«БАҒЫНБА, ҚАЗАҚ, ОРЫСҚА...»
«БАҒЫНБА, ҚАЗАҚ, ОРЫСҚА...»
Мен жылына бір-екі рет не ғылым мәселелерімен, не қоғамдық шаруалармен Түркістанға барып жүремін. Соңғы барғанда «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының қызметкерлері: «Әзірет Сұлтанда сіздің елден Торайғыр би жерленді» деген әңгіме бар, бірақ біздің тізімде жоқ. Осы мәселенің анық-қанығын білейік»,– деп өтініш жасады. Ертеде біздің елде Сапабектің Садығы, Шүленбайдың Ақшалы сияқты Түркістанға арнайы сапармен барған пірадарлар болып еді. Олар зиярат жолымен барып, әулиелердің басына, қазақтың ішінен шыққан ұлы әруақтарға дұға оқып, жақсы сөзді жаттап, қиынын қаттап, түгендеп отыратын асыл қариялар еді. Бүгінгі күні ортамызда ол ақсақалдар жоқ, түгендеуші өзіміз болып қалдық.
Бағынба, қазақ, орысқа,
бағынсаң қазақ орысқа,
осы бастан амандас,
Сарыарқа деген қонысқа!
Торайғыр би
Торайғыр бидің Әзірет Сұлтанға, қазақтың ұлы азаматтары жатқан пантеонға жерленгені рас. Бұл мәселеге қатысты дәлелдер де жетерлік, бірақ ең алдымен «Торайғыр би кім еді, оның тарихи деректерде аты бар ма, елге қандай қызмет етті, арманы, мұраты не еді?» – деген мәселелердің басын ашып алайық. Себебі Түркістанға Сарыарқадан екінің бірін апарып жерлемейді және біздің елдің ертеден қалыптасқан салты бойынша мүрдені алып 40 азамат сапар шегеді, әулиелердің құрметіне, қожалардың несібесіне, кембағал-мұқтаж адамдардың қажетіне деп 100 жылқы айдайды. Біздің елдің көне шежіресі Сыр бойымен, Түркістан өңірімен байланысты, Сарыарқада ол заманда жаз жайлайды дейді. Қыстау салып орныға бастағаны ХVІІІ ғасырдың 20-шы жылдары. Торайғыр бидің өмір сүрген уақыты ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басы.
Торайғыр бидің заманы
ХІХ ғасырдың өзіне дейінгі замандардан айырмашылығы қазақ ұлтының тәуелсіздігінен, дербес қоғамдық-саяси статусынан айрылуы. Бұл процесс қазақ жерінің солтүстік-батыс өлкесінен басталып, бірте-бірте негізгі территорияны қамтыды.
Тарихи деректер Әбілқайырдан кейін билікке келген Нұралы ханның Ресейге өте бағынышты болғанын көрсетеді. Бұған әсіресе Ресей үкіметінің ұсынысымен 1750 жылдардағы башқұрт көтерілісін басу шараларына қатысуы және 1771 жылы Еділ бойынан Жоңғарияға бас сауғалай қашқан торғауыттарды қууы айқын дәлел бола алады. Екi оқиға кезінде Нұралы хан Ресейдiң мүддесiн ашық көздедi және орыстың қарапайым шенеунігіне айналды. Осы себептен 1786 жылы Сырым батыр бастаған көтерiлiстiң қызған кезiнде билiктен біржолата, айрылып, Нұралы хан орыс бекiнiстерiне жасырынады. Әбілқайыр тұқымының отарлаушылармен одақтастығынан зәрезап болған Кіші жүз елі хандық биліктің орнына Хан кеңесін ұсынды. Ресей үкіметі амал жоқ елмен санасуға мәжбүр болды. Осылайша патша үкіметі Нұралыны Уфаға аттандырды. 1786-1790 жылдары Кiшi жүзде хандық билiк болған жоқ. 1787 жылы Кiшi жүздегi халық жиналысының бiраз өкiлдерi Әбiлқайырдың беделiн құрметтей отырып Нұралы ханның билiкке қайтып оралуына қолдау бiлдiредi, бірақ Нұралы хан 1790 жылы Уфа қаласында қайтыс болып, сонда жерленедi.
Кіші жүзде хандық билік тек Батырдың шөбересi және Хиуа – Қазақ ханы атанған Қайып ханның немересi Арынғазы тұсында ғана қайта жаңғырды және елдің қолдауына ие болды. Оның әкесi Әбiлғазы да Сырдария қазақтарының ханы болып сайланған. Қайып та, Әбiлғазы да Ресейдiң бодандығында болмаған.
