Жаңалықтар

Серік Әбілұлы: «Әжемнің иісі» – концерті арқылы даланың иісін сездіргім келеді

ашық дереккөзі

Серік Әбілұлы: «Әжемнің иісі» – концерті арқылы даланың иісін сездіргім келеді

Серік Әбілұлы Қытай халық республикасының Шыңжаң өңіріндегі Алтай аймағы Үліңгір көлі бойында, Жетіарал деген жерде  дүние есігін ашқан. Шыңжаң Университетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» факультетін, Шыңжаң партия мектебінің экономикалық басқару факультетін бітірген. «Дариға-ай», «Шолпан», «Самал» публицистикалық, «Күміс жебе», «Қобыз сарыны», «Аққу арман» жыр жинақтары, «Күн» атты балаларға арналған шалқыма, балладалар жинағының авторы. Жиырмадан астам әннің, алпыстан астам ән мәтінінің авторы.  Ақпанның 3-інде Алматыдағы Қазақ концерт залында Серік Әбілұлының «Әжемнің иісі» атты шығармашылық кеші өтпек. Осыған орай, ақынмен кездесіп, әңгіме өткізудің сәті түскен еді.   – Серік мырза, алдағы ақпанның 3-іне жоспарланып отырған «Әжемнің иісі» атты шығармашылық кешіңіз жайында естіп-біліп жатырмыз. Оның «Әжемнің иісі» аталуының сыры неде? – «Әжемнің иісі» атты шығармамның дүниеге келуі оңай болмады. Үлкен бір толғаныстан, тебіреністен туған еді. Оның әні мен сөзін де өзім жаздым. Жалпы менің кез келген шығармам аса бір ерекше шабыттың немесе ұзақ ойдың нәтижесі деуім керек. Мен әженің бауырында өскен баламын. Алтай аймағының Бурылтоғай ауданында туып өскенмін. Осы өңірде Үліңгір атты керемет көл бар, жағасында Жетіарал атты аса көркем жер бар еді. Кейін осы тамаша мекенмен қоштасуға тура келді. Әжемізден алыстап кеттік. Әжемді, ауылымды сағынғанда жүрегімізден туған сағыныш жыры еді. Бұл сағыныш тек әжеге ғана емес, ауылға, ауыл-анаға деген сағыныш. Жалпы қазақ даласында аналардың орны ерекше. Ғұмырын желі мен жер ошақтың басында өткізсе де, қазақ азаматтарына тәлім-тәрбие берген, бізді ержеткізген, құндақтағы күніміздегі әлдиінен бастап, кейінгі қазақ елінің тағылымды жолын, рухани байлығын санамызға сіңіре білген осы әжелер. Біздің біліміміздің бастауы – ауыл. Ауылдағы күнделікті өмір арқылы біздің жүрегіміздің терең түкпіріне қазақы құндылықтар ұялады. Міне, осы бір тағылымды өмірді, ауыл әлемін сағынғанда туған әнім – «Әжемнің әлдиі». Осы кеште орындалатын тағы бір шығарма – «Абайдың әжесі» деп аталады. Зере әжеміз Құнанбай қажыны дәретсіз емізбеген делінеді. Ол Абайды тәрбиелеу арқылы қазақ әдебиетіне өлшеусіз, баға жетпес үлес қосты. Егер Абай атамыз қазақ поэзиясында жаңашыл бағытты әкелмегенде, қазақ әдебиетінің тарихы ойсырап тұрар ма еді. Ендеше бұл кештің «Әжемнің иісі» аталуының сырының өзі осында, бұнда бүкіл даланың, бүкіл қазақтың иісі аңқып тұрады деп ойлаймын. – Бәрекелді!!! Кешіңіздің сәтті өтуіне тілектеспіз. Жалпы Сіз Шыңжаң өңірін мекен етесіз. Ондағы қазақ радиосында жауапты қызметтер атқарасыз. Ал кештігіңізді Алматыда өткізудің сыры неде? – Рахмет. Үрімжідегі Шыңжаң халық радио стансасы бес тілде хабар таратады. Соның бірі – қазақ тілі. Мен тек қазақ тіліндегі бағдарламалардың ғана емес, бес тілде хабар тарататын радионың