Жаңалықтар

БІР МЫСҚАЛ МҰҢ

ашық дереккөзі

БІР МЫСҚАЛ МҰҢ

Ақынның мына дүниеде қанша жыл жасағаны маңызды емес. Халыққа оның адам жан-дүниесінің дұғасына айналған өлеңдері керек. Сөздің киесі рухына сіңбейінше өлең жазбайтын серті керек. Болды. Бұдан кейін ақын онсыз да күй болып шертіледі, жыр болып төгіледі. Кемерінен асып, көңілдерді жайлайды. Жиырма жасында дүниелік көзқарасты өзгерткен ақындар да болған шығар тарихта, ал отыз жасына келмей әдебиеттің тарихында қалғандар жетерлік. Сұлтанмахмұт, Меңдекеш, Саттар, Есенин… Олар бәлкім, тағдыр тақтасындағы жазуды өзгерткен шығар, мүмкін содан жұлдызға айналып кеткен болар. Бізге бұл беймәлім, себебі, мұндай тылсымды таразылайтын түйсік адамзат баласында дами қоймаған. 

Өлең жарықтық дегдар талант­тарды өзі іздеп табады ғой. Құдайдың құдіретімен кеудесіне пендеге беймәлім бір күйде еніп, түссіз жұпар ретінде кеңістікке тарап жатады. Сөйтіп, Алланың пәрменімен көктен түсірілген жыр, шайырды мәңгілік жыр бесігіне құндақтайды. Алқызыл таңда періштелер Алладан сүйінші сұрағанда жер бетіне ақындар келген шығар дейді түйсік. Бәлкім, бұлай болмауы да бек мүмкін. Бірақ Өлең дегенде бір құдіреттің тамырының иіп сала беретіндігі анық. Ардақты Мұхаммед пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Адамдардың арасында мұсылманға ең жақыны ақындар шығар» деген. Кейіннен «Ақындардың жүрегі – Алланың қазинесі-дүр» деген байлам жасаған. Пайғамбарлық пен ақындық Алланың сүйген құлына берілген деп жатамыз. Ақындық – Алланың аманаты. Құдай сөзі. Ақындықтың ең биік эталоны да Құдай. Өлең – тағдыр. Өлеңді тағдырым деп түсінген ақын – әдебиеттің адал перзенті, сөз өнерінің құлы. Біздің Кеңшілік Мырзабеков туралы пікіріміз де осыған саяды.

Әдебиет тарихының өзі траге­диядан тұрады. Олар «соғыстан соң туғандар» еді. Шеттерінен өлеңмен дерттенген, әдебиетке адал, бекзат болмысты жігіттер. Кеңшілік Мырзабеков, Жұматай Жақыпбаев, Жарасқан Әбдірашев, Тынышбай Рахимов, Дәуітәлі Стамбеков… Барлығы да бақилық болған бүгінде. Кейде қайта оралмас мәңгілік сапарды Кеңшілік ақын бастап кеткендей көрінеді бізге. Елуге жетпеген барлығы. Бірақ, ақынның жасының маңызды емес екендігін жоғарыда айттық қой. Әңгіме Алланың аманатын адал орындауда, егер ол аманат әлдеқашан орындалып қойса, ақын да мәңгілік мекеніне кетеді-дағы. 

Кеңшілік Мырзабеков қазақ поэзиясының қабырғалы өкілдерінің бірі. Ішіндегі санаулысы. Оның поэзиясының көркемдік ерекшелігі, түр бөлектігі қайталана қоймайтындығы мәлім. Қазақтың арғы-бергі тарихында ғажайып ақындар болған, бірақ халық санасынан берік орын алғаны аз. Өлең шіркіннің талғамына татитыны санаулы. Кеңшілік ақын сондай аздың, санаулының бірі еді. «Өлеңге таласы бар» әрбір жас Кеңшілікке соқпай өтпейді, өлеңдерінен өзіне керегін алады, ақынмен «ауыруы» да бек мүмкін.

Күнім шыққан сәскеге, 

мезгіл шаңқан,

…Сені сүйеді екенмін, 

сездім, қалқам.

