Жаңалықтар

«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН»

«МЕН ЖАСТАРҒА СЕНЕМІН»

         

Өткен жұмада Алматыда «Азамат» және «Аманат» интеллектуалдық клубтарының мүшелері бірігіп жастармен кездесу өткізді. Көкейде жүрген саналуан сұрақ пен ұсынысты, талап-тілек пен назын бүкпей айтты жастар. Үш сағатқа созылған кездесудің тізгінін «Аманат» клубының жетекшісі, белгілі қоғам қайраткері Берік Уәли ұстады. Қызу пікірталас пен тартысқа толы болған кездесуде жастар жағы өте белсенді болды.

  «Жастар сауатты болуы тиіс» 

 

e45e9c8aad9a21f06092290894e943ff.jpg

Жастар ұйымдарының белсенділігі төмендігіне қынжылғандар нәтижелі жұмыс жасайтын ұйымдардың тым аз екенін көлденең тартты. Жиылғандардың көпшілігі ресми түрде тіркелген жастар ұйымдарының шын мәнісінде немен шұғылданып жүргенін және қандай пайдалы істер атқарғанын саралау керектігін айтты. Қазір шама-шарқы жеткенше әрекет етіп жүргендер баршылық. Мәселен, Алматыдағы «Қарабазардан» жастарға арналған орталық ашып, кәсіпкерлікпен айналысуға құлшынғандарға кеңес беруді мақсат етіпті. «Тегін медициналық көмек көрсетеміз деп дауыс зорайтқыш арқылы хабарлағанда жарты сағаттың ішінде 70-ке жуық жас келді. Бұл жастардың өзіне керек кезде белсенділік таныта алатынын дәлелдеді», – деген «жасотандық» өкіл әлеуметтік көмек, жұмыспен қамту, баспана мәселелеріне көбірек көңіл бөлуді ұсынды. Оның айтуынша, қазір «жасотандықтар» «Сәтті қадам» атты бағдарлама шеңберінде еліміздегі ірі ұлттық компаниялар арасында екіжақты меморандум түзіп, жастарды жұмысқа орналастыруды қолға алыпты. Бүгінде мемлекет тарапынан жастарға арналған бағдарлама көп. Өкініштісі, сол бағдарламалардан еліміздің ертеңі саналатын жастар бейхабар. Бірі қоғамдағы жаңалықтарға құлақ асуға құлықсыз, енді бірі таңның атысы, кештің батысы нан табудың қамында жүр. Кездесуде көтерілген тағы бір мәселе – дін. Діни сауаты аз азаматтардың адасушылыққа ұрынатыны белгілі. Оған куә – соңғы кездері елімізде болған лаңкестік әрекеттер, Сирияға аттанған қазақ жастары, кейде қылаң беретін діни алауыздықтар. Қазіргі кезде жастар арасында заңды білмеудің салдарынан есе жіберу, қателікке ұрыну т.б. келеңсіздіктерге жол берілуде. Парламентке ұсынылатын көптеген заң жобасы қабылданбай кері қайтуы да – жастарға жағдай жасауды қаламайтындардың мысық пиғылы. Ал ондай құжаттардың кері қайтпауын қадағалап, табандап тұрып алатын жастар жоқтың қасы. Өйткені көпшілігінің тұрақты жұмысы жоқ. Болса, жалақысы аз, «басына тартсаң, аяғына жетпейді». Баспанасыз жүргендері жалға алған пәтердің ай сайынғы ақшасын қалай төлеймін, бала-шағамды