Жаңалықтар

ПІШӘННІҢ КҮЙЛЕРІ

ашық дереккөзі

ПІШӘННІҢ КҮЙЛЕРІ

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының ортасы. Талдықорған халық театрының жаңадан қоныстанып, шаңырақ көтерген кезі. Ұлы Отан соғысынан бері ел тұрмысы біршама түзелгендей. Еңсе көтерген ел енді өнерге де ден қойған. Олардың сонда көбірек баратын жері – жаңағы халық театры. Бұл театрдың қойылымдары мен концерттеріне қала тұрғындары ғана емес, сонау ондаған шақырымнан арнайы ат сабылтып келетін ағайындар да аз болмайтын. 

Мен ол кезде Талдықорған облыстық радио комитетінде аға редактор едім. Кезекті бір сәт. Театр әртістерінің көрермендер алдында есебі болады дегенді естідім. Баруымыз керек. Бардық. Мақсат – халық таланттарының жаңа ән-күйлерімен студиядағы қорды толықтыру. Оператор Анатолий Бехтеровқа нақты тапсырма берілді. Жұмыс басталып та кетті. Арада екі жарым сағат өтті. Олжалы болғандаймыз. Бірнеше үнтаспаға ән-күйлер жазылды. Дегенмен бір нәрсе жұмбақ болып тұрғандай. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Балғынбаев (қазір аты есімде қалмапты) орындаған бірнеше күйдің авторы айтылмаған. Ал осы күйлердің сарыны мүлде бөлек. Құлаққа өте жағымды. Кімнің туындысы бұлар? Уақыт тығыздығынан ба, орындаушы әртіс мән-жайды кейінірек түсіндірейін дегеннен басқа нақты жауап бере қоймады. Бірақ арада біраз уақыт өткеннен кейін облыстық радиохабарлар тарату комитетіне біреу телефон шалып, өзінің әртіс Балғынбаев екендігін айтты. Сосын: 

– Мұрсатыңыз болса, анадағы күйлер жөнінде сұрағыңызға жауап беруге дайынмын, – деді нық дауыспен. 

Менің күткенім де осы болатын. Өйткені радиохабардан күйлерді қайталап беру үшін оның авторын айту керек қой. Белгіленген уақытта Балғынбаев студияға келді. Домбырасын қолға алды. Біз күйлерді үнтаспаға қайтадан түсіруге кірістік. Байқаймын, әртістің көңілі қаяу. Түсінсем бұйырмасын. Терең бір ой-сезіміне беріліп, томаға-тұйық күйге түскендей. Шешімі табыла қоймайтын жұмбақ. Біршама үнсіздіктен кейін барып, толғана үн қатқаны. 