1815 жылы Арынғазы әкесi өлгенде 30 жасқа толған еді. Орта Азияның билеушiлерiмен тығыз байланыста болған жанұяда тәрбиеленген Арынғазы мемлекеттiлiктi Азиялық деспотияға сәйкес келетiн формаларда қайта жаңғыртуды жоспарлады. Бұхар әмiрi оны әдiл заңның әмiршiсi «Әмiр Әл-Муслемин» деген титулмен атап, Кiшi жүз территориясы арқылы өтетiн барлық саудагерлерiне Арынғазы ханға ғана «баж салығын» төлеуге бұйрық берді. Арынғазы Орта жүз сұлтандарының арасында да айтарлықтай беделді болған ел басшысы. Көптеген фактiлер Арынғазының атағының көпшiлiкке жайылғанын дәлелдейдi, елдің де осы төрені қолдағанын көрсетеді. Сондықтан оны «Тыным-хан» (елді бiтiстiрушi хан деген мағынаны бередi) деп атаған.
Арынғазы хан қанша күш салғанымен қазақ территориясында бейбiт қатынастар қалыптасқан жоқ, ішкі билікті қолына алғанымен сыртқы жаугершілікті ол тоқтата алмады. Әсiресе Арынғазы басқарған ұлт-азаттық қозғалысқа және қайта жаңғырған хан билігіне Хиуа жағынан төнген агрессия қауiптi болды.
Арынғазы хан 1816 жылы хан сайланғаннан кейін бүкіл Кіші жүз билігін қолына алып, елде тыныштық пен тәртiптi қалпына келтiрудi ойлап, Сыр жағалауларын артқа қалдырып, қырға бағыт алды. Арынғазы ру басылары мен сұлтандардың сепаратистік пиғылдарын шектеу үшін жасауылдар институтын қалыптастырып, арнайы алым-салық жүйесін енгізді. Билер сотының өкiлеттiлiгi де шектелдi, сот шариғат бойынша iске асырылды. Қазылар оның бұйрығы бойынша өлiм жазасын қолданды. Арынғазының замандасы барон Е.К.Майендорф ханның сырт бейнесiн былай деп суреттейдi: «…Жүздеген қазақ нөкерлері жан-жағынан қоршаған сұлтан генерал Негримен кездесуге салт атпен келдi. Басына бұл жерде қабылданбаған шалма киген, бiрақ ислам бағытынан алып қарағанда ол құрмет көрсету балып саналады».
1816-1819 жылдары Арынғазының халық алдындағы беделi күннен-күнге өсті. Кiшi жүздің сол кездегі ресми ханы Шерғазы халыққа әсер етуден қалды, оның сыртында тұрған орыс үкіметі өздері сайлаған ханның күншiлдiкке толы хаттарын алумен ғана болды. Ресей екі төренің арасындағы қақтығысты күшейтуге тырысты, бұл ішкі билікті тағы да дағдарысқа бастады.
Осындай қиын жағдайда Арынғазы Хиуа агрессиясына қарсы қанды шайқас жүргiздi, бiрақ үнемi болып жатқан шабуылдарға, күштi қаруланған көптеген әскерге қарсы тұру өте қиынға соқты. 1820 жылы оның iнiлерi өлтiрiлiп, шешесi мен қарындастары хиуалықтардың тұтқыны болды. Шабуылдар кезiнде ауылдар аяусыз тонауға ұшырады. Қорқақ адамдар Хиуа ханына бағынуға дайын тұрды, солардың қатарында Хиуа жағына ауысып кеткен сұлтан Шерғазы Қайып ұлы да болды.
Арынғазының жоспарында Хиуа агрессиясына қарсы тұру ғана емес, сонымен қоса, бiртұтас хандық құру да болды, бiрақ сыртқы саяси жағдайдың салдарынан ол мұны тек қана Ресейдің қатысуы арқылы ғана iске асыра алатын еді. Сондықтан, Орынбор әскери губернаторы П.К.Эссен және шекара комиссиясының өкiлi А.Веселицкийлерге сүйене отырып, орыс патшасынан қолдау сұрамақшы болды. Арынғазы хан Санкт-Петербургке аттанды. Орыс шенеунiктерi: «Оның келуiнiң басты мақсаты өзiн, өзiнiң жанындағы адамдарды императорға таныстыру» болды деп жазады. Ол императордан «тұтқынға түскен, өлтiрiлген жанұясының атынан өшiн алу үшiн Хиуа хандығына қарсы әскер берудi» өтiнiш еттi.