қалай асыраймын деп бас қатырады. «Жығылған үстіне жұдырық», студенттердің көпшілігі жоғары оқу орындарында ақылы түрде оқи жүріп, бос уақытында даяшы, күзетші сияқты қызмет көрсетудің басқа салаларында оқуының ақшасын тауып, күн көруді қалайды. Бұл мамандығын кәсіби тұрғыда жетік меңгере алмауға әкеп соғады. Бұл дегеніңіз – мемлекеттің дамуына кедергі. Әлеуметтік желілердің Қазақ қоғамын дамытудағы ықпалы да сөз болды жиында. Бірі «әлеуметтік желілер зиян» десе, енді бірі керісінше, өте пайдалы деген сенімде. Бұл орайда, өз пікірін білдірген танымал саясаттанушы Расул Жұмалы: «Әлеуметтік желілер – кез келген саяси оқиғаға қолданылатын құрал. Бірақ өз алдына феномен емес. Тек мүмкіндік, құрал ғана. Осы технологиялық мүмкіндіктің арқасында біз бүгін басқосып, проблемаларды ортаға салып, оларды шешу жолдарын қарастырып отырмыз. Былтыр мемлекеттік тілді менсінгісі келмеген «СКАТ» компаниясы қатысты шаралар, «Протонды» ұшыруға тыйым салу т.б. маңызды мәселелерде де Үкіметтің ресми құжаттар қабылдауына, арнайы комиссия құруына ықпал етті. Жастармен бүгінгі кездесуде қаншама жақсы ой, ақылға қонымды пікір айтылды. Экономикалық, әлеуметтік мәселелер, зейнетақы, жұмыспен қамту т.б. Әрине, шешілмей жатқан мәселе көп. Көпшілігінің айтылып келе жатқанына мінеки, 22-23 жылдың жүзі болды. Солардың бірде біреуі толығымен шешілген жоқ. Тіпті, ушыға түскен жайы бар. Сырттан келетін бауырлардың көші тоқтатылды. Жалақы мен күнкөріс деңгейі төмендетілді. Түрмеде отырғандар саны бойынша дүние жүзінде 3-орын аламыз. Жастар суициді бойынша әлемде бірінші орындамыз. Экология нашарлаған. Деографияға қатысты мәселелер де солай. Ол аз болғандай, жастар арасында жік-жікке бөліну белең алған. Меніңше, бұрынғыдай жеке-дара әрекет етудің заманы өткен. Ұйымдаса отырып, біріге әрекет етсек қана нәтижелі әрекет етеміз. Ең бастысы, бізді ортақ идеяға топтастыратын ұлтшылдық, ұлтжандылық керек», – деген тоқтамға келді. Ал аймақтарды дамытудың маңызына тоқталған «Болашақ» жастар қозғалысының өкілдері «Ауыл шақырады» деген бағдарлама түзіп, осы құжат негізінде елімізге танымал ақын, жазушы, қоғам қайраткерлерінің еңбектерін жинап алып, аймақтарға таратыпты. Жігіттер шама-шарқы жеткенше Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, кітап таратыпты. Өз қаражаттарына. Әлбетте, бұл да құптарлық шара. «Осы сапар барысында біз мыңдаған отбасын жалғыз өзі асырап отырған ағаларды көрдік. Аттарын шығарып, атақ алуды көздемейді олар. Тек ұлтына, халқына жақсылық жасауды парыз деп біледі», – деген Берік Ағыбаев сондай азаматтарды жастарға үлгі етуді ұсынды.

