Жаңалықтар

ӘДЕБИЕТШІ ЕСІМІ АРДАҚТАЛДЫ

ашық дереккөзі

ӘДЕБИЕТШІ ЕСІМІ АРДАҚТАЛДЫ

Жақында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде тағылымды кеш ұйымдастырылды. Аталған университетте 40 жылдай ұстаздық еткен филология ғылымдарының кандидаты, марқұм профессор Серік Мақпырұлының туғанына 70 жыл толуына арналған «Қазақ әдебиетін орта мектепте, жоғары оқу орнында оқытудың өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияда белгілі әдебиетші-ғалымдар бас қосып, осы университеттің түлегі, 1972 жылдан ұстаздық жолын бастаған Серік Мақпырұлының өмір жолы, ғылымдағы орны, адамгершілігі жайлы кеңінен сөз қозғады. Серік Мақпырұлына арналған конференцияны педагогика ғылымдарының докторы, профессор, университеттің аппарат жетекшісі Бақтияр Сманов жүргізіп отырды. Аталған конференцияда алғашқы болып баяндама жасаған Сыр елінен келген филология ғылымдарының докторы, профессор, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Қорқыт тану және өлке тарихы» ғылыми зерттеу институтының директоры Б.Кәрібозұлы «Әдебиеттанушы және әдіскер ғалым» атты баяндамасында ғалымның азаматтық тұлғасын, әдебиеттанудағы еңбектерін айта отырып, лирикалық поэзияны оқыту мен зерттеудің орта және жоғары білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелеріне тоқталды. Аталған ғылыми бас қосуда 90-ды алқымдаған ардагер ұстаз, педагогика ғылымдарының кандидаты Кенжеш Бозжанова өз сөзінде С.Мақпырұлының ұстаздық жолын, дәрісханадағы студенттерді баурап алудағы ерекше қасиеттерін, терең білімді, асқан мәдениетті азамат болғандығын айта келіп: «Сенің өмірің адал да ақылды іске жұмсалды. Сен қанша өмір сүрсең, сонша жан-жағыңдағы адамдықтың да, адалдықтың да сыйына бөлендің, айналаңдағыларды қуанышқа бөлеуге тырыстың», – деп Серіктің бар-болмысын дөп басты. Сондай-ақ осынау ауқымды конференция­да филолог ғалымдар: Р.Зайкенова, Г.Орда, Ә.Тарақов, К.Сариева, С.Асылбекұлы өз баяндамаларында әдебиетші-ғалым Серік Мақпырұлының ғылым-білімдегі, әсіресе «Әдебиет теориясы» пәндерін оқытудағы еңбектерін атап айтып, оның «Әдебиеттануға кіріспе» пәні бойынша І-ІV курс студенттеріне лекция оқығанын және «Әдебиеттің тектері мен түрлері», «Әдебиеттануға кіріспе», «Қазына», «Адамтану өнері» сияқты ауқымды еңбектерін атап өтті. С.Мақпырұлының туғанына 70 жыл толуына арналған конференцияда белгілі ақын Шөмішбай Сариев, әдебиетші ғалым, ақын Өтеген Күмісбаев өлеңдерін оқыса, осы жолдардың авторы Серіктің өскен өңірі жайлы сөз қозғады. Конференцияда филология және көптілді білім беру институтының директоры, филология ғылымының докторы Таңат Аяпова қазақ тілі мен әдебиеттің роліне тоқталды. Жары Зәйда Әбдірәйімқызы сөз алып, әріптестеріне жасалып отырған құрметке алғысын айтты. Аталған конференция баяндамалардан кейін секциялық жиынға ұласты. Қазақ әдебиеті кафедрасының оқытушы-ғалымдары, әсіресе кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының докторы, профессор Темірхан Тебегеновтің көп тер төккені білініп тұрды. Екіншіден, конференция материалдары алдын-ала жеке жинақ болып шығуына университет ректоры, педагогика ғылымдарының докторы Серік Пірәлиев басшылық жасап, Серік Мақпырұлының ұстаздық шығармашылығынан мол хабардар  болуға жол ашты. Осылайша әдебиетші-ғалым есімі ардақталды.

Тынышбек ДАЙРАБАЙ