Жаңалықтар

Зардабы көп полигон қашан жабылады?!

ашық дереккөзі

Зардабы көп полигон қашан жабылады?!

Сәбидің ақыл-есі кіре бастағаны оның «неге?», «қалай?», «қайдан?» деген сұрақтарды қоя бастағанынан білінеді. Біздің өмірімізге, саулығымызға, қоршаған ортамызға зиянды әсері күмәнсіз сынақ полигондары турасында да осындай сұрақтардың барған сайын жиі қойылуы да – азаматтық қоғамның пісіп-жетіліп келе жатқанының белгісі. Сонымен, нақты мәселе ретінде «Капустин Яр» сынақ полигоны туралы әңгіме қозғалық. Аталған полигонда жиынтық қуаты Хиросимаға тасталған 65 атомдық бомбаның қуатына тең 11 ядролық жарылыс жасалған. Бұл жарылыстардың дәл қай жерде жасалғаны белгісіз. Жарылыстар кезінде полигонға жапсарлас орналасқан аумақтың радиациялық ахуалы бақыланып-өлшеніп отырылғанмен, ол мәліметтердің барлығы Обнинск қаласында орналасқан «Тайфун» мекемесіне жіберіліп, мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің нұсқауы бойынша екі жылдан кейін жойылған. Сондықтан ядролық жарылыстар кезінде ел аумағының қаншалықты ластанғаны туралы дәл мәліметтер жоқ. Ядролық қару-жарақтан өзге Капустин Яр сынақ полигонында 24000 ракета жарылды, әскери техниканың 177 үлгісі сыналды, РСД-10 зымырандарының 619-ы жойылды. Осы сынақтар кезінде түрлі улы химикаттардың сансыз мөлшері төгілді. Әскери техникаларды жару мен сынау жел Қазақстан бағытына қарай соққан кезде жүргізілген. Капустин Яр полигоны Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының территорияларын алып жатыр. Полигон зардаптарын зерттеп жүрген мамандардың тілі бойынша осы екі облыстағы сынақ жері «құлау аумағы» деп аталады. Яғни, Капустин Яр полигонынан ұшқан әскери техниканың барлығы дерлік біздің Қазақстанның екі облысындағы құлау аумағына келіп түседі. Аталған сынақтарды жүргізу үшін Қазақстан Республикасының үш миллион гектар жері (!) Ресейге жалға беріліп отыр. Қазір он сотық жер үшін ондаған жылдар күту керек, осы проблеманың кесірінен «Шаңырақ оқиғасы» секілді қасіретті оқиға орын алған заманда отыз миллион жанұяға 10 сотықтан беруге жететін аумақтың көрші елге жалға берілуі үлкен-үлкен мәселелер туындататыны сөзсіз. Бұл мәселеқоғам тарапынан барған сайын қатты және жиі қойыла бастады. Әсіресе, азамат болып қалыптасуы еліміз егемендік алған шақта орын алған жас буын, соның ішінде ұлтжанды (мемлекетшіл) азаматтар «саулығымызға қатер төндіріп отырған бөтен елдің сынақ полигондарын ел аумағында ұстау қаншалықты қажет?» деген сұраққа жауап күтеді. Бұндай өзекті мәселелені төтесінен қою –азаматтардың қол сұғылмас құқығы. Сөзімді ҚР Конституциясында мынандай баптары дәлелдейді: «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары», «Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар», «Мемлекет адамның өмір сүруі мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етіп қояды». Ресей мемлекетінің біздің елімздің аумағындағы сынақтары жиі-жиі сәтсіздікке ұшырауда. Бұндай сәтсіздіктердің қайталанбайтынына ешкім де кепілдік бере алмайды. Қоршаған ортамыздың ластанғанына қарамастан РФ тарапынан ешқандай кешірім сұралмауы да алаңдатушылық туғызады. Денсаулық туралы әңгіме қозғаған кезде ресейшіл күштер тарапынан бұрмалау туралы айыптар тағылмас үшін ең жоғары деңгейде – Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасының аясында 1996-1997 ж. жүргізілген «Батыс Қазақстан облысының Капустин Яр полигонына жапсарлас орналасқан аудандарын медициналық, химиялық радиоэкологиялық зерттеулер» нәтижелеріне көз салайық: «соңғы он жылда (алда тоқсаныншы жылдардың мәліметі келтіріледі) Батыс Қазақстан облысының Капустин Яр полигонына жапсарлас орналасқан аудандарда демографиялық ахуал күрт нашарлады, балалардың дүниеге келуі екі есе азайды, өлім 50 пайызға артты. Тұрғындардың ауру деңгейі БҚО-ның өзге аудандарынан айтарлықтай жоғары және Семей ядролық полигонына жапсарлас орналасқан аудандардағыдай деңгейде болып отыр. Көптеген аурулар өршіп кетті. Мысалы, Орда ауданында дерматит пен нефритпен сырқаттану 61 есе, созылмалы отитпен сырқаттану 35 есе, туабітті аномалиялар 31 есе артты. Оңтүстік аудандарда туберкулезбен сырқаттану 1,9 есеге дейін артты, бұл орташа республикалық көрсеткіштен 2,3 есе көп. Қатерлі ісікке шалдығу Жаңақала ауданында 7,3 есе, Ордада 2,8 есе, Қаратөбеде 2 есе артты. Сондай-ақ психикалық сырқатқа шалдығу деңгейі де арттты. Мүгедек болып танылу көрсеткіші Жәнібек ауданында 3,4 есе, Ордада – 2,3 есе, Қаратөбеде – 2,2 есе, Қаратөбеде – 2,2 есе, Казталовкада – 1,9 есе, Жаңақалада -2,5 есе, Ақжайық ауданында 1,4 есе артты. Сондай-ақ, І және II топтағы мүгедектердің үлес салмағы да артып, бұл көрсеткіштер 72-81% құрайды. Мүгедектікке әкелген себептер арасында жүрек-қан тамырлары аурулары, өкпе туберкулезі және онкологиялық аурулар жетекші роль ойнады. Туабітті кемістіктердің күрт артуына байланысты БҚО оңтүстік аудандарында балалар арасындағы мүгедектік өсті. Мысалы Жәнібек ауданында бұл көрсеткіш 6.3 есе, Жаңақала ауданында 5,8 есе, ал өзге аудандарда — в 2,2 – 2,8 есе артты. Өте-мөте нашар көрсеткіштер санатына тұрғындар саулығының өзге де мәселелерін, мысалы сәбилер арасындағы өлімді келтіруге болады. Бұл экологиялық ахуалдың ең негізгі көрсеткіштерінің бірі болып табылады және ол барлық аудандарда орташаоблыстық көрсеткіштерден жоғары. Әсіресе, Қаратөбе және Ақжайық аудандарында сәбилер арасындағы өлім Қазақстан бойынша ең жоғары болып табылады. Тұрғындар саулығы көрсеткіштерінің анықталған ерекшеліктері және олардың өсуі, өзге де факторлармен қатар, ең әуелі, қоршаған ортаның нашарлауымен, ағзаға ұзақ уақыт бойы иондаушы радиация әсер етуімен, су және жергілікті тамақ өнімдері арқылы адамға химиялық салмақтың артуымен байланысты. Бұл жерде синергизм – әртүрлі зиянды факторлар адам ағзасына әсер еткенде олардың зияны еселеп көбейіп кетуі орын алып отыр». Жаңа жоғарыда атап кеткендей, бұл – тоқсаныншы жылдардың мәліметтері, алайда ракета сынақтары жылдан-жылға артпаса кемімей отырған қазіргі шақта ахуал аса түзеліп кетті де айта аламыз ба? Сөзіме дәлел ретінде Капустин Яр полигонында сынақ қарқыны 2014 жылы өткен 2013 жылға қарағанда 33%-ға артады. Осы сынақтар барысында зымырандардың біраз бөлігі сұйытылған гептил отынымен ұшады. Гептил – зымырандарда пайдаланылатын отын. Америкалық әскери мамандар гептилді «химиялық қару» деп есептейді. Оның әуеде толық жанып кетуі мүмкін емес, гептилдің бір бөлшегі ауаға тарап, су мен топыраққа қонады және оның зардабы жүздеген жылдарға дейін созылады. Гептил отынының адам ағзасына өте зиянды екендігін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеді. Оның