КІСІЛІК КЕЛБЕТ ИЕСІ
КІСІЛІК КЕЛБЕТ ИЕСІ
Мырзахан Ахметов туралы басқа да егіл-тегіл сырдың тиегін ағытпай тұрғанда, алдымен мына бір сарғайған қағаз беттерінен алынған жалынды сөздер жолдарына үңіліп көрсек. Тәуілсіздік таңы енді ғана сызыла атып келе жатқан, қанат қағуға енді ғана талпынған алакөбең жылдарда біреу айта алған, енді біреулер айта алмаған сөздер. Қазіргі жаттанды сөздерге мүлде ұқсамайды-ау. Осы бір саржолақтанған қағаз парақтарының арғы жағынан оттай жанып тұрған жас азаматтың бейнесін көремін…
«Адам баласының басындағы барлық жақсылықтың, игіліктің, имандылықтың бисмилласы тілден басталады, – депті сонда Жамбыл облысы Жуалы аудандық «Қазақ тілі» қоғамының конференциясында (1992 жылғы 30 мамыр) тіл қоғамының төрағасы Мырзахан Ахметов. – Ал, халқымыз «Өнер алды – қызыл тіл» деп, оған аса жоғары баға беруі де тегін емес. Бірақ сондай қасиетті қаруымыз өз басынан үлкен қасіретті кешіп отырғандығын білесіздер… Ең бастысы, біз «Тіл туралы» Заңды, оны орындау жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асыруда аса зор қиындықтарға тап болып отырмыз. Бағдарлама бойынша біздің аудан биылғы жаңа жылдан іс қағаздарын қазақшаға толық көшіруге тиіс едік. Тұрғылықты халқының 63 пайызы қазақ ұлтының өкілдері болып отырған ауданда олай етуге толық мүмкіншілік те бар еді. Бірақ бұған жанашырлықпен қараған ешкім болмады. «Өзім барда құлағыма тыныштық керек, мен кеткен соң маған десе топан су қаптасын» ауданның жалтақ басшылары мемлекеттік бағдарламаны орындау былай тұрсын, оның ат-тондарын ала қашты. Осыны пайдаланған ескі аппараттың кейбір арандатушылары қазақ тілін мемлекеттік тіл ретінде мүлде мойындағысы келмей, оны 2000-шы жылға қарай ысыруға әрекет жасады. Аудандық Кеңес төрағасының орынбасары Николай Иванович Ерошенко мекеме басшыларын шақырып үгіттеп, іс жүргізуді қазақшалауға ғасырдың аяғында көшіруге көндіріп, ұжым атынан жалған қаулы қабылдату сияқты арсыздыққа барды. Бұл көрініс «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының атынан лайықты қарсылыққа ұшырап, тиісті бағасын алды. Өз тілімізді қорғай алмасақ елдігіміз қайсы, ағайын?!». Ащы айтылған, ашына айтқан сөздер. Жас Мырзаханның жалындап айтқан сөздері. Қаншама жылдар өтсе де, қазірдің өзінде арыңды селт еткізеді. Амал не, «Күлтөбенің басында күнде жиын» болса да, сол кездегі жас қайраткердің, қазіргі кемел Мырзаханның алқына айтқан мәселесі әлі күнге дейін өзегі соқтадай болып отыр. Өзінің жеке басындағы қиындықтары туралы жақын-жуықтарына да тіс жармайтын азаматтың ұлты, туған жұрты, ана тілі туралы сол кездің өзінде тура айтқаны, батылдығы, атқарған істері таң қалдырмай қоймайды. Мойындайықшы, көбіміз – жалтақпыз, көрбілтелейміз, жаймаламаймыз, жалтақтаймыз. Тәуелсіздікті ту еткеннен бері жиырма жылдан асып кетсе де, сондаймыз.
