Жаңалықтар

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі: ЭКСПО-2017 – ӨТЕ ҰТЫМДЫ ЖОБА

ашық дереккөзі

Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі: ЭКСПО-2017 – ӨТЕ ҰТЫМДЫ ЖОБА

«ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі – Қазақстан үшін өте ұтымды жоба болады деген үміттеміз», – дейді Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрлан Қаппаров. «Өйткені, оның көзге көрінбейтін артықшылықтары өте көп. Ол артықшылықтар көрмеге жұмсалатын қаржыдан да құндырақ. Мысалы, ЭКСПО-ның нәтижесінде Астана «жасыл экономикада» ерекше жетістікке жетуі әбден мүмкін. Бұл жетістікті ақшамен қалай есептейміз? Тіпті, ЭКСПО-дағы жаңа технологияларды Астанаға, одан кейін басқа қалаларға да кеңейтіп қолдануға болады емес пе? Үшіншіден, көрменің еліміздегі туризмді дамытуға зор әсері болары анық. Мәселен, көрме өтетін 3 айда орташа есеппен Астанаға 3,5 млн. адам келуі мүмкін».

Министрдің айтуынша, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық жұмыстары негізгі бес бағыт бойынша жүргізілуде. Бірінші бағыт – жаңа логотип. ЭКСПО-2017 ұлттық жоба болғандықтан, жаңа логотипті қазақстандықтар өздері таңдағаны жөн деген шешім қабылданды. 9-22 шілде аралығында «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-ның сайтында халықаралық көрменің жаңа логотипі үшін халықтық дауыс беру шарасы өтті. Онда 18 елдің 27 дизайнерлері жасаған барлығы 56 логотип халық назарына ұсынылды. Атап айтарлығы, логотипті қазақстандықтар әртүрлі ғаламтор-ресурстарда және әлеуметтік желілерде белсенді талқылады. Facebook, VK, Twitter сайттарының пайдаланушылары дауыс беруге арнайы парақтарын ашты. Жалпы алғанда, халықтық дауыс беруге 30 мыңға жуық адам қатысқан. Түптеп келгенде, «Жел энергиясы» атты логотип таңдап алынды. Ол ЭКСПО-2017 көрмесін дайындау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның шешімімен бекітілді. 

Екінші бағыт – тұжырымдама жобасы. Нұрлан Қаппаровтың айтуына қарағанда, Қоршаған ортаны қорғау министрлігі (ҚОҚМ) «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясымен бірлесіп әзірлеген көрмені өткізу тұжырымдамасының жобасы Үкіметке жолданған. Тұжырымдаманың негізі – тіркеу құжаттамасы. Бұл құжаттама бұрын ЭКСПО көрмесін өткізген елдердің озық тәжірибесіне сүйеніп жасалыпты. Нақтырақ айтсақ, бұл көрмеге қажетті нәрселердің (құрылыс, тақырып, насихат, жарнама, ақылы қызмет, қала инфрақұрылымын дамыту, қаржыландыру, инвестициялар, көрмеден кейін нысандарды пайдалану және т.б.) құжаттарының жиынтығы. «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы осы жиынтықтың алғашқы нұсқасын бітіріп, Халықаралық көрмелер бюросының (ХКБ) қарауына жіберген көрінеді. Маңыздысы сол, ХКБ-сы тіркеу құжаттамамызды бекітіп берсе, ондағы жазылған нәрселер толық іске асырылады.

«Бұл жоспармен 4 жыл бойы жұмыс істейміз, – дейді Нұрлан Жамбылұлы. – Себебі, ол 200 бетке жуық өте үлкен құжат. «Бұл құжатты тек ХКБ-сы ғана емес, халықаралық көрмеге қатысатын 100 мемлекет те мақұлдауы керек. Қатысушылардың барлығы өз мүдделерінің де осы құжаттан көрініс тапқанын көруі керек. ҚОҚМ-нің басшысының айтуынша, Париж қаласындағы ХКБ-сы бұл құжатымызды 2014 жылдың басында толық бекітеді. Содан кейін ХКБ-сының туы мен логотипін аламыз. Бұл – Қазақстан ресми түрде ЭКСПО-ның қожайыны болады деген сөз. Жоспар бойынша, көрменің толық атрибуттары 2014 жылдың жазында өтетін ХКБ-сының отырыстарының бірінде қолымызға тиеді. 

