Оймақтай ой: «АЙТУҒА ОҢАЙ» болғанымен «АЙТЫЛУЫ АУЫР» әңгіме

Нұрбек Түсіпхан

Аз болсын, көп болсын, жақсы болсын, жаман болсын – «Айтуға
оңайда» бір жарым жылдай жұмыс істедім. Қызметтес болған қыз-жігіттердің бәрі
де өрімдей жас болатын. Бірақ, сол жастықтарына қарамай талай жұмысты атқарды.
Жаңа жылдық шығарылымға дейін 300 бағдарлама түсіріп, 2400 негізгі қонақ,
20 000 арнайы қонақ шақырып, елімізде шешімін таппаған әлеуметтік-тұрмыстық
тақырыптардың барлығын қамтыды. Көптеген жетім мен жесірге, ауру мен сырқауға,
көрінбей жүрген таланттар мен еленбей қалған азаматтарға азды-көпті жәрдем де
жасалды. «Айтуға оңайда» істеген әрбір жас бағдарламаның ыстығына күйді, суығына
тоңды. Алайда, жаңа жылдан соң дәл сол ұжым түгелдей жұмыссыз қалды. Көбі жұмыссыз
қалғандарын білген де, түсінген де жоқ. Бәрі аяқ астынан орын алды.

Жазсам ба, жазбасам ба деп көп толғандым. Тек мен ғана
емес, өзім қатарлы 20 шақты жас қыз-жігітке қатысты болған соң тәуекелге бел
будым.

Осыдан 7-8 күн бұрын өзім аса қадірлейтін Бейсен Құранбек
ағам хабарласты. Өзінің «бұл бағдарламадан шаршағанын және бұдан ары жалғастыра
алмайтынын айтып, бірге қызметтес болған сәттердегі артық-кем қылықтарым болса
кешірерсің» деген сипатта сөйлеген. Расын айтқанда жүрегім ауырып, қимай қоштасқам.
Өйткені, Бейсен ағамыздың «Айтуға оңайдан» кететінін, басшылық құраммен енді қайтіп
жұмыс істесе алмайтынын айтып жүргеніне аз болмап еді. Тіпті, өткен жазда әлдебір
ақпарат құралдарына «бағдарламадан кетіп қалдым деп те» сұхбат берген. Әсіресе,
жүргізуші ағамызды «Қазақстан» РТРК-ның «Медиа пландары» шаршатқан еді. «Мұндай
өтірік, жасанды бағдарлама жасай алмаймын, жүргізгім келмейді» деген сөздерін
талай естідік. Ұжымдағы қыз-жігіттер жалынып жүріп, «сіз кетсеңіз бағдарламаның
реңі өзгереді, көрермен қауым өзге жүргізушіні қабылдай алмайды» деп, жүргізуші
ағамызды әрең көндіргенбіз. Ол өз кезегінде: «Мен жаңа жылға дейін істеймін,
содан соң дүние күйіп кетсе де бағдарламадан біржола кетем» деп еді сонда.  Жаңа жылдық бағдарламаны түсірген соң да
кабинетте жайылған дастархан басында бәрімізбен қоштасқан еді. Біз сонда да ағамыздың
ұжымды жол ортадан тастап кетпейтінінен үмітті едік. Бірақ, бәрі біз ойлағандай
болмай шықты. 7-8 күнгі бұрынғы қоңырау шалыстан кейін 4 күн өткен соң бағдарламаның
сюжет жөніндегі режиссері, досым Даниярға хабарластым. Сөйтсем ол: «Біз «Айтуға
оңайды» істеп жатырмыз. Ертең студияда түсірілім болады», – деді. Төбемнен жай
түскендей әсер етті.

– 
Кімдер бар
ол жерде? Қалай істеп жатырсыңдар?

– 
Бейсен аға
өзі бастап, басқа адамдарды шақырып, жұмыс бастап кеттік. Бұрынғы ұжымнан тек
мен ғана.

– 
Ал, біз
ше? Істемейміз бе сонда? Неге айтпадыңдар?

– 
Бейсен аға
өзі хабарластым деген бәріне. Түсіндірдім деді ғой.

– 
Ол кісі маған
керісінше «кеттім, істемеймін» деп қоштасып еді ғой?

– 
Ол жағын
білмедім Нұреке. Айып менде емес енді.

Осы әңгімеден кейін Бейсен ағаға хабарластым. Сөйтсем, ағам
жұмысқа қызу кірісіп кетіпті. Ал, «өзіңіз әрдайым шырылдап, жұмыссыз қалмасын,
осылардың ертеңіне алаңдаймын деп айтып жүретін ұл-қыздарыңыздың жайы не болмақ?»
деген сұрағыма: «Маған Серік Аббас-шах ағам «менің ұжымыма тиіспе, мықты болсаң
өзің басқа команда жасақтап ал» деп айтты. Сондықтан сендерге ештеңе дей
алмадым», – деген уәж айтты. Таң қалдым… Бір жарым жыл жұмыс істеген ұжымды қалай
ғана бір сәтте «бөтенси» қалды ағамыз? Рас, Серік аға ұжымды жасақтады, жинады,
айлық берді. Бірақ, жұмыс істеу құқығымызды сатып алған жоқ қой. Тым болмаса,
«балалар менімен бірге жұмыс істеуге қалайсыңдар» деген сұрақ қойса, содан соң
біз бәріміз келіспей қойсақ айып бізде болар еді. Жап-жас, өрімдей, жиырмадан
енді ғана асқан 20 шақты ұл-қыз енді жұмыссыздардың қатарына қосылды. Одан кім ұтады?
1 жыл бойы бағдарламадан кететінін айтып жүрген ағамыз бүтіндей бір ұжымды қалай
ғана оп-оңай күресінге лақтыра салды?

Айтпақшы, бағдарламаның продюсері қызметін атқарған Ерке
Байжігітова: «Серік аға ұжымға тиіспе деп айтқан жоқ. Керісінше, менің көзімше
Бейсен ағаға хабарласып, тым болмаса жартысын жұмысқа алсаңшы деп еді, Бейсен аға
бірден үзілді-кесілді бас тартты», – деп отыр. 
Кімге сенеміз? «Екі түйе сүйкеніп, ортасында шыбын өліптінің»  кебі емес пе? Тағы да көп сұрақ…

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button