– Өткендегі концерт барысындағы сұрағыңыз әбден орынды. Ондағы орындаған біршама күйдің авторы айтылмауында үлкен мән бар, шырағым. Бірен-саран біреулер болмаса, көбіне құпия. Заман ағымы солай. Атын айтуға болмайтын ел азаматтарының күйлері еді бұл. Енді не іркіліс? Сол жолы мен тартқан күйлер ардақты атымен, асқан өнерімен мәшһүр болған әйгілі Жәлменденің баласы Пішәннің күй-толғаулары болатын. Концерт барысында байқаған боларсыз, күй аталары Құрманғазы, Дина, Қазанғап, Тәттімбет, Дәулеткерейдің шығармаларын орындағанда жүргізуші әрқайсысының аты-жөнін атап, әр күйдің қалай туғанына дейін айтып беріп отырды. Ал екінші жартысында орындаған күйлердің жөн-жосығы айтылмады. Себеп әлгіндей. Көріп, естіп отырған тыңдаушылардың қабылдауына қарасаңыз жоғары деңгейде өтті емес пе? Шын жүйрік сөреден өтсе де шабысы бәсеңдемейді. Пішән туындылары бағдарламаға енгізілмесе де, қыза келе делебем қозып қосып жібердім. Арманда кеткен ардағымыздың рухы ризашылығы үшін. Енді мынаған қараңыз. Тарихи деректерге жүгінейік. Не дейді екен? Тіпті Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де бүгінгі Талдықорған баяғы қазак-орыстардың атаманы Гавриловтың есімімен аталып келгені рас. Олардың ығыстыруынан қазақтар ежелгі ата-қонысынан айрылды. Тау бөктерлері мен құм далаға қоныс аударды лажсыздан. Ескі көз, кәрі құлақтардың көріп, білгендеріне қарағанда Жәлменденің Пішәні қарашекпенділердің озбырлығына ашықтан-ашық қарсы тұрған, ұйым құрған. Оның әрбір қарсылығы атыс-тартыс, шабыспен аяқталып отырса да ол бас имеді, берілмеді. Сол Гавриловканың ортасынан ойып алынған төрт-бес гектар жерге шіркеу орналасқан. Төңірегі қара шойынмен қоршалған. Бірақ, жай қоршалып қойса жақсы ғой. Бәрінен де қорлау иттігін айтсаңшы! Қақпалардың сыртқы шыға берісінде: «Мұнда қазақтарға, солдаттарға, иттерге кіруге рұқсат етілмейді» деген жазулы тақтайшалар ілулі тұратын. Осы жайттарды бұл жердің ежелгі тұрғыны Ораз Жандосовтың қайын атасы Әубәкір қариядан естігенім ойға оралды, – деп сөзін аяқтаған күйші. 

Иә, қазақты небір зұлматты, нәубетті күндерге душар еткен кешегі Кеңес өкіметі ел азаматтарын да аз қуғын-сүргінге ұшыратқан жоқ. Асып, атудан тартынбады. Солардың бірі – Жәлменденің Пішәні. Аңдыған жау аяқтан шалды. Қолдан жасалған халық жауы жаласымен атылып кетті. 

Елуінші жылдардың өзінде бұл азаматтың есімін атау, әңгімелеу нағыз қылмыс саналатын. Оның ғажайып әндері мен күйлері қапаста ұсталды. Сонда қалай болғаны?!

Өз басым Ұлы Отан соғысында төрт майданда болдым. Төрт рет жараландым. Елге оралдым. Жаратушының өзі берген жанын өзі алатынына көзім жеткен. Ой түйіні міне осыған тірелді. Өткен іс өтті. Өнер – елдікі, қазына – халықтікі. Халқым деп арманына жете алмай өткен Пішәндай азаматтардың еңбегі еліне қайтарылуы тиіс. Тулаған ой толқыны осыған әкелді мені. 

Тәуекел, бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ. Міне, Пішән күйлерінің кейбіреулері бүгінгідей есімде. «Төлек» күйі қалмақтарға қарсы қол бастаған қазақ батырларының біріне арналған. Тарихи деректерге қарағанда, Төлектің мәйіті Яссауи кесенесіне қойылған. Демек, жай адам болмағаны. Ерін есіне сақтаған халық қазақтың Жетісу жері мен Қытай шекарасындағы жайлауды «Төлектің төрі» деп атайды бұл күнде. Бұл жер екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Нұрмолда Алдабергенов басқарған ұжымның жазғы жа­йылымы саналатын. Осы өңірдегі малшыларға мәдени қызмет көрсету жөніндегі құрылған облыстық бригада ұжымын басқарып 1955-56 жылдары болғаным бар. Жердің төресі. Қара орманды, қарағайлы, тау-тасы жұпар иісті аршаға бөгіп-ақ тұр. Жетісудың бойтұмары десе де болғандай. «Төлек» атты күйі табиғаттың осы сұлулығын домбыраның қос ішегінен төгілтіп паш етіп тұрғандай еді. 

