Жаңалықтар

СЕРІЛІК ҚҰРҒАН ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ

ашық дереккөзі

СЕРІЛІК ҚҰРҒАН ФРАНЦИЯ ПРЕЗИДЕНТІ

Бір-екі күндікте ақпарат құралдары Франция президенті Франсуа Олландың азаматтық некедегі әйелі Валери Триервейлермен қарым-қатынасын тоқтатқаны туралы жарыса хабарлады. Бұл туралы президенттің өзі Франс-пресс агенттігіне: “Мен Валери Триервейлермен бірге тұрмайтыным жайлы хабардар етемін” депті. Әңгіме өзінің жеке басының өміріне қатысты болғандықтан Олланд бұл мәлімдемесін мемлекет басшысы емес, жеке өз атынан жасап отырғанын атап айтқан.

 «Journal du dimanche» басылымы Олланд пен Триервейлердің қаңтардың 23 күні өзара қарым-қатынасты доғару жайын талқылағаны туралы жазған еді. Осы айдың басында франциялық Closer журналы 59 жастағы Франсуа Олландтың 50-ден астам фильмге түскен танымал актриса, 41 жастағы Жюли Гайенің “жасырын байланысы” туралы мақала жариялаған. Басылымның мәліметтерінше, Франция президенті скутермен бүкіл Парижді басып өтіп, көңілдесі тұратын үйге жиі барады екен. Тіпті ол сол үйде түнеуге де қалатын көрінеді. Осындай сапары кезінде президентті тек бір ғана оққағар күзетеді екен. Бұл оның өміріне қауіп төндіретіні даусыз.

Осы мақаладан соң Олландтың азаматтық некедегі әйелі Валери Триервейлердің Париждегі ауруханалардың біріне түсіп, бірнеше күн жатып шыққаны мәлім болды. Президенттің актриса Жюли Гайемен көңілдес екені расталған соң, жүйкесі жұқарған Триервейлер артық мөлшерде дәрі ішіп, ауруханадан бір-ақ шыққан. Олланд емделіп жатқан әйелінің жағдайына да алаңдаушылық білдірмепті. Ашуға булыққан ол Closer журналын сотқа беріп, моральдық шығын өтеп алмақшы. Себебі президент мұндай материалдарды жариялау оның жеке өміріне қол сұғушылық деп есептейді.

49 жастағы журналист әйел Валери Триервейлер ресми түрде Францияның бірінші ханымы болып саналады. Ол екеуінің көңілдері 2007 жылдан бері жарасып, бірге өмір сүріп келген еді. Бұған дейін Франсуа Олланд Сеголен Руаяль есімді әйелмен 25 жылдай азаматтық некеде өмір сүрген. Сеголен Руаяль президенттің 4 баласының анасы. Agence France-Presse-тің атап өтуінше, Францияның көптеген президенттерінің өз кезінде көңілдестері болған. Солардың қатарында Жак Ширак, Франсуа Миттеран және Валери Жискар д’Эстендер бар. Ол ол ма, Француз басшыларының көңілдестерінің болуы саяси аренадағы рейтингтеріне еш әсер етпеген көрінеді.

Алайда әлемде көбірек сөз болған махаббат машақаты Саркози төңірегінде өрбігені шындық. Ол да Франция президенті болып тұрған тұста бұрынғы модель Карла Бруниге үйленіп, жұрттың таңқалысын тудырған еді. Сонда Франция мемлекетіне келген басшылар әйелқұмар болғаны ма?

Президент дегенде еске түседі, Ресей басшысы Владимир Путиннің де әйелі Людмила Путинамен ың-шыңсыз ажырасқаны біраз әңгімеге арқау болған. Одан бөлек кетуге оның отыз жыл отасқан жары да келісімін берген. Путиннің әйелімен бірге тұрмайтыны ақпарат құралдарында көптен бері айтылып жүрді. Кремль қожайыны жұбайы Людмиламен театрға қол ұстасып келіп, тосын мәлімдемені де сол жерде жасағаны есте. «Қызмет бабымен үнемі ел алдында жүремін. Бұл біреулерге ұнайды, біреуге ұнамайды. Сондықтан ажырасуға бекіндік. Бұл екеуміздің ортақ шешіміміз», – деген ол.

Жалпы, отбасылық кикілжің билік басында жүрген мемлекет басшыларына жат құбылыс емес. Мәселен, Италияның бұрынғы премьер-министрі Сильвио Берлускони қыз-қырқынға қырғадай тиюімен аты шықса, Николай Саркози одан асып түсті. Францияның экс-президенті әйел бала-шағасын тастап, өзіне ұл туып берген модельер Карла Бруниге кетіп қалған. Ал Олландтың ісі мынау. Сонда Франция президенттерінің бір-біріне қалдыратын «мұрасы» – ертерек көңілдес табу ма, әлде сол арқылы абырой-беделін арттыра ма? Бұл сауалға қай жағынан келсек те, тосылып қалатын түріміз бар.

Динара Мыңжасарқызы