Жаңалықтар

Қазақ қара жамылған күн

ашық дереккөзі

Қазақ қара жамылған күн

Былтыр қаңтардың 29-ы күні Көкшетаудан Алматыға бет алған Bombardier әуе кемесі апатқа ұшырап, 21 адам көз жұмған болатын. Өткен жылдағы қаралы оқиғалардың бірі ретінде тіркелген бұл апаттың себебі әлі зерттелуде. Содан бері тұп-тура бір жыл өтсе де, апат салдары әлі айқындалған жоқ.

Бұған дейін ақпарат құралдарында бұл апаттың айқындалмау себебінің өзге де сырлары болуы мүмкін деген болжамдар жасалған еді. Алайда SCAT әуекомпаниясының өкілдері бұның ешқандай сыры жоқ дегенге сендіруде.

ҚазТАГ ақпарат агенттігіне сұхбат берген SCAT әуекомпаниясының атқарушы директоры Александр Халев апат себептерінің әлі күнге дейін ашылмау сыры жайында түсінік беруге тырысқан. Компания өкілінің айтуына сүйенсек, жалпы апатқа ұшыраған әуе кемелерінің сырын ашу үшін кемінде бір жарым жыл немесе одан да көп уақыт қажет болады екен. Осы ретте ол бірнеше халықаралық тәжірибелерді көлденең тартады.

Журналистің «Күні бүгінге дейін тергеу нәтижелерінің болмауы неден?» деген сауалына ол:

– Бұл біз үшін де маңызды мәселе. Мен біздің компанияның бұның сырын білуге мүдделі және жауап күтіп отырғандығымызды айтқым келеді. Меніңше апат салдарын зерттеу обьективті және әділ болуы тиіс.  Біз үшін де, бүкіл әлем үшін де оқиға себебінің обьективті түрде зерттелгені маңызды. Оқиғаның нақты себебін білу арқылы қажетті қорытындылар жасалып, болашақта одан қандай сабақ алуымыз қажеттілігі нақтыланады. Әуекомпаниясы тергеу амалдарын жүргізуге қажетті барлық материалдарды ұсынды. Қазіргі сәтте тергеу жалғасып жатыр. Оның жұмысына халықаралық ережелер бойынша жұмыс істейтін Қазақстандық мамандар, Ресейлік халықаралық авиация комитеті, әуе кемесі (Канада) мен оның ұсақ бөлшектері мен авиониктерін өндірушілер (АҚШ) жұмыс істеуде. Әлемдік тәжірибеде әуе апатын зерттеуге орта есеппен бір жарым жылдан артық уақыт кетеді. Мәселен, 2009 жылы ақпанның 25-інде Скипхол әуежайында (Амстердам) тұманда адасып апатқа ұшыраған Turkish Airlines әуекомпаниясының Boeing 737 ұшағының апатқа ұшырау себебін анықтау екі жылдан астам уақытқа созылды. 2009 жылы маусымның 1-інде құлаған Француз әуетасымалы Air France компаниясына тиесілі әуекемесінің апатының себеп-салдары 2012 жылдың шілдесінде ғана аяқталды. Мен келтіріп отырған мысалдар апатқа ұшыраған әуе кемелерінің себеп салдарын анықтау – күрделі әрі біраз уақытты талап ететіндігін көрсетеді. Зерттеу барысында мамандар апатқа ұшырауға түрткі болған факторлардың барлығын салыстыра отырып, нақты қорытынды жасайды. Осыдан кейін ғана зерттеу қорытындыларын мүдделі тараптарға жариялауы тиіс, –  деген ол.

Көкшетаудан №760 бағытымен Алматыға бет алған Bombardier CRJ200 әуе кемесінің апатқа ұшырауы 

– Қазақстан азаматтық авиациясы тарихында бірінші рет болып отыр. Сол себептен де былтыр дәл осы күні ұлттық аза тұту күні жарияланған еді. Ұшақ апатқа ұшырасымен, оның себебін айқындауға тырысқан бірнеше талпыныстар болды. Соның ең бастысы ұшақтың отқа оранбауы.  Бұл ұшақ багында жанармайдың аз болуынан дейді білгіштер. Алайда бұны ресми органдар бірнеше рет жоққа шығарған болатын. Сол күнгі қалың тұманның апатқа себеп болғаны айқын. Алайда мамандар оның басқа да сырларын іздеп әлек. Өйткені, Алматы әуежайына небәрі бес шақырым қалғанда, әуе кемесінің апатқа ұшырауы да көп сырды байқатады. Мамандар тұман қанша қою болса да, әуежайға өте жақын келген әуе кемесінің мүлт кетуі мүмкін емес дейді.  Үшінші, нұсқа ұшақтың биіктікті өлшеу құралдарының істен шығуы мүмкін делінеді. Қалай дегенмен де, бұның барлығы болжам ғана. Ал нақты зерттеу қорытындыларымен таныс болатын күнді күтуден өзге ештеңе қалмаған сыңайлы.