«Қаратал» күйі Қазақстанның Жетісудай жерінің оңтүстік-шығысын алып жатқан Көксу, Шажа, Текелі, Быжы өзендері мен жүздеген тау бұлақтарының басын қосып Балқаш көліне құятын негізгі жеті өзеннің біріне арналған. Сулы өңір – нулы өңір. Бірнеше ауданның егіс алқаптарымен, бау-бақшасына иіп нәрін беріп тұрған қастерлі де қасиетті Қаратал өзені бұл. Баяулап басталған «Қаратал» күйінде өршіл де екпінді күш-қуаттың шарықтауын естіп қана қоймайсың, көз алдыңа елестетеді. Халық басына күн туған кезеңдерде жауға шапқан әулие, әрі батыр Ескелді, Балпық аталардың да тұлғаларын паш еткендей ме әлде?! Арада елу жылдай уақыт өтсе де есімде сақталғаны «Сексеуіл», «Бозжусан», «Дүние-ай» күйлері. Эфирге шығаруға дайындалған күйлердің мән-мағынасын тыңдаушылардың құлағына барынша жеткізе оқыған сондағы диктор Майра Жансеңгірованың жанға жайлы, майда қоңыр үні хабарға нәр беріп, түрлендіріп жібергендей-ақ, шіркін!

Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, күйші Балғынбаевтың орындауында Пішән Жәлмендеұлының көптен бері қапаста көмескіленіп келген күйлерінің кейбіреуі ғана 1956 жылы эфирге шықты. Ол хабар берілгеннен бастап комитеттегі, студиядағы телефондар дамыл берсейші! Олар Пішән күйлерін оқта-текте емес, күнделікті бағдарламаға енгізуді сұрап қана қоймайды, талап ете бастаған. Бұл хабарды ұйымдастырған автор – менің де көңілім марқайып, көңіл-күйім көтеріле түскендей. Еңбегің ел кәдесіне жарап жатса, журналиске бұдан асқан құрмет пен қошемет бар ма? 

Эфирден берілген хабардың бір ғажабы шартарапты – лезде қамтитындығында. Талдықорғанда берілген хабар лезде алматылықтарға да жетсек керек. Сол тұстағы «Социалистік Қазақстан» газеті редакциясының жауапты хатшысы, журналист жазушы Кемел Тоқаев, республика радио комитеті ауыл шаруашылығы хабары бөлімінің бас редакторы Абай Өтегеновтен қабаттасып хаттар да жетті. Пішән күйлерін естігендерін айтып, үнтаспа көшірмесін жіберуді өтінген. Бұл сұранысы тегін болмаса керек. Кейіннен білгенім, бұл азаматтар Пішәннің жерлестері екен. Оның күйлерін республикалық ән-күй бөлімінің алтын қорына алу жайында әңгіме қозғаған. 

Пішәндай сегіз қырлы азаматтың күйлері жөнінде келген хаттар мен телефон шалушылар толастамады. Әдейі ат сабылтып келіп, үнтаспаға тапсырыс берушілер де көбейе түсті. Солардың қатарында Социалистік Еңбек Ерлері Нұрмолда Алдабергенов, Әбдіқадыр Дайыров, әдеби сазды шығармаларды байлығымыздың басы деп бағалайтын, бүгінде ел аузында аңызға айналып кеткен Жылқайдар Егінбаевтардың тапсырыс бергені көз алдымда бүгінде.

Бірақ көп өтпей-ақ бізге де бір тықыр таянды. Пішәннің арғы-бергі тарихын қопарушылар табылған. Олардың айтуынша, Пішән ақ патшаның тұсында отарлауға қарсы тұрған, Кеңес өкіметі тұсында өзіндік пікірде болған, халық жауы ретінде жазаланған. 