Үшінші бағыт – ең үздік сызба-идея байқауы. Қазіргі кезде көрме кешенінің ең үздік сызба-дизайнына арналған сәулет байқауының қорытындылары шығарылуда. Байқауға әлемнің 22 мемлекетінен 49 компания қатысты. Солардың ішіндегі 20-сы – қазақстандық компаниялар. Ал, байқау нәтижелері жария болғаннан кейін, техника-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттама дайындалады. Бұл жұмыс ағымдағы жылдың аяғына дейін созылуы мүмкін. Сөйтіп, 2014 жылдың сәуір айының аяғында ЭКСПО учаскесінде құрылыс жұмыстары басталады. 

Төртінші бағыт – ЭКСПО-ға қатысты заң шығару. Ұлттық жобаның тиімді жүзеге асырылуы үшін, әуелі заңнамамызды жетілдіру қажет. Осыған орай, Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінде құрылған жұмыс тобының шеңберінде тиісті заң жобасы жан-жақты дайындалуда. Заң жобасы біріншіден, шетелдік жұмыс күшін тартуға; екіншіден, ЭКСПО-ға келетін шетелдік азаматтар мен туристерге виза беруге, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және басқа нормаларға қатысты іс-шараларды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Жоспар бойынша, ол жоба ағымдағы жылдың қараша айында Үкіметке енгізілмек. «ЭКСПО-ға шамамен 3,5 жылдай уақыт қалды. 1,5 млн. шаршы метр жерге қажетті нысандарды салып үлгеруге тиіспіз. Алғашқы кезеңінде көрме кешеннің 1 млн. шаршы метрі салынады. Ең бастысы, құрылысқа соңғы кездегі үздік деген жасыл технологиялардың қолданылатынын ұмытпайық», – дейді Нұрлан Қаппаров. 

Бесінші бағыт – еліміздегі және шетелдердегі насихат. Көрмені қолдау аясында Қазақстанда және шетелдерде роудшоу, ауқымды акциялар, форумдар секілді бірқатар ірі іс-шаралар өтеді. Қазақстандықтарға «ЭКСПО деген не?», «Жасыл технологияларды қалай қолданамыз?» деген сауалдар төңірегінде түсіндіру-насихаттау жұмыстары жүргізілсе, шетелдіктерге өздерін қызықтыратын нәрселер жөнінде ақпарат береміз. ЭКСПО көрмесі үш ай бойы миллиондаған қонақтарды өзіне тартып, олардың назарына әртүрлі мәдени, ойын-сауық бағдарламаларын ұсынбақ. 93 күн бойы көрмеге қатысатын елдердің әралуандығын білдіретін ауқымды шоу-қойылымдар, тақырыптық мерекелер, танымал сахналық өнер фестивальдары, концерттер, театрландырылған қойылымдар өткізіледі. 

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық деңгейдегі екі үлкен бастамасы бар. Бірі – «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы, екіншісі – ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу. Сәл шегініс жасасақ, 2010 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясында Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Жасыл көпір» идеясын көптеген әлем елдері қолдады. Соның нәтижесінде, бұл тұжырымдама 2012 жылы өткен БҰҰ-ның орнықты даму жөніндегі саммитінің қорытынды құжаттарының қатарына қосылды. Ал, ағымдағы жылдың 30-ыншы қыркүйегінде Астанада өткен халықаралық конференцияда аталған тұжырымдаманы іске асыруға формальды түрде белгі берілді. Қоршаған ортаны қорғау министрі жария еткендей, осы конференцияда 8 мемлекет «Жасыл көпір» бағдарламасы хартиясына қол қойды. Алдағы уақытта оған қосылатын елдердің қатары арта бермек. 

