МАҚСАТ – АЙҚЫН, МҮДДЕ – БІР

МАҚСАТ – АЙҚЫН, МҮДДЕ – БІР

МАҚСАТ – АЙҚЫН, МҮДДЕ – БІР
ашық дереккөзі

Елбасымыздың «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауы елімізде қызу талқыға түсуде. Мемлекет басшысының «Мәңгілік ел» бастамасы бүкіл халықты биік мақсатқа, ортақ мүддеге біріктіретін ұлттық идеяға айналып отыр. Елдің болашағы зор, мақсаты – ортақ, мүддесі айқын болуы тиіс деген пікірді алға тартады көпшілік. Ендеше, мәңгілік ел болуымыз да – ұлттың өз қолында. Редакциямызға келіп түскен хаттардың дені осыған саяды. 

Еліміздің әр азаматы дүр сілкініп, өзін-өзі сергек ұстап, бір серпіліп қалды. Қалғып кеткен адамның көңіл күйін бұрап жіберген, сөзсіз Елбасының биылғы жолдауы болды.

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауы – егемен еліміздің тұрақты дамуын қамтитын, мемлекетіміздің барлық саласына серпін беретін, халқымыздың бірлігі мен татулығын, рухани келісімін, ел игілігін көздейтін шын мәніндегі бағдарламалық құжат.

Осы стратегиялық құжатта Прези­дентіміз барлық саланы қамти отырып, тәуелсіз Қазақстанымызды дамытудың, әрбір қазақстандықтың әрбір отбасының, жастардың және келешек ұрпақтың мүддесі үшін қандай шаруалар атқарылғанын және оны шешудің негізгі жолдарын айтты. 

Жолдаудың әрбір тарауына мұқият мән берсек, әрбір азаматқа зор міндет жүктелгенін аңғарамыз. Әсіресе Президентіміз еліміздегі өскелең ұрпақты бүгінгі заман талабына сай еңбек етуге, білім алуға, түрлі жаңашылдықтарды жете қабылдап, сараптама жасай алатын бесаспап маман болып және Отанына рясыз қызмет етуге шақырды.

Жолдаудағы маңызды бағыт – елге деген патриотизм. Жалпы, барлық құнды еңбектер, жаңалық атаулы тек отансүйгіштік арқылы дүниеге келеді. Негізі, патриотизм мен намыс тамырлас, егіз ұғымдар.

Қоғамның қай саласына болмасын, ең алдымен елге деген сүйіспеншілік керек. Әрбір мұсылман баласы Алла тағаланың әмірлерін ықыласпен орындауға тырысатыны мәлім. Қасиетті Құранда: «Алланың қастерлі ұғымдарына құрмет көрсету – жүректің тақуалығынан» («Хаж» сүресі, 32-аят) делінген. Ал, имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін киелі ұғымдардың бірі – елге деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу  мұсылман баласы үшін қастерлі парыз. Қазақ елінің берекелі өмірінде Отанға деген үлкен сүйіспеншілік пен құрмет, қазақы намыс жатыр. Жалпы, қазақ патриотизмі туралы көп айтуға болады. Бұл – таусылмайтын тақырып. Себебі, біз қанша өмір сүрсек те, намыс­ты қолдан бермейтін, сенімін серік еткен, жеткен биіктен әрі асуды көздейтін қайсар халықпыз.

Бір шаңырақтың астында ұлттар дос­тығын жаһанға мойындату, керек десеңіз, мемлекеттік тілдің төңірегіне тұтас елді топтастыру идеясын жүзеге асыру – шын патриоттың қолынан ғана келетін іс. Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткен барлық дүние елдің көкейінде жүрген мәселелер еді. Әсіресе, ұлттық бағыттағы, қазақ тілі, ел бірлігі хақындағы сөздері «елім» деген әрбір азаматқа ерекше рух бергені сөзсіз.

Еліміздің гүлденіп, өркен жайып, көркейе беруі байтақ жерімізді мекен еткен әрбір азаматқа байланысты. Бірлігімізді сақтап, асыл дінімізге деген құрметімізді берік етсек, Алла тағала ырыс-несібемізді арттырып, мерейімізді үстем етері анық.  Ләйім Алла Тағалам соған жазсын! Әмин!

Нұрбек Есмағанбет,

Алматы қаласының бас имамы