Бұндай сөзді негізгі қоздырушы – облыстық партия комитетіндегі бір нұсқаушы. Басқаға болсын демейтін аса өзімшіл, жаман атқа жал бітсе, жанына торсық байлатпайтындай қытымыр жан еді. Жүрген жерінде тіміскілеп, тырнақ астынан кір іздейтін дағдысы. Осы жолы да саяси қырағылық көрсетіп, атын шығарғысы келді ме, әлде?.. Пішән күйлерінің эфирден берілуіне байланысты авторы мен жөнінде айқай-шу көтеріп, оны обком бюросына ұсынды. Қазақты қазақ алқымынан алып жатқанда басқаға не лаж. Істің түбі насырға шабатын тәрізді. «Белсендінің» бел шешіп көтерген мәселесі екінші хатшы Ливенцов пен сала бойынша хатшы Людмила Тихоновна Андреевадан қолдау табады. Мәселе еңбек демалысынан енді оралған бірінші хатшы Шәкір Қарсыбаевқа жетеді. Бұл кісі өмір тәжірибесі мол, темірдей қатаң тәртіптің адамы еді. Мәселені бюроға қарауды тежеп, бөлімге жіберді. 

Бөлімде «қылмысты» істер жөнінде баяндайтын әлгі нұсқаушының өзі. Алғашқы сәттегі арам пиғылының өтпей қалғаны опық жегізгендей оған. Сонда да екілене сөйлеп, қара бұлтты төндіре түседі. Пішәннің арғы тегінің нағыз «бай-кулактың» өзі екенін айтып бір ақтарып, тексерді. Пішән ақ патша заманында биліктен түспеген. Ал онысын қоялық, Кеңес өкіметінің қас жауы болғанын қайда қоясың! Осындай адамды әспеттеп, мадақтаған Әміреновтың партиялық қырағылығы, журналистік этикасы қайда? Саяси «сауатсыздығы» мынау. Үнтаспа пайдаланудан шығарылсын! Жазаның ең ауырына лайықты ол. Сөзінің түйіні осы болды. 

Бөлім меңгерушісі Қ.Байғожин сабырлы, өзін тежеп ұстайтын кісі еді. Насырға шаптырмады. Сөз аяғын сөгіспен тындырды. 

Алаштың бірегей азаматы, заманында ұлтына жанашыр, қайраткер болған, екінің бірінің қолынан келе бермейтін өнер адамы Пішән жөнінде алған сөгісіме өкінгем жоқ. Бұл бір жуғанда-ақ кететін қолдың кірі емес пе?

Десем де тыңдаушының құлақ құрышын қандыратын, бірде жанға жайлы, бірде жабырқаған көңілге демеу болатын, кейде бозторғай қой үстінде жұмыртқалайтын заманды елестететін, еріксіз көз жасыңды төгілтетін сазды да мұңды күйлердің сазгері деп атауға әбден лайықты. Жәлменденің баласы Пішәннің туындыларын сонау кесірлі кезеңде ойланбастан эфирге шығарып, дүйім елге жеткізгенім үшін бүгінде дән ризамын өзіме. 

Міне, ондаған жыл қапаста қамалған Пішән күйлерінің алғаш жарық дүниеге қайтадан оралуының шыны мен сыры осындай. Алайда кейін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Балғынбаевтай сұңғыланың орындауындағы күйлердің үнтаспаға түсірілген нұсқасы «тәркіленіп», жоғалып кетуі қазақ өнері үшін үлкен қасірет деп білемін. Пішәннің халық әні ретінде қазақ еліне тарап кеткен сәнді де мәнді әндері қаншама?! Осындай көсем десе көсем, басшы десе басшы, оның үстіне ғажайып композитор Пішән Жәлмендеұлы алтын мұрасының күні бүгінге дейін тиісті мемлекеттік мекемелер тарапынан ізделмей, тапа-тал түсте тағы да таптырмай отырғаны олқылық қана емес, әруақ алдында күнә деп есептеймін. 

Хабдышаар Әміренов, 

Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы 

подполковник