  Жас депутаттар санын көбейтеді 

 

771b8186a2c5c45392cda8eff2671d96.jpg

Демография мәселесіне қатысты өрбіген пікірталас барысында жастар жағы сүрбойдақтар санын азайтуға, отбасын құрғандарда 25 жасқа дейін кем дегенде 2 баладан болуға көңіл бөлу керектігін айтты. Сонымен қатар кеңестер үкіметі кезінен бойға сіңіп қалған масылдық психологияны сынаған Нұраддин Садықов құрдастары мен замандастарын Үкіметке қол жаймауға шақырды: «Демографиялық өсім болған кезде отбасын асырау мәселесі туындайды. Батыс елдерінде ешкім мемлекетке қол жаймайды. Мемлекет қауіпсіздік, заңдар мен әлеуметтік салаларды реттеуге ғана міндетті. Қалғанын азаматтар өз мойнына алған. Әркім өз жағдайын жасасын, жігіттер! Ұлт үшін демей-ақ, әркім өз қара басына қажетті нәрселерді қамтамасыз етуге қабілетті болса, елдің дамуына сеп. Тағы бір маңызды мәселе, демогогиядан арылып, кәсіби білікті маман болуға тырысу. Әркім өз саласының мықты маманы болуы тиіс. Жалақыңыз жоғары болса, мемлекеттің көмегіне сүйенбейсіз», – деді. Қазақты қалалық ұлтқа айналдыру, моноқалалардың мәртебесін көтеріп, ауылдарды дамытуға кететін шығындарды осындай шағын қалаларды көркейтуге жұмсау, мегаполистер санын Алматы және Астанамен шектемей, Ақтөбе, Қарағанды сияқты басқа да өндірісі бар аймақтардан ірі қалаларды нығайту арқылы жастарды сол қалалардың төңірегіне топтастырып, үлкен күшке айналдыру, мемлекетік тілді нығайту, сапалы қазақ сайттарының санын көбейту, шет елдерге білім алуға кеткен жастарды елге келіп қызмет етуге міндеттеу мәселесі де көтерілді басқосуда. Сонымен қатар саяси белсенділікті күшейту мақсатында жергілікті мәслихаттарда 25 жасқа дейінгі депутаттар санын көбейту қажет. 03a462209dcac150b4b51b2dd0baa830.jpg Басқосуда қазақ жастарын үш топқа: қазақы, орыстанып кеткен және батысшыл бағыттағыларға бөлгендер билікке, мемлекеттік қызметке ұлтшыл жастардың баруына ықпал етуге шақырды. Ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы насихаттау жұмыстарын жүргізіп, қоғамдық пікір тудыру қажет. Маңғыстаулық жастар атынан сөз алған бір қандас жастар арасындағы қоғамдық белсенділіктің бәсеңдеуін аға буын өкілдері жіберетін кемшіліктерден көрді: «Ағалардың арасында ауызбіршілік жоқ. Күні ертең президенттік сайлау болады. Халық арасынан кімді ұсыну керек? деген сұрақ туғанда, ортақ шешімге келе алмаймыз. Халық түгел құлай сенетін тұлға жоқ. Ондай адамды мен де білмеймін. Саясаткерлер болсын, қоғам қайраткерлері болсын… Ешкім жоқ». Жастар жағы мемлекет тарапынан жастарға түрлі жеңілдіктер мен көмектер қарастырылуы керек десе, кездесуге қатысқан орта буын өкілі Гүлмира Асирова керісінше, кез келген көмекке қарсы: «Жетімдерге, жоқ-жітікке, Жаңаөзен оқиғасында зардап шеккендерге, зейнеткерлерге т.б. әлеуметтік тұрғыда аз қорғалған жандарға көмек беруді қолдаймын. Егер тілдік тұрғыда түсінбейтін нәрселері болса, оған да қарсы емеспін. Бірақ жастарға көмек беру дегенді түсінбеймін. Екіншіден, меніңше, қазақ жастарына жетіспейтіні – сауаттылық. Үшіншіден, жастарды бастайтын көсем жоқ деген пікірмен де келіспеймін. Егер он адам отырса, соның біреуі – көш бастайтын көсем. Ол кетсе, қалған тоғыздың ішінен шығады көсемі. Сегіз, жеті, тіпті, екі адамның бірі көсем болуға қабілетті. Ең бастысы, оларға өзіне тән бағытты тауып беру қажет. Жастар ұйымын құрып, сауатты көтеру керек. Мәселен, Мұхтар Тайжан, Расул Жұмалы сияқты азаматтарды білемін. Екі тілде өте сауатты жазады. Осындай жастарды көбейту керек». Бірақ оның пікіріне қарсы уәж айтқан болашақ журналист – Қоныс Озғанұлы: «Жастарға көмек дегенде, оларды орнынан тұрғызып, алдына тамақ әкеп беру емес қой! Қазір студенттердің кітап сатып алуға артық ақшасы жоқ. Ай сайын алатын шәкіртақы басына тартсаң, аяғына жетпейді», – деді. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылатын «Протон» зымыран тасығыштарының қайта-қайта құлай беруі, Талғат Мұсабаевтың ресейліктердің «Байқоңырдан» кетуіне қарсы болуы, Қайрат Нұртас ән айтқан «Прайм Плазадағы» кештің кесірінен сотталып кеткен 6 қазақ жігіті, қоғамдағы құлдық сана, Тәуелсізідк алғалы 23 жыл өтсе де, өз жерінде өгейдің күйін кешкен қазақ, әлеуметтік әділетсіздігіне ұрынған қазақ, өз тілінде сөйлеймін деп, басы «ұлтшыл» деген дауға қалған қазақ, Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық одақтың кері әсері де талқыға салынды.

