Қайрат Келімбетов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы: ЖОЛДАУДЫ ОРЫНДАУҒА ҰЛТТЫҚ БАНК ТЕ ЖАУАПТЫ

Адамдардың көпшілігінде масылдық психология басым. Банктен алатын қарызды мемлекеттің тегін көмегі ретінде қабылдайтындар бар. Ал банктер болса, «ұрдажық» әрекеттерге бейім коллекторлық қызметке ден қойған. Бұл – олардың құзырындағы шаруа емес. Егер отандық банк жүйесіндегі олқылықтарды жоймаса, Елбасының халыққа Жолдауында айтылған тапсырмаларға кедергі келмек.

ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауына байланысты ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Қайрат Келімбетов баспасөз мәслихатын өткізді. Сөзін: «Мемлекет басшысы экономикалық өсім деңгейін 6-7 пайызға дейін өсіруді тапсырған. Президент жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімді 14,5 доллардан кемітпеуді ескертті. Сонымен қатар Ұлттық банкпен біріге отырып, алдағы 5 ай ішінде инфляция деңгейін 3,4 пайызға дейін төмендетудің кешенді жобасын түзуге және әлемдік қаржылық дағдарыс салдарынан қиындыққа ұшыраған отан­дық қаржы саласын 2030 жыл­ға дейін дамытуға бағдарлама жасау­ға нұсқау берді. Жалпы валюта на­рығындағы жағдай қазір тұрақты. Теңгенің бағамы әлемдік нарық не­гізінде бекітіледі. Депозиттер сенімін арттыру барысында да бірқатар жұмыс атқарылмақ. Басты орындаушы – Ұлттық банк», – деп бастаған Бас банкир Жолдауды орындау үшін Үкіметпен бірлесіп бағдарлама түзілетіндігін жеткізді. Осы орайда, ҚР Президенті Үкіметке «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорымен бірге арнайы бағдарлама дайындап, дағдарысқа қарсы күрес жоспарын жасауды тапсырды. Елбасының тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» мемлекеттің қатысы бар мекемелерді анықтап, оларды жекеменшікке өткізудің жолдарын қарастыруы тиіс. Мәселен, биыл 2014-2016 жылдарға арналған жекешелендіру бағдарламасының кешенді бағдарламасы түзіледі. Сонымен қатар 34 мемлекет мүшелікке өткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қағидалары мен стандарттарын Қазақстанға да енгізуді міндеттеген Елбасы инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан 30 пайызға көтеруді, бүгінде 24,5 мың болатын еңбек өнімділігін 126 мың долларға дейін арттыру және экспортталатын шикізаттық емес өнім көлемін 70 пайызға көбейтуді тапсырды. Мұның бәрі отандық банк жүйесіне тікелей қатысты, әрине. Осы жайтқа тоқталған Қайрат Нематұлы бүгінде банктерге берілетін қаржылай көмек көзін табу, Біртұтас зейнетақы жинақтаушы қорының басты міндеті, қаржы саласын тұрақтандыруға да көңіл бөлінетінін жеткізді.

Қаржы саласының тұрақтылығын мем­­лекеттің банк акцияларынан бас­ тартуын және қаржылық құры­лым­дардың өз бетінше күн көруге к­­і­ріскенін дәлел ретінде ұсынған Бас банкир: «Мен кейбір азаматтардың «Мемлекет банктердің 25 пайыздық активін бекер сатып алды» деген тұ­жырымымен келіспеймін. Егер мем­лекет тарапынан қаржылық тұрғыда қол­дау болмағанда, банктер жаппай банкротқа ұшырайтын еді. Мұның соңы мемлекетке ауыр соққы боп тиетіні анық. Мәселен, банкротқа ұшыраған «ВалютТранзит» банкінің қиындықтары мен проблемалары әлі біткен жоқ. Қанша азаматтың қыруар қаржысы желге ұшты. Демек, меніңше, мемлекеттің банктер акциясын уақытша сатып алып, кейін өздеріне қайтарып бергені дұрыс қадам», – деді. «Жыры» көбейген банктер қатарындағы «ТұранӘлем» банкінің болашағы да айқындалып қалыпты. Оны қаржыландыруға жеке инвестор мен «Қазком» құлшынып отырған көрінеді. 