әсеріне ұшыраған адамның кенеттен қан қысымы көтеріліп, тамыры жарылады, тыныс жүйесіне де өте күшті әсер етеді, яғни өкпе қабынады, соңы өлімге әкеліп соғады. Адамдар шаршағыш келеді, жұмысқа қабілеті азаяды, сәл нәрсеге ашуланады, есте сақтау қабілеті күрт төмендеп, ұмытшақтық пайда болады. Рак, өз-өзіне қол жұмсау, жүкті әйелдердің іштегі баласы мүгедек болып туады. Бір сорақысы Ресейдің өзінде гептил қолданылмайды, себебі ол елдің тұрғындары, азаматтық белсенділері зымырандарда гептил отынының тыйым салуына қол жеткізген. Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының саулығы түрлі ядролық ракеталық жарылыстардың әсерінен сын көтермейді, бұған оба мен шегірткеге қарсы жүз мыңдаған гектар жерде жүргізілген улау жұмыстарының әсерін қосып қойыңыз. Әбден әлсіреген халық саулығы үшін қосымша кез-келген тұрақты теріс әсер, тіпті ол мардымсыз болғанның өзінде, аса ауыр тиеді. Сондықтан, біздің еліміздің аумағы шетел қару-жарағының құлайтын және ұшатын аумағы болып қала бермеуі тиіс. Полигондардың адамдардың саулығына зиян екендігінде еш күмән жоқ. Күмәнданатын адамдар, академик Ждановша айтқанда, «враг, дурак, предатель»-дің біреуі. Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2007 жылғы 12 желтоқсандағы № 4-15 шешімімен бекітілген Батыс Қазақстан облысының «Капустин Яр» және «Азғыр» әскери-сынақ полигондары әсерінен зардап шеккен, полигондармен шектесетін аумақтарда тұратын мүгедектерді оңалту және оларға әлеуметтік көмек көрсету туралы 2008-2010 жылдарға арналған» аймақтық БАҒДАРЛАМА бар. Бағдарламаның атына назар аударыңыздар: ішіндегі ««Капустин Яр» және «Азғыр» әскери-сынақ полигондары әсерінен зардап шеккен» деген сөздер бар. Жаңақала ауданының орталығындағы ауданаралық үлкен емхана да полигоннан жапа шеккендерге ем-дом көрсету үшін салынды. Полигондар зиянды, сондықтан олар жабылуы керек. Болды! Ал егер полигондардың саулыққа әсері туралы мәселе көтерілсе бұл берекесіздікке әкеледі. Неге: 1) Полигонның саулыққа әсерін зертейтін тоқсан түрлі комиссиялар, мекемелер құрылады. Бұрынғы зерттеулерді «толық емес», «зерттеушілердің біліктілігі қанша еді», «әдістемесі күмәнді» деген сияқты түрлі желеулермен іске алғысыз қылады. Қазынаның қыруар қаржысы шашылады, және одан да жаманы – уақыт жоғалтамыз. Мәселе, сиыр құйымшақтанады, дауға ұласады. Қоғамда өзара сенімсіздік, алауыздық орнайды. 2) Егер өйтіп-бүйтіп, «полигон аумағындағы тұрғындардың саулығы төмен» деген қортындыға келген жағдайдың өзінде Ресей бұл қортындыны мойындай қоя ма? Және «полигон аумағындағы тұрғындардың саулығы төмен» дегенге келіскен жағдайдың өзінде саулықтың төмендігін полигонның әсерімен байланыстыру үлкен күшке түседі. Себебі, «аталған аумақта тұратындардың әлеуметтік жағдайы нашар, сапалы ауыз сумен жеткілікті қамтылмаған, зиянды әдеттер (ішімдік, темекі) етек алған, медициналық қызметтің деңгейі онша емес, т.с.