Мені сүйсең, 

«жоқ-барға» мойындамай,

Уайымдамай, уақытша 

төзгін, қалқам.., – 

деп басталатын өлеңін жатқа оқу­шы едік. Алғашқы махаббатымыз ту­ралы мөлдіретіп дәл солай жазғымыз келетін, бірақ ол Кеңшілік ақынның ғана маңдайына бұйырған шумақтар екенін жете түсіне бермейтінбіз. Оны түсінетін мұрсат қайда, өзіміз ақындықтың ауылынан дәметіп, Кеңшілік және қазақтың барлық мықты ақындары секілді болғымыз келіп жүргенде…Бірақ ақындық деген біз ойлағандай тек өлең жазу ғана емес екен. Оның бізге бейтаныс қырлары да бар болып шықты. Әрине, поэзияның деген талаптарына жауап беретін, соның үдесінен шығатын адам ғана ақын бола алатын шығар. Әйтпесе, өзін-өзі ақын санап жүрген жазармандар, әуесқой өлең жасаушылар ұлттық деңгейге дейін көтерілмей ме?! 

Қырық үш жасында дүние кешсе де, Кеңшілік бақытты ақын. Себебі, ол «Жылтырағы өшіп, шошқа терісі қалатын» (Г.Х.Андерсен) өлеңдер жазған жоқ, жаза алмады. Кейбірі секілді көлгірсіп, данышпансыған жоқ. Күні үшін мадақ өлеңдер жазып, арнайы «ізденбеді» де. Жазды, жүректегісін жазып кетті. 

Біз жоғарыда ақынның өмірден ертерек өткендігі туралы айтып қалып едік. Өзегін от қарып, өмірден ерте өткен тек Кеңшілік ақын ғана ма екен?! Данышпан Абайдың өзі алпысқа толған жоқ еді ғой. Мағжан мен Жүсіпбек секілді арыстар ердің жасына да жетпеді. Әдебиет тарихының трагедиядан тұратындығы осында жатыр. Сол үшін қазақ әдебиеті қазаны көп көрген, мың мәртебе қара жамылған ұлы соқпақ. 

Жақында ақынның бір томдық таңдамалы шығармалар жинағын қайта оқыдық. Ақынның қолтаңбасы, өзіндік таным мен түйсігі бірден көзге ұрады. 

Бозала таңда бозторғай әлі 

шыр етпей,

Тып-тыныш дала тұмшанып 

шыққа сүмектей.

Жылыстап алып, жарығы налып 

жұлдыздың,

Қалтырайды кеп баяу бір соққан 

жүректей…

(«Таң»). 

Немесе:

Көкжиекке бір ымырт қонды келіп,

Жарық дүние тағы 

бір күнді ұрлатты.

Жалқын сәуле жарығы 

жонды бөліп,

Сәл қозғалған селеулер 

діріл қақты… 

Ақынның суреткерлік қасиетіне куә боласыз. Кез келген адам өлең жазуы мүмкін, бірақ сөзден кесте тігетіндері сирек, шынында. Ол Кеңшілік сияқты ақындардың ғана талайындағы нәрсе. 

Кеңес өкіметінің кезінде біраз қазақ ақындары стиль ауыстырды. Себебі, ол уақытта әлгіндей лирикалық шығармалар жазу, қасиетті топырақты суреттеу ақынның өз басын дауға қалдыратын. Кез-келген өлең топтаманың болсын, жинақтың болсын, алғашқы парақтары Ленинді мадақтаған «жырлармен» ашылды. Бірақ сүйегіне сіңген асылдығы, мінезіне біткен тектілігі ақын Кеңшілікті мұндай «өлеңдер» жазудан сақтап қалды. Ара-тұра жазған болуы да мүмкін, бірақ бұл күні үшін емес, атақты Қасым Аманжоловтың «Менің жаман өлеңдерім жақсы өлеңдерімді асырайды» деген тарихи сөзін растаудан болса керек. 