Оның үмiтi ақталмады, Петербургте бірнеше ай болған Кіші жүз ханы Калугаға жер аударылды, сол жерде 1833 ж. қайтыс болды. ХIХ ғасырдың басында Кіші жүзде хандық билікті жаңғыртпақ болған iрi мемлекеттiк қайраткердiң қоғамдық қызметi осылайша аяқталды.
Орта жүз туралы айтар болса, 1781 жылы жаздың басына қарай Абылай қайтыс болғаннан кейін хан тағына Уәли мінді. Қазақтың ауызша дәстүрінде ру басшыларының кеңесінде Абылай хан таққа Қасым төре мен Уәлидi ұсынды делінеді. Қасымның хан болып сайланғанын Ресейге қарсы топ белсенді қолдайды, бірақ жиналғандардың көбі iшкi жұмсақ саясатты жақтаушы Уәлидi қолдап:
Инабатты кiсiден хан сайлайық,
Көпке тиiп пайдасы, әдiлетi зор болады.
Тәкаппар, кежiр адамнан хан сайласақ,
Тақсыр-ау,
Қаһарын төгiп халыққа,
Айдаһардай сор болады.
Қолқалама Қасымды,
Сынбасын сағы бекерге,
Көп сөйлетiп қайтерсiң
Осы айтқаным жетедi,
– деген екен-мыс.
Екатерина ІІ-нің грамотасын тапсыруға келген асессор Чучалов хан сайлау болып қойғанын хан ордасындағы билерден бір-ақ білді: «На другой день присланные от него Вали солтана старшины его известили, что у них со общего всех Средней орды салтанов, старшин и всего народа согласия прежде, нежели вышеупомянутая высочайшая грамота получена, избрание на ханское достоиного по их национальному обыкновению уже учинено для тех резонов, чтобы в народе их без начальника не произошло смятения и злополучия и чтоб оной непоколебимо довольствоваться настоящим спокойствием и тишиною».
Ресей командирлері Уәлиді хан сайлау туралы өтінішті қолдағанымен қазақтың саяси өміріндегі ішкі шиеленістерді, рулық және өңірлік сепаратизмді қоздырып, хандық билікті әлсіретуге бар өнерлерін салды.Бұған қарсы Уәли де шамасы келгенше қарсылық жасады. Орыстардың шекаралық аймақтағы астамшылық әрекеттеріне, жергілікті елге жасаған қысымшылықтарына, шиманды жерлерін иелене бастағанына қарсы шыққан Уәли хан орыс басшыларына «не позволяйте распоряжаться ордою и владеть нашей землею…» деп жазған хаты белгілі. 1794-95 жылдары Сiбiр шекарасының командирлерiне сенген Уәлиге қараған рулардың басшылары оған қарсы шыға бастады. 1797 жылы ханнан 2 сұлтан, 19 ру билері басқарған 120 мыңнан астам қазақ бөлініп шығып, Ресей үкіметі ұсынған Ертістің оң жағасындағы қоныстарды иеленді. Олардың II Екатеринаға жазған хатында: “Уәли ханның бұғауынан босатып, бiздi Ертiстiң оң жақ жағалауына қоныстандыруыңызды сұраймыз”– делінеді.
Уәли ханның билiгiн әлсiрету мақсатында Сібір басшылары қаракесек және төртуыл қазақтары арасында ықпалды болған Қырық сан Барақ сұлтанның баласы Бөкейдi хан етiп сайлау қолға алды. Осылайша 1816 жылдан бастап бір Орта жүзде екi хандық пайда болды, бірі – Уәли хандығы, екіншісі – Бөкей хандығы. Қытай және Түркістан жағындағы халық өздерiнше өмiр сүре бердi.