Ал, жаңағыдай асау сөздердің авторы Мырзахан, тағдырының талайы ма, көп тақсырет көріпті. Жас кезінде бұғанасы бекімеген бозбала асқар тау болар әкесінен айырылып, жетім қалыпты. Отбасындағы еркек кіндіктілердің үлкені болғандықтан, барлық тіршілік қамының салмағын қатпаған қабырғасына салып алған екен ғой. Шығармашылық шығымы, ақындық арқасы, қаламының жүйріктігі бар бала Мырзаханды көзі қарақты аудандық газет басшылығы қызметке шақырған екен. Сол кезде аудиториясы өте кең аудандық газетте мектеп оқушысы мәнді, мазмұнды мақалаларымен, балаң өлеңдерімен көптің көзіне көрініп жүрсе керек. Корректор Мырзахан үш айда тілші болады, одан сөзі дуалы газетте бөлім басқарады, редактордың орынбасары, есейе келе газеттің редакторы болған да – сол тілші бала. Әрине, ол кейінгі уақыттың еншісінде. Тілші баланы балиғатқа жеткен соң қырағы Қызыл әскер өз қатарына шақырып алады. Ауылдас ағасы – атақты Бәукеңдей болмағанымен, Мырзекең Отан алдындағы парызын адал атқарып, аялап өсірген анасына, ағасын тірек көрген бауырларына қайтып оралған екен. Ол – өз алдына бір әңгіме. Бір қызығы, өзі еңбек жолын бастаған аудандық газет редакциясы әскери формасын ауыстырып үлгермеген жас жігітті бұрынғы орнына жедел шақырып алыпты. Содан журналист Мырзахан, ақын Мырзахан, сазгер Мырзахан, ең бастысы – Азамат Мырзахан қалыптасқан ғой. Біз қазір оны сол кейіпте танимыз.
Өзге ұлттың өктемдігі әлі де өрекпіп тұрған сол бір алмағайып заманда, яғни 1989 жылы азамат Мырзахан Жамбыл облысының Жуалы ауданындағы 23 балабақшаның екеуінің ғана қазақ тілінде жұмыс істейтінін, аудандағы 15 орта мектептің, 16 орталау мектептің үшеуінің ғана таза қазақ тілінде оқытатынын, ал 12-сінің аралас мектеп екендігін жан айқайымен айтады. «Тіл туралы» заңның орындалуын ұлттық құрамы ала-құла аудан тұрғындарының алдына бұлжымас талап ретінде қояды. Ауданда іс-қағаздарының қазақ тілінде жүргізілуін талап етіп, оны өткір мәселе ретінде көтереді. Мұндай істер, құдайшылығымызды айтайық, сол бір аумалы-төкпелі жылдарда әр азаматтың қолынан келе бермейтін, сондықтан да Мырзахан Ахметовтың азаматтық азаматтық ажары, кісілік келбеті жарқын ғой деп ойлаймын.
Құр ғана мақтау сөз – желмен ұшқан мақтадай. Айтқанымызға айқын айғақтай болатын Мырзаханның «Жуалы» атты кітабына назар салайықшы (Алматы. «Тоғанай Т», 1998.).
