Жаңалықтар

Мыңжылдық проблемасын шешкен Мұхтарбай Өтелбаев

ашық дереккөзі

Мыңжылдық проблемасын шешкен Мұхтарбай Өтелбаев

 

ХХ ғасырда әлем ғалымдары жауабы жұмбақ деген 3 мыңға жуық есептің тізімін жасайды. Оның ішінен 15-ін ең күрделі есеп санатына жатқызады. 2000 жылы АҚШ-тың Клей атындағы математика зерттеу институты «мыңжылдық проблемалар» санатындағы 7 есепті іріктеп алып, шешімін тапқан адамға 1 миллион долларлық сыйақы тағайындаған. Бұған дейін есептің бірі – Пуанкаре гипотезасын ресейлік математик Григорий Перельман шешкен еді. Алайда ол сыйақыдан бас тартқан. Ал отандасымыз Мұхтарбай Өтелбаев «Навье-Стокс теңдеуінің мықты шешімінің болуын» есептеп шығарды.

Бұл есептер табиғат заңдарына тікелей байланысты. Жауабы тартылыс заңының жұмбақтарына тіреледі. Сондықтан да ғалымдар осы тұстан есепті тоқтатуға мәжбүр болады. Ал қазақстандық математик есепті толығымен шығарған. Компьютерлік бағдарлама осы есептің шешімі бойынша жасалады. Ол арқылы табиғат апаттары – цунами, зілзала, торнадоны болжап, адам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ ғарышқа ұшқанда барлық қажеттіліктерге есептелген судың ұшу барысында шайқалып, тербеліс тудырмауы да осы есеп қорытындысына байланысты. «Мысалы, пиаламен шәй ішіп отырсаңыз, кесені ақырын қозғасаңыз мына теңдеумен ішіндегі шәйдің қозғалысын зерттеуге болады» дейді математик. Бағдарлама ретінде енгізгеннен кейін ғарыштық әрбір ауытқу мен толқуды алдын-ала білуге болады. Егер алгоритм дұрыс берілмесе, компьютерлік бағдарлама да қате есептей береді.

  Қазақстандық математик есепті бірден АҚШ-қа аттандырмай, өзіміздің ғалымдардың талқысына ұсыныпты. Олар дұрыстығына келіскен соң орыс ғалымдарына берген. Қазір солар тексеріп жатса керек. Ресей ғалымдары мойындаған соң Қазақстандағы ғылыми журналдардың біріне жарияламақ. Содан кейін Мәскеудегі журналдарға ұсынбақ. Неліктен бірден Клей Университетіне жібермедіңіз деген сауалға ғалым былай деп жауап берді. «Шетелде Қазақстанның – «бораттың елі» деген көлеңкесі әлі бар. Қазақстан ғылымын таныту үшін алдымен өз ғалымдарымызға бердім. Осындай жағдайда бірден АҚШ-қа жіберсем, көлденең көк аттылардың біреуі киіп кетіп, еңбегіме жармаса кетсе қайтпекпін. «Жалғыздың шаңы шықпас» демей ме қазақ? Жалғасын Мәскеуден шағарсам ба деген ойым бар. Сосын барып АҚШ-тағы Клей атындағы математика зерттеу институтына жіберемін. Олар комиссия құрып, тексеріп көреді. Жалпы әлем ғалымдарының тегіс мойындауына әлі 2-3 жыл кетуі мүмкін. Алла ғұмыр берсе, 30 жылдан артық зерттеген еңбек үшін 2-3 жыл күту не тәйірі!».

  Сыйақы көлемі аз емес. Сондықтан қолға түскен жағдайда қалай жұмсайсыз деген сауалымызға «Бүкіл түркі дүниесінің ғұламаларына арнап бір мұражай аштырсам деген арманым бар. Ол Түркістандағы Қожа Ахмет Иасауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің жанынан құрылса жақсы болар еді» деді ағынан жарылып. Академик Асқар Жұмаділдаев ағамыз туралы: «Қазақта ол кісіден көп шәкірт тәрбиелеген адам жоқ. Ал біз ол кісінің бағасын толық беріп отырмыз ба, жоқ па? Ол жағын нақты білмеймін. Мәселен, кеше Олимпиадада штанг көтерген спортшыларымызды сонша мадақтап, сый-сыяпат жасадық. Оған қуануға негіз бар. Ал сонымен қатар әлемді ауызына қаратып, ғылымда жаңалық ашу деген де оңай емес қой. Оңай болса, екінің бірі неге жаңалық аша бермейді. Ал Ақаңның еңбегі де сол чемпиондар еңбегінен бірде-бір кем емес. Сондықтан ғылымды, парасатты мойындайтын жұрт болсақ, оны да ескеруіміз қажет» дегені бар.

Бұған дейін Мұхаң – әйгілі Штурм-Лиувилл операторының әмбебап формуласының шешімін тауып, әлемге аты жайылған адам. Мамандардың айтуынша, математикалық көптеген теңдеулерді осы Штурм-Лиувилл формуласымен шешетін болса, әрі қарай есеп шығару оңай екен. Ал бұл теңдеуді әлемнің талай ғалымдары бастарын қатырып шеше алмай жүргенде, оның түйінін өзіміздің Мұхтарбай ағамыз тарқатып, дүние жүзі ғалымдарын тәнті етеді. Сонымен қатар ағамыз аталмыш теңдеуге “q*- Өтелбаев функциясы” деген функция енгізеді. Мұны қазір әлем ғалымдары осылай ағамыздың атымен атайды. Бұл жайында әзірбайжандық ғалым Алиев: «Мұхтарбай осы есептерді шешті де, спекторлық теорияны мұсылмандардың теориясы болғызды», – деген екен.

Өтелбаевтың арқасында ірі математика мектебі құрылған, оның жетекшілігімен 65 кандидаттық  диссертация мен 9 докторлық  диссертация қорғалған. 3 монографияның және Қазақстан мен шет елдерде кеңінен танылған көптеген ерекше ғылыми мақалалар мен өнертабыстардың авторы. Республиканың ғылым мен білім жұмыстарына қомақты үлес қосып,  Қарағанды қаласының Қолданбалы математика институтын құрды.

Ғылыми зерттеулерінің бағыттары – операторлардың спектралдық теориясы, операторларды тарылту және кеңейту теориясы, функционалдық кеңістіктерді салу теориясы,   жуықтық теориясы, есептегіш математика, кері тапсырмалар.