ҒАЛЫМСЫЗ ҒЫЛЫМ ЖОҚ
ҒАЛЫМСЫЗ ҒЫЛЫМ ЖОҚ
Жуырда «Қазақ энциклопедиясы» баспасынан филология ғылымдарының докторы, профессор Дандай Ысқақұлының «Қазақ әдебиеттанушылары» атты энциклопедиялық анықтамалығы шықты. Кітапқа қазақ әдебиетін зерттеп, оны ұлтының рухани игілігіне айналдыру саласында айтарлықтай еңбек сіңірген екі жүзден астам ғалым туралы шығармашылық портреттер енген. Сондай-ақ, қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасып дамуына тарихи еңбек сіңірген алашшыл Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Халел Досмұхамедов, Жүсіпбек Аймауытов сияқты қаламгерлерден бастап, С. Сейфуллин, М. Әуезов, С. Мұқанов, Ғ. Мүсірепов, Ғ. Мұстафин сынды әдебиет алыптары жайлы да мол мағлұматтар берілген.
Кітап жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттеріне, магистрларға, докторанттарға, жалпы қазақ әдебиетін сүйетін қалың оқырманға арналған.
Қазақ әдебиеттану ғылымы, әсіресе тәуелсіздік алғаннан кейін барынша дамып, ұлттық әдебиеттің алдында тұрған қандай да бір проблема болмасын, ғылыми тұрғыдан шеше алатын деңгейге жетті. Ғылымды ғалымдар жасайды. Қазақ әдебиетін ғылыми тұрғыдан танып-білу жолдарына көз жіберсек, осы салада не бір қиындықтарга қарамастан қыруар еңбектер қалдырған ғалымдарды көреміз. Ұлттық әдеби құндылықтарға иелік жасап, соларды жинақтап, көзінің қарашығындай сақтап, халқының рухани игілігіне айналдырып отыратын негізінен әдебиеттанушылар дейтін болсақ, бұл салада да қазақ әдебиетін зерттеушілер биіктерден көріне біліпті.
Қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрган үлкен міндеттердің бірі –қазақ әдебиеттану ғылымының тарихын жасау деп білеміз. Ұлт үшін, сол ұлттың толыққанды халық ретінде өмір сүруін қамтамасыз ететін рухани қазынасын жасауда әдебиет майданында ерекше еңбек сіңірген әдебиеттанушыларды бүгінгі ұрпақ білуі, қастерлеуі керек. Сонымен бірге әдебиеттану ғылымы жүріп өткен жолдарды біліп, оған айрықша еңбек сіңірген ғалымдардың еңбектерін игермейінше, солардың ғылыми дәстүрін жалғастырмайынша, ілгері даму да жоқ. Міне, сіздерге ұсынылып отырған кітап осындай мақсаттарды алға қойып, дайындалыпты.
Шын мәніндегі қазақ әдебиеттану ғылымы өткен ғасырдың бас кезінен бастап, қарқынды дами бастады. Ауыз әдебиетін жинап, зерттей бастаған он тоғызыншы ғасырдағы Шоқан Уәлиханов қазақтың тұңғыш ғалымы атанса, ұлттық әліпбиді жасап, сөз өнерінің теориялық қисынын жазып, өз алдына біртұтас ғылымға айналдырған Ахмет Байтұрсынов болды. Ахметтің тұстастары Халел Досмұхамедов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов секілді алашшыл арыстар қазақ әдебиеттану ғылымының дамуына елеулі үлес қосты. Сондықтан да елінің ертеңі үшін, әдебиетінің алашшылдық бағытта дамуы үшін шығармашылығымен де, әдеби ой-пікірлерімен де, ғылыми еңбектерімен де ұлт дұшпандарына қарсы ашық майдандасқан алашшыл азаматтардың сіңірген еңбектеріне бұл еңбекте едәуір көңіл бөлініпті.
Қазақ әдебиетін зерттеп, оны ұлтының рухани игілігіне айналдыру саласында еңбек еткен әдебиеттанушылар, құдайға шүкір, біршама бар екен. Ал олардың барлығының да еңбектері ескеріліп, бағалануға лайық. Десек те бұлардың бәрін бір еңбектің ауқымына сыйдыру мүмкін болмағандықтан да оларды түгелдей қамтып, елеу болашақтың еншісінде. Сондықтан да кітапқа негізінен осы салада жеткен жетістіктері бойынша ғылым докторы дәрежесін, профессор атағын алған ғалымдар енген. Бұл ұстанымдар қазақ әдебиеттану ғылымының басында тұрып, айрықша еңбек сіңірген әдебиет майданындагы алашшыл қайраткерлер мен кәсіби қазақ әдебиеті мен оның ғылымының дамуына айрықша еңбек сіңірген Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин сынды әдебиет алыптарына жүрмейді. Кітапта бұлардың әрқайсысының қазақ әдебиетінің ғылымы мен сынына сіңірген еңбектері біршама сипатталған екен.
Кітап негізінен, энциклопедиялық үлгіде жазылғанымен де өзіндік ерекшеліктері де жоқ емес. Әр ғалым туралы берілген мақаланың жанры ғылыми-шығармашылық очеркке, шығармашылық портретке жақын. Очерк негізгі екі бөлімнен тұрады. Алғашында оның қай уақытта, қай жерде туылғаны, қандай оқу орындарын бітіргені, қызметтер атқарғаны, қандай тақырыптар бойынша кандидаттық, докторлық диссертациялар қорғағаны жайлы мағлұматтар берілсе, одан кейін оның ғылыми шығармашылығы сипатталған. Негізгі мақсат ғалымның өмірбаяндық деректерімен нақтылы таныстыра отырып, оның әдебиеттану ғылымының қай саласында еңбек етіп, қандай еңбектер жазғанын айта келіп, ол ғылымға нендей жаңалықтар әкелді, дамуына қандай үлес қосты деген сауалдарға жауап беру болды. Ғалымның ғылыми-шыгармашылық қызметін сипаттай түсу мақсатымен оның негізгі монографиялық еңбектеріне, зерттеу жұмыстарының басты бағыттарына қысқаша анықтамалар берілген.
Еңбекті әзірлеу барысында «Биобиблиография обществоведов Казахстана» (1986), Файзолла Оразаевтың «Қазақ әдебиетін зерттеушілер» (1991) атты өмірбаяндық-библиографиялық анықтамалығы, «Қазақстан. Ұлттық энциклопедиясы» (10 томдық, 1997-2007), «Қазақ әдебиеті», «Қазақстан жазушылары» (2009), «Қазақстан ғылымы» (2 томдық, 2009, 2010), «Қазақстан ғалымдары» (2 томдық, 2012, 2013) сияқты іргелі еңбектер пайдаланылды. Десек те кітапқа енген ғалымдардың тең жарымдайының ғылыми-шығармашылық өмірбаяндары алғаш рет жазылғандығын да айта кеткен жөн. Анықтамалықты даярлау барысында соңғы кездердегі зерттеулердің жетістіктеріне назар аударылыпты.
«Қазақ әдебиеттанушылары» анықтамалығы жоғары оқу орындарындағы филология, журналистика факультеттерінің студенттеріне, магистранттар мен докторанттарына, әдебиеттанушы ғалымдарға, жалпы қазақ әдебиетіне қызығатын қалың оқырманға арналған.
Ж.БАҚҚОНДЫҰЛЫ