Жаңалықтар

ЕРТЕҢГІНІҢ ТАҒДЫРЫН БҮГІНГІНІҢ АР-ИМАНЫ ШЕШЕДІ

ашық дереккөзі

ЕРТЕҢГІНІҢ ТАҒДЫРЫН БҮГІНГІНІҢ АР-ИМАНЫ ШЕШЕДІ

«Түркістанға» – 20 жыл! Аз да, көп те уақыт емес.  Бүгінде сол  «Түркістанның» сарғайған парақтарын ақтарғанда, елдік, ұлттық, мемлекеттік мүдде тұрғысынан айтылған сан ойлардың куәсі боласың. Он тоғыз жыл бұрын айтылған ойлар әлі де ескірмеген. Ел, ұлт, халық туралы жазылған дүниелер әлі де құнды. Біз бөле-жарып, жинақтап отырған төмендегі авторлардың кейбірінің көзі жоқ бүгінде.  Өзі болмаса да, артында өшпейтін, өлмейтін хаты қалды. Ұлт туралы толғанған тұлғалардың әр жылдары өз ойларын «Түркістанмен» бөліскендері де жасырын емес. Оған өткір ойға толы, сарғайған парақтар куә. 

Жалпы қандай да болмасын этнос толыққанды ұлт ретінде өмір сүруі, өзінің ұлттық мемлекетін құрып, оған ие болуы үшін айрықша орын алатын үш алғышарт бар:

1. Ұлттың ана тілі сол ұлттың мем­ле­кетінде шын мәніндегі мемлекеттік тіл міндетін өмірдің бар­лық саласында түгел және толық атқаруға тиіс.

2. Ұлттық мемлекеттің ең алдымен сол мемлекетті құрушы байырғы этностан шыққан және бүкіл өндірістік салаларын тұтас қамтитын ұлттық кадрлардың күшімен жан-жақты дамыған қуатты экономикасы болуы қажет.

3. Ұлттың және оның мемле­кетінің ең басты тірегі, байлығы, тіршілік көзі болып табылатын обьектілері түгел сол ұлт пен мем­лекеттің иелігінде болуы керек. 

Осы үш алғышарттың біріншісі жетіс­­песе, ұлт пен оның мемлекеті толыққанды өмір сүре алмайды. Алғашқы екеуі жетпесе, шалажансар күй кешеді. Ал енді үшіншісі жетіспесе, ұлт та, оның мемлекеті де тарих аренасынан жойылды дей беріңіз. Керек десеңіз, жалғыз ғана осы үшінші алғышарт жетіспесе, қандай да болмасын өзге алғышарттар туралы жалпы сөз қылудың қажеті жоқ.

Жасарал Қуанышәлі

16 қаңтар, 1996 жыл

Болу ма, әлде болған сияқтану ма?

Үкімет басына келуге ұмтыл­майтын партия  бола қояр ма екен. Бірақ біреуге сын айту бір басқа да, елді басқарудың тиімді жүйесін құру мен ретке келтіру бір басқа шаруа. Сынаушы көсемдік  рөлден дәметпегенде ғана сын орынды болатынын өсиет  еткен бабалар сөзін естен шығармайық. Құрылған күннен бастап өзім  мүшесі  болып келе жатқан Қазақстан  Халық Конгресі  партиясы  Орталық Үйлестіру  Комитетінің ІХ пленумында  Олжас Сүлейменов жасаған баяндама менде, күйініш және түсінбестік  сезімді қатар туғызды. Біріншіден, ол шын мәнінде бұрын қабылданған бағдарламалық құжаттарға күдікпен қарауға, тіпті оны бұрмалап, теріске шығаруға жетелейді.  Екіншіден, жауапты шешімдерді тек қана съездерде қабылдауды міндеттейтін Халық конгресінің Жарғысына қайшы келеді.

Қазақстан Халық Конгресі партиясы коммунистік идеологияны жоққа шығару нәтижесінде дүниеге келген еді. Тоталитаризм мен әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы күрес алғашқы сәттен-ақ партия ұранына айналды. Бастапқы күннен бастап біз нарықтық реформаның ұйтқысы және ұйымдастырушысы Нұрсұлтан Назарбаевты қолдадық.