Қазақ елі тәуелсіздігін әлі жарияламаған тұманды 1989 жылдың өзінде қайраткер азамат, журналист, ең алдымен, Қазақ Мырзахан былай деп жазыпты:
«Мен жастайымнан-ақ аудандағы елді мекендердің, шаруашылықтардың, мектептер мен ауылдық кеңестердің атаулары неліктен кілең орысша аталатынын ойлап қынжылатынмен. Есейе келе мұның бәрі Ресей патшалығының ұлт аймақтарын отарлау саясатының салдары екеніне көзім жете бастады. 1989 жылы ақпан айында мен аудандық «Жаңа өмір» газетіне бас редактор болып тағайындалдым да, саяси ой-пікірлерімді сыртқа шығарып, көп талқысына салуға мүмкіндік алғандай болдым. Газет аудандық партия комитетінің бақылауында тұрғандықтан маған дейінгі редакторлар партияның саясатын мақтаудан әріге бара алмай, саяси ой-пікірлер қақтығысына қалам тартуға құлықсыз болғаны өздеріңізге мәлім. Мен тәуекелге бел байладым да, 1989 жылғы 13 маусымда өзім басқаратын газетке «Ауыл-село атауларын қалпына келтірейік» деген бас тақырыппен көлемді мақала жарияладым. Бұл материалда жүрек түкпірінде көптен бері бұлқынып жатқан сезімдер сыртқа лықсыған сияқты. «Жуалы өңіріндегі көптеген елді мекендер Евгеневька, Алексеевка, Петровка, Кременевка, Андреевка, т.с.с. болып аталады, – деп жазыппын мен сонда. – Осы есімдердің иелері кімдер, олар халық алдында еңбегі сіңген адамдар ма? Тарихи деректерге сүйенер болсақ көп нәрсенің қатпарлары ашылып тұрғандай. Мұндай атаулардың қалыптасуы, біздіңше, өткен ғасырлардағы патшалы Ресейдің көршілес жатқан бұратана халықтарды күшпен отарлау саясатының салдары. Сондықтан жерімізді келімсектердің атынан арылтып, олардың қазақы тарихи атауларын қалпына келтіруіміз керек».
Мырзахан Ахметовтың мұндай пікірлері ізінше қоштау тауып жатты деп айту шындыққа жанаспас еді. Кеңестік империяның ызғары қаншама «жылымық» десек те, арқаға аяздай батып тұрған заман болатын, «үлкен ағаларымыздың» сойыл соғарлары арамызда әлі де әлді еді, оның үстіне құлдық психология сананы мықтап меңдеген өз ағайындарымыз да шырықты ала тайдай бұзатын. Сондай табанды текетірестерге қарамастан Мырзахандай адал сүт емген азаматтардың арқасында ауданның елді мекендерінің атаулары біртіндеп қазақылана бастады. Мырзекеңнің өзіне сөз берейік:
«Сөйтіп тоқсаныншы жылдардың бас кезінде болған осындай зор үдерістің арқасында «кіші Ресей» атанып кеткен Жуалы өңіріндегі елді мекендер тарихи атауларына қайтадан ие болды. Енді сол өзгерістерге назар аударып көрелік.
ЕЛДІ МЕКЕНДЕР: Кантемировка селосы – Қошқарата ауылы, Некрасовка – Ақтасты, Луначарка – Рысбек батыр, Алексеевка – Көлтоған, Самсоновка – Күреңбел, Казанка – Тасбастау, Успеновка – Жетітөбе, Братск – Шымбұлақ, Блоговещенка – Қоңыртөбе, Петровка – Қарасаз, Ясная – Поляна – Ақбастау, Бурный – Б. Момышұлы, Кременевка – Шақпақата, Евгеневька – Көлбастау, Столыпинка – Көктөбе, Кастальевка – Қосбөлтек, Гагарин – Түктібай, Андреевка – Алатау, Габаевка – Ақтөбе, Калинин – Көксала, Зыковка – Жұрымбай т.с.с. болып тарихи атауларына ие болды.
АУЫЛДЫҚ КЕҢЕСТЕР (ҚАЗІРГІ АУЫЛДЫҚ АЙМАҚТАР): Луначарка – Боралдай, Казанка – Жетітөбе, Петровка – Қарасаз, Евгеневька – Ақсай, Бурный – Б. Момышұлы, Большевик – Көктөбе, Кременевка – Шақпақата, Самсоновка – Күреңбел, т.б.
