Жаңалықтар

«ТОЙBESTSTAR»-ДАН ТҰЛПАР МІНІҢІЗ

ашық дереккөзі

«ТОЙBESTSTAR»-ДАН ТҰЛПАР МІНІҢІЗ

     «Той BestStar» – тойдың ең жарық жұлдыздарын бір ортаға жинайтын думан. Оған тойдың иелерінен бастап қонақтарына дейін қатыса алады. Біздіңше, қазақ халқының тойдағы салт-дәстүрі, тойдағы әр кейіпкердің бейнесі зерттелмеген ғаламшар сияқты. Сондықтан тойдың барлық қасиеттерін бір жерге жинақтап, жан-жақты талдап, ашу «ТойBestStar» думанының басты мақсаты.

   Жүргізушілікке елімізге белгілі жезтаңдай әнші Жанар Айжанова мен танымал актриса, әнші Айгүл Иманбаева еш іріктеусіз, ұйымдастырушылардың қалауымен таңдалғанын айта кету керек. Апалы-сіңілі рөліндегі екеу келер қонақтың тізімінен бастап, не ішіліп-желінетіні, кім ән айтып, кім той басқаратыны, кімге не беріледі сияқты мәселелермен бас қатырып жүреді. Олар қазақтың нағыз келіндері, сөзге де, іске де пысық. Тойдың әр қонағын қарсы алып, жөн-жоралғысын жасап, той барысын бақылап отырады.

  Қонақ – ең басты кейіпкер. «Той BestStar»-дың әр қонағы қазақ тойының жарық жұлдызы, қадірлі қонағы. Тойда елге танымал, еңбегі сіңген, атағы шыққан адамның келуі кез келген той иесі үшін үлкен құрмет, мәртебе. Мұндағы қонақ әнші, ақын, айтыскер, саясаткер, спортшы және т.б. адамдар. Олар әр қазақтың тойының қадірлі қонағы, олар келген тойдың сәні кіреді. Қытайдан арнайы шақырылған бағдарламаның алғашқы қонағы -“Қытайдауысы” байқауының қатысушысы Үрімжілік қандасымызТасқын. Естеріңізде болса, байқауда“Дудар-ай” әнін шырқап, қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленген,халықты елең еткізген қазақ КТК арнасының арнайы шақыртуымен Қазақстанға келді.  Ал сыйлы қонақтарымыз Бибігүл Төлегенова, Жүрсін Ерман,Талғат Теменов, Секен Тұрысбеков, Еркін Рақышев қазақы тойдың қызығына батты.

  Тойдың қызықты, көңілді, думанды өтуі асабаның өнеріне байланысты. Сондықтан той иесі той басқаратын адамды мұқият іздеп таңдайды. Асаба шын мәнісінде сегіз қырлы, бір сырлы адам болса, тіптен керемет.

  Бүгінге дейін Жанатбек Бәйтеков, Асылбек Боранбай, Нұрлан Албан, Алмат Сақатов сияқты елімізге белгілі азаматтар қазақы тойды қалай басқару керек екенін жоғары деңгейде көрсетті. Осы аптаның асабасы – әзілдің атасымен, қалжыңның әкесімен таныс  Мұрат Көккөзов!

  Тойшыл қауым үшін «Той Beststar»  «Тойжарыс» деп аталатын бәйге жариялайды. Оған қатысу үшін тойға барыңыз. Өзіңіздің той ма, басқаның тойы ма –- өз еркіңіз. Ең бастысы той қызықтарынан видео түсіріп, біздің tbs@ktk-tv.kz электронды мекен-жайына жолдаңыз. Қызықты флешмоб, таңқалдыратын билер, бұрын болмаған ойындар көрсеңіз дереу бейнетаспаға түсіріңіз. Ал жеңімпаз Ұлыстың Ұлы күні 22-наурызда біздің студияға келіп, жылқы жетектеп қайтады! Қапы қалмаңыздар!

  Тағы бір жаңалық! Тойда ән салатын әншілер тойға лайықты болу үшін «Той BestStar» думаны «Той фактор» деп аталатын жаңа айдар ұсынады. Өзін қазақтың тойына лайықтымын деп санайтын кез келген әнші Айгүл мен Жанардың сынынан өте алады.  КТК арнасында нағыз қазақы тойдың куәсі болуға шақырамыз.

Шынар Саметова