Иран: КЕЗДЕСУ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ

Иран: КЕЗДЕСУ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ

Иран: КЕЗДЕСУ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ
ашық дереккөзі

Соңғы жылдары әлемдік саясатта дау
тудырған ирандық ядролық бағдарламаның болашағы әлі де бұлыңғыр. Атом
энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік пен ирандық билік өкілдері кездесуі
тиіс еді. Бірақ ол кездесу кейінге шегерілді. 

Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттіктің
келесі аптаға жоспарланған Тегеранмен отырысы өтпейтін болды. Иранның ядролық
бағдарламасын талқылай отырып, ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды көздейтін
кездесу 8 ақпанға ысырылды. Мұның себебін агенттік өкілдері ашық айтқан жоқ.

Әлемдік саясатта дау тудырған ядролық бағдарламаны қолдайтындар
аз. Бірақ айтқанынан қайтпай отырған Иранмен келіссөздер жүргізу үшін 2013
жылдың қарашасында бас қосқан Халықаралық агенттік өкілдері биыл 21 қаңтарда
бас қосып, алдағы 3 айда Тегеранның ядролық бағдарламаға қатысты орындауы тиіс
талаптары мен міндеттерін айқындауды көздеген. Осы мақсатта Иран билігі
Агенттік сарапшыларына екі ядролық нысанға барып, зерттеу жұмыстарын жүргізуге
рұхсат етуге және оларға қажетті барлық ақпаратты ашық айтуға уәде берген
болатын.

Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік өкілдері
ирандық биліктен ядролық қару жасауға қатысты шыққан сөздің анық-қанығына көз
жеткізуді өтінді. Ал ресми Тегеран болса, «Ядролық бағдарламамыз бейбіт мақсатта
қолдануды көздейді. «Ұзынқұлақтан» шыққан ядролық қару жасауға қатысты әңгімеге
сенуге ешқандай негіз жоқ» деп азар да безер.

Агенттікпен қатар халықаралық саяси сахнадағы алпауыттар
– АҚШ, Франция, Германия, Ұлыбритания, Қытай және Ресеймен де келіссөздер жүргізіп
әлекке түскен Иранның жақтастары аз бүгінде. Тек қытайлар мен орыстар ғана қысым
жасауға тырысқан алпауыттарды тәк-тәкпен тежеп отыр. Онда да екі елдің Ираннан
пайда тапқысы келетін өз мүддесі бар. Әрі тараптар былтыр қарашада «экономикалық
санкциялардың бірқатарын алып тастаса, Иран уран өндіру қарқынын біраз тежесін»
деген ұйғарымға келген еді. Бұл талап 2014 жылдың 20 қаңтарынан бастап жүзеге
асырылуы тиіс. Ал оның қаншалықты әділ іске асырылып жатқанын Халықаралық
агенттік сарапшылары қадағалап отырмақ. Тоғыз беттен тұратын осы құжат 21қаңтарда талқылануы тиіс болатын. Бірақ ол кездесу
белгісіз себептерге байланысты кейінге, анығы, 8 ақпанға шегерілді. Бейресми
дерек көздерінің айтуынша, талаптардың толықтырылуы мен өзгертілуіне қатысты
болуы мүмкін.

Женевалық жоспарға негізделген құжатта Иранның ядролық
нысандарында мониторинг қалай жүргізілу керектігіне дейін көрсетілген.

  Нәзия Жоямергенқызы