Бас банкир назар аударған та­ғы бір маңызды мәселе – банк­тер коллекторлық жұмысқа бе­рі­ліп кеткені соншалықты асыра­сіл­теушілікке ұрынған. «Дағдарыстан кейін банктердің көпшілгі өздеріне тән емес жұмыстармен айналысып кетті. Банктер несиені уақтылы өтемеген борышкерлерге қысым жасағысы келеді. Бірақ олар несие бере ме, жоқ па, оны да түбегейлі шешпеген. Банктер экономикалық өсім болады, сосын борышкерлер қарыздарын түгел қайтарады деп үміттенді», – дей келе, банктердің жылжымайтын мүлік бағасы дағдарысқа дейінгі уақыттағыдай әлі де тым қымбат тұрады деп ойлайтынын, алайда, бағаның нарық талабына сәйкестенетінін ескертті. Әлемдік қаржылық дағдарыстың салқыны Қазақстан халқына да тигені сөзсіз. Осының салдарынан әрі оңай олжаға құныққан кейбір жекеменшік банктердің немқұрайдылығынан проблемалық несиелердің саны күрт артты. Жығылғанға жұдырық, Мар­чен­коның кезінде екінші дең­гейлі банктерге қатысты түйткілдердің дер кезінде шешілмеуі жағдайды ушықтыра түскен. Осы себепті, банк­тердегі проблемалық несие­лермен енді Ұлттық банк тікелей айналыспақ: «Мұндай келеңсіздікке ҚР Ұлттық банкі көзжұмбайлық таныта алмайды. Біз банктерге проблемалық қарыздардың көлемі тым көптігін ескерттік. Бұл банк­тің рейтингіне, банк жүйесінің рей­­тингіне, жалпы елдің рейтингіне әсер етеді. Бұрын Қазақстандағы мер­зімі өтіп кеткен несиелер деңгейі 10 пайыздан аспайтын. Қазақстанның макроэкономикалық көрсеткіштері жақсы еді. Ел мен банк жүйесінің рей­­тингі де жоғары болатын. Біз­дің жекеменшік банктер шет ел­дерден қарыз алуға мүмкіндігі бол­ды. Қаржылық дағдарысқа дейін банк­­­тердің несие қоржынындағы қара­жаттың 40 пайызға жуығы шет мем­ле­кеттерден келсе, қазір 75 пайыз ақша – халықтың депозит ретінде салған қаржысы. Ал банктердің рейтингі дербес рейтингтен төмен».

Бүгінде жекеменшік банктерге қа­тысты түскен және түсіп жат­қан арыздардың басым бөлігі 2007-2008 жылдарда алынған қарыздарға байланысты. Пайыздық мөлшерлемесі тым жоғары, ұсы­ны­латын қызмет құны тым қымбат. Осы орайда, Ұлттық қор жанындағы Арнайы комитетке ендігі бес мыңнан астам шағым түскен. «Қазір тексеру жұмыстары жүргізілуде. Біз банктердің әрбір арызға толық әрі тыңғылықты жауап беруін өтінеміз. Тағы бір мәселе, тұтынушылық несиелерге қойылған пайыздардың қайтарғандағы жалпы сомасы алған ақшаның 56 пайызынан аспауы тиіс. Мұны да терең талдап, тексеріп жатырмыз. Өйткені осыған қатысты да шағым көп. Талдау жасап, сосын қорытынды жасаймыз. Заңды бұзғаны анықталса, тиісті жаза қолданылады». 

Ереже бойынша, қайтарымсыз немесе мерзімі өтіп кеткен қарыздармен Проблемалық несиелер қоры айналысуы тиіс. Бірақ Қайрат Нематұлының пікірінше, аталған Қордың жұмысы нәтижесіз әрі тиімсіз: «Қор мерзімі өтіп кеткен қарыздарды мүлде сатып алмаған десе де болады. Өйткені банктердің айтуынша, Қор ұсынған дисконт тым жоғары. Мәселен, Проблемалық несиелер қоры активті оның баланстық құнының 50 пайызын ұсынса, банктер бұл соманы 95 пайызға дейін көтеруді қалайды. Бұл мәселеде ортақ пікірге келу үшін қайтарымсыз қарыздарды тізімнен шығара бастауы тиіс. Ал Қор белсенділік танытқаны жөн. Бұл адамдар санасын да өзгертуге сеп». Бас банкирдің меңзегені: банктерден қарыз алатын азаматтардың көп­ші­лігі алынған қаражатты несие ретінде емес, мемлекет тарапынан бе­рілетін қайтарымсыз жеңілдік ре­тінде қабылдайды. Мұның соңы түсініспеушіліктер мен наразы­лық­тарға әкеп соғады. Қ.Келімбетов банктер пайыздық мөлшерлемені тым шарықтатып жіберетіндіктен, кейде адамдар ай сайын қарызды уақытылы қайтара алмайтынын, бар тапқан-таянғанын банкке берген азаматтар көңілінде наразылық пайда болатынын, бұл дұрыс еместігін де қоса айтты. Бұл оңай олжа та­буға құныққан, яғни, жасырын пайызға иек артатын банктерге қа­тысты: «Мұндай заң бұзушылық та ескерусіз, жазалаусыз қалмайды. Тексеруден өткізгеннен кейін егер банктер тұтынушы құқын бұзғаны анық­талса, заң алдында жауап бе­реді».

Сонымен, Елбасының халыққа Жолдауына қатысты баспасөз мәс­ли­хаты бастапқыда жарты сағатқа жоспарланғанмен, 1 жарым сағатқа созылған шарада Бас банкир көптеген түйткілді сұрақтарға жауап берді. Алда – жыл қорытындысы.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button