Бұл кезеңде шығысқа ұмтылған қазақтар Қытайдың қарсылығына қарамастан Алтай, Тарбағатай өлкелерін иемденген болатын. Бұл қозғалысты бастаған Әбілпейіз сұлтан өлгеннен кейін бұл алқапта да дәстүрлі билік дағдарысы сезіле бастады. Әбiлпейіз туралы қызықты мәлiметтер Құрбанғали Халид жазбаларында кездеседi: «Абылай өлген соң найман еліне үлкендік айтар кісі қалмай бірін-бірі шауып, талап әбігерге ұшырап, ақыры үлкендер жиналып, біреуге билікті бермесек болмайды екен десіп, негізгі орталықтан бір ханзада әкелмесек болмас деп сыбан Ботақара би, мұрын Боранбай би, Қожамбеттен Сырымбет би, қыржыдан Қыстаубай би, Байсиықтан Толыбайлар барып… Әбілмәмбет хан шақырылды. Ол кісі мен сындарлы жасқа келіп қалдым, ата қонысты тастап кету маған лайық болмас, ұлым Әбіл Файызды апарып хан көтеріңіз деп, бала әлі балиғатқа жетпеген жас екен, ғұрып бойынша бесік керті (атастырылған қалыңдығы) Бөкей ханның қарындасы, Әбілқайырдың Нұралы деген ұлының қызын бірге ұзатып әкеткен. Әбіл Файз сыбан еліндегі Байқара би ауылына қоныстанады. Шыңғыс тауы етегін мекен-жайлау етіп, қос өзен бойында салған мешітінің негізі 1860 жылға дейін бар болған. Имамы Аюб қожа ишан болып, оның әулеті бүгіндері Мұрын елі ішінде. «Ханым патша мешіті» дейтін Қызыл шілік дейтін жерде орыны бар».
Ресейдің алғашқы
әкімшілік
реформасы
Уәли хан 1820 жылы қайтыс болғаннан кейін Ресей жаңа хан сайлауына қарсы шықты, Орта жүзді басқару туралы жарғыны дайындады. Сібір Шығыс пен Батысқа бөлініп, Батыстың құрамында Омбы облысы құрылды, Орта жүздің қазағы осы Омбы облысына бағынатын болды. 1822 жылы жарияланған «Сібір қазақтары (қырғыздары) туралы жарғы» 1824 жылдан бастап іске аса бастады. «Жарғының» негізгі идеялары М.М.Сперанскийдікі болғанымен, нақты дайындау кезінде Батыс Сібір генерал-губернаторы П.М.Капцевич пен С.Б.Броневский (Омбы облысының начальнигі) үлкен үлес қосты.
«Сібір қазақтары туралы жарғы» Орта жүз жерін бірнеше округтерге бөлетін болып шешті. Әр округте 15-20 болыс болмақ, әр болыста 10-12 ауыл, әр ауылда 50-70 шаңырақ. Округтің басшылығына сұлтандар өз іштерінен аға сұлтан сайлап, ал болыстарды – сұлтан, ауылдарды – би (старшын) басқарсын деп ұйғарылды. «Жарғы» Сібір басшыларының Орта жүзді ондаған жылдар бойы бақылап, зерттеуінің арқасында дүниеге келді және қазақтың өз билігін бірқатар сақтағанымен, түбі Ресейге нақты қосудың тура амалын жасады. Оның бір мысалы мынада – ерте уақытта қазақ баласы билікті хан-сұлтанға беретін, бірақ қатаң бақылап отыратын, шектен шығармайтын. Енді келіп «Жарғы» сұлтан билігін қазақтың қолынан алып, өзіне берді. Осы себептен төрелер мен қазақтың билері арасында ұзақ жылдарға созылған күрес басталды да кетті. Оның айқын көріністерін Баянаула округінен де көреміз, мысалы Шоң заманындағы күрес, төрелердің орнына қара сүйек билердің дуанбас сұлтан сайлануы, билікке келуі. «Устав» өз дегеніне жетті, енді қазақ баласы төресіне сенбейтін, қолдан келсе билік бермейтін болды.
Орта жүзде құрылған алғашқы екі округтің бірі – Қарқаралы округі (1824 жылы көктемде), екіншісі – Көкшетау округі еді. Қарқаралы мен Көкшетау екеуі де хан ордасы болған жер, жаңа биліктің жүйесін орнатуға икемді болды. Ресейді мойындамаған қазақ ел басшылары Уәлидің үлкен баласы Ғұбайдолланы хан сайлады.
Торайғыр бидің күресі
– Міне, қазақтың саңлақ билерінің бірі Торайғыр бидің ақсұңқар құстай талпынып, тарих сахнасына шығатын уақытына да келдік. Біртіндеп бір жағы Ресейдің әсері, бір жағы тарихи обьективті себептерге байланысты хандық биліктің қадірі қашты, әркім өз қамын ойлауға көшті. Мемлекетсіздік, қоғамдық іске жауапсыздық, ұсақтық қазақ қанына осылай сіңе бастады. Осындай өтпелі кезеңде елдің жан-жағынан қаумалап келіп ақылдасатыны, етегінен ұстайтыны өз орталарындағы билері еді.