Марат Оспанов

15 ақпан, 1995 жыл

Аналар атынан

Теңдік алып, көсегеміз көгере ме дегенде, дәл қазіргідей қайыршылық күй кешеміз-ау деп кім ойлапты. «Сорлыға сойыл бұрын тиеді» демекші, нарық ең алдымен, от басы, ошақ қасынан шыға алмай отырған әйел заты мен шиеттей шикі өкпе, жасын қарын балаларды тұрмыс күресініне лақтырып тастады. Күні кешеге дейін бала санын шектеуді күнә санап үлгерген едік, бүгіндері бұл шара өмірлік қажеттілікке айналып, ұлт санасына орныққан сыңайлы. Қазіргі таңда республика көлемінде жұмыссыздардың 70-80 процентін әйел қауымы құрап отыр. Бұл ресми түрде арнаулы орындарға тіркелгендер есебі ғана, ал тіркелмей, сайда саны, құмда ізі жоқ, тұрмыс тақпезетімен бетпе-бет қалып, тіршілік құрдымына  шым батып, адамдық келбетін жоғалтқан жандар қаншама? Күні үшін күлік жеп, арзанқолды майда-шүйдені саудалаумен тамағын айырып, тірліктің әуре-сарсаңымен сөмке, дорба, мөшек арқалап, етегі көше шаңын сыпырып, сең соққан балықтай сенделіп қалған жоқ па көпшілік? Адамзат ұрпақпен ғана өсіп, өркендесе, сол ұрпақты дүниеге әкелетін, өмірдің күретамыры һәм оны жер бетінде жалғастырушы Анаға неге пәрменді көмек көрсетілмейді?

Көп балалы әйелдер атынан

Орынтаева Вогдара Мәлікқызы

8 наурыз, 1995 жыл

Ауыл бүгін малын берсе, ертең жанын береді

Тау-тасты қырып-жонып, жан алып, жан беріп жүріп дайындаған жем-шөптерін тасып әкелуге мүмкіндіктері болмай отырған жұрт соңғы кездері нәр сызбай тұрған малдарына берер шөпті бір-бірінің қорасынан ұрлап, ел іші қым-қуыт ұры-қарыға толып кетті деседі. Еңбекақының орнына кеңшар басшылары бір-бір торпақтан, екі-үш бас қойдан беріп, өздерінше қиын мәселе түйінін шешуге қарекет еткен болып жатқан жайы бар сыңайлы. Қиыны сол, өз қолындағы бірер ірілі-уақты тұяғын бағып-қаға алмаған ел ол малды не қылсын, ат-тонын ала қашатын көрінеді. Бір қап ұнға бір бас тайынша-торпақ, бір килограмм шайға бір бас қой баспа-бас айырбасқа жүріп, малдың құны соншама құлдырауының да түп негізі сол нарықтық тапшылықтың салдары шығар. Әйтсе де, ауылдың осындай ауыр тұрмыстық деректерін естігенде, мемлекет тарапынан көрсетілер көмектің тым қораштығына, үнемі «шыда, қазақ, шыда» деп, келешектегі ас та төк жұмақ заманға емексітуден әрі аса алмай отырған ел марқасқаларының ұсақ тірлігіне қынжылмай  болмайды.

Ермек Назым

29 наурыз, 1995 жыл

Абайды тану – адамды, қоғамды, дүниені тану

Бүгінгі білім баққан зиялы қауым арасында: «Абай – хакім», «Абайдың хакімдік мектебі», «Абай – ұстаз», «Абай шәкірттері», «Абай дәрістері» деген тұрақты тіркестері үйреншікті ұғым сапында жиі айтылады. Мейлі ғой, әйтсе де, бұл сөздер аясында қамтылатын ойлардың мән-мағынасын айыра ашып, тарқата талдап, тану әріден бастауды, тереңдей зерттеуді талап ететінін айтпасқа болмайды. Біздіңше, бұл үшін сөзді әуелі оның өзі түлеп ұшқан ұя мектептерден, яғни «Ескітамдағы» ауылдық қадыми медресе мен Семей шаһарындағы Ахмет Риза медресесінен бастаған жөн.

Қажи Нұрсұлтанов

24 мамыр, 1995 жыл

Қақпақыл

Мен Қытайдан туыстарымды көшіріп әкелу жолында көп жыл бойы сандалып жүрген көп қазақтың бірімін. Өзім білетін үлкен саясатта әр елге бытырап кеткен туыстардың бас қосуына  кедергі болатын ештеңе жоқ секілді. Мұның өзі адам құқығын құрайтын басты мазмұндардың бірі ретінде халықаралық беделді құжаттарда тиянақтандырылған Қазақстан да, Қытай да өздерінің негізгі заңдарын осы құжаттардың нормалары мен өлшемдеріне сай келеді деп есептейді. Ендеше, екі жақтың да қоғамдық өмірі мен заңдарын біршама білемін деп жүрген мен, неге осыншама әуре-сарсаңға түстім? Мен бүйткенде жағдайы менен де төмен, менен де қиындардың күні не болмақ? Міне, осы тектес сұраулар жанды жегідей жеп, күндіз күлкі, түнде ұйқыдан  айырды. Көп болып көтерсек мүмкін, Елбасымыздың қаперіне ілігіп, жаңа бір шешімдер қабылдануына  себепкер болар ма едік, қайтер едік деген үмітпен осы жолдарды қалың оқырман қауымның назарына ұсынуды жөн көрдім.

Айтан Нүсіпхан

24 мамыр, 1995 жыл

Қазаққа қазақ керек пе?!

Шетел қазақтары өз жерлерінде жаман тұрып жатқан жоқ. Олар Қазақстанның байлығына, қазақтардың ұлттық қанына қызығып та отырған жоқ.  Оларға Егемендік және Қазақ деген екі ұғым ұлттық сезімін ұштап, Отанға деген аңсарын қоздырды. Отарлық тақсыреттің тар құрсауын бастан өткізген әрқандай ұлт тәуелсіздік алғанда, басқа елдердегі  бауырларының қуана,  өз еліне ағуы бұрын-соңды жиі болған шындық. Міне, осы сәт бізге де келіп отыр. Шет елдегі бауырлар атамекеннің қазіргі қиын жағдайында экономикалық жақтан өкіметке көп тауқыметін артпауы  мүмкін.  Соның ішінде, әсіресе, Қытай қазақтарында жекеше өндіріс үйреткен дербес тіршілік ету қасиеті бар. Тек қияметтің қыл көпірінен қиын жол қысқарып, өзгені өзімсініп, өзін жатсынатын жайдан арылып, Қазаққа қазақ керек болмаса, демократияға бағытталған қазіргі беталысымызда сан жағынан басымдылыққа шықпаса, елбасымыздың алтын тағының баянды болуы қиын. Ылайым, құдай жамандықтан сақтасын!

Нұрсерік Көдек

28 маусым, 1995 жыл

Тағы да «орыстілділер» 

проблемасы жөнінде

Орта Азия мен Қазақстан республикаларында жергілікті тұрғындармен қоян-қолтық, бейбіт қатар өмір сүріп келгендердің «орыстілділер» атануының түп төркіні қайдан шыққан? Білгірлердің айтуына қарағанда, бұл Одақ құрамында болып келген бұрынғы туысқан республикалардың экономикалық, мәдени, саяси байланыстарының үзілуіне әкеліп соққан біртұтас КСРО мемлекетінің ыдырап, құлауына байланысты пайда болған атау деседі. Және бұған көңілге қонымды, дәйекті дәлелдер келтіріледі. Мәселен, шикізат пен құрастырушы бөлшектерді беретін өнеркәсіптер мен өндіріс орындары байланысының үзілуі, соның салдарынан көптеген кәсіпорындарда өнім өндірудің тоқтап, жұмыскерлердің табан ақы, маңдай тері табыстарын ала алмауы, мұның арты жұрттың амалсыз мекен ауыстырып, көшіп-қонуына ұласатындығы, ал мұндай келеңсіз жәйттердің кейбір жерлерде «ұлттық проблема» дәрежесіне дейін көтеруге әдейі күш салушылықтың бой көрсететіндігі сияқты жайсыз салдарлар тілге тиек етіледі. 

Дайындаған С.Еремеева

16 тамыз, 1995

Түбін ойлап, уайым жеп…

Тәуелсіздік төңірегіндегі ойлар

Қазақ елінің тәуелсіздігін күндеп, отаршылдық, үстемдік ниетпен әрекет етуші өзге ұлттар өкілдеріне айып салу, жазалау сияқты шаралар белгілеп, керісінше, басқа ұлттарға менмендік жасап, орынсыз ұрынушы қазақтарға да аталмыш шараны қолдану орынды.

Қазақстанның Қытай ше­карасындағы заставалары өзен, бұлақ жағасында, шұрайлы табиғат аясында тұр. Сол заставалардың әр екіншісін құралды малшыларға жеке меншікке беріп, елдімекен жасау, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан шекараларына да «құралды» малшыларды қоныстандыру ләзім.

Мемлекетті меншіксіздендіріп, оны халыққа беру тәртібін ретке келтірмесе, түбінде үлкен дау туады. Алдымен бұған дейін есебін тауып қамтып қалғандарды қайта қарау – сонда қанша қылмыстың бетін ашып, ортаға мол дүние оралар еді. 

Аманжан Жақыпов

13 желтоқсан, 1995 жыл

Дайындаған 

Гүлзина Бектас