с. саулықтарының жаман болуы, негізінен, полигонмен емес осы факторлармен байланысты» деген де пікірлер бар. Халық саулығының қай бөлігі полигонға, қайсысы өзге факторларға тиесілі екенін жіліктеу оңай шаруа емес және ең бастысы түкке қажеті де жоқ. Біз полигонның зияны туралы кімге дәлелдемекпіз, өзімізге бұл аян деп шешсек басқа әрекет-тірліктің бәрі кімге қажет? Сондықтан, полигондар үзілді-кесілді жабылуы керек. (Мүмкін, бүгін ертең емес шығар, бірақ жабылатын уақыты дәл белгіленуі тиіс.). Егер полигон аумағындағы ел-жұртқа үкімет тарапынан белгілі бір қаражат бөлінетін болса, олар мынандай мақсатарға жұмсалуы керек деп ойлаймын: 1) Құны қымбат емес сапалы ауыз сумен жеткілікті қамтамасыз ету 2) Қатты қабатты жолмен қамтамасыз ету 3) Полигон жапсарлас аудандардағы елді мекендердің барлығы тұрғындар санына қарамастан сапалы байланыспен, соның ішінде ұялы (сотовый) байланыспен қамтамасыз ету 4) Онкологиялық ауруларды алдын-ала анықтау шараларын дұрыстап қолға алу. Анықталған онкологиялық ауруларды емдеу пәрменділігін күшейту, қажет болған жағдай шетелдік орталықтарда тегін және шұғыл емдеу. Өзге шаралардың мысалы, жалақыға-зейнетақыға коэфициент қосудың тиімділігі төмен, кімге қанша тағайындау қоғамда дау туғызады, жемқорлыққа жағдай жасайды. Санкт-Петербург университетінің ғалымдары Капустин Яр полигоны аумағының топырақ, өсімдік, жаунуарларының зымыран отынының өнімдерімен ластануын зерттеген кезде гептил шектеулі мөлшерден он есе, таллий мың есе артық екенін анықтаған. Зымырандар құлайтын аумақтардың ауыз суға пайдаланылатын жер асты су көздерінде кадмий шектеулі мөлшерден 9-20 есе, мыс 10-15 есе, қорғасын 2-10 есе, фтор 1,5-4 есе артық екенін анықтаған. Хаки сорын зерттеген кезде хлоридтер шектеулі мөлшерден 376-699 есе, нитраттар 12-15 есе, кальций 14-23 есе артық екенін тапқан. Хаки сорының бетіндегі суларда стронций шектеулі мөлшерден 50-60 есе, кадмий 110-120 есе, қорғасын 86-90 есе артық екені анықталған. Академик И.Я.Часниковтың пікірі бойынша Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарының тұрғындары, аталған аумақ экологиялық апат аумағы деп аталуға жеткілікті мөлшерде, радиациялық сәуле мөлшерін алған. Сонымен, тек қана адамдар ғана емес жануарлар әлемі де пәс күйде: киік, жылқы, түйе, сыр, қой малдарының жаппай қырылып қалуы тіркеліп тұрады. Сарышұнақтың кейбір түрлері жойылып кетті десе де болады. Батыс Қазақстанның экологиялық ахуалы туралы академик В.В.Киянскийдің «Экология или рок Приуралья» (г.Уральск, 1996) деген кітабынан оқып білуге болады. Полигонға таяу орналасқан елді мекендердің тұрғындары соңғы кезде етек алған қуаңшылық, жер асты сулары деңгейінің түсіп кетуі туралы шағымданады. Ракета сынақтарының озон қабатына кесірлі әсерін, яғни жергілікті климатқа әсер ету мүмкіндігін ескерсек аталған сынақтардың жауын-шашынның азаюуына, нәтижесінде жауын-шашынмен қоректенетін жер асты сулары деңгейінің төмендеуіне әкелу мүмкіндігін жоққа шығаруға болмайды. Қазақстан Республикасының Конституциясының 31-бабында «Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды» делінген. Капустин Яр сияқты жателдік полигонның зардабынан өз азаматтарын қорғай алмауы мемлекеттің халықаралық беделіне нұсқан келтіреді. Азаматтарының мемлекетке деген сенімін азайтады. Азаматтардың аталған мәселенің тиісті шешімін таппағанына байланысты наразылықтарын түрлі күштердің теріс мақсаттарға пайдалану мүмкіндігі де жоққа шығарылмайды. Полигон жабылуы тиіс! (Мақала барысында, негізінен Академик И.Я.Часниковтың «ЭХО ЯДЕРНЫХ ВЗРЫВОВ» атты кітабының «ПРАВДА О ПОЛИГОНАХ В ЗАПАДНОМ КАЗАХСТАНЕ» тарауындағы деректер пайдаланылды). Нұрлан Сәдір