Баянаула қазақтары екі өрттің ортасында қалған. Бір жағы әуел бастан Орта жүздің билігін ұстаған Абылай әулеті, екінші жағынан Бөкейді хан көтерген көрші қаракесек елі. Осы себептен екі жаққа да қосылмай өз бетімен, өз билерінің соңынан еріп жеке дуан құрамыз деген саясат туындауы заңды. Ол кезеңде Баянаула билерінің үлкені Шоң би еді. Бірақ Шоңның орыспен келісімге келу саясатына, оның туған інісі Торайғырдың қайткен күнде де хандықты сақтап қалу саясаты үндеспеді. Алдымен 1824 жылы Уәлиханның үлкен ұлы Ғұбайдолланы хан сайлауға қытай елшілігі Баянаулаға келетінін айту керек. Осы шаруаға қатысты деректер Шоңның інісі Торайғыр бидің еңбегін жоғары бағалап, оны Ғұбайдоллаға амал беретін көсем деп атайды. Қытай елшілігі мен Ғұбайдолланың Баянауладағы кездесуіне Ресей әскерлері бөгет болды.
Ресей архивтері Қытай елшілігінің Баянаулаға 1824 жылдың маусым айында келгенін хабарлайды. Сотник Карбышевтің осы жылдың 29 маусымында жазылған рапортынан үзінді:
«Вчерашнего числа к вечеру я с командою прибыл к урочище Баян Аул, где и нашли китайский отряд, а сего числа подошед к ихнему лагерю, внутри урочиша находяшегося, был я у начальника оного отряда, называемого Амбо, а на переводе чин российского генерала, который и обьяснил мне, что командирован он в экспедицию от китайского правительства: покойного хана Валия сына Губайдуллу, что ныне в Кокчетавском окружном Приказе старший султан, по примеру умершего отца и по просьбе его, возвести его, Габайдуллу, на ханское достоинство…»
Осыған байланысты Омбы облысының бастығы Броневский Керекуге келіп, ал облыстық басқарманың бастығы Григоровский әскерімен Баянаулаға аттанды. Оның қарамағына Көкшетау дуанының бекітілген қазақ-орыс әскерімен Путинцев, Қарқаралы отрядымен Карбышев берілді. Олар Көкшетаудан Баянаулаға жақындап қалған Ғұбайдолла сұлтанды шілде айының басында тұтқынға алды. Уәли ханның мұрагері осы жерде орыс қаруының астында Ежен ханның атына тақтан бас тартатыны туралы аянышты хатын жазды.
Торайғыр бидің осы оқиғалардың басты кейіпкері болғанын, оның қытай елшілігінің келуіне, Баянаулаға орналасуына, кездесуді ұйымдастыруға тікелей қатысы барлығын Батыс-Сібір генрал-губернаторы П.М. Капцеевичтің Ресей сыртқы істер министрі К.В. Нессельродеге жазған ресми хабарынан байқаймыз:
«Что же касается до бия Турайгыра, доставленного также в Омск, который был главнейшим руководителем султана Габайдуллы в несправедливом его поступке и соучастником оного, то в пример прочим нахожу нужным подвергнуть его законной ответственности, предав поступки его суждению воинского суда …».
Бірақ Қытай мен Ресей арасындағы дипломатиялық жанжал және Нессельроденің жауап хаты Омбы басшыларының Ғұбайдолла мен Торайғырды жазаламақ болған жоспарларын іске асырмады. Сыртқы істер министрі былай деп жазады:
«Если же приведенные действия, от чего весьма следовала удержаться, строгие меры и особливо ордер подполковнику Григоровскому (арест султана и бия) на то обязанностью вашей будет немедленно отменить оные во всем пространстве по случаю сообщаемого вам ныне высочайшего повеления вследствие сего». Хаттың мазмұнынан біз Баянаулада болған оқиғаға орыс патшасының өзі кіріскенін көреміз.
Омбы басшыларының шаш ал десе бас алатын дөрекі істеріне қарсы наразылық Қасым төре Абылайханұлының 1824 жылдың 17 қыркүйегінде Капцевичке жазылған хатында барынша толық баяндалған:
«Еше по наследству отца моего Аблая и брата Валия утвержден на ханство Габайдулла, который насильственно захвачен с товаришем его Торайгыром. По какой причине сие сделано…?» дейді Абылай заманыдағы орыс-қазақ арасындағы қарым-қатынас үйлесімінің сақтап қалуға бар күшін салған Қасым төре.
Сібір басшылығы жоғарыдан сөгіс алды, бірақ осы бір қиын уақытта Сүйіндік елінің билері Торайғырды босату үшін өз жерінде орыс-казактарына қоныстануға рұқсат берген сияқты. Бұл 1826 жылы болатын. Қорған Сабынды көлдің батыс жағалауынан салынатын болды.