  Шет елдердегі қазақ жастарын тартпақ

 

8657296dbb97fa055dbd4b8269ff7fd0.jpg

Шет елдердегі қазақ жастарымен тығыз қарым-қатынас жасауға ұсыныс білдірген Құмар Жұмахан: «Шекараның арғы бетінде де қазақ бар, бір қауым ел бар. Оларда да ұлтқа, елге де махаббаты айрықша жастар бар. Еуропадан, Қытайдан білім алған білімділері жетерлік. Меніңше, олардың интеллектуалдық қабілетін қазақтың игілігіне пайдаланған жөн. «Әттеген-айы», кейде қабылданатын аса маңызды заң жобаларын талқылауға немесе пікір білдіруде жастар белсенді емес. Мәселен, жуырда ғана қол қойылған миграция туралы заң қабылданарда санаулы ғана баспасөз дабыл қақты, ал жастар үнсіз қалды. Осының салқыны қазір-ақ сезіліп жатыр», – десе, абақтыдан босағандардың тағдырына алаңдаған жастардың бірі Камиша Шынтекова оларды өзекке теппеуге шақырды: «Кезінде мен Қазақстан патриоттар партиясының жастар қанатын басқардым. Халықаралық құқық қорғау орталығымен бірге абақтыдан шыққан және абақтыда отырған жастардың мәселесіне қатты алаңдап, осы бағытта бірқатар шаруа атқардық. Бұл кездесуге темір тордан босап шыққан жастарды назардан тыс қалдырмасаңыздар деп келдім. Жұмыс табу қиын оларға. Сейфуллин көшесін жағалайды немесе абақтыдан басқа барар жер жоқ жеген жаңсақ пікірде болады. Сондай жастарды өмірге қайта бейімдеуге атсалыссақ. Адаптация және ребилитация орталығын ашып, отбасыларымен қайта қауыштыру яғни, туытсарымен татуластыруды қарастырсақ. Сонымен қатар тым болмаса еден жуушы, көше сыпырушы сияқты жұмыстармен қамтамасыз етсек». 9f7f03a61ffd5b0f31d6b8c1350d296e.jpg Жастар саясатының дұрыс жүргізілмейтінін сынға алған әріптесіміз Асқар Ақтілеу: «Талап-тілегімізді ауызша айтумен шектелеміз. Протоколдан қашпау керек. Жастарды ұсыныстарын жазбаша жеткізуге үйрету керек. Парламентте жастар саясатымен айналысатын жұмыс топтары бар. Оларға қарапайым халықтың, жастардың жанайқайы көбінесе жете бермейді. Егер жазбаша түрде жұмыс істеуге дағдыланса, жастардың бастамасы аяқсыз қалмайды», – деді. Ал кездесуді ұйымдастырушылар қатарындағы белгілі қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан жастарды бірлікке шақырды: «Жоғары білімді Польшада алдым. Ол жақта ұлшыл емес саясаткер жоқ! Жуырда Майданда нарзылық шарасын өткізген украиндармен кездестік. Украинада да бәрі ұлтшыл. Ұлтшылдық дегеніміз – жай ғана патриоттық сезім. Кез келген саяси партия басшысы немесе мүшесі ұлтына қызмет етуді мақсат тұтады. Мен де ұлтқа жақсылық әкелетін шаралар ұйымдастырса, мен «Нұр Отанмен» де, «Ақжолмен» де, коммунистермен де, басқа партиялармен де бірге жұмыс істеуге дайынмын. Мәселен, қазақ даласындағы сынақ алаңдары, «Протонның» құлауы, гептилдің төгілуі, Кедендік одақтың кері әсері кез келген Қазақстан азаматына зиян ғой. Ендеше неге бірігіп әрекет етпеске? Ресеймен интеграция деген мәселеде әр қазақ жиырылуы тиіс. ХХ ғасырда қынадай қырылған қазаққа ХХІ ғасыр қалай болмақ? Қазір ашаршылықты қолдан жасаудың да қажеті жоқ. Гептил арқылы, полигондар арқылы түбімізге жетеді. Ынтымақтығымыз мықты болуы керек. Грузиндер, украиндар, Балтық жағалауы елдеріне қараңыздаршы, шап-шағын мемлекет, сандары аз, бірақ бірлігі күшті. Соның арқасында өсіп-өнуде.  Бізде қалай? Өкініштісі, ауызбіршілік жетіспейді». bd54fbc4cb6cd63feb0fd6b87917690f.jpg Үш сағатқа созылған кездесудің соңында жиналғандар жүйелі түрде басқсулар ұйымдастыруға, Қазақ қоғамындағы қордаланған мәселелерді шешуге атсалысуға, бірлік пен ынтымақтастықты нығайтуға шешім қабылдады.

  Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