Еуразиялық интеграция: Мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылмайық...
Еуразиялық интеграция: Мүйіз сұраймын деп, құлақтан айырылмайық...
Еуразиялық интеграция, Бірыңғай экономикалық кеңістік, Кедендік одақ жөніндегі мәселелерді бұған қатысы бар мемлекеттер жоғары деңгейде де, (Елбасының, Үкімет мүшелерінің, Парламент депутаттарының қатысуымен), төменгі деңгейде де (азаматтық қоғам институттардың бастамасымен) талқылаған болатын. Бұл мәселе, 2013 жылы шарықтау шегіне жеткен еді. Ал былтырғы жылдың соңында мемлекет басшыларының қатысуымен өткен екі жиында (Минск, 24 қазан; Мәскеу, 24 желтоқсан) Президентте аталған жобаны жан-жақты жіліктеді. Президенттер бұл кездесуде тек оң, жағымды өзгерістерді ғана емес, сонымен бірге жобаны жүзеге асырудағы тұйыққа тірелген түйткілді мәселелерді, жағымсыз өзгерістерді тілге тиек етті.
Бұл сыни пікірлер елдің жобадан «шығу жоспары» болып қабылданған жоқ. Дегенмен, болашақ одақтың нормативтік-құқықтық базасын әзірлеу аясында әрбір мемлекеттің өз мүдделерін белсенді әрі жүйелі қорғау қажеттігі байқалды.
Осыған орай, еліміздің түрлі зерттеу орталықтары Кедендік Одақ пен Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы еуразиялық интеграцияға қатысты зерттеулер жүргізген. Осыған қатысты сарапшыларымыздың сан алуан мақалалары жарияланды. Ал жалпы, осы үрдісте тұйыққа тірелген 24 мәселе анықталды.
Сонымен, өзекті мәселелердің бестігі мыналар деп есептеледі:
● Өзінің ішкі нарығын қорғаудағы Ресейдің біржақты әрекеті мен өз еліндегі жобаның басқа қатысушыларының кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін шектеу;
● Жоба аясында Қазақстан үкіметінің ұлттық экономикалық мүдделерді қорғаудағы қауқарсыздығы;
● Мемлекет-қатысушыларында еуразиялық интеграция үрдісінде бағалардың саясиландыруы;
● Интеграциялық үрдістің мәні, мақсаттары мен болашағы бойынша мемлекеттер, яғни-қатысушылар арасындағы көзқарастардың әралуандығы;
● Еуразиялық интеграция үрдісіндегі нақты түпкілікті мақсаттары мен нәтижелерінің жоқтығы.
Алғашқы мәселе тікелей Бірыңғай кедендік шекара мен Кедендік одақ құру жөніндегі Келісім-шартта (6.10.2007 ж.), Еуразиялық экономикалық интеграция жөніндегі Декларацияда (18.11.2011 ж.) белгіленген тауар айналымы, қызметтер, қаржы және еңбек ресурстарының еркіндік принципіне қарама-қайшы келеді.
«Атамекен» Одағының мәліметі бойынша, 2012 жылдың аяғында Кедендік одақтың аясындағы елдердің арасында 58 тарифтік және тарифтік емес тосқауылдар анықталған. Солардың ішінде, Ресей тарапынан қалдықтарды өңдейтін алымдар мен кедендік баж салығын орнатылуы, тауар белгілерін тіркеудегі талаптардың әртүрлілігі, құжаттарды алудағы қағазбастылық және т.б.
Ресей тарапынан жасалған кедергілер нәтижесінде Қазақстанның шикізаттық емес өнімдер экспорты жылдан жылға төмендегенін байқауға болады.
Тосқауылдармен қоса, саяси кеңістікте мемлекеттер арасында келіспеушілік пен сенімсіздік өсіп келеді. Бұған Беларусь мемлекетінің президенті Александр Лукашенконың Ресейдің ортақ талаптарды орындамайтыны, беларусь тауарларын не ресейге, не қазақстандық нарыққа кіргізілмейтіні туралы мәлімдемесі дәлел бола алады.
Мемлекет тарапынан тиісті қолдауға ие болмауынан Кедендік Одақ-Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі қазақстандық бизнес мүшкіл жағдайға тап болды. Мұндай мәселенің туындарын алғашында отандық кәсіпкерлер мен сарапшылар ашып айтса, кейінгі кезекте үкімет мүшелері келіссөздер жүргізуге тиісті қазақстандық топтың әлсіздігін мойындады. Осындай фактордың әсерінен Еуразиялық экономикалық одақты қалыптастыру барысында Қазақстанның ықпал ету болашағы бұлыңғыр болмақ.
Үштіктің еуразиялық интеграция үрдісінде бағаларды саясиландыру мәселесі орын алды. Беларусьте бұл үрдіс ресми деңгейге дейін жетті. Қазақстандағы жағдайға келер болсақ, түрлі бірлестіктер мен бір топ ұлт патриоттары бұл жобадан бас тартуды айтудайын айтып келеді. Оған қоса, Еуразиялық парламент пен кәсіпкерлердің жағдайы туралы бірқатар депутаттары өз пікірлерін білдірген болатын. Кейін Елбасы да жобаға қатысты сыни пікірлерін айтты. Яғни, Қазақстанда да өз кезегінде интеграция аясындағы орын алып отырған олқылықтарға көңілі толмайтынын ресми деңгейде жайып салды.
Ал Ресейде бұл мәселені Орталық Азия елдерінен шыққан еңбек көші-қонымен тікелей байланыстырады. Алғашында еңбек мигранттары өзбек, тәжік пен қырғыз елдерінен шығып жатса, ендігі бұған қазақстандықтар да қосылды. Ресей Федерациясының федералды көші-қон қызметінің мәліметінше, 2013 жылдың тамыз айында 600 мыңнан астам Қазақстан азаматтары Ресей мемлекетінде қызмет етеді. Сонымен қатар, ресейлік оппозиция өкілі Алексей Навальныйдың Орталық Азия мемлекеттері үшін (соның ішінде Қазақстан да бар) рұқсатнама тәртібін орнату бойынша қол жинау акциясы бұл үрдістің жүзеге асуына кері әсер тигізгені анық.
Бестіктің соңғы екі мәселесі де еуразиялық интеграциясының мемлекет-қатысушылары басшыларының көптеген баяндамалары мен мақалаларында айқын көрініс тапты. Осыдан-ақ, араларындағы қайшылықтар мен келіспеушіліктер байқалып тұр.
Еуразиялық интеграция үрдісінде бірыңғай техникалық реттеу жүйесінің қалыптаспағаны, еліміздегі интеграцияға қарсы және ресейге қатысты қарсы бағалардың орын алуы, кедендік бақылаудың төменгі деңгейі, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мен сақтау механизмдерінің жоқтығы, үрдіске әлеуметтік-гуманитарлық әріптестіктің (білім, денсаулық сақтау, экология, ғылым, мәдениет және т.б.) кіргізілмеуі және т.б. тығырыққа тап болған мәселелер баршылық.
Бұдан шығар түйін, еуразиялық интеграция үрдісінде Қазақстанның ұлттық экономикалық мүдделерінің әлсіз қорғалуына тікелей билік жауапты болмақ. Үкіметтің өкілетті өкілдерінің жобаны іске асыру барысындағы түрлі мәселелерге қатысты принципті түрде және тиянақты ұстанымда тұруы арқасында ғана түрлі шешімдерге келетіні айқын.
Сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық комиссиясы қызметінің ашықтығы мен қабылданатын шешімдері бойынша тиісті деңгейде жұмыс істемеуі барлық іске үлкен кедергі тудыруда. Осы органда еліміздің тарапынан үш өкіл қызмет ету үстінде. Олар:
1) Тимур Сүлейменов, Экономика және қаржы саясаты жөніндегі Алқа мүшесі (министр). Жетекшілік ететін саласы – кәсіпкерлікті дамыту, қызмет көрсету мен инвестицяларды реттеу, ішімдіктер нарығы, салық саясаты, баж салығын есепке алу мен үлестіру және т.б.;
2) Нұрлан Алдабергенов, Бәсекелестік пен монополияға қарсы реттеу жөніндегі Алқа мүшесі (министр). Жетекшілік ететін саласы – бәсекелестікті орнату, монополияға қарсы жұмыс жүргізу, бірыңғай бәсекелестік ережелерін сақтау бойынша қадағалау және т.б.;
3) Даниал Ахметов, Энергетика мен инфрақұрылым жөніндегі Алқа мүшесі (министр). Жетекшілік ететін саласы – автокөлік, темір жол мен әуе көліктері, энергетика, мұнай мен мұнай өнімдерді дамыту саласындағы келісімдердің жүзеге асуына бақылау жасау және т.б.
Демек, Кедендік Одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы түрлі қайшылықтардың орын алуы, жобада еліміздің ықпал ету деңгейінің төмендігі мен әлсіздігін аталмыш тұлғалардың әрекетсіздігімен байланыстыруға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сыни пікірлерін осы азаматтарға қарата айтсақ артығы жоқ.
Жоғарыда көрсетілген тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселесі осы үрдісте тіпті тым-тырыс халге түсті. Себебі Еуразиялық экономикалық комиссиясының ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғайтын бірде-бір ішкі құрылым жоқтың қасы. Егер де, қазақстандық кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын Кәсіпкерлердің ұлттық палатасы қызмет етсе, ал тұтынушылардың құқықтарын қорғау механизмдері мүлдем қарастырылмаған. Бұл тек елімізде тұрып жатқан азаматтарға қатысты емес. Тіпті, Ресей федерациясында білім алып жүрген, медициналық көмекті қажет ететін, еңбек нарығында жүрген қазақстандықтар да мұндай келеңсіз тосқауылдарға тап болуы ықтимал.
Демек, әрбір мәселені жіліктей берсек, көптеген тосқауылдар мен бөгеттер табылатыны анық. Дейтұрғанмен, сарапшыларымыз мынадай ұсыныстар жасаған еді. Олар: еуразиялық интеграцияның нормативтік-құқықтық негізінде әлеуметтік өлшемді күшейту; білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, ғылым, мәдениет салаларын қамтитын Еуразиялық экономикалық алқасында әлеуметтік-гуманитарлық әріптестік бойынша мүшені (министрді) енгізу; аталмыш алқада тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментін жасақтау; алқа жұмысының (барша бөлімшелерімен) ашықтығын қамтамасыз ету; жобаның жүзеге асуына қатысты тұлғалардың және мемлекеттік органдардың жауапкершілік пен ашықтығын арттыру.
Демек, бұл үлкен жоба барлығымыз үшін де өзекті болмақ. «Мүйіз сұраймын деп құлақтан айрылып қалдының» кебін кигісі келмейтін қазақ қоғамы үшін одақ мәселесі хамелеонның түсіне ұқсас. Себебі Алаш баласы қоғамы үшін еркіндік пен егемендік өте құнды. Ал экономикалық түйткілдерді мемлекетаралық келісім-шарттар арқылы да шешуге болады.
Дәурен Сәкенұлы,әлеуметтанушы