анклавына (Қырғызстанның территориясының ішіндегі тәжік территориясы) және Тәжікстанның 10 мыңдай халқы бар Қожоало ауылына таяу орналасқан. Жергілікті қырғыздар Ақсайдан Қырғызстанның басқа жағына бару үшін тәжік жері арқылы өтеді. Кейінгі кездерде бұл жолмен жүру қырғыздар үшін тозаққа айналған. Малын ұрлатады, жергілікті ел жүргіншілерді таспен атқылайды дегендей. Жаңа жол қырғыздың өз жері арқылы қарым-қатынасуға мүмкіндік бермекші.
Тәжіктердің қырғыз жеріне көз алартып отырғаны – жыл сайын халқының саны өсуде, диқаншылықпен және мал бағумен айналысатын тәжік ауылдарының жерлері күнкөріске қолайсызданып барады, жері тар, су тапшы, жайылымы жоқ. Мұны тәжік билігі білсе де, білмегендікке салуда. Сірә, 11 қаңтар оқиғасы қырғыздарды қорқытып қоюдың амалы болса керек.
Осы маңдағы қырғыз-тәжік жанжалы сонау кеңес дәуірінде де болып келген, ол күшпен басылып отырған. Әлбетте, қазіргі ең басты себеп, қырғыз-тәжік шекараларының осы күнге дейін нақты заңдастырылмағанынан болуда. Қырғыз-тәжік шекаралары ғана емес, қырғыз-өзбек шекараларын да делимитациялау әлі аяғына жеткен жоқ.
Шекарадағы жанжалдың 7 – 9 қаңтарда Душанбе қаласында қырғыз-тәжік шекара қызметтерінің жетекшілерінің екі жақты келіссөздерінен кейін 2 күн өтпей тұтанғанына таң қалмауға болмайды. Оның үстіне, 14 қаңтарда қырғыз-тәжік дипломатиялық байланысының басталғанына 21 жыл толып отыр.
Қырғыз-тәжік мәмілесінің жақсы болуы қазіргі кезде тәжік тарапқа көбірек қажет болып отырғанын еске алсақ, тәжіктердің бұл қоқан-лоққысын түсіну мүмкін емес. Тәжік-өзбек шекаралары бекем жабылып, қатаң күзетуге алынғандықтан, тәжіктер посткеңестік мемлекеттермен қырғыз дәлізі арқылы байланысып, ауқатын жасап жатқаны мәлім.
Ош облысындағы Орта Азияның ең үлкен Қарасу базарына Тәжікстаннан келіп-кетіп сауда жүргізгендер бір тынбайды. Олар ең керекті азық-түліктерді және тұтынатын заттарды осы базардан арзан бағада алуда. Күн сайын Тәжікстаннан Ресейге баратын шағын автобус Бәткен облысының аймағы арқылы өтеді екен. Тәжікстан жанар-жағар маймен Қырғызстан арқылы қамтамасыз етілуде. Қырғыз іскерлері шекара бойлай 400 жерде май құю бекетін орнатқан.
Қырғызда шекара мәселесіне байланысты «Шептен – ердің күші бек» деген атам заманнан келе жатқан мақал бар екен. Онысы – «Шекарада құрылған шептен (қорғаннан), ол жерде жауынгердің тұрғаны сенімдірек» деген мағынаны білдіреді. Дегенмен, шекарасын бекемдеп, мықтап бекітіп алмаса, Қырғызстанда шекарадағы жанжалдар әр жерден қылт етіп бой көтере беретінін Ақсай оқиғасы тағы бір рет дәлелдеп отыр.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»
Қырғызстандағы тілшісі