әдебиет-көркем өнер бөлімінің жетекшісімін. Дегенмен, сол қазақ радиосы үшін әдебиет көркем өнер бағдарламаларын, ән-күй, роман, радио пьесаларды, жалпы әдебиет көркем-өнерге қатысты дүниелерді дайындап береміз. Ал бұл кешті осында өткізудің көптеген мәні бар. Әуелі, әлемде «достық» дейтін керемет сөз бар. Халықтар достығы, жаһандану үрдісі кезеңінде – мәдениеттер тоғысының болатыны заңдылық. Мысалы, Қытайдың даңқты әншілері мен өнер адамдарының Америкада, Еуропаның дамыған мемлекеттерінде түрлі шығармашылық кештері ұйымдастырылып жатыр. Ал менің ахуалым мүлде басқа. Мен – қазақпын, ендеше қазақ еліне келіп өзімнің шығармашылық әлеуетімді танытуды мақсат тұтуым заңдылық секілді. Негізгі мақсатым – осындағы ағайын-туғанға алыстағы ағайынның үнін естірту, әдебиет- көркем өнер саласында олардың қазақ руханиятына қосатын үлесі не, ондағы қазақ өзге мәдениеттің тасқынына  басылып қалды ма, жоқ өзінше қазақ мәдениетінің дамуына ықпал ете алып жатыр ма деген сан-салалы сауалдарға жауап беруді жөн санадым. – Кешке кімдер қатысады деп жоспарлануда? – Шара – Қазақстан Жазушылар одағы мен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының қолдауымен өткелі отыр. Менің негізгі мамандығым – журналистика. Соның ішінде радио журналист, жиырма жыл бойы радионың дикторы қызметін атқардым. Сондықтан осы саланы да қамтып қалуды мақсат тұтып отырмын. Ең әуелі Қазақ радиосының белгілі дикторлары Бүркіт Мәжит пен Сауық Жақановалар менің өлеңдерімді нақышына келтіре оқитын болады. Сондай-ақ, кезінде радиода ұзақ жыл дикторлық қызмет атқарған ардагер Мұратбек Тесебаев деген менің ұстазым да менің бір өлеңімді жиналған көпшілікке таныстырмақ. Ал өнер жұлдыздарынан Алтынай Жорабаева, Рамазан Стамғазиев, Ұлту Қабаева, Шәкизада және мен туған өңірдің әншілері қатысып, мен жазған әндерді паш етпек. Мен Секен Тұрысбектің «Ақ жауын» күйіне арнап осы аттас поэма жазған едім. Дикторлар соны оқыған кезде Секен күйшінің өзі «Ақ жауын» күйін орындайтын болады. – Күйші Төлеген Момбекұлы ағамыздың «Салтанат» күйіне арнап жазған шығармаңыз бар екен. Оны жазуға не итермеледі?   – Бұл күйдің тарихы туралы сыр шерте кеткенді жөн көріп отырмын. «Салтанат» аты айтып тұрғандай, салтанатты, шаттықты дәріптеп отырған жоқ. Ол күйшінің «Салтанат» деген қызына арналған. Бала, балғын шағында қыздың анасы о дүниелік сапарға аттанған екен. Ал анасын күнде сұрап қызы қыңқылдап жылай беретін көрінеді. Төлеген ағамыз қызына не деп жауап қатарын білмегенде, осы күймен жұбатқан екен. Алайда күй тілін түсіне беретін адамдар некен саяқ қой. Мен Қытайдағы қазақтар арасында кеңінен тараған 500 күйді жинап, ол күйлердің тарихымен қоса, «Керуен сазы» атты алтын альбом шығарған едім. Әрі күй тілін бір кісідей түсіне аламын, «күйші» деген атағым жоқ болса да, жүзге жуық күй шертемін. Менің бабаларым, әкем барлығы да домбыраның құлағында ойнаған, дәулескер күйшілер. Сол қандағы бабалар тағылымымен келген  рухтың жалғасы шығар әр күйді әр сезіммен талдап, түсіндіргім келеді. Мәселен, «Ақ жауын» атты поэмамда да бүкіл ақ жауынның табиғатына ерекше үңілдім. «Салтанат» та солай. Қытайда жыл сайын қазан айында Қытай мемлекетінің құрылған күніне орай үлкен мемлекеттік мейрам болады.  