МЕКТЕПТЕР: «Октябрьдің 40 жылдығы» орта мектебі – «Мыңбұлақ» орта мектебі, «Октябрьдің 50 жылдығы» орта мектебі – Т.Тастандиев мектебі, «Краснооктябрь» мектебі – «Жаңаталап» мектебі, В.И.Ленин атындағы орта мектеп – «Күреңбел» орта мектебі, С.М.Киров атындағы мектеп – Қ.Сағындықов орта мектебі, М.Горький атындағы мектеп – «Жетітөбе» орта мектебі, Буденный мектебі – «Алатау» орта мектебі және т.б. мектептердің атаулары қазақшаланды.
Шаруашылық атаулары да түгелдей туған тілімізге көшірілді».
1989 жылы Жуалы аудандық Кеңесі жанындағы ономастикалық комиссияның төрағасы, көп ұзамай оған қоса аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы болып сайланған аудандық газет редакторы Мырзахан Ахметов осынау қат-қабат қоғамдық жұмыстарды белсене атқарып, ауданда тіл мен ономастика саласында аянбай күресті. Бұл саясатқа көнбеген басшыларды өзі басқаратын газет сынына аямай салды. Аудан мекемелері мен кәсіпорындарында жиналыстар өткізіп, ел мүддесі үшін тайталасты.
Бұл – саяси, экономикалық, әлеуметтік қыспақта қалған Қазақ елінің сол бір тар өткелдегідей кезі үшін зор жеңіспен пара-пар болатын. Өйткені шағын ауылдың өзі қазақша тарихи атауын алғаны ол кезде елді рухтандырды. Сол істің үлкен бір аудандағы ұйытқысы болған Мырзахан Ахметовтың азаматтық деңгейінің биіктігін алдымен осы істерінен көремін.
Тіршілік толқынында жеңіл жаңқадай аға бермей, ағысқа қарсы жүзген қайсар жігіт алысқа, болашаққа көз жіберген. Жігерін намысқа жаныған жас қыран-заман ағымын дәл басып таныған, білімсіз, ғылымсыз қатарынан кем қалатынын түсінген. Анасын аялап, бауыр-қарындастарына сая болып жүріп, өндірістен қол үзбей сол кездегі маңдайалды оқу орны С.М. Киров атындағы мемлекеттік университеттің (қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің) журналистика факультетін ойдағыдай бітіреді. Ойлы, қаламы қарымды журналист, ұстанымы берік белсенді азамат Мырзахан Ахметов Республикалық жоғары партия мектебін абыроймен тәмамдап, кемелдене түседі. Бір кездегі жас корректор Мырзахан аудандық газеттің редакторына дейінгі қызмет сатыларының бәрінен өтіп, туған өлкесінде ел игілігі үшін қаншама қызмет атқарды. Жуалы өңірі, жоғарыда атап өткеніміздей, оның аудандық тіл қоғамын басқарғандағы еңбегін ерлікке балайды. Өйткені оның, Мырзан сынды азаматтардың көп жылғы күресінің нәтижесінде аудан толық қазақ тіліне көшті.
Ер еңбегі ескерусіз қалмайды. Жуырда Алматыға қуанышты хабар келген: Мырзахан Ахметовке «Жамбыл облысы Жуалы ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліпті. Еңбегінің зейнеті ғой.
Бірнеше жыр жинақтарың, әдемі әндердің, туған елі мен жерінің қажетіне жарар еңбектердің авторы Мырзахан Ахметов үнемі ізденіс, шалқар шабыт үстінде. Публицистикалық ой-толғамдарға толы дүниелер қарымды қаламынан әлі шығып жатыр. Зерттеу, өлең, әңгімелері, әсем әндері бөлек дүние.
Қазір республикамыздың тарихында алғашқы жоғары оқу орны болып шаңырақ көтерген білім ордасы – Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ақпарат-баспасөз орталығын басқарады.
Азамат Мырзахан, қаламгер Мырзахан, қайраткер Мырзахан адамдық болмыс-бітімімен, кісілік келбетімен қашан да қадірлі.
Айтқазы БАЙДӘУЛЕТ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі