Жаңалықтар

"Түркістан" газетіне - 20 жыл

ашық дереккөзі

"Түркістан" газетіне - 20 жыл

 20 жыл бойы қазақ оқырманына жол тартқан, ұлттың рухымен үндескен, жалпы қазақтық һәм түрікшілдік идеясын ту еткен, халықаралық саяси апталық “Түркістан” газетіне 20 жыл. 

Ең әуелі 1994 жылдың 28 қаңтарында оқырманымен 4 бет көлемінде қауышқан “Түркістан” газеті бүгінде қазақ тіліндегі ірі форматтағы ең ірі саяси апталықтардың қатарынан саналады. Cаяси апталықтың алғашқы нөмірінен жұмыс істеп келе жатқан, ардагер журналист Көлбай Адырбекұлы газеттің алғашқы күндерін былай еске алады: 

 –  «Заман Қазақстан» газеті берген уәделерін орындамағаннан кейін, жазушы, драматург Қалтай Мұхамеджанов оның орнына «Түркістан» газетін ашты. Бұл халықаралық газет болды. Қалтай Мұхамеджанов ең қиын кезеңдерде, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, қаржының тапшы кезінде газетті шығарып отырды. Сол кездегі газет қызметкерлері де айлап жалақы алмаса да, газетті шығарды. Бұл тіл үшін күрес болды. Тәуелсіз елдің мүддесі үшін күрес болды. Осының бәрінің басшылығында Қалекең тұрды. «Түркістан» газеті қазір іргелі газеттің біріне айналды. Өз оқырмандарын тапты. Бұнда қоғамдық өмірдің барлық саласы қамтылады: экономика, тарих, саясат, дін, өнер. Газеттің қалыптасуына Қазақстанның халық жазушысы Қалтай Мұхамеджановтың ықпалы ерекше екенін айттым.  Ол газетке басшылық жасап қана қойған жоқ. Оған белсенді автор да бола білді. Қоғамдық өмірдегі келеңсіз жағдайлардың бәрін өткір сынға алды. Дін, тарих, мәселесіндегі ол кісінің публицистикалық шығармалары оқырмандар көкейінен шығып отырды. Әсіресе, өткен ғасырдың 90-шы жылдарының соңында елімізде өте толғақты мәселелердің біріне арналған көші-қон проблемасына арнап, арнайы «Қоныс» қосымшасын жүргізуді қолға алды. Қосымшаның редакторы Айтан Нүсіпхан Қазақстанның көші-қон саласындағы іргелі саясатының қалыптасуы жайында көп проблемаларды сөз етті.

Одан кейін газет тізгінін қолына алған Шамшиддин Паттеев те Қалтайдың бастап кеткен жұмысын алға қарай жалғастырды. Және қоғамдық өмірге сай, тәуелсіз елдің дамуына сай газеттің мазмұнын дамыта білді. Газетіміздің 20 жылдық мерейтойы құтты болсын!!! Жазар көбейсін!