Ендеше осы мейрамға орай, салтанатты концерттің ұйымдастырылуы заңды. Оны ұйымдастырушылар  «Салтанат» күйінің шығу тарихынан бейхабар әрі күй тілін түсініп жатқан жоқ, «Салтанат» деген атына қарап, осы концерттің ашылуын Төлеген Момбекұлының осы күйімен бастауды жөн санапты. Менің мақсатым, «Салтанаттың» табиғатын күй тілін түсінбес, жастарға түсіндіру мақсатында осы өлеңім туған еді. – Ендеше, оқырмандарымыз да осы туындыңызбен таныс бола берсін. Оқып бермейсіз бе? – Салтанат, жылай бердің-ау, Анаңды сұрай бердің-ау!!! Қураған құшағыма, Солқылдап құлай бердің-ау!!! Салтанат, жылай бердің-ау!!! Жүрегімді езе бердің-ау, Бір жайды сезе бердің-ау!!! Қырсығы көп өмірге, Қызым-ай, неге келдің-ау!!! Қызығы аз өмірге Қызым-ай, неге келдің-ау!!! Жолаушы кетті дедім ғой, Аруана шөкті дедім ғой. Өмірімнің күрең бір күзі, Нөсерін төкті дедім ғой. Менің де қабырғамды, Сөгілтіп кетті дедім ғой. Сәбиім, сезінбейсің ғой, Сен сау бол, Деп тіледім ғой. Дедің, – сен қашан келеді? Ойпырмай!! Санамның сандалғанын-ай, Басымның айналғанын-ай. Жасымның парланғанын-ай, Домбыра-ау, сен айтып берші, Тілімнің байланғанын-ай!!! Салтанат, маза бер, қарғам, Бұл неткен азап ед, арман. Бекер құр боздама, ботам, Өтер бұл дүние жалған. Әлі-ақ сен ақтарсың, қалқам, Арманды анаңнан қалған. Салтанат!!! Қойсаңшы, құлыным, Күй қылып төгілттің-ау, Күңірентіп егілттің-ау!!! Мұнар мұң баса береді, Жанымды неғып мынау?! Шырылдаған бозторғайым-ау, Көңілімді егілттің-ау!!! Салтанат, тілеймін қарғам, Бақ құсы саған қонсын деп, Қуантар заман болсын деп. Ортайған сәби көңілің, Толықсып ертең толсын деп, Атыңа арнап күй тарттым, қарғам, Аналар аман болсын деп!!!! – Бір адамның бойынан бірнеше қасиеттің табыла беруі оңай емес. Әркімге бұйыра бермейтін бақ. Ал, сіз ақын, әрі сазгерсіз, әнші, күйшісіз. Осындай сан–саналы өнер кімнен дарыған? – Бұл менің бабамның бабасынан жалғасып келе жатқан киелі өнер. – Қазақстанға жиі келіп тұрады екенсіз. Жалпы қазақ ақындарының ішінде сіз кімді пір тұтасыз? – Қаламды қолыма енді ұстап, өлең әлеміне ене бастаған кезімде, менің қазақ ақындары жайлы білерім шамалы еді. Дегенмен, қазақ мектебінде білім алғандықтан, мектеп бағдарламасына енген қазақ ақындарынан аздап хабардарымыз болды. Кейін келе, менің шығармашылығыма бірнеше ақынның әсер еткені анық. Олар: Мұқағали Мақатаев, Мұхтар Шахановқа еліктеп жазған бірнеше поэмам бар, күйші-ақын Жұмекен Нәжімеденовтің, Қадыр Мырзалиевтің өлеңдерінен шабыт алатынмын. Кейін келе, Мағжаннан сусындадым, Есенғали Раушановты көп оқыдым. Ән мәтінін көп жаздым, ол тұрғыдан Тұманбай Молдағалиевтен көп үйрендім. – Жалпы Шыңжаңдағы қазақтарға қазақ әдебиеті қалай жетіп жатты? – Ізденген адам үшін кез келген әдебиетке қол жеткізудің қиындығы жоқ. Үрімжідегі, Бейжіңдегі кітапханаларда қазақ ақындарының кітаптары көп еді. Қазіргі сәтте ғаламтор арқылы танысудың мүмкіндігі мол әрине. Мен Нұрғиса Тілендиев пен Қаршыға Ахмедияровтың өмірі жайлы талай мақала жазған едім. Қаршыға Ахмедияров ағамыз бүйрегін ауыстыру мақсатында Бейжіңге келіп емделді. Сол кезде Иманқұл деген ағамыз Қаршыға ағаға көп көмектесті, қасында бірге болды, араларында аға-інілердей нәзік қарым-қатынас қалыптасты. Кейін Қаршыға ағамыз «Иманқұл» деген күй шығарды. Мен осы «Иманқұл» күйінің шығу тарихынан да біраз хабар беретін мақалалар жаздым. Жалпы қазақ күйлері және күйшілері, күйдің шығу тарихы, әншілер, яғни өнер адамдары жайында көп ізденіп, көп зерттеген адаммын. Тек осы тақырыпта «Шолпан», «Самал» атты екі кітап жазған едім. Бұдан өзге дикторлық, дауысты меңгеруге қатысты Мұратбек Тесебаев ағамыздың өмірінен «Дариға-ай» деген кітап жаздым. – Жалпы, Шыңжаң халық радио стансасында жауапты қызметте істеймін дедіңіз. Ондағы қазақ редакциясы қанша сағат хабар таратады. – 2000 жылға дейін, қазақ редакциясы күніне 7-8 сағат хабар таратса, 2000 жылдан кейін күніне 18 сағаттан хабар, тікелей эфирде тарататын болды. Біздің радио бағдарламалары көбінде аударма шығармаларды ұсынады тыңдаушыға.  Негізгі саяси ақпараттарды ханзу тілшілері ханзуша дайындайды, сосын ұлт редакциялары өз тілдеріне аударады. Осы тұрғыдан тілдің шұбарлануы етек алып барады. Дегенмен, он сегіз сағаттық бағдарламаның тең жарымына жуығы әдеби-көркем бағдарламаға арналған. – Қазақстандағы қазақ радиосымен шығармашылық, рухани байланыста болатын шығар. – Бұрындары біраз байланыс болған еді. Ән-күй алмастырып тұрған болатын. Былтыр Қазақ радиосының бас редакторы Мақат Садық Үрімжіге келіп екіжақты кеңес болды. Негізгі ой – Үрімжідегі қазақ радиосын Қазақстанда, мұндағы қазақ радиосын Шыңжаңда тарату мәселесі болды. Алайда ол келіссөз жандана қойған жоқ. Нақты нәтиже жоқтың қасы. – Қазақ тілінде қанша ақпарат құралы бар? – Енді қазақ радиосы туралы айтып өттім, екі қазақ телеарнасы жұмыс істейді. «Шыңжаң» газеті шығады. Әр аймақтың өз қазақ газеті мен әдеби журналы бар. Сонымен бірге, әр аймақтың радио және телебағдарламалары өз алдына жұмыс істейді. Бұл тұрғыдан мемлекеттік қолдау жақсы. Дегенмен, осы ақпарат құралдарында істейтін маман-кадрлердің деңгейі ойлантады. Өйткені, біздің тіліміз қытайшаның аудармасына айналып барады. – Мектептердегі қостілділік қазақ тілінің аясын тарылтып, тынысының буылыуына ықпал етеді деген әңгімелер бар… – Әрине, ондай әңгімелердің жаны бар. Дегенмен, қазақ мектептері бар. Жұмыс істеп тұр. – Болашақтағы жоспарыңыз? – Мен өнер адамымын. Мақсатым осы өнерді әлі де дамыта түсу. Кезінде саясатпен де айналысқан сәтім болды. Әртүрлі іспен айналыса жүріп, көкейде жүрген сәтті туындымды жаза алмаған шығармын деп ойлаймын. Сондай-ақ, білімімді жетілдіре түссем деген ой бар. Өйткені тілімнің тоқырауға, аударма тілге айналып бара жатқанын сезем. Менің тілім осылай тоқырауға ұшыраса, жастар жағының қазақ тілі жайында сөз қозғау қиын. Жалпы тілдік тұрғыдан осындай бір дағдарыстың бары байқалады.  – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Есенгүл Кәпқызы .