Неліктен біз ЭКСПО-2017 мен «Жасыл көпірді» бір мағынада алып қарастырамыз? Себебі, екеуінің де міндет-мақсаты бір. Нақтылап айтқанда, алғашқы кезеңде Қазақстан мен Орталық Азиядағы және келешекте жер-жаһандағы тұрақты экономикалық өсім мен табиғи ресурстарды сақтауға ықпал ету. – Біз бұл жерде Астананың Еуразиядағы ғылыми, технологиялық және инновациялық орталықтың стратегиялық рөлін атқара алатын зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз, – дейді Нұрлан Қаппаров. – Сондықтан, «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы аймақтың «жасыл экономикаға» көшудегі мүдделес мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруі тиіс. Өйткені Орталық Азия елдерінің экожүйесі ортақ. «Жасыл көпір» осы жүйенің аясындағы барлық ортақ мәселелерді шешуге мүмкіндік туғызады. Ал, ЭКСПО көрмесі «жасыл технологияларды» әлемге танытудың, үздік тәжірибелерді бөлісудің шарықтайтын шағы болмақ. Елбасымыздың екі бастамасының бір-бірімен терең қабысып жатқанының себебі осы».

Елімізде «жасыл экономикаға» деген бетбұрыс энергетикалық саясатымыздың жаңа бағыты ретінде қалыптасуда. Киото хаттамасының аясында Қазақстан 2020 жылға дейін парниктік газдарды ауаға шығаруды 15 пайызға дейін азайту жөнінде міндеттеме алды. Бұл міндеттеме шикізаттық экономикадан «жасыл экономикаға» өтуді талап етеді. Яғни, алдағы уақытта энергия үнемдейтін технологияларды қолданып, табиғатты ластайтын көмірқышқыл газынан бас тартамыз. 2050 стратегиясына сәйкес, Қазақстан 2050 жылға қарай электр энергетикасында көмірқышқыл газ шығарылымдарын 40 пайызға дейін қысқартуды жос­парлап отыр. Бұған ең алдымен, энергияны қайта қалпына келетін көздерден өндіру есебінен қол жеткіземіз. 

2050 стратегиясында бұдан басқа мынадай мақсаттарымыз бар: біріншіден, электр энергиясын өндіруде баламалы көздердің үлесі кемінде 50 пайызды құрауы керек. Екіншіден, электр қуатын өндірудегі газ электр станцияларының үлесі 30 пайызға жетуі тиіс. Үшіншіден, қоршаған ортаға күкірт пен азот тотықтарының шығарылымдары – еуропалық шығарылымдар деңгейінде болуы керек. ЭКСПО-2017 көрмесінің аясында «EXPO Village» жасыл орамы салынады. Алдын-ала жасалған болжам бойынша, бұл жобаның құны 370 млн. АҚШ долларын құрайды. Жалпы ауданы 20 гектарға жететін жасыл орамның әкімшілік-іскерлік орталығы, тұрғын үй кешені, әртүрлі бақтары мен мәдени нысандары болмақ. Бір ерекшелігі, сол нысандардың бәріне энергия үнемдейтін технологиялар қолданылады. 

«2014 жылы желдің күшінен электр қуатын өндіретін станцияны іске қосамыз», – дейді Ақмола облысының Ерейментау қаласында салынатын №1 жел-электр станциясының бас директоры Дәурен Табжанов. Оның айтуынша, 2017 жылы өтетін ЭКСПО-2017 көрмесін «жасыл» энергиямен қамтамасыз ететін станци алғашқы кезеңінде 45 мегаватт тоқ өндірмекші. Екінші кезеңде энергия өндіру көлемі 300 мегаваттқа дейін көбейтіледі. «Бұл жел-электр станциясы биыл салына бастады, – дейді бас директор. – Бүгінге дейін станцияның іргетасын бастап, 19,5 шақырым жолын салдық. Биылғы жылдың 19 желтоқсанында қағаз жүзінде пайдалануға тапсырып, толық монтаж жұмыстарын 2014 жылдың көктемінен бастаймыз». «Дәурен Жұмаханұлының пікірінше, Құдай біздің жерімізді өте ыңғайлы етіп жаратқан. Әсіресе, жел әлеуеті жағынан мүмкіндігіміз зор. Мысалы, Еуропада 4 метр-секунд жел соғатын жерлерге қондырғылар қойып жатыр, біздің көрсеткішіміз – 7 метр-секунд. Яғни, жел соғуы жөнінен жеріміз өте қолайлы. Сондықтан, 2020 жылға қарай елімізде өндірілетін электр қуатының 3 пайызын желден алуға мүмкіндігіміз мол», – дейді ол. 

Таңатар Табынұлы