Расында, ақындар баллада жанрына сирек барады. Кезінде үлкен ақындарымыз бұл салада елеулі табыстарға жеткен. Бірақ кейінгі заман ақындарының балладаға қалам тартуы сирексіп кетті. Бұл – жанр дәрежесін құрметтегендік пе екен, болмаса ақындардың өздеріне қояр талабының жоғарылығынан ба екен…кім біледі. Ілгеріде Қайнекей Жармағамбетов, Сырбай Мәуленов, Хамит Ерғалиев секілді қадау-қадау ақындар ғана аталған жанрда төрт аяғын тең басар жорғадай тайпалып өтті. Олардан кейін Кеңшілік Мырзабековтің есімі ерекше аталады. Ақынның «Мұхтар мен Қаныш», «Мұхтар мен Күләш», «ФЗО-ға кеткен жеңешем», «Ұя», «Көшу» секілді балладалары қазақ поэзиясының елеулі табысы. Мұнда әртүрлі ойлар ағынында талайлы тағдыр иелері төбе көрсетеді. Шынайы кейіпкерлер галереясы ақынның қайталанбас қолтаңбасы, поэтикалық сезімталдық пен суреткерлік талғамының жоғары көрінісі.

Ақынның тағдыры оңай емес. Кеңшілік ақынның пенде ретіндегі тағдыры да қиын кезеңге тап келді. Бұл буынның «соғыстан соң туғандар» екенін айтқанбыз. Соғыстың зардабы кімнің жанына жара салмады. Жар қызығын көре алмай, жастай қалған ана да, оқ жона алмаған бала да соғысқа лағнет айтты. Әрбір заманның шындығы ақын шығармашылығынан көрініс тауып отырады десек, бұл үрдісті Кеңшілік ақын да аттап өте алмады. Ақиық ақынның «Қырық бірінші жылғы келіншек немесе жазушы Шерхан Мұртазаевқа сыр» деген өлеңі бар.

Сол келіншек сенің жеңгең, 

менің шешем еді ғой,

Сенің барың, менің барым көңіліне 

сеп еді ғой.

Сен аяушы ең, мен аяушы ем, 

ол аяйтын біздерді,

Бұл сезімді кеудемізден өмір 

көсеп еді ғой, – 

деп басталатын өлеңіне тебіренбеу мүмкін емес. Ақын жазушы ағасына сыр аша отырып, «Аяулы өмір аяй білсе, тәтті екенін ұғынғандығын» да айтады. Бірақ Кеңшілікке және Кеңшіліктің замандастарына өмір аяушылық танытты ма екен өзі?! Тұтас үш ұрпақтың қасіретін жырлай отырып, «Бәлкім, біздер көп қиындық көріп өскен соңғымыз» дейді. Ал, «өткен өмір, кетік көңілдің» жалғанда орны толар ма?!. Әрине, «бататыны сол ғана…» Ақынның бұл атақты өлеңін соғыс құрбандарына, жесір аналар мен жетім балаларға жырмен қойылған ескерткіш десек те, артық болмас. Себебі, ақын ескерткіштің тек қана затпен емес, сезіммен де қойылатынын көрсетті. 

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаев «Сары бала» деп еркелеткен Кеңшілік Мырзабеков қазақ үшін қымбат. Бар ғұмыры өлеңге сіңіп кеткен ақын бүгінде сол Мұқағалилардың санатында. Бірақ, ол – Мұқағали емес, Кеңшіліктің өзі. Өлеңі өзінің еншісіндегі дүние. 

Бір мысқал мұңым, 

тұрмыс, тағдырым сенбісің,

Болмыстан бітім, 

тумыстан ділім сенбісің?

Туыс та, дос та суысқан 

күні басымнан

Сүйеген менің бір мысқал мұңым сенбісің?! – 

дегені де ақын­дық­тың мехнаты, тіпті, өзіне тән азап-шері. Әлмисақтан ақынның мұңның перзенті екенін дәлелдеген шығарма. 

Ғашықтық – азап, азабы ғажап 

бірақ та,

Дертінде тозақ, деміндегісі 

жұмақ па?!

Шын ғашық болсаң біріңді-бірің 

жылатпа,

Жылаттың екен, жыласын ға­шық, жұбатпа! – деген керемет жыр­ды кім білмейді. Қайран қимас кез­дерді еске салады еріксіз.

«Шабыт үстінде Құдайдай құ­діретті, күйбең тіршілікте құ­мырс­қадан дәрменсіз» (А.С.Пушкин) ақын­ның басты миссиясының орын­далуы – оның бақыты. Әйтпесе, жақсы да, бақсы да өтіп жатқан өмір қашан бір орнында тұрып еді…

Хамит Есаман

Тараз қаласы