ҚАНАТЫ КҮЙГЕН КӨБЕЛЕК

ҚАНАТЫ КҮЙГЕН КӨБЕЛЕК

ҚАНАТЫ  КҮЙГЕН  КӨБЕЛЕК
ашық дереккөзі

Арқалық қаласының жастар театрында Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жазушы, драматург Жұмагүл Солтының «Жынды көбелек» пьесасының алғашқы қойылымы болды. Бүгінгі күннің өзекті тақырыбын көтерген шығарма көрермендердің ыстық ықыласына бөленгенін атап өткен жөн. Қойылым театрдың бас режиссері Сәлима Тасеменованың жетекшілігімен сахналанды. Оқиға жеңіл ақша жолына түскен нашақор, Ермектің (Әлібек Манетов) кесірінен жолдан тайған басты кейіпкер Дәуреннің (Нұрлан Байшин) басына түскен жағдайлар төңірегінде өрбиді. Есірткі құмарлықтың салдарынан делқұлыға айналған жаннан ажырасуға мәжбүр болған әйелі Сәбира да Дәуренге тоқтау сала алмайды. Жолдары екі айырылған олар бір-екі жылдан соң аяқ астынан кездейсоқ кездеседі. Табыс биігіне қол жеткізіп, бірқатар жетістікке жеткен әйел жалғыз аяқты қайыршыдан бір кезде өзі ұнатқан жанды әрең таниды. Ол жігітке қол ұшын созуды ұйғарады…

Қойылым ең әуелі өмір жолында оң-солын ажыратпаған, адал еңбекпен дұрыс жолға түсудің орнына оңай ақшаға алданып, теріс жолға бұрылған, алайда оны сезбеген, дұрыс таңдау жасамаған жастар тақырыбын көтерген. Сахналық туынды адам тағдырына өте жауапкершілікпен қарауға шақырып, адамгершілік пен адамдық тұрғысында ең ізгі қасиеттерді қастерлеуге тәрбиелейді. Көрермен кемтарлыққа душар болған адам тағдырына үңіле отырып, ең қауіптісі әрі оңай бүлінетін жан саулығы екеніне көз жеткізеді. Абайлап жүріп, анық баспай, жындыкөбелек секілді отқа ұшып, қанатын күйдіріп, мезгілсіз ажал құшудан сақтандырады. Әйтсе де, драматург Дәуренге қайта тірілуге мүмкіндік береді. Бұл драматургтің тосын да бірақ иманды шешімі деген ой түйдік.

Қойылым әдетте көңіл көтеру орындарын көп жағалайтын, мұндай шығармашылық жұмыстарға көп қызыға бермейтін жастарға өте ұнады. Спектакль кезіндегі залдағы ерекше тыныштық көрермен көңілінен шыққанының дәлелі іспетті. Театр репертуары тағы бір тамаша қойылыммен байи түсті деп айтуға толық негіз бар.

 Бекмырза ҚАРАЖАН, 

ЕҰУ-нің студенті 

Астана қаласы