1826 жылдың 14 ақпанында төртуыл одағының көсемі Шоң би сотник Карбышевке Баянаула баурайында дуан орталығын (приказ) салуға келісімін берді: «… для спокойствия и мира нашего народа согласен на открытие окружного приказа дивана при горе Баян-Ауле, желаю быть подданым милоствейшего государя и обязуюсь исполнять все его законы, не нарушать их, не совершать плохих дел и даже не думать об этом». Осы күні Шоңның жанында болған бәсентиін елінің басшысы Қазанғап Сатыбалдыұлы, қанжығалы елінің басшысы Өтетілеу Тайпақұлы, Жолоба – Қыпшақтан Аю Олжабайұлы осы оқиғаның тікелей куәлері еді.
14 ақпан мен 8 наурыз арасында (1826 жыл) Төртуылдың ішіндегі Айдабол, Қозған, Қаржас, Күлік, Орманшы, Қанжығалы елінің Бәсентиін руының және басшылары мен белгілі адамдары барлықтары да Баянаула дуанының ашылуын, Шоң Едігеұлының аға сұлтан болуын қолдап таңбалары мен мөрлерін Карбышев ұсынған келісім қағазға басып шықты.
Осы жылы жазда Карбышев дуан ашылатын жерді анықтап, бекіністің қазығын қағып, орнын белгіледі. Бірақ патша тарапынан қағаз реттеліп, қаржы мәселесі толық шешілгенге дейін біраз уақыт өтіп, дуанның ашылуы 1833 жылға да жетті. Дәлірек айтсақ 1832 ж. 22 тамызында Батыс Сібір генерал губернаторы осындай өтінішпен жоғарыға шықты.
Ресей деректерінде де, қазақтың ауыз-екі әңгімесінде де Баянаула дуанының тарихы 1826 жылдан басталатыны осы себепті. Мәшһүр Жүсіп шежіресінде «сиыр жылы дуан салынған» деген дерек бар, сол 1826 жылды айтып отыр, себебі сол сиыр жылы туып Дуанбай атанған бала 1905 жылы 79 жаста делінеді. Уақ ішінде Жалбыр деген анықтамасы бар. Ендеше Торайғырдың орыс қолына тұтқын болған уақиғасы ертерек, яғни доңыз жылы болған.
Торайғыр мен Ғұбайдолланы Ресей өкіметінің жергілікті орындары ұстағанымен, Қытай мен екі арада туындай бастаған жанжалдан қауіптеніп жылдам босатты. Бір жағы Ресейдің отарлау саясаты: жердің тарылуы, жазалаушы отрядтардың, орыс-казактардың қорлығы, алым-салық, екіншіден жиілеп кеткен жұттар: осының бәрі Баянаула округіндегі қазақ руларын тәуелсіздік күресінің қатарына қосты. Шетке шыққан Ресей солдаттарын, чиновниктерін тұтқындап, өлтіріп, қуып, алым-салықтан бас тартып, ереуілге шықты.
Торайғырдың орыс қолында тұтқын болуы
Ғұбайдолла мен Торайғырдың орысқа пенде болуы Мәшһүр Жүсіп пен Сұлтанмахмұт жазбаларында толық баяндалған.
«Сиыр жылы Баянаулада дуан саламын деп орыстар ағаш кестіре бастайды, – дейді М.Ж.Көпейұлы жазбаларында. Осы жылы он шақты қытай келіп:
– Ағаш кестірмеймін, қала салдырмаймын, қазақ саған қарамайды, бізге қарайды!– деп, таласқан. Сонда Уәли ханның бәйбішесінің баласы Абайділда ханның заманы, Шоң, Торайғырдың заманы, жаздың күні еді. Жайлаудан Шоң биден тіленіп:
– Мұның жауабын мен берейін, – деп Торайғыр келген, Абайділда хан келген. Сонда орыстың полковойы:
– Қазақ, шүршітке қарайсың ба, бізге қарайсың ба? Айт шыныңды? – дегенде, Абайділда хан үндей алмаған, не дерін біле алмай, сасып қалған.
Торайғыр айтқан:
– Әй, полковой, осы жүрген уақытыңда өзіңе біреу: «Маған қара!» – десе, не айтар едің? – деген.
Онда полковой айтқан:
– Біздің қарап тұрған патшамыз бар. Қасықтай қанымыз, шыбындай жанымыз қалғанша жолында боламыз. Онан биліксіз біз: «Ешкімге қараймыз!» – деп айта аламыз! – деген.
– Ендеше, біздің де сондай қарап тұрған патшамыз бар. Ата-бабамыздан бері қарай Бұхардың хандарына бағынып, қарап келе жатқан жұрт едік. Малдың қамы үшін: «Сарыарқа бос жатқан жер», – деп көшіп келген едік. Енді бұл жерге ие табылса, біз де өз патшамызға барайық. «Мұнда жер-су бар, көшіп кел!» – дер ме екен? Жоқ болмаса: «Малыңның қамын қыла бер!» – дер ме екен?! Осы күнгі ханымыз – Мерхидар деген, – екен.
Сонан соң орыс көптік қылып:
– Жүр, бұл сөзіңді Омбыдағы полковойға есіттір. Қарасаң, қарамасаң, сонан қайтасың! – деп, Торайғыр мен Абайділда ханды алып кетіпті.
Жолда көрген Бәсентиін ағайындар:
– Жібермейміз, тартып алып қаламыз! – деген екен, Торайғыр:
– Тимеңдер, текке жеккөрініш болмаңдар. Бізді өлтіре алмас, сата алмас. Бізге бір залал қыламын деп, өзі де орнында тыныш тауып жата алмас. Қайта ең жоғары ұлығына барып, қазақ қала салмайтұғын, солдат алмайтұғын қылып келейін, – депті.
Сол барғаннан барып, Омбыда жетпіс күн жатыпты. Сонда: «Орыстың дәмін татпаймын!» – деп, Сағара деген сарттың үйінен сиырдың сүтін алдырып ішіп жатыпты. Шай деген астың кескін түрін ең алғаш көргенде, Омбыда көрген екен.
– Бұл не? – деп сұрағанда,
– Шай деген ас – осы, – дегенде,
– Мына, шіркін, ішкен кісінің мейір шапағатын шайып кететұғын неме екен, – депті. Ұрттап алғанда, қайта төгіп тастапты. Қантты көріп:
– Бұл немене? – дегенде,
– Қант деген ас – осы, – депті.
Сонда:
– Уа, қу дүние, мына шіркіннің өзі тәтті болса да, жеген кісіні қатты қылатұғын қу екен, – депті. – Сірә, мына екеуін ас деп ішкен бізден соңғы жұрттың бір-біріне достығы болмас. Сойған малының бас-сирақ, төстігі болмас, – деген екен.
Омбының полковойы алдына шақырып алып сұрапты:
– Қолыңа сақина салайық, басыңа қалпақ кигізейік, беліңе қылыш асындырайық! – деп.
– Қолыма сақина салсам, ауылымда ұста бар, соған соқтырып салмаймын ба?! Қалпақ киетұғын болсам, қойдың жүнінен қандай қылып бастырып кием десем, – бәрі табылады. Қылыш асынсам, қазақта не түрлі қылыш соғатұғын ұсталар бар. Бәрі өзімнен табылады, сенікін не қылайын? – депті.
– Бізге не Шоң, не өзің аңда-санда келіп тұр. Сені жеріңе қайтаралық, – депті.
– Өзіңде ақылдан дәнеме жоқ екен ғой. Сенің ақ патшаң біздің ауылға неше барды? Шоң – сондай қазақтың ақ патшасындай кісісі. Ол сенен не аламын деп келсін. Мен сегіз санаттың қатар кісісімін, сенің сегіз санатың біздің ауылға неше барды? Біз де сондай керексіз орынға қаңғып жүрмейтін кісіміз, – депті.
Сонда полковой айтты дейді:
– Аюдан да күшті екенсің. Жетпіс күнде аюды құрдай жорғалатушы едік, сені иліктіріп көндіктіре алмадық. Бар, бар енді! – деп, қайырып қоя берген екен. Бұ жақта: «Абайділда мен Торайғырды алып кетті!» – деп, қазақ қорқып, Баянаулаға – Шоң, Көкшетауға – Уәли ханның тоқалы Айғаным қала салдыра бастаған екен. Торайғыр өкпелеп:
– Бір жолдың билігін маған бермедің. Мені елден құрмалдық тоқтыдай қылып жіберсең болмас па еді? «Менің билігім інімде, онда інім көніп келсе, салдырамын, болмаса, інімді ұстап ап кетіп, өзіммен жауласып тұрғанда, сенің тілеуіңді қалай аламын, не деп саған қараймын? – деп, қала саламын?!» – десең, сөзден аса алмас еді. Сөйтіп аяқсыз қалдыратұғын едік қой! – деп өкпелеп, – Орысқа қарамаймын! – деп, ауып көшіп кеткен екен.
Торайғыр би, Шоңты, Ізден абыз – үшеуі құрдас екен. Мұнан кеткен жылы Қуандық жібермей, Алтай Амангелді – Айтастың қосын қыстаған екен. Сонда Ізден абыз әдейі іздеп барған екен. Жеті қоңырда отыр екен.
– Баянаула, Қызылтаудан сен қалайша адасып біткен жерсің?! Айдабол мен Күліктен сен не ғып адасып жүрген ерсің? – деп көріскенде, Торайғыр өкіріп жылаған екен. Айдаболдан Шоңты іздеп барыпты.
– Емшегімді көкке сауамын, осыдан қайтпасаң! – деп, шешесі Борсық бәйбіше барыпты.
Жаз шыққан соң Қуандықпен бірге жайлауға келгенде, Қуандық, Сүйіндік Көкшетау айналасында, ауыл аралас, қой қоралас қонып, Айдабол, Күлік Торайғырдың аулының үстін баса қонып, жайлауда бірге отырыпты. Үріккен елдей ел жайлаудан қайта көшкенде, Торайғыр түндігін алдырмай, көшпей, еру қалыпты. Мұны көріп Шоңты да үй-іші, бәйбішеге:
– Торайғырмен бірге қалайық, үйді жықпа! – деген екен.
– Азбанға бола би қайнағадан айрылушы ма едім ?! – деп, үй-іші, бәйбіше үйін жығып, тас-талқан боп көше жөнелген соң, Шоңты Торайғырдыкіне барса, Торайғыр намаз оқып болып отыр екен, ұшып тұра келіп, Шоңты көрісіп, жылап қоя берді дейді. Сонда Торайғыр:
– «Ел соңынан енді ермейін, кәуірдің жүзін көрмейін!» – деп, ант ішіп едім. Сенің қалғаның қиын болды. Сені үйірінен айырған азбанға ұқсатып қалай сақтайын? Енді сені қимай амалсыз ел соңынан еремін. А, құдай, орыстың жүзін көрсетпей, мені ала гөр! – деп көкқасқа айтты дейді.
– Үй-ішіге: «Түндікті алма, көшпейік», – деп едім. Тілімді алмай, үйін жығып, көшіп кетті. Енді қатын-балаға тілімді алғыза алмаған соң, сенен қалып тірі жүргенде, не бітіремін? Торайғырды алсаң, мені де, Құдай, мұнан қалдырма! – деп, бұл кісі боз қасқасын айтты дейді. Сол уақытта екеуі де қырық тоғызда екен. Торайғыр ауылын көшіріп, Сілетінің бойында «Соқсаңсоқ» – деген жерде елдің соңынан қуып жетті. Дәл осы жерде ажалы жетіп, көп ауырмай, Шоңты өлді. Өлерінде өсиет қылды:
– Балалар, Торайғыр екеуміздің құдайға берген уағдамыз бар еді. Бұл һәм кешікпей менің артымнан келер. Мені аманат қойыңдар, екеумізді Хазіретке бір алып барыңдар! – деп.
Сілетінің бойына аманат қойдырған екен. Ел Баянаулаға көшіп келген соң, Шоңтының қырқын беріп жатқанда, Торайғыр өлді. Торайғыр өлді деп жаназаға шақырып жүрген түні Байбақы баласы Құлмұхаммед ұста туған екен. Бұл кісінің жылы не болса, Торайғыр, Шоңтының өлген жылы – сол.
Жаз шыққан соң Торайғыр мен Шоңтының сүйегін аманат қойған жерінен алып, Хазірет Сұлтанға алып кетті. Сонда Шоңтының сүйегін аманат қойған жерінен алғанда, ішінде едім, – дейді Шонабай қожа деген қожа».
Бұл әңгіме тарихи еңбек есебінде аса құндылығымен қызықтырады. Біріншіден Баянаула қазақтарының Ресейдің отаршылдық саясатына қарсы қозғалысы, екіншіден Қытай елшілігінің келу мәселесі, үшіншіден Баянауланың сол кездегі үш намысшыл азаматы Торайғыр, Ізден абыз, Шоңты туралы нақты деректер аламыз. Әр түрлі тарихи жағдаяттарды салыстыра отырып Торайғырдың 1778 жылы туып 1827-ші жылы қайтыс болғанын аңғарамыз. Олай болса орыс отаршылдығының үстемдігінің, озбырлығының уын бірінші тартқан Торайғыр би деп айтуға болады.
Жамбыл Артықбаев,
Л.Н.Гумилев атындағы
Еуразия